ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІМІЗДІҢ ӨЗЕГІ – ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ
Ақпарат құралдарында жарияланғандай Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің шешімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкімімен облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мейірбекұлы Мәтен бұдан былай қарай саяси мемлекетік қызыметкер мәртебесін алуына байланысты облыс әкімдігіның ішкі саясат, дін және жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармаларына басшылық жасайтын болып белгіленді. Осы өзгерістерге байланысты Мәди Мәтен өзіне қарасты бірқатар басқармаларда болып жиындар өткізді.
Бұрнағы күні облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мейірбекұлы "Ардагерлер орталығы" ғимаратына келіп , осында облыстық ардагерлер кеңесінің, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті.
– Мен сіздерді тыңдауға келдім. Қазіргі заманда бұрынғыдай қатып - семіп қалған ресмиліктен гөрі еркін отырып әңгімелесудің пайдасы көбірек ғой деп ойлаймын. Олай болса мен сіздерді тыңдайын, емін - еркін отырып әңгіме - дүкен құрайық, – деп сөзін бастаған аппарат басшысы үлкендерге сөз ұсынды.
Алғашқы сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаев облыс ардагерлер ұйымдарының қоғамдық қызметіне қысқаша тоқталды.
– Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен елімізде "Әлеуметтік Кодекс" күшіне енді. Мұнда ел халқына, еңбектеген баладан бастап еңкейген қарияға дейін мемлекеттік әлеуметтік қолдаудың толық кешені көрініс тапқан. Әрине, аға буынға мемлекет тарапынан қолданылып жатқан қолдау-көмек аз емес. Дегенмен әлі шешімін күткен мәселелер баршылық. Облыс әкімі Н. Нұржігітов бір топ ардагерлерді қабылдап, алдағы уақытта бірқатар шаралардың жүзеге асатындығын айтқан болатын. Тараз қаласынан ұзақ өмір сүру орталығына бүгінде ғимарат қарастырылуда. Тағы бір күрделі мәселе - қарияларды шипажайларға тегін орналастыру жағы шешімін тапса дейміз. Қазір жұмыссыз сандалып жүрген жастар көп. Кеңес заманы кезіндегідей, заң талаптары көтеріп жатса соларды әскерге шақырып, құрылыста, басқа да ірі кәсіпорындарда әскери міндетін өтеуін қамтамасыз етсе, жастар аз уақытта мамандық меңгеріп, шынығып, шыңдалып, нағыз елге пайдасы тиетін азамат болып оралар еді.
Тағы бір өзекті мәселе – тиісті басқармалардың мамандары жаңадан шығып жатқан заңдарды бізге жүйелі түрде түсіндірсе жөн болар еді, – деп түйіндеді сөзін Еркінбек Бейсенбекұлы.
Келесі кезекте сөз алған Жамбыл облысының Құрметті азаматы, қоғам қайраткері Қасымхан Төлендиев:
– Қоғам өзгеру үшін ең алдымен кәріміз бар, жасымыз бап, өзіміз өзгеруіміз керек. Көп нәрсені білемін, көп нәрседен хабарым бар, көзім ашық, көкірегім ояу мен егде жасыма қарамастан өзімді өзгеріп жатырмын деп есептеймін. Біз болып жатқан жақсылықтарымызды, жаңалықтарымызды көре білуіміз қажет. Ел азаматтары ретінде соларды көпке жеткізуіміз керек, – деді ол.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы- журналист Көсемәлі Сәттібайұлы көптің көкейінде жүрген бірқатар құнды мәселелерді көтерді.
– Әулиеата өңірінде тарихи, мәдени ескерткіштер жетерлік. Олардың мән - мағынасын, салыну тарихын, кімдерге арналғанын бүгінгі ұрпақ біліп өсуі керек. Қарахан, Тектұрмас кесенелерін, Айша Бибі мавзолейін, басқа да толып жатқан тарихи ескерткіштерімізді тек бірлі - жарым туристтер ғана қызықтап қоймай, оларға қала тұрғындарының, мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындары студенттерінің баруын ұйымдасыруымыз керек. Әдебиет туралы айтар болсам, өткен жылды Президентіміз балалар жылы деп жариялады. Бір қуаныштысы біздің Жамбыл өңірінде балалар жазушылары көп екен. Солардың шығармаларын жинақтап, кітап басып шығаруға болатын еді ғой. Осыны ұмыт қалдырдық. Оқтын - оқтын кітап көрмелерін ұйымдастырып тұрсақ та артық болмайды. Тағы бір айтарым, "Көне Тараз" этно - тарихи кешенінде рухани мәдени - көпшілік шаралар жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілегім бар, – деп сөзін түйіндеді жазушы- журналист.
Облыстық "Ғұмыр - Дария" газетінің директоры - бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов баспасөзге жазылу кезіндегі машақаттар туралы айтты.
– Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев ақын - жазушыларды заман талабына жауап беретін жақсы шығармалар жазуға шақырып, кітап басу ісін жолға қою керек екендігін алға қойды. Бүгінде адамдар кітап оқымайтын болды, газетке жазылудан қашатынды шығарды. Жылдан жылға газет - журналдарға мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайып жатыр. Ал керісінше газеттердің таралымы кеми түсуде. Мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері газет оқымайтын болды. Мойындауымыз керек сауаты төмен, елдің алдына шығып сөз сөйлей алмайтын ұрпақ өсіп жетілуде. Бір сөзбен айтқанда баспасөзге жазылу мәселесін оңтайлы шешу керек. Ол мәселе сіздердің және біздердің қолымыздан келеді, – деді Жаңабай Миллионұлы.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан жиналғандар алдында қысқа да нұсқа сөйледі.
– Әлеуметтік желіде әдепсіздік көп. Бүкіл өміріміздің, тұрмыс- тіршілігіміздің, қоғамдық ой - сананың шындығы туралы қоғамдық пікірді бүгінде әлеуметтік желідегі оншақты блогер қалыптастыратын болды. Үлкеннің де аузын, кішінің де аузын солар жабады. Олармен әлеуметтік желіде салғыласып отыруға екінің бірі бара бермейді. Сондықтан олар өздерін жеңімпаз санайды. Міне, осыған заңдық жағынан бір тоқтам болса деген ұсынысым бар, – деп түйді мәдениет қайраткері.
Мәди Мейірбекұлы Мәтенмен болған кездесуде облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріп Дәулетбаев, мемлекеттік қызметтің ардагері Рахметілдә Рахманбердиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Арқабек Төлебаев, техника ғылымдарының докторы, профессор Сағат Сұлтанұлы, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Марат Әбдірәлиев сөйлеп, өздерінің құнды ұсыныс - пікірлерін айтты.
Кездесуді облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен қорытындылап, алдағы жұмыс барысында айтылған сын - ескертпелер мен ұсыныстар ескерілетіндігін жеткізді.
"Ғұмыр - Дария" – ақпарат