Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АДАЛДЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК ОРНЫҚҚАН ЕЛДЕ ҰЛТТЫҢ ЖАҢА САПАСЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ

АДАЛДЫҚ ПЕН ӘДІЛДІК ОРНЫҚҚАН ЕЛДЕ ҰЛТТЫҢ ЖАҢА САПАСЫ ҚАЛЫПТАСАДЫ

08 август 2023, Вторник
174
1
Жалпы қоғамда адал азаматтың қалыптасуы өзінің тұла бойына сабырлылық, әдептілік, тазалық, әділет сүйгіштік, мейірім, ізгілік, қайырымдылық, ақ ниеттілік, жанашырлық, қамқорлық секілді адам-гершіліктің кіршіксіз қасиеттерін сіңіріп өсуінен, санасына құйып тәрбиеленуінен бастау алмақ. Ондай қанағатшыл адамнан ешқашан қиянат шықпайды. 

Биыл қасиетті Түркістан шаһарында өткен Ұлттық құрылтайда ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дамытудың қажеттігі аталып өтті. Жиын сөз жоқ төрткүл дүние құлағын елең еткізер жаңалықтарымен есте қалды. Осыдан екі-үш жыл бұрынғы, тіпті, бір жыл бұрынғы қалпынан айтарлықтай өзгерген Қазақстанымызда Президент айтқандай  аз уақытта зор серпіліс жасалғаны рас. Түркістандағы сапарын да ең алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етуден бастаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысындағы сөзі көптің көкейіне көп нәрсе түйгізді. Жұрт көңілінде үміт отын алаулатты.
«Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек» - деп кесіп айтып, шет-елдіктерге қазақтың бір қарыс жері де, бір уыс топырағы да ілмейтіндігіне сендіріп, жер мәселесі жайлы жел сөздерге де нүкте қойғызды.
Мені, әсіресе, Қасым Жомарт Тоқаевтың қаламгерлерге - Қазақстан Жазушылар одағына артқан жауапкершілігі қуант-ты. Қазақ әдебиетінің дамуы мен болашағына өзінің шын тілеулес екенін ол кісі тағы да бір танытты. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы жастар тәрбиесінің маңыздылығына назар аударды, әкімдер жұмыстарындағы олқылықтар, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ол үшін бірыңғай дизайн-кодты, ортақ стандартты сақтау, тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу, Қожа Ахмет Ясауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру,  шекаралас аймақтарды дамыту, т.б. көптеген проблемаларды шешудің нақты жолдарын көрсетті. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы ел тарихында айрықша орны бар шежірелі аймақтың бірі – Атырау облысындағы ежелгі Сарайшық қаласында өтетін болды.
Қысқасы, маңызды мәселелер қозғалып, халықтық мүдделер талқыланған Құрылтайдан біз не түйдік, алдағы мақсат – міндеттеріміз қалай? Алқалы жиын өтті, болашаққа нені бағамдадық?
Біздің халқымыздың береке-бірлігі сынға түсетін шақта қоғам мүшелерінің әрбірінің парасат – пайымы зор маңыз атқармақ, ол үшін ең алдымен, ұлтымыздың сапасына көп нәрсе байланысты болмақ. Ұлттық құрылтайда «Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» деді Президент. Білім ордаларындағы, әсіресе, мектептердегі тәрбие жұмыстарының ақсап тұрғанына өз қынжылысын білдірді. Күнделікті қолданысқа етене еніп кеткен смартфондар баланың қолындағы кітапты алмастырмауы қажет. Бұған әрбір ата - ана мен ұстаз, тәрбиеші, жалпы үлкен-кіші қауым мүдделі болуға тиіс. Мемлекет басшысы осылай түйді.
Жоғарыда Президент айтқандай, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін білім, мәдениет, ғылым салаларын дұрыс дамыту жолға қойылуы қажет. Біздің елдегі мәдениет, ғылым-білім жайы екінші немесе үшінші кезекке қойлып келгендігі өтірік емес. Президент керісінше бұл салаларға ерекше басымдық беру, қажеттілігін күн тәртібіне қойып береді. Ол аймақтардағы мәдениет ошақтарын, ауыл мектептерін, балалар кітапханаларын, кітап шығару ісін, театр мен киноны, мұражай жұмысын дамытуға, ғылым ісіндегі жаңашылдықтарды жүзеге асыруға баса назар аударды.
Еліміздегі әлеуметтік саланың білім, мәдениет пен ғылым деп аталатын негізгі бөліктері расымен де қоғам дамуының жанды жері, әлсіз тұсы. Ел өркендеуіне жанашырлықпен қарайтын біздер өз тарапымыздан осы үш салаға қаншалықты жауапкершілікпен қараудамыз?
Меніңше, бұл мәселені білім, мәдениет, ғылым деп бөле қарастырудан бұрын, ең әуелі, осы салаларда, тіпті, басқа да түрлі бағыттарда еңбек етіп жүрген әр азаматтардың ішкі және сыртқы амалдарының көркем болуын, әрекеттерінің бақайесепке құрылғандығын, немесе құрылмағандығын зерделеп, танып - біліп саралағанымыз жөн болар еді. Мұндағы ішкі - сыртқы жақсылы - жаманды амалдарды - бір сөзбен мәдениет деп алуға болады. Шатастырмайық, ғылым, білім, мәдениет саласындағы «мәдениет» атауы емес, бұл - жалпыға тән адами құндылықтың мәдениеті, рухани та-залық, кіршіксіз адалдық және тәртіп. Өте ұзақ және күрделі жол арқылы табандылықпен, қанағаттылықпен, төзімділікпен жетуге болатын хакім Абайдың «Толық адамының» деңгейіне ұмтылуға талаптанар жанкешті тіршілік. Ондай талаптылар қоғам өмірінен тыс қалмайды. Ондай адамдар ел назарына еш кедергісіз-ақ ілінеді. Ондай азаматтар жұрт жүрегінің төрінен онсыз да үлкен орын алады.
Толық адам болудың жолын хакім Абай:
 «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек», - деп көрсеткен. Алайда «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстау» тек нәпсімен күресе білетін адамның ғана қолынан келеді. Ал, ниеттері таза болғанымен, болмыстары әлі тиісті межеде тазаланып үлгермеген, сый-құрмет, атақ-даңқ тәрізді пенде жүрегін құрсаған құмарлықтардан толық арыла алмаған адамдарды аса жоғары мәдениетті деп атай аламыз ба?.. Жалақы алып істеген күнделікті функциональдық жұмысының өтеуіне басшылықтан мадақтау күтіп, марапат алу арқылы ғана есептеп, өз жеке бас мүддесіне пайдаланып қайтаратын парасатсыз жан  мәдениетті  адамға жата ма?.. Өз қатарластарынан оза шаба алмай, кібіртіктеп қалып қоя беретінін жоғары жақтан көріп, бәсекелестікке емес, бақталастыққа ұластырып, күндестікпен, күншілдікпен, күңкілмен күн өткізетіндерден қандай мәдениет дәметеміз?.. 
Бұл сұрақтарға мен Түркістандағы Құрылтайда «Біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі» деп түйген Қ.Тоқаевтың тұжырымдарынан жауап тапқандай болдым. «Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек.
Мемлекет басшысы осы орайда мемлекеттік наградалар жайлы  көптің көкейінде көптен жүрген мәселені қозғады.
Жақын аралықта біздің мемлекеттік сыйлықтарға халқымыздың біртуар перзенттерінің есімі берілетін болды. Әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар пайда болады. Осы Құрылтайда Президент қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыруды ұсынды. Рас, мысалы, Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді. «Келесі жылғы Республика күнінде тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендерді табыстаймыз. Жыл соңына дейін осы мәселені мұқият сараптап, нақты ұсыныс енгізу қажет. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты құзырлы мемлекеттік органдармен, ғалымдармен және сарапшылармен бірге атқарады» - деді Қасым - Жомарт Кемелұлы
Бірақ, біздің елде атақ пен мадақ жөніндегі қалыптасқан жүйенің сәнін кетіріп жүрген нашар үрдіс тым белең алып бара жатқанын айтпай кетуге болмайды. Ол – бүгінде қаптап кеткен қоғамдық марапаттар. Әсіресе, әлеуметтік желілерде «Ел дамуына үлесін қосып жүрген барлық тұлғаларды арнайы атақпен марапаттау кешіне шақыратын», «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы», «ҚР Қайраткер әйелі», «Батыр шапағаты», тағы сол сияқты толып жатқан атақтарын алуға қол бұлғаған жарнамадан көз сүрінеді. Бұл туралы А.Ахметжан, Б.Көшім-Ноғай сынды білім мен әдебиеттің көрнекті өкілдері, танымал тұлғалар «Елімізде мұғалімдердің атағы саудаланып жатыр», «Медаль 150 000 теңге «жарна» төлегендердің бәріне жетеді!..» деп ашына жазып, дабыл қақты да. Медаль, атақ сатып алу үдерісіне, әсіресе мектеп мұғалімдері көптеп қатысқан. Екі-үш жыл бұрын республикалық деңгейдегі атақтар – «Ғасыр ұстазы»  - 13 мың, «Алаш ұстазы» - 10 мың,  «Ұлт ұстазы» 5 мың теңгеге сатылған. «Ұлағатты ұстаз» атану бұдан сәл қымбаттау, оның құны 20 мың теңге болыпты. Сандарға сенсек, осынша аяулы атақты сатып алған 3 мыңнан астам ұстаз бар екен.
«Ұстаздан ұят кетсе, ұлтта ар болмайды. Иә, өз басым бұл медальдарды сату немесе сатып алу түгілі, сыйлыққа тегін берсе де алуға, тағуға намыстанар едім» - деп шынын ақтарған мұғалім Аятжан Ахметжан біртуар Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлындай теңдессіз ұлт мақтанышы бар Қазақстанда бүгінде мұғалімдер арасында медаль сатып алып тағудың модаға айналғанына күйінеді. Жоғарыдағы атағы Алатаудай, алты атанға жүк болар медальдарды алып жүргендер қатарында мектепте қалт-құлт етіп әзер сабақ беріп жүрген, жұмыс өтілі екі жылға да жетпейтін шикіөкпе әріптестеріміздің болуы, тіптен, өкінішті! «Өткен жылы айтқым келген еді, «қарға қарғаның көзін шұқымайды», «әріптестеріңе қатты кетпесеңші» деп ақыл айтар жанашырларым шығып жүрер деп тоқтап едім. Бірақ, бұл ауру асқынды. Дерт дендеді. Ұстаздың ауруын жасырғанмен, ертең ұлттың өлімін көреміз... Осыдан кейін сыныпқа кіріп, оқушыға тазалық туралы, адалдық туралы көсіліп қалай әңгіме айтамыз?» - деп налиды ол.
Медаль саудасының үйреншікті дүниеге айналуы - ұят. Мың медаль сатып алып тақсаң да, сенің арзан құның қымбаттамайды. Әзірге мұндай марапатты сатып жүрген қоғамдық ұйымдарға жаза белгіленбеген. Марапаттарға шектеу қойылмаған. Десек те, алдағы күндері  мұндай атағы аспанға шыққан төсбелгілерді жасаушыларға тыйым салу керек шығар?!
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесін кезек күттірмейтін күн тәртібіне қойды. «Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл - ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана еліміз көздеген мақсатына жетеді» дей келе, Мемлекет басшысы алдағы онжылдықтың еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналатынына сенім білдірді. Бұл тегеурінді ойға біздің де алып-қосарымыз жоқ. Қарапайым Қазақстан халқының тарапынан тек қана адалдық, адалдық және тағы да адалдық көріністерінің нышаны қылаң беріп отырса дейміз. Сонда ғана Президентіміз айтқандай, Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды. Ұлттың жаңа сапасы қалыптасып, әлемдегі өз орнымыз айқындалады. Қазақ елінің Адал азаматтары болып, Әділетті Қазақстанды бірге құратын боламыз. 
Үміт БИТЕНОВА,
облыстық ардагерлер кеңесі
төралқасының мүшесі,
ақын.
Обсудить

Похожие материалы:

АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
14 июль 2023, Пятница
АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ТАҒЛЫМЫ МОЛ
27 апрель 2023, Четверг
ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ТАҒЛЫМЫ МОЛ
Алаш арыстары
19 март 2021, Пятница
Алаш арыстары
ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНДЕ
15 сентябрь 2022, Четверг
ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНДЕ
Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Stella
Stella Гости 24 октября 2024 13:05
Fake Shoes xn543 replica shoes,Fake Shoes jb026
Сотрудники
Партнеры