ӨСІМДІКТІ БАЛАСЫНДАЙ БАПТАҒАН
- Мизамбай аға Сарысу өңірінде жарты ғасырға жуық қызмет етіп, одан абыроймен зейнетке шығып, Тараз қаласының маңындағы «Қызыл жұлдыз» аулына қоныс аударғанынан бері менің қызмет істейтін орныма мезгіл-мезгіл соғып тұрады. Көңілі жаз, жүрегі таза, көрген-білгені мол, аңқылдаған Мизекеңмен дидарласудың, ой бөлісудің өзі бір ғанибет дүние. «Көп адам жасы келгеннен кейін өткен күндермен өмір сүреді, одан қуат алады» депті бір білгір. Онысы рас, Мейзамбай Дүйсенбайұлы да кейде шешіле сөйлеп, өткен-кеткен өмірін, ел-жұртындағы айтулы іскер азаматтар мен «ел іші, өнердің кеніші» дегендей айтқыш, сөз тапқыш өнерлі жандар туралы ұзақ сонар әңгіме қозғайды.
Ия, Мизамбай аға не айтпасын тереңнен толғана сыр шертеді. Оқығаны мен тоқығаны, көргені мол жанның ішкі сарайына ой жүгіртіп, бір жұмбаққа, тарихқа толы «көмбе көзіне» жолықтым ба деп қаласың.
Біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Мизамбай Дүйсенбайұлы ауыл мектебін бітіріп, елден жырақ шығып, білім қуып әсем Алатаудың етегіндегі Талғар қаласына барып, ауылшаруашылық техникумына түсіп, оны үздік бітірісімен Алматы ауылшаруашылық институтында білімін жалғастырып, 1963 жылы оқу орнын ғалым-агроном деген мамандығымен тәмамдады. Еңбек жолын Көкшетаудың «Қызыл ту» кеңшарында агроном болып бастады. Туған жерге деген сағыныш үш жылдан кейін Жамбыл өңіріне алып келді. Облыстың ауылшаруашылық басқармасы жігерлі жас маманды Талас ауданының «Бостандық» кеңшарына агроном етіп тағайындады. Кәсібіне адал, тындырымды, сауатты маманды басшылық көп уақыт өтпей Сарысу аудандық өсімдік қорғау стансасына басшы етіп жіберді. Содан бергі 40 жылдам астам өмірі, яғни зейнеткерлікке шыққанша сол қызметте өтті. Ерен еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленді, беделі өсіп, сыйлы-абыройлы болды. Өсімдіктердің де адамдар сияқты, сан түрлі қауіпті аурулары мен зиянкестері болады. Олардан өсімдіктерді, егін жайды , бау-бақшаларды дер кезінде қорғай алмасақ көкорай шалғынның шамалы уақытта қураған шаң далаға, ал жайқалып өсіп тұрған өсімдіктер қураған шөп-шаламға айналып кетуі әбден мүмкін. Мысалы, бидайды қаракүйе басса оның өнімі ештеңеге жарамай қалады. Өсімдіктердің тағы бір жауы – шегірткелер. Осыдан бірнеше жыл бұрын өңірімізге шегірткелер «шабуылы» болып, біраз шаруашылықтар зиян шеккені есімізде. Міне, соның бел ортасында болып, сан түрлі зиянкестердің егін шаруашылығына зиянын тигізіп кетпеуін қадағалап, дер кезінде алдын алу ем-шараларын жүргізуге М.Дүйсенбаев өзі бас болып ұжымын жауапты іске жұмылдырып, шегірткелерді дер кезінде жоюға, олардың басқа аймақтарға таралмауына ерекше атсалысты.
– Өсімдік зиянкестері арасындағы ең қауіптісінің бірі – шегірткелер тобы. Олардың сан түрі бар. Ең қауіптісі көкқасқа, яғни ұшпа шегірткелер. Шегірткенің бұл түрі тез өсіп-өнеді де жедел жетіліп бірер күнде өңірдің өсімдіктерін аяусыз жайпап тастайды. Олардың италияндық, азиялық, ауғандық деген түрлері бір кезде жүздеп жұмыртқалап, одан жас шегірткелер қаптап, қанаттанып, қара бұлт тәрізді күн көзін жауып кететін кездері болады. Бір-екі күнде 1200-1500 шақырым жерге дейін ұшып-қонып, өңірге тез тарайды. Кейде оны жою үлкен күшті, қаржыны қажет етеді. Өйткені қанатты шегіртке үшін шекара деген жоқ, қаптап әуеге көтеріліп, кез-келген көрші елдерге ауысып, өсімдіктеріне жаудай тиіп, түбірінен қиып, жапырақтары мен сабақтарын жайпап, қауіп төндіреді. Стансаның жұмысы тек егіндіктерде емес, далада, яғни түзде де жалғасады. Тіпті, шөл далада, құмда да жүргізіледі. Мысалы, әлгі жоғарыда аталған шегірткелердің ұясы негізінен шөлейт жерлерде, құмда шоғырланады. Сондықтан, оларды ұяларында, көбеймей, кең жайылмай тұрғанда жою тиімді, - дейді Мизамбай Дүйсенбайұлы өсімдікті қорғау стансасының негізгі міндеттеріне тоқталып.
Ия, өсімдік қорғау, сырт қарағанда, үстүрт онша қиындығы жоқ, елеусіз қызметтердің бірі сияқты көрінеді. Ал, енді оның маңызына тереңірек үңілсек оның қажеттілігі, мәні өте керек қызметтің бірі екеніне көз жеткіземіз. Өсімдіктің кейбір аруы адамға да жұғуы әбден мүмкін. Сондықтан, өсімдікті сан түрлі аурулардан қорғау - әлемді, табиғатты, адамды қорғау деп ұққанымыз жөн. Соны терең түсінген өз мамандығының білгірі агроном М.Дүйсенбайұлы әркез қызметіне сергек қарап, өмір бойы білімін жетілдірумен болды. Мизамбай аға бірнеше рет Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург және де басқа қалаларда білімін жетілдіру курстарында болып, маман-профессорлардың дәрісін тыңдап, білімін көтерді. Кері оралғаннан кейін өз білгенімен, білімімен шәкірттерімен бөлісті, күнделікті қызметінде пайдаланады. Зейнетке шыққанан кейін де біраз жыл Сарысу ауданындағы өзі еңбек еткен ұжымында фитопатолог болып еңбек етіп, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысты, елдің алғысына, құрметіне бөленді. Көп жылғы тиянақты, ерен еңбегі еленіп, бірнеше рет Ауыл шаруашылық министрлігінің, облыстық және аудандық әкімдіктердің Құрмет грамоталарымен, мерекелік медальдармен, «Еңбек ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және де басқа төсбелгілерімен марапатталды.
Ұлы, ауданаралық қылмыстық істер сотының төрағасы Ерболдың қызметіне байланысты Мейзембай аға Таразға қоныс аударғаннан кейін де қоғамдық істерден қол үзбей, ардагерлер қозғалысына белсенді араласып, жүрген ойы мен ісі сергек азамат. Таяда сол еңбегі үшін «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапаталды.
Мейзамбай Дүйсенбайұлымен Тәуелсіздік күні қарсаңында жолығып, бірер уақыт әңгімелестік. Әркез өмірдегі өзгерістерге, әлем мен өңірдегі жаңалықтарға құлақ түріп жүретін белсенді азамат өткен күндерді еске ала отырып, еліміздің егемендігі жайлы былайша сөз саптады:
– Қазақтың ұлан ғайыр даласы небір қиын-қыстау кезеңнің куәсі болды. Сол аласапыран замандарда тәуелсіз ел болсақ деген арман ата-бабаларымызды алға жетеледі. Олардың жүз жылдар бойы қолы жетпеген асқақ арманға біздің ұрпақ жетті, тәуба,- деп бүгінгі күнімізге шүкіршілігін білдіреді Мейзекең.
Бүгіндері Мейзамбай Дүйсенбайұлы жұбайы ардагер дәрігер Қаракөз екеуі ұл-қыздарын өсіріп, оларға саналы жоғары білім беріп, қылықтарымен қызықтап, тәтті тілдері былдыраған немерелерін тәрбиелеп, қызығын көріп, ел-жұрттың, ағайындардың алдында берекелі, өнегелі отбасы.
Өмірдің біраз белестерінен өткен, саналы ғұмырын сүйікті ісіне, жүрек қалаған қызметіне арнап, таза да тиянақты еңбегімен ел-жұрттың құрметіне бөленген, қарттыққа ырық бермей, әлі де белсенділік танытып, қоғамдық істерден қол үзбей өз ортасында әркез игіліктің сәулесін сеуіп жүрген абзал жан – Мейзамбай Дүйсенбайұлы осындай арда азамат.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, медицина профессоры,
Жамбыл облысының Құрметті азаматы.
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
АРДАГЕРЛЕР АРАСЫНДАҒЫ ДОДА
16 декабрь 2024, Понедельник
Баталы елге - бақ қонар
16 декабрь 2024, Понедельник
«Елім деп соғады жүрегім» атты кездесу өтті
16 декабрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)