Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Кешегі құрлысшы – бүгінгі сынықшы

Кешегі құрлысшы – бүгінгі сынықшы

15 декабрь 2024, Воскресенье
22
0
Кей адамдар еңбегі ел елерлік бола тұра барынша ерекшеленбей, байсалды-байыпты, сабырлы-салиқалы, мінез ұстамдылығынан танбай жүре береді. Барға - қанағат, жоққа - салауат, табиғи, қарапайым қалпын ұстанады. Қайсыбіреулер сияқты «мен пәлендеймін» деп айқайламайды. Сондай көкірек қақпайтындардың  қатарына өзім ардақ тұтатын ағайыным, ұзақ жылдар бір ғана құрылыс саласында жемісті еңбек еткен Тұрсынхан Қалдарбековті айтар едім. Қай кезде де кімнің де болса еңбегінің еленгені жөн болар еді деп есептеймін. Бұл менің ауыл ақсақалы, әрі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде ұстанымым...
Академик Кәрім Мыңбаевтың шөл және шөлейт жерлерді игеру жөніндегі идеясына байланысты және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен республика Министрлер Кеңесінің шешімімен 1965 жылы Мойынқұм ауданы құрылды. Жаңа ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы болып айтулы азамат Айтбай Назарбеков сайланды. 
Иә, бұл кезде Мойынқұм – құлазыған қу мекен дала, жал-жал сексеуілді құм басқан жүгірген аңы, ұшқан құсынан басқа дымы жоқ аймақ болатын. Бір шеті Бетпақтың бедірейген құм суырған сағымды даласымен шектесетін. Аты аңызға айналған Айтбай Назарбеков бас-аяғы 5-10 жылда Бетпақты бері қаратып, шөлді жасыл желекке айналдыра бастады. Шу өзенін қажетіне қарай реттеп тұратын су торабы (гидроузель) салынып, екі бірдей орман шаруашылығы ашылды. Ауданда, ауыл-ауылда өте қарқынды құрылыстар жүрді. Тұрсынхан қарияның да құрылысшылық еңбек өтілі осы кезеңмен тұспа-тұс келеді. Жылдың төрт мезгілінде тынымсыз тірлік – құрылыс тоқтаусыз жүрді. Бел шешіп, босаңсуға мұрша болған жоқ. Әсіресе құрылыс саласындағы үрдіс ауқымды да, өте қарқынды жүрді. Жаңа аудан, жаңарған ауыл-аймақ, мал өсірушілердің үйлері мен жайлы қора-жайы жаңа тұрпатта салынып, мәдени-тұрмыстық жағдайлары да назардан тыс қалмады. Аудан орталығы ауылдар да түлеп, күн өткен сайын жаңарып жатты. Білгір басшы-мамандар мен құлшынған құрылысшылардың еңбегінің арқасында өңір өркендей берді. Мойынқұм төрт түлік малға толды. Өзге түлікті былай қойғанда майда қой малының өзі жарты миллионға жуықтады. 
Аудан орталығы шағын қалашыққа айналып, алыстағы ауылдардан ақшаңқан сәнді үйлер бой көтерді. Тіпті малшылардың үйлері сәулеттендіріліп, жарақтандырылды. Монша, қора-қопсыларына дейін талапқа сай өрнектеліп, жаңғырды. Иә, бұл құрылыстық істе Тұрсынхан Сылқымбекұлының қомақты қолтаңбасының барына ешкімнің таласы бола қоймас... Еңбек жолын әуелі кеңшарда құрылыс шебері болып бастап, кейін аға прораб болып аяқтаған қырық жылға жуық еселі еңбегі ел есінде құрметпен аталады. Әттең, осындай екпінді де, үдемелі құрылыс тоқсаныншы жылдары тоқырап, тек құрылыс ғана емес, барлық сала құрдымға кетіп, зобалаң заман туды. КСРО ыдырап, шаруа шатқаяқтаған заман туды. Мызғымыстай болған кеңестік жүйе сыр берді. 
Бәрінен де қиыны осындайда өз қолыңмен тұрғызылған игілікті өз қолыңмен бұзып қирату болды. Кейде «Мына бүліншілікті көрмей зейнетке шығып кеткен ауданның бірінші хатшысы Айтбай Назарбеков бақытты екен»,- дегендер де болды. Қайтесің, өмір – өзен ағысы солай болды. 
Иә, сонымен, кеңшар тарап, қолмен жасаған тіршілікті өз қолдарымен бұзуға мәжбүр. Бірде Шоқыбасы аталатын қыстау қораны бұзып, орталыққа жинау үшін 4-5 метр биіктікке шығып, бүлдірмей бұзу жайын қарастырады. Алайда аяқ астындағы белдеу ағашы опырылып, жерге құлап түседі де, аяғы үш жерден сынады... 
– «Мен бұл жайды Алланың берген жазасы деп түсіндім. Бүтінді бүлдіргенді Құдай Тағала да қаламай тұр – ау... Құдіреттің күштілігі сол-аяғымды қиюластырып өзім салдым. Бәрі өзіме білініп тұрды. Аға баласы Дарханға бірде тартқызып, бірде тиісінше бұратып қалпына түскенше әртүрлі әрекеттер жасаттым. Қалпына түсті-ау дегенде ағаштан кәліп жасап, таңғызып тастадым. Бұл жайымды көрген ағайыным ауыл әкімі Әбдікерім Тойшыбеков: « Әй, Тұрсынхан, сен өзіңше сынықшы-емші болма, сынған аяғыңды ауданға, оташыларға көрсет, рентгенге түсіріп, гипстет. Ал, ушығып кетсе жаман болады, антибиотик ектір, бұл жайдан мал дәрігері ретінде хабарым болған соң айтамын» деді. Иә, сол кісінің айтқанын істеп, оташыларға барып, рентгенге түсіріп, антиботиктер салдыртып тұрдым. Бір ғажабы, сынған жерлерім өз орнына түсіпті, гипстеп тастадым. Өзімде мұндай қабілеттің барын осыған дейін біліп, сезбеппін. Бұрынғылар: «Бұндай ерекше қасиет адамға қанмен, текпен беріліп дариды» деуші еді. Қарап отырсам, түпнағашы атам – Сұлтан (1860 жылы туған) өңірге әйгілі сынықшы-емші болған кісі. Ал 1870 жылдары туған Толысбек атам, мұндағы көзім көрген ағайым Жұмабек ағам да сынықшы болған. Осы жайлар есіме түссе бұрынғылар бекер айтпаған-ау деп ойлаймын.  Аяғым жүріп-тұруға жарағанша ұжым төрағасы Тұрар Бердіқожаев халімді біліп тұрды. Өкіметтен қайран жоқ. Алда не істейтінімізді ақылдастық. Жоспар құрдық.
Елді жұмыссыздық жайлады. Қалған малды бартер-айырбас жалмап барады. Жоғарғы жақ бұйрығы – барды бүлдіру. Жекешелендіру, жеу. Сүйенер, сенер ешкім жоқ. Бұл бетпен бәрінен айрылар түріміз бар. Ұжым төрағасымен ақылдаса келе Арқадағы әскери полигондардағы іске жарайтын заттарды пайдаға асыру, облыс аумағындағы қожырап-шашылған, қиюы кеткен кәсіпорындардағы мүліктерді келісіммен бартерге алып, өзімізге шоғырландырып, іске қосу жайын ойластырдық. Әр кәсіптен хабары бар ұжым төрағасы Т.Бердіқожаев бұл жоспар – ойымды құп көріп, мақұлдады. Шұғыл іске кірістік. Бас-аяғы 5-6 айда ауыл орталығынан бидай тартып, 2 сұрыпта ұн шығарып, кебегін малға бердік. Нан пісіретін наубайхана аштық. Ол кезде су мол болатын. Шемішке егіп, май шығаратын цехты іске қостық. Біраз адам жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып, әлденіп қалды. Ендігі қолдан келер іс - бос тұрған бұрынғы балалар бақшасын күрделі жөндеуден өткізіп, пайдаланып, кәсіпорын ашуды мақсат еттік. Бұның да орайы келе кетті. Бұрын жай іс-сапарда жүріп көріп жүретін әртүрлі майда кәсіпорындардың кенеуі кетіп, қожырап, жабылып жатыр екен. Дереу тиісті адамдармен сөйлесіп-келісіп, бағасын да бағамдап, қажетті жабдықтарын алдық. Сөйтіп, ауыл орталығынан, аталмыш ғимараттан баскиім (қаракөлден) тігетін, жіп иіретін, кілем тоқитын, тағы басқа майда-шүйде  бұйым шығаратын цехтар ашып, іске қостық. Әуелі қажетті жабдықтарды дайындап алып барып, іске бейімі барларды дайындық курсқа жіберіп алып, кәсібіне машықтану жағын да ойластырдық. Бәрі ойдағыдай болды. Біздің бұл тірлігіміз аудан көлемінде әжептеуір жаңалық болды. Алайда кертартпалар кесірінен, ауызбірліктің болмауынан, барды місе тұтпау салдарынан кәсіпорнымыз бірер жылда тарап кетті. Көбіне энергия – тоқ мәселесі кедергі болды. Бұның да жайын тапқандай болып едік, бірақ сол тұстағы өктем, бұрма саясатты қолдайтындар жеке басының пайдасы үшін әр нәрсені сылтау етіп, игілікті істі жалғастыруға мүмкіндік бермей қойды.
Әйтпесе, мектептің үшінші қабаттағы жел ойнайтын биіктен винтель арқылы тоқ алып, ең қажетті деген аспап – жабдықтарымызды іске қосып, аман алып қалуға болатын еді. Оның да тиісті құрылғысын қолдан жасап қойған болатынмын. Әттең қу басының пайдасын ғана ойлаған ағайындар бар мүлікті талан – таражға салуды ғана білді. Ақыры солай жасады да. Бүгінде ол жаман пиғылдағылар жоқ, өмірден өтіп кетті. Кеткеннің соңынан ғайбат айтқым келмейді. «Балық – басынан шіріді». Сол тұстағы қиын-қыстау, тоқырау тұсындағы толағай тірліктің бүгінде ізі де қалмады. Тек бірер куәлер ғана «аштықта жеген құйқаның дәмін» еске алып отырады,-деп еске алады еңбек ардагері сол бір сұрқай жылдар туралы толғанып.
Бұрын, тапшылық кездері сынған ыдыс-шынаяқтарды құрсаулап, іске жарататын, қажетіне пайдаланатын. Бүгінгінің сынықшысы да сондай. Тұрсекең өз аяғы сынғанға дейін бұл кәсіптен бейхабар болатын. Бұл қабілетін де кәсіп етейін деген жоқ болатын. Алайда ел мұқтажы еріксіз мойындатты. Уақыт өткен сайын құлақтанған жұрт уәжін айтып келе берді. Көзі көрмесе де көкейі сезіп, қолынан келіп тұрғаннан бастартуға ары да бармады. Бүгінде шыққан – сынғанды салатын маман болды. Рас, кейде өте күрделі сынықтар кездеседі. Бұндайда күрделі сынықпен келушіге қолынан келмейтінін айтып, кеңес береді. Шаруасымен бірер күнге сыртқа кеткенде көбіне Алматы, Тараз қаласынан, Шудан қоңырау шалатындар да болады. Лажы болса олардың да меселін қайтармай қарап береді. Ешкімнен ақы талап етпейді. Сонда да қайсыбіреулер ризашылығын білдіріп, шамалы «емқонарын» тастап кетеді. Көбіне жұрттың ризашылығын, сауабын алғанды жөн көреді. 
Бір жолы қайдан құлақтанып, естігенін қайдам «Халық» медицина орталығынан маман келіп, өзінің тиесілі емін алып, Алматыдағы орталығына шақырып кетті. Орайы келгенде Алматыға барып, арнайы курстан өтіп, соңынан жақсы нәтижеде тест тапсырады. Ақырында қажетсінбесе де «Қазақстан Республикасы «САҚТАР» рухани халық медицина орталығы» арнайы сертификат табыс етеді
Иә, осындай атпал азамат Қалдарбеков Тұрсынхан Сылқымбекұлының еңбегін елеп, ардақ тұтпау, есімін елге насихаттап, мәртебесін көтеру-біздің борышымыз. Ардың жүгін арқалаған арда азаматтың елі үшін атқарып жүрген еңбегіне табыс тілейміз. 
Кәрібай ОСПАНОВ,
Жамбыл ауылдық округі 
ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Қазақстан Республикасы Ауыл 
шаруашылығы министрлігінің 
Құрметті ардагері
Мойынқұм ауданы
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА 16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар 16 декабрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН
13 октябрь 2022, Четверг
АДАМДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН
ҚОРЫТЫНДЫ ЖИНАЛЫС
20 август 2024, Вторник
ҚОРЫТЫНДЫ ЖИНАЛЫС
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры