Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Адал еңбек - азамат көркі

Адал еңбек - азамат көркі

25 декабрь 2024, Среда
21
0

Ұлағатты ұрпақты тәрбиелеу-аса жауапты әрі күрделі міндет. Бұл біз білетін Бақыт Асқарұлы Сарыбаевтың өмірлік ұстанымы. Ия, бала тәрбиелеуден, танымын қалыптастырудан асқан жауапкершілік  жоқ. Адами парыздың үлкені де сол. 
Бақыт Асқарұлы-елге ортақ мүддені өзіне артылған міндет деп түсінетін азамат. Мұны қатар жүріп, сыр бөліскен замандастарының өздері айтады. Ардақты ағаны бүгінгі биікке талантты жасты тани білетін қасиеті, кісіні бөліп жармайтын адалдығы, еңбектегі ұстамдылығы көтерді. бала шақтан өзі құштар болған футбол танытты. Спорттың бұл түріне бала Бақыт кездейсоқ келген жоқ. Алдыңғы толқын ағаларға еліктеді, ақылын алды. 
- Әлі көз алдымда. Қаратаудың қала мәртебесін алмаған кез ол. Кейін елге белгілі тұлғаларға айналған Шәріп Омаров, Сұлтанғали Тазабеков, Құрама Базарбаев, Үкібай Орынбековтің бала шағы ғой. Қорадағы малдарын айдап, өріске жаятын. Күн ұзақ, қол бос. Осы аралықта қолдан қақпа жасап доп ойнайтын. Таңсық дүние балаға қызық емес пе? Олардан жасы әлдеқайда кіші біздер ойындарын қызықтайтынбыз. Арасында алаңнан ұзап кеткен допты алып та келетінбіз. Осылайша футболға құштарлығым артты,-дейді алыста қалған аяулы шағын еске алғанда Бақыт Асқарұлы. 
Арман- адамға қанат беретін, алға жетелейтін күш. Спортқа бейім бозбаланы Мәскеудегі мемлекеттік орталық дене  шынықтыру институтына жетелеген де осы арман болатын. Осылайша елдің шалғайында жатқан шағын ауылдан шыққан жас Кеңестер Одағының бас қаласында білім алды, танымын қалыптастырды. Футболға деген бала кезден басталған    қызығушылық кейін тұтас өмірімен  байланысып кетті. Әр кезеңде «Динамо 2-Москва», «СКИФ-Москва» командаларында өнер көрсетті.  Тіпті, бұл команда спортшылары сол уақыттарда Москва чемпионы да болды. Одан бөлек Қызылорданың «Орбита», «Фосфорит-Қаратау» командаларының  намысын қорғады.
Іргелі оқу орнын тәмамдаған маман жолдамамен Жаңатас қаласына түрлі қызметтер атқарды. Онда да жаны жақын тартқан спорттан алыстаған жоқ. Футболдан жаттықтырушы, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры сынды қызметтерді абыроймен атқарды. 
1994 жылы Қаратауға қызмет ауыстырады. Бұл бір ел тәуелсіздігін жаңа алған, аумалы кезең болатын. Бір кездері хақыққа қызмет жасаған небір сәулетті ғимараттардың жекешеленіп жатқан тұсы. Бұл жағдай жеке пайдасы үшін емес, жалпы елдің қамын ойлаған  азаматтардың барлығына ауыр тиді. Дәл осы кезеңде Мадиярбек Орынбеков, Мейрам Нұрмағанбетов, Бақтан Шапабаев сынды азаматтардың ықпалымен бірқатар ғимараттар сақталып қалды. Мұны бүгінде біреу білсе, біреу білмес. Олардың қатарында қаланың көркі саналатын, аймақта баламасы жоқ орталық стадион да бар. Бес жылға жуық күтімін жасаған Бақыт Сарыбаев бастаған азаматтар кейінірек аудандық спорт бөлімінің теңгеріміне тапсырады. Елдегі азамат­тардың сөз жоқ халыққа деген қамқорлығынан, қалаға деген жана­шыр­лығынан туған әрекет болатын. 
Кейіпкеріміздің адами болмысы туралы  замандасы Төлеген Әкебеков: -Мен Бақыт Асқарұлын өткен ғасырдың 70-ші жылдарынан танимын. Ол уақытта Бәкең Қаратаудың «Фосфорит» командасының дайындық  тобында ойнады. Жаздың күндері орталық стадионнан немесе оның іргесіндегі футбол алаңынан, ал қысты күндері интернат қазіргі мектеп-лицейдің алаңында жаттығатын. Футболға қызыққан біз соларға қарап өстік. Өзі намысын қорғаған қаланың «Фосфорит» командасының капитаны болды. 
Біз Алматыда оқыған тұста жиі келіп тұрды. Ол кезде Бәкең Қызылорданың «Орбита» командасының ойыншысы болатын. Арада есте қаларлық сәттер көп өтті ғой. Одан бері талай су ақты. 
90-шы жылдардың орта тұсында Қаратауға балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып қызмет ауыстырғанда, жолымыз қайта түйісті. 
Нарық кезеңінің алғашқы жылдарында қаладағы орталық стадионды сақтап қалған осы Бәкең еді. Алғашқы жылында стадионға келіп, тазалық, өзге абаттандыру  жұмыстарына қолқабыс етіп жүрдім. Елге арналған  ортақ нысан сақталсын, игілікке   жарасын деген ой менікі. Келесі жылы-ақ Бәкең аудан әкіміне ұсыныс тастап стадионға директор етіп тағайындады. Сол қысыл-таяң кезеңнің өзінде талай жарысты өткіздік. Оның басында Бақыт Асқарұлы жүрді. Оның өз ісіне адалдығын,  бастаған шаруаны  аяғына дейін апаратын құнттылығына, шәкірттерге деген қамқорлығына сонда анық көз жеткіздім. Он жыл бірге жұмыс атқардық. Осы аралықта ағалы-іні ғана емес, жанашыр бауыр, жақын дос болып кеттік. Өзара мен оған «мемлекеттік жаттықтырушы» десем, ол маған «бас директор» деп қалжыңдайтын.  
Десе де,  жаттықтырушы болу оңай емес. Өз басым ондай жауапкершілік жүктеген соң өз ісіңді сүюің және бала қабілетін танып, талабын ұштай білуің керек. Бұл екі қасиет Бәкеңнің бойында бар.-деп сыр шертеді. 
Ия, айтса айтқандай Бақыт аға алдын көрген шәкірттерге тек футболдың қыр-сырын үйретіп қана қойған жоқ. Былайғы тірлікте шәкірттерінің қызметте орнығуға қол ұшын созды. Әр баланы бөліп-жармай жақын тартты, жетеледі. 
Шәкірт тәрбиелеген ұстаз осындай-ақ болар.  Оны қазақ футболының аңызға айналған ардагерлері Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Сейілда Байша­қовпен тоғыстырған да осы спорт. 
Бақыт Асқарұлы біраз уақыттан бері «Фосфорит-Шәріп» қоғамдық қорының тізгінін ұстап келеді. Қор негізінен жасөспірімдерді спортқа баулып қана қоймай, мәдени-танымдық іс-шараларды ұйымдастырумен айналысады. Қоғамдық ұйымның жайы мәлім. Көп мәселенің қаражатқа келіп тірелетіні бар. Мұндайда ел өміріне бейжай қарамайтын азаматтар демеушілік танытып отырады. Қордың атауы мемлекет  және қоғам қайраткері, Таластан шыққан азамат Шәріп Омаровтың есімімен тікелей байланысты. Елге ортақ тұлға 60 жасқа толғанда Қаратауда үлкен концерт берілді. Орталық алаңда «Дос-мұқасан», «Жетіген», «МузАрт» ансамбілдері келіп, концерт берген. Шағын шаһар үшін бұл үлкен жаңалық еді сонда. Елдің есінде болар 1995-1997 жылдары футболдан Орта Азия кубогі де қаладағы орталық стадионда өтті. Үлкен жұмыстың басы-қасында жүрген де осы Бақыт Сарыбаев еді. 
Осы қараша айында ғана әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларынан шыққан балаларды бастап, Ташкент қаласында өткен халықаралық турнирге қатыстырып қайтты. Бұл да болса, балаға деген қамқорлықтан туған іс. 
Қазір қоғамдық қордың ұйытқы болуымен жылына тек футболдың  өзінен жасөспірімдер арасында 15-16 жарыс өтеді. Турнирлердің барлығы дені елге белгілі тұлғаларға арналады. Мәселен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың турнирі 1997 жылдан өткізіліп келеді. Тізе берсек мұндай дәстүрлі шаралар жетіп артылады.  
«Шәкірттің табысы, ұстаздың бақыты» - деген бар. Өйткені, балаға қанат бітіретін, қайрат беретін, қолдау танытатын ұстазы емес пе? Ардақты ағаның алдын көрген шәкірттері де артқан сенімді ақтай білді. Олардың қатарында Алпамыс Бақытұлы, Денис Белокриницкий, Ерден Құлахметов, Әділет Дауталиев сынды азаматтар бар.  
«Табысты-адамның қол жеткізген мансабы немесе байлығымен емес, табысқа жетудегі  жеңген кедергілерімен өлшеген ләзім», - деген екен америкалық ағарушы, саясаткер Букер Вашингтон. 
Бақыт Асқарұлы жетінші белесіне аяқ басып отыр. Бұл жолда көңілге сызат түсірген қиындық та, жанға шуақ берген жұбаныш та аз болған жоқ. Бірақ қуанышқа тасымай, сынаққа сабырлық таныта білді. Ардақты ағаны айналасына сыйлы еткен де осы қасиет болса керек. 
70 жас-бейнеттің зейнеттің тататын жас қана емес, көрген мен көңілге тоқығаны көп, айтары бар аталы белес. Жастарға жол мен жөнді, оң мен солды көрсетіп, ұзақ ғұмыр кешуді Алла нәсіп етсін.

Нарбол Қашаған, Талас ауданы 

Обсудить
Блок в статье:
"Отбасындағы әкенің рөлі" 26 декабрь 2024, Четверг
« Ең үздік төрайымы» 26 декабрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ата-ана кінәлі ме,  қоғам ба?
24 октябрь 2024, Четверг
Ата-ана кінәлі ме, қоғам ба?
ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕР АБЫРОЙЛЫ
30 сентябрь 2024, Понедельник
ЕҢБЕК ЕТКЕН ЕР АБЫРОЙЛЫ
Жағымды жаңалық
14 октябрь 2020, Среда
Жағымды жаңалық
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
26 январь 2023, Четверг
ОТАНДЫ СҮЮ – ИМАННАН
БАЛАНЫ ЕМЕС ӨЗІМІЗДІ ТƏРБИЕЛЕЙІК
10 октябрь 2024, Четверг
БАЛАНЫ ЕМЕС ӨЗІМІЗДІ ТƏРБИЕЛЕЙІК
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры