Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

ДАҢҚ

05 май 2021, Среда
110
0
Ұлы Отан соғысына  қатысушы Қыздарбек Көлбаевтың майданда қос бірдей жауынгерлік «Даңқ» орденімен марапатталғанын білмеуші едім. Жуырда ұлы Асқар мен келіні Бақыттан естіп таңданғаным рас.
– Таңданатын түгі жоқ, әкем соғыста жасаған ерліктері туралы әңгімелеп, алған марапаттарын айтып мақтанған емес. «Біз орден, медаль үшін емес, Отан үшін соғыстық» дейтін сыр тартып сұрай қалсақ. Қазір құжаттарын ақтарып қарап отырсам, әкем жас ұрпақ үлгі тұтатындай өнегелі өмір сүріп, еңбек еткен екен. Ал, қан майданда жасаған ерліктері үшін алған марапаттары жетіп жатыр, – деді замандасым Асқар. 
...Анасы Хатшайымнан (Патшайым) үш жасында қалған Қыздарбекті нағашысы Ақберді қолына алған. Өз тегіне жаздырып та қойды. «Жалғызбасты еркектің жайы белгілі, бала күтімі қиындау соғар. Басы жас, төсек жаңғырта қалса, өгей шеше қалай қарайды» деген ойлар осылай жасауға себеп болған.
Қыздарбек отбасында жоқшылық, қиындық көрген жоқ. Жетінші сыныптан кейін Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумынан мамандық алып шығып,  Луговойда жаңадан ұйымдастырылған №97 жылқы зауытына отбасымен көшіп барып еңбек жолын бастаған. Ақберді 20 жасқа келген жас жігітті Күлтай атты аруға үйлендірген. Ол – өздері бұрыннан аралас-құралас отбасының тәрбиелі қызы.
Қыздарбек 1937 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылды. Үш жыл Отан алдындағы борышын өтеп елге оралған жас жігіт шаруашылықта кассир болып жұмыс істеп жүргенінде Батыста соғыс өрті бұрқ ете қалып, 1941 жылдың 29 тамызында қайта әскерге алынған.
Бұрын да артиллериялық полкте болған Қыздарбек Көлбаев Бірінші Белорус майданы 6-шы артиллериялық дивизиясының №173 зеңбірек полкы құрамында ефрейтор шенінде аға барлаушы болып бастады (суретте)жауынгерлік жолын. Барлаушы дегеніңіз әрқашан қауіп-қатердің қарауылында. Өйткені, ол шабуыл алдындағы артиллериялық дайындыққа жаудың негізгі күші, техникасы шоғырланған нүктені анықтап қайтуы керек. Ол үшін алғы шепке, тіпті, жау тылына барып қайтатын кездері көп болды. Айнала – жау әскерлері. Түнді немесе ауа райының қолайсыз сәттерін пайдаланып шығады барлауға. Себебі, сол сәттерде жау көзіне түспеуге болады. Қараңғылықта немесе қалың нөсерден қорғаланған жау әр қадамын аңдып басқан барлаушыларды аңғармай қалуы мүмкін. 
Осындай қауіп-қатер құрсауында жанын шүберекке түйіп барып, алып қайтқан дерегің құнды болса, қандай ғанибет! «Тіл» алып қайтсаң, тіпті, тамаша! Олардан алынған мәлімет бойынша екі сағат бойы «ыстық нүктеге» ауыр артиллериядан атқылаған снарядтардан жаудың ойран-топаны шығып, есінен танып есеңгіреген сәтінде біздің жауынгерлер «Уралап» шабуылға шығып фашист әскерін көп жерге кейін ысырып тастайды. Ондайда тапсырманы ойдағыдай орындаған барлаушының мерейі үстем. Ол үшін барлаушы әбжіл қимылдауы және топографияны жақсы білуі керек. Соңғысы аса маңызды. Бұл жерде Қыздарбектің жер жағдайын жақсы зерделей білетін зеректігі көп пайдасын тигізген. Командирлерінің мұндай зеректігі мен әбжіл қимылына топ құрамындағы басқа барлаушылар таңданатын. Әрі риза болатын. 
Ефрейтор Қыздарбек Көлбаев соғыстағы алғашқы марапаты – «Ерлігі үшін» медалін 1943 жылы күзге салым алған. Бұл медаль – соғыста ең жоғары марапаттардың санатында. Аты айтып тұрғандай, ерекше ерлік жасағаны үшін беріледі. «Барлаушы-қызыләскер Көлбаев Қыздарбектің жаудың алғы шептегі әскери құрамы мен техникасын дәлме-дәл анықтап, дұрыс мәлімет берудегі батыл әрекеттері нәтижесінде 1943 жылы 15 шілдедегі болған қиян-кескі ұрыста қарсыластардың 4 дзоты, бірнеше қару-жарағы мен жаяу әскерлерінің көзі жойылып, Кеңес әскерлерінің жойқын шабуылына жол ашылып, жау кері шегінді» деп жазылыпты полк командирінің 1943 жылдың 29 тамызында оны осы марапатқа ұсынған баянхатында. Артынша «Москваны қорғағаны үшін» медалін омырауға тақты. Бұл 1943 жылдың 5 қазаны болатын.
Москва түбінде, Сталинград пен Ленинградта тұмсықтан ұрғандай ауыр соққы алған басқыншы жау осыдан кейін-ақ артқа шегіне бастаған. Біздің әскерлер өкшелей қуып, жау басып алған елді мекендер мен қалаларды бірінен кейін бірін азат етіп жатты.
Төбелесте жеңілген адамның қолын бас-көзге қарамай беталбаты сілтей беретіні секілді, жаудың жеңістен күдері үзілсе де, қарсыласуы қатты болды. Тура қақпанға түскен қасқырдың аңшыға қарсы атылып айбат шеккеніндей. Абайламасаң, арандап қалуың ғажап емес.
Шегініп бара жатқан жаудың сипаты осындай. Әділетсіз жау өздері басып алған жерлер үшін жан алысып, жан беріскен ұрыстар жүргізіп жатыр. Тура ол жерлер атасынан мұраға қалғандай! Жолындағының бәрін жайпап барады. Еліміз, жеріміз бұрынғыдан да көп зардап шекпес үшін, біздің әскерлер де шабуылды үдете түсіп, ел аумағын ертерек «тазалауға» күш салуда.
Солай болды. Кеңес әскерлері енді Еуропаның жау басып алған басқа елдерін азат етуге кіріскен.
Аға сержант дәрежесіне өскен Қыздарбек Көлбаев – сол баяғы барлаушы қызметінде ажалмен күнбе-күн бетпе-бет келіп, жауды өкшелей қуған Кеңес әскері құрамында Польшаны азат етіп, неміс фашизмін қанқұйлы ордасында жайратуға қатысқан Жеңіс жауынгері.
Ол жоғарыда аталған марапат қатарына екінші және үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарын қосты.
Әр марапаттың өз тарихы бар. Әрбірі– жанкешті ұрыстардың айғағы. 
Мысалы, «Врицен қаласының шығысы үшін болған ұрыста Көлбаев жолдас 1945 жылдың 13-16 сәуірі аралығында Одер өзенінің батыс жағалауында қарсыластардың пулеметтен және минометтен жаудырған оғы астында жеке барлаушылығымен жаудың бір зеңбірек батареясын, 5 пулеметін анықтап, траншеяның 500 метр сым қоршауын қиып тастаған. 1945 жылы 16 сәуірдегі артиллериялық атқылау кезінде зеңбірек батареясы мен 5 пулемет толық жойылды» делінген кезекті бір баянхатта. 
1945 жылдың 18 сәуірінде біздің жаяу әскерлер немістердің пулемет пен зеңбіректерден жаудырған оғынан бас көтере алмай жатып қалған. Барлаушы Көлбаевтың жедел «ыстық нүктені» анықтап, бақылау пунктіне берген мәліметі арқасында жаудың 3 зеңбірек құрылғысы мен 4 пулеметінің үні өшіріліп, бір взвод жау әскері жер жастандырылып, Врицен басып алынды. Осы ұрыстардағы барлаушылық қырағылығы мен көзсіз ерлігі үшін ол ІІІ-дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. 
...Соғыстан 1946 жылы бір-ақ оралған Қыздарбек сол баяғы жылқы зауытында кассирлік қызметін жалғастырып, кейін ауылдық кеңес төрағасы, ауылдық тұтынушылар кооперативінің бастығы, шаруашылық кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
1963 жылы Талас ауданындағы, кейінірек Сарысу ауданы құрамына енген, «Түгіскен» қой совхозына кәсіподақ комитетінің төрағалығына ауысып, 1976 жылы осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.
Бала кезімізде «ауылға рабошком болып келген кісі жұмысшылардың, малшылардың жағдайын жасау, оларды жұмыс киімі, еңбек құралдары, баспана, киіз үймен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысып жатыр екен» дегенді естісек те, оған онша мән берген жоқпыз. Рабошком деген кәсіподақ ұйымының жетекшісі екенін де  кейіндеу біліп жатырмыз ғой. Ал, өзім мектеп бітіргеннен кейін совхоздың құрылыс цехында жұмыс істеп жүргенімде кәсіподақ төрағасы Қыздарбек Көлбаев ағаның жоғарыда айтқан мәселелер бойынша совхоз басшыларымен «айтысқан» оқиғаларына куә болған кездерім де бар. Бір жиналыста ол кісінің: «Кеңшар жұмысшылары мен малшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартпайынша экономикалық жетістіктерге қол жеткізу мүмкін емес. Ол дегеніміз – жалақының уақтылы берілуі, тұрғын үймен, еңбек құралдары және жұмыс киімдерімен қамтамасыз ету. Түздегі малшының үйдегісі сай болмаса, жұмысы қалай жемісті болсын?! Осыны ешқашан естен шығармауымыз керек» дегенін өз құлағыммен естігенмін. 
Қыздарбек Көлбаев – «Түгіскен» совхозының мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты дәрежесіне дейін көтеріліп, бірнеше рет Бүкілодақтық Ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алуына зор үлес қосқан кәсіподақ көшбасшысы. Ол бейбіт өмірде «Еңбек ардагері» медалі және «Кәсіподақтардағы белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Одан басқа да алған Мақтау қағаздары мен Алғыс хаттарда сан жоқ.
Қыздарбек Көлбаев шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы, адал жар, асқар тау әке еді. Өмірлік серігі болған алтын құрсақты ана Күлтай екеуі 9 ұл-қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді.  «Орнында бар оңалар», ұрпағы өмірін жалғастырып жатыр.
Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 76 жылдығы тойланып жатқан мерекелі жылда Отан үшін от кешіп, оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралып, бейбіт өмірде де еңбегімен ел құрметтісі болған ардагер Қыздарбек Көлбаевтың өнегелі өмірі мен үлгілі ісі туралы жас ұрпақ біле жүруі үшін жаздық осы мақаланы.
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Жамбыл ауданы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Даңқ
20 март 2020, Пятница
Даңқ
АДЫРНА
05 май 2021, Среда
АДЫРНА
ДАҢҚ
06 май 2020, Среда
ДАҢҚ
Ұлы даланың ұлылары
29 апрель 2020, Среда
Ұлы даланың ұлылары
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры