Қариялар белсенділігі – қоғамдық қызметіміздің қозғаушы күші
Бүгінгі қарттар - күні кеше еңбек көрігін қыздырып, бүгінгі гүлденген қоғамның дамуына саналы ғұмырын сарп еткен, сан жылдар ерең еңбегін арнаған жандар. Болмысы қайрат пен жігерге толы, күш-қуаты мол, жастық шағын еліміздің гүлденуі мен өркендеп, дамуына арнап, маңдай терін төккен үлкендеріміз қазірдің өзінде қартайдық деп қарап отырмай, қоғамдық өмірге белсене араласуда.Облыс ардагерлер қозғалысының алдыңғы сапынан көрініп келе жатқан Жамбыл ауданының ардагерлер ұйымдары өздерінің қоғамдық қызметтерді жоспарлы, бір жүйеге келтіре жүргізуде. Осы орайда біз әдеттегідей бұл жолы Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Уәлиұлы Сырлыбаевпен сұхбаттасып, қазыналы қарттарымыздың тыныс-тіршілігі турасында әңгіме өрбіткен едік. Соны оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Тілші: – Бақыт Уәлиұлы, әңгімемізді ардагерлер ұйымының негізгі міндет-мақсаттары туралы бастасақ.
Бақыт Сырлыбаев: – Әрине, ардагерлер қауымының басты міндеті – үлкендік жолмен елді бірлікке үндеу, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету, ел тыныштығының сақталуына ұйытқы болу, мемлекеттің саясатын елге насихаттау, олардың жүзеге асуына ықпал жасау.
Жамбыл ауданының 17 ауылдық округінде 86 мыңнан астам халық тұрады. Оның ішінде 8284 зейнеткер бар.
Тілші: – Күні бүгін тойлап жатқан егемендігіміздің, дербес дамуымыздың ең басты теңдессіз сыйы деп нені атар едіңіз?
Бақыт Сырлыбаев: – Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсап өткен арман-тілегі. Азаттық жолында қанша жас қыршын кетті. Бұл атаның қаны, ананың сүтімен келген ұлы құндылық дер едім. Егемендігіміздің ең басты сыйы тіл еркіндігі, ел бостандығы.
Тілші: – Қариясын сыйлаған елде қасиет бар. Сегіз мыңнан аса зейнеткер бар екен. Оларды әлеуметтік қолдаудың жай-күйі қалай? Енді осы мәселе жөнінде тоқталсаңыз.
Бақыт Сырлыбаев: – Бүгінгі таңда аға буын өкілдеріне деген айрықша қамқорлық – мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі. Елімізде зейнетақы мен жәрдемақылар уақытылы төленіп, егде адамдарға медициналық көмек көрсетіліп, әлеуметтік қолдау жүйесі жетіліп келеді. Ардагерлер ұйымының басты міндеті-соғыс және еңбек ардагерлерін әлеуметтік қорғау, көмек көрсету, қолдау. Халықтың денсаулығы-мемлекет байлығы. Оның ішінде ардагерлердің денсаулығы, олардың әлеуметтік - тұрмыстық жағдайын жақсарту ардагерлер ұйымдарының басты міндеттерінің бірі. Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесі осы бағытта жоспарлы жұмыс атқаруда.
Тілші:–«Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» айлық акциясы жарияланғаны белгілі. Бұл орайда қандай шаралар жүзеге асуда. Жалпы ардагерлерге әлеуметтік қолдау көрсетудің жай-күйіне тоқталсаңыз.
Бақыт Сырлыбаев: – Жылда аудан және ауылдық округтер басшылары және ардагерлер кеңестері тараптарынан жалғыз басты қарттарға және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік пакеттер таратылып, әлеуметтік көмектер көрсетіліп тұрады. Ардагерлер ұйымдарының ықпалымен елді мекендердегі шаруа қожалықтары және жеке кәсіпкерлер мұқтаж қарияларға мал азығымен, көкөніс өнімдерімен және басқа да азық-түліктерімен тегін қолғабыс жасайды. Атап айтқанда, құмшекер, картоп, сәбіз, пияз, қарбыз, ұн, күріш, пісте майы, шиті май, макарон, мал шөбі және басқада керек заттармен көмек береді.
Мысалы, Бесағаш ауылдық округінде бастауыш ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Түрксіб ауылының ардагерлеріне 1 тонна, Бесағаш ауылының ардагерлеріне 1.5 тонна картоп тегін таратылды. Одан бөлек, жағдайы төмен отбасыларға жалпы құны 50 мың теңгені құрайтын азақ-түлік топтамалары таратылды. Гродеково ауылдық округінде демеушілер тарапынан аз қамтылған, тұрмысы төмен отбасыларға 164 мың теңге тұратын азық-түлік себеттері берілді. Осы округте орналасқан «Тимофеев» шаруа қожалығы тұрмысы төмен 4 отбасының балаларына 200 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетіп, зейнеткерлер тұратын үйлердің күл-қоқыстарын шығаруға тегін техника бөліп, 20 отбасыға жем-шөп түсіріп берді. Қарасу ауылдық округінің зейнеткерлеріне «Пионер» өндірістік кооперативі техника бөліп, жем-шөппен көмектесті. Полатқосшы ауылдық округіндегі «Шарипов» шаруа қожалығы әлеуметтік аз қамтылған зейнеткерлерге 2 тонна картоп, 2 тонна пияз, 1.5 тонна сәбіз, 250 литр шиті май және 250 килограмм макарон өнімдерін тегін таратып берді. Аудандық ардагерлер кеңесінің қайырымдылық қорынан ардагерлерге көмек ретінде 7 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде, майдангер Хасен Шанбаевтың атындағы үйдің шатырын жабу үшін 3 миллион теңге, Қарой ауылының тұрғыны, жалғыз басты, көп балалы ана М.Мырзақұловаға жеке үй сатып алуға қосымша 3 миллион теңге қаржылай көмек көрсетілді. Одан бөлек, кәсіпкерлер өздері туып-өскен ауылдарына тұрақты әлеуметтік – тұрмыстық қайырымдылық көмектер көрсетіп тұрады. Мысалы, Түрксіб ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Айдарбековтың ұйымдастыруымен көп жылдан бері пәтер жалдап келген алты баланың анасы Гүльзира Тыныбековаға, ауылдың ілкімді азаматтарын тартып, осы округке қарасты Кемел ауылындағы Сұлусаз көшесінен төрт бөлмелі пәтер сатып алып берді. Құмтиын ауылының тумасы Бақытжан Есенов туған ауылының тұрғындарына соңғы 3-4 жылда 100 қап құмшекер, 100 қап ұн таратса, жеке кәсіпкер Ерғали Ботабаев 20 қап ұн таратып берді.
Жағдайы төмен, жалғызбасты адамдарға асарлатып үй соғып беру акциясы жалғасын табуда. Осы игі істің басында ауыл ақсақалдары, бастауыш ардагерлер ұйымдарының мүшелері жүреді. Аса ауылдық округіне қарасты Рахат ауылында 86 жасқа келген белсенді ақсақалымыз Бейсенбек Асқаровтың ұйымдастыруымен, ауыл тұрғындары әлеуметтік аз қамтылған, тұрмыстық жағдайы төмен отбасына екі үй соғып берсе, Жасөркен ауылында ауыл ардагерлерінің ұйымдастыруымен ауыл азаматтары мен кәсіпкерлер үш баланы жалғыз өзі бағып отырған анаға қажетті жиһаздармен жабдықталған төрт бөлмелі тұрғын үйді табыстады. Қаракемер ауылында ауыл ақсақалдары ұйытқы болып көмекке зәру екі азаматқа жаңа үйлердің кілтін тапсырды. Мұндай қайырымдылық істер басқа да ауылдық округтерде жүргізілуде.
Соңғы жылдары әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсету мақсатында ауданда «Қайырымдылық дүкендері» ашыла бастады. Бұл бастама Жамбыл ауылдық округіне қарасты Шайқорық ауылында ардагерлер кеңесі мен ауыл жастарының ұйымдастыруымен іске асты. Сондай-ақ, Шайқорық ауылын салауатты ауыл деп жариялап, дүкендерде ішімдік сатуға тиым салынды. Бұған дейін ауыл ақсақалдарының бастауымен Жалпақтөбе ауылы салауатты ауыл санатына енген.
Тілші: – Жасы келген кісілерге бірінші кезекте жан-жақты дәрігерлік көмек қажет. Осы бағытта денсаулық сақтауға байланысты көкейіңізде айтарыңыз бар ма?
Бақыт Сырлыбаев: – Аудандық емханада арнайы «Ардагерлерді қарау» терезесі ашылып, жауапты медециналық тіркеуі бекітілді. «Қарттарға қамқорлық» айлық акциясы аясында аудандық емханада «Ашық есік» күні ұйымдастырылды.
Емхана дәрігерлері егде жастағы қариялардың денсаулық жағдайын тексеріп, ақыл-кеңестерін берді. Биылғы жылы аудандық аурухана тарапынан Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендерге және тыл еңбеккерлеріне жататын 155 азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 31 ардагер ем қабылдады, Астана қаласындағы әскери госпитальда 2, Алматы қаласындағы госпитальда 4 адам емделіп қайтты. Аудандық аурухананың терапия және арнайы оташы бөлімдерінде ардагерлерге арналған арнайы 2 төсектік палаталары ашылған. Жыл басынан бері «Айшабибі», «Меркі» шипажайларына ардагерлерге портал арқылы 32 жолдама берілді. Аудандық емханада және ауылдық амбулаторияларда ем-дом алушыларды қолдау мақсатында «Халық кеңесі» кабинеттері жұмыс атқара бастады. Егерде ем-дом алушы медициналық көмек көрсету сапасына қанағаттанбаса, дәрігерлер дөрекілік көрсетсе, ақша талап ету фактісі кездессе немесе медициналық көмек көрсету сапасына байланысты проблемалық мәселелер туындаса «Халық кеңесі» қызметіне жүгіне алады. Жуық арада аудандық ардагерлер кеңесі төралқасының мүшелері аудандық емханада болып «Халық кеңесі» жұмысымен танысып, өздерінің ой-пікірлерін айтты.
Тілші: – Әлеуметтік көмектің әлеуеті қандай?
Бақыт Сырлыбаев: – Ауданда әлеуметтік бағдарламалар бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде.Үстіміздегі жылы жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек ретінде 141.078 мың теңге қаражат қаралып, әлеуметтік көмекке мұқтаж 276 отбасыға 27 миллион теңге, Жеңіс күніне орай 156 Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендерге 23,миллион теңге, ҰОС ардагерлерінің 4 жесіріне 200 мың теңге, бейбіт уақытта қайтыс болған әскери қызметшілердің 8 отбасына 400 мың теңге, 147 тыл еңбеккеріне 7 миллион 350 мың теңге бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілді.
Жыл сайын аудан ардагерлерінің тынығып, демалуына айрықша көңіл бөлінеді. Жылда аудан ардагерлері Астана қаласына, Түркістан облысының киелі жерлеріне саяхаттап барып қайтады.
Тілші: – Ардагер деп кімдерді атауға болады? Қария сөзінің құндылығы қандай?
Бақыт Сырлыбаев: – Сөзіңнің жаны бар, айналайын. Ардагер дегеніміз – кезінде ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен өз саласының аға буын өкілі. Ал, қария сөзінің құндылығы тым тереңде жатыр. Халқымызда «қазыналы қария» деген сөз бекер айтылмаған. Ол елдің өткені мен бүгінінен шежіре айтатын көргені мен түйгені көп ұлағатты ғұмыр иесі.
Тілші: – Екі ғасырдың көзін көрген белсенді азамат ретінде кешегі және бүгінгі қарияларымыз туралы ойыңызды айта кетсеңіз?
Бақыт Сырлыбаев: – Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Дегенмен өткен дәуірдің қарттары ел ішінде түрлі деңгейдегі орын алған мәселелерді шешуде белсенді болған. Әсіресе, жетім мен жесір тағдыры, мал ұрлығы, ағайын араздығы секілді дау-дамайлардың барлығында аузы дуалы, сөзі уәлі қарттарымыз жүрген. Қандай жағдай орын алса да қара қылды қақ жарып, әділ бағасын берген. Олар сол өн бойындағы тектілігін жоймаған жандар. Бүгінгі қарияларымызды да жаман деуге болмайды. «Заманына қарай адамы» дегендей, бүгінгі күні де қазақы қалпын сақтаған, әдептілікті жақтаған үлкендеріміз көп. Біз соған бек қуаныштымыз.
Тілші: – Бүгінгі заман жастары қандай болуы керек?
Бақыт Сырлыбаев: – Жастар – ел болашағы, ертеңгі отбасы иелері, Отанының үміті. Сенімнің үдесінен шығу үшін жастар тәрбиелі әрі білімді болуы қажет. Кез келген ортада бәсекелестік болатыны рас, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай қашанда халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім ғана.
Жастар кез келген жұмыста өзін жақсы қырынан көрсетуі керек. Өзіне берілген жұмысты жауапкершілікпен орындап, жетістікке жетуі тиіс. «Қолымнан келмейді» деген сөзді айту – әлсіздердің ісі. Сондықтан қалауын тапсаң, қар да жанады. Тек сол жұмыс үшін тиісінше ерінбей еңбек етуі тиіс.
Тілші: – Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан:Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,
"Ғұмыр–Дария"
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (11)