Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Мен айтсам-көргенімді айтам,білгенімді айтамМен айтсам-көргенімді айтам,білгенімді айтам...

Мен айтсам-көргенімді айтам,білгенімді айтамМен айтсам-көргенімді айтам,білгенімді айтам...

01 июль 2022, Пятница
93
0
Біздер, бүгінгінің қариялары– екі тарихи дәуірді, біріне-бірі қарама қайшы жүйені көрген, көріп қана қоймай, сол екі жүйеге де жан-тәнімізбен қызмет еткен ұрпақ өкілдеріміз. Ар жағын айтпай-ақ қояйын, кешегі буырқанған жиырмасыншы ғасырдың тоқсан-ыншы жылдарында Тәуелсіздіктің арайлап атқан таңын қуанышпен қарсы алып, тосыннан қона қалған бақтың қадірін түсініп, тәуелсіз мемлекетімізді құруға белсене атсалыстық. Тәуелсізідік біздің ұрпаққа бұйырыпты. Бұның өзі түсінген адамға – бір бақыт. Бірақ, сол Тәуелсіздікті жариялау бір басқа да, оны ұстап тұру бір басқа екен. Біз Тәуелсіздікті Кеңес Одағы сияқты алып империяның быт-шыты шыққан  қирандысының үстінде қарсы алдық. Ел азды, тозды, жүдеді. Бірақ, дәл біздің елде ынтымақ болды, бірлік болды, ертеңгі күнге деген сенім болды. Сол сенім, сол рух, бірлік-берекеміз бізді осы күнге жеткізді. Айтсақ мақтанғандай боламыз, біз сол қирандының үстінде құрылған ұлы шаңырақтың уығын қадастық. 
Пендеміз ғой, көп жағдайда барымызды бағалай алмай жатамыз. өзімізді өзіміз жер қылып даттаймыз, жай жатқан өз қазағымызға өзіміз тиісеміз. Анау шыңдағы патшадан бастап, көшедегі пендеге дейін төмпештеп, ақыл айтамыз. 
Біз қазақ – дархан, кең, меймандос, иманды халықпыз. Сөйтіп отырып, қасымыздағының тырнағының астынан кір іздейтіміз бар. Кейде ойлаймын, "осы бір жөнсіздігіміз, жолсыздығымыз кеңестік қатып қалған өмірден қалған ба" деп. Қараңызшы, кешегі Кеңес Одағын басқарғандардың  көзі кеткеннен кейін біреуін жақсы атамадық қой. Ұлы Жеңісті орыстардың қолына ұстатқан И.Сталиннің Хрущев быт-шытын шығарды. Хрущевтың көзі кеткеннеен кейін, Л.Брежнев оның да дымын қалдырмады. Горбачев өзіне-өзі көзі тірісінде көр қазды. Міне, солай кете береді. 
Күні кеше біздің ұрпақ жақсылығын көрген, шарапатын сезінген ұлы қазақ Дінмұхамед Қонаевқа не істемедік! Мәскеудің тапсырмасымен жаппаған жаламыз жоқ. Қонаевты ешкім сол кезде мүсіркеген жоқ. Оны өзінің ақтығы, пәктігі, тазалығы алып қалды. Қалың қазағы, қалың халқы көкірегін ашып қорғады. Бір Арғынбай Бекбосынұлының ерлігінің өзі неге тұрады. Димекеңнің үйіне баруға ешкім бата алмай қалғанда, сол Арғынбай бірде тілшісін жіберді, келесісінде өзі барды, Қонаевтың адалдығы, адамдығы туралы жалпақ елге жар салып жария етті.Бүгін айтсақ егер, ешкім сенбейді, елу жыл ел басқарған, ширек ғасыр республикамыздың бірінші басшысы болған ұлы адамның зейнетке шыққанда басында жекеменшік үйі болған жоқ, астында көлігі болған жоқ, саяжай, басқа да дүние-мүліктері жөнінде айтудың өзі артық.
Тарихтағы лайықты еңбегіне қиянат жасалып, биліктің санасынан аулақ болған сол Димекеңді халқы ұмытқан жоқ. Әркез еске алып отырды. Мен анда-санда Тараз қаласындағы Қонаев қоры алдындағы ескерткішіне гүл қою рәсімдеріне қатысып жүремін. Ой, сабаздар-ай, бүкіл халық – үлкені бар, кішісі бар ағылып келіп гүл қойып жатқанда әкімқаралардан біреуін көрмеймін ғой. Күні кешеге дейін шенеуніктердің көкейінде Қонаев десе бір қорқыныш болды. Кімнен, неден?! Өздері де білмейді-ау?! 
Наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдардан кейін биік мінберден Қонаевтың тарихи еңбегі туралы алғаш рет ұлағатты сөз айтты. "Қапшағай қаласын Қонаевтың есімімен атауға қарсы болмас едім" деп халықтың өзіне сауын айтты. Димекеңе деген халықтың сүйіспеншілігін қараңызшы, Мемлекет басшысының аузынан бір ауыз жылы сөз шығып еді, елдің Қонаевқа деген ықыласы бүгінде асып-төгіліп жатыр. Қапшағайға ұлы адамның аты берілді, Түркістан облысында бірнеше жерде ескерткіштері бой көтерді, Жаңатаста мектепке аты беріліп, кеудемүсін көтерілді. Сарысулықтар енді ұлы қазаққа еңселі ескерткіш орнатамыз деп жатыр. Тараздағы өзінің атындағы қордың алдынан алып ескерткіш бой көтермекші. 
Бұның бәрін неге айтып отырмын. Олардың өмірі, олардың істеп кеткен тірлішігі тарихқа керек, бүгінгі ұрпаққа керек. Бүгінгі ұрпақ ұлы адамдарымызға қарап өссе дейміз ғой.  
Ал, енді, елімізді 30 жыл басқарып, әлемге танытқан, тәуелсіз Қазақстанды аяғынан тік тұрғызып қалыптастырған, егемен елдің нарықтық экономикалық қатынастарын жасаған, мемлекет-тік құрылымдарды өз қолымен тәй-тәй бастырып бүгінгі хәлге жеткізген Нұрсұлтан Назарбаев туралы не айтпай жатырмыз. Әрине, қателік бар, төңірегі сеніміне кіріп алып, ойларына келгенін істеді. Бірақ, тарих деген бар ғой. Сол тарихқа қызмет істеген біздер не айтамыз. Маңдай терімізді тамшылатып жүріп Тәуелсіздікке қызмет еттік қой, қазағымыздың болашағына сендік қой. Сонда бүкіл отыз жылғы жеткен жетістіктерімізді, табыстарымызды сызып тастаймыз ба?! Бір-ақ нәрсе айтайын, бүгінде ойран-асыры шығып жатқан Украинаның о баста, тәуелсіздігі жарияланған тұста шекарасы шегенделмепті. Біздің Қазақстанымыздың мына жағында аюдай арқыраған орыс көршілеріміз, мына жағында мысықтабандап үндемей алатын қытай ағайындарымыз бар. Нұрекең солардың басшыларымен құшақтасып жүріп, дос болып жүріп, шекарамызды бекітіп тастаған жоқ па. Басқа еңбегін айтпай-ақ қояйын. Ол кісінің саясаткерлігіне, дипломатиясына, шешендігіне, көсемдігіне ешкім шек келтіре алмайды. 
Әрине, біреулерге бұл сөздерім жаға қоймас. Бірақ, шындық солай. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық тарихын айтқанда, қаласақ та, қаламасақ та Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін айналып өте алмаймыз. Осыны мойындауымыз керек. 
Күні кеше өзгертулермен, толықтырулармен Конституция-мызды референдум арқылы қабылдадық. Енді бүгін келіп алып кейбір пысықайлар үлкен өзгерістер жасап жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевты "ағашатқа" мінгізеді. Ұлы өзгерістер бір күнде болмайды ғой, осыны түсінейік. Асықпайық. Біз өзгерісті өзімізден бастауымыз керек. Ана сыртта қаңғып жүрген Әблязовтар, Қажыгелдиндер бізге жақсылық жасамайды. Біз Президентімізге сенуіміз керек, көмектесуміз керек. 


Мынаны баса айтқым келеді. Қоғамымыздың жегі құрты болған жемқорлықпен бәріміз күресуіміз керек. Тәртіп пен Заңның сақталуына күш салған абзал. Қазір жұмыс істемейтін жастар көп. Биліктің жұмыссыздық жөніндегі көрсеткіштеріне мен сенбеймін. Жұмыссыздықпен күрес шынайы болмай, қоғам алға баспайды. Ауыл шаруашылығына түбегейлі реформа керек. Оны қалай ұйымдастырған жөн, билік халықпен ақылдасса, айтады. 
Ел қариясы ретінде көргенімді айттым, білгенімді айттым. Оқырмандар өздерінің пікірлерін білдіреді деп есептеймін. Біз өзіміз жөнделмей, қоғам өзгермейді, өзгеруді өзімізден бастағанымыз жөн. 



Қамбарбек ИМАНӘЛИЕВ, 
Жамбыл облысының және
Меркі ауданының Құрметті азаматы,
Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
АДЫРНА
05 май 2021, Среда
АДЫРНА
Ізгілік – иманнан
20 март 2020, Пятница
Ізгілік – иманнан
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры