Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ЕНЕ МЕН КЕЛІН – ОТБАСЫ ҰЙЫТҚЫСЫ

ЕНЕ МЕН КЕЛІН – ОТБАСЫ ҰЙЫТҚЫСЫ

14 сентябрь 2024, Суббота
54
0
Отбасында ене мен келіннің сыйластығының мәні ерекше. Көп жағдайда шаңырақтың шайқалмауы, үйдегі береке-бірлік енелер мен келіндер қарым-қатынасына байланысты. Осы турасында төрт баланың анасы Базаркүл апаның әңгімесін айтып беруді жөн көрдім. – Қызым жоқ, төрт ұлдың анасы болғандықтан, келінді ерекше күткен адаммын. Болашақта келін алсам қызымдай көрермін деп ойлайтынмын. Ел арасында желдей ескен неше түрлі әңгімелерді естіген сәтте, тіксініп қалатыным да рас еді. Байқап қарасам, қазіргі енелер келінін тәрбиелеуге ерінетін тәрізді. Олар көңіліне жағатын, қолынан бәрі келетін дайын келін түсе қалса деп ойлайды. Бірақ бір үйдің еркелеп өскен қызы келе сала бірден үлгілі келін бола кетуі оңай емес. Алдымен оны үйретіп, тәрбиелеу керек қой. Келіннің жақсы болып қалыптасуы ақылды енеге тікелей байланысты. Осындай жәйттерді ойлай келе, болашақта келінімді қалай тәрбиелеу керектігі жөнінде көп ойланатынмын. Әрине, қазақ елінде қанша ене болса, сонша келін бар, сонша қарым-қатынас бар. Ене мен келіннің қарым-қатынасын бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Келінді бастан...» демекші, ақ босағаңды аттаған келініңнің тәрбиесін кешіктірмеген жөн. Жас келін де жас бала тәрізді, оны босаға аттап келген күннен бастап бауырға басып, өз адамың ретінде қабылдауың қажет. Тек тәрбиені қаталдықпен шатастырып алмауым керек деп ұқтым. Жан жылуын жылы сөзбен жеткізуге тырыстым. Иә, өзгенің баласына өз балама мейірленгендей елжіремеуім мүмкін. Дегенмен, оның да біреудің баласы екендігін ойымнан шығармадым. Аздап мақтап, дұрыс жасаған ісі үшін қолпаштап қойған да артық болмайды. Қонақ күткенде жай ғана келінімнің пісірген дәмді асын атап өткеннің өзі не тұрады. Ас үйдің тірлігіне орынсыз араласпадым. Алғашқы кезде асүйімнің қыр-сырымен, отбасы мүшелерінің тамақтану тәртібімен таныстырдым. Бәрін өз енем үйреткендей, үй шаруасына бейімдедім. "Қыз тәрбиесі – анаға сын, келін тәрбиесі – енеге сын". Өзім үйрете алмаған нәрсені келінімнің бойынан іздемедім. Кемшілігін байқасам, ол үшін баламның жан жарын кінәлаудан аулақ болдым. Білмегенін үйретуге тырыстым. «Ерлі-зайыпты арасына есі кеткен түседі» деген халық даналығының маған да қатысы болды. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды. Ондай кезде ұлым мен келінімнің арасына түспедім. Олардың араларында кішігірім түсініспеушіліктер бола қалған жағдайда, өздерінің шешуіне мүмкіндік бердім. Мен келініме қарағанда біршама өмір көрген, тәжірибесі бар адаммын ғой. Оның кейбір нәрселерді білмегені үшін кінәлауды орнына өз тәжірибемді көрсете білуге тырыстым. Келінім алдымен менен біраз нәрсені үйренуге болатынын ұғынсын дедім. Содан кейін келінім менен сабақ алуға талпынар деп ойладым. Ене мен келін түсінісе келе сыйлас жандарға айналуы мүмкін. Бірақ қызы мен анасындай бола алмайды. Ене мен келін арасында тиісті шекара да болуы қажет. Осы орайда «келінімді қызымдай көремін» деудің де бұрыс жағы бар екен. Келін енеге қыз бола алмайтындықтан «келін» атаған-ау. Келініме орамал тағу мен сәлем салу секілді келіннің ізеттерін айта беруден жалықпадым. «Орамал тақпайақ қой, сен де біздің қызымызсың», «сәлем салмай-ақ қой, ауылда емеспіз ғой» дегендей заманауи ененің ақылы келіннің тәрбиесіздігіне әкеліп соғады. Дәстүр сабақтастығы осыдан үзілері хақ. Сондықтан осы сынды ізет, ибаны келін бойына сіңіру арқылы ақырында жеміс беретініне үміттендім. Келіннің кез келген ісіне араласа беру де дұрыс емес. Сырттан бақылау керек. Ақыл айтудың да өз орны болады. Бүгін қателессе, жаймен түсіндіріп отырдым. Ертеңіне қателессе, тағы да түсіндірдім. Сосын барып жақсы нәтижені күтемін. Көбінесе шыдамдылық таныттым, қажет жерінде жол сілтеуден жалықпадым. «Әр үйдің салты басқа...». Келінім үйімнің тыныс-тіршілігіне үйреніп кеткенше демеу болдым. Қиналған кезде қол ұшын созған аналық әрекетімді келінім де ұмытпай, жадына сақтады. Қажет емес әрдеңені айтып, көңіл күйін түсірмеуге тырыстым. Ол риза болса, баламды да бақытты етеді деп түсіндім. Бүгінде екі келін түсіріп, немерелер сүйіп отырған бақытты анамын. Келін ала салып, бәрі бола қоймады деу күпірлік. Жаңа түскен келіннің жақсы болмағы ененің тәрбиесіне сын екендігін ұмытпаған жөн. Сондықтан барынша кешірімді болғанымыз жөн, – деді ақ жаулықты ана. Еліміздің қас батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың тәрбиелік мәні зор сөзімен түйіндесек: "Мысалы, ағаш екеш ағаштың өзі бір жерден екінші жерге көшірерде жері құнарлы, сулы болса, тамыр тартып, өсіп, жапырағын жаяды. Сол сияқты әрбір үйдің өзінің дәстүрі, әдептері бар. Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Әрине, өзінің туған анасындай болмайсың. Бірақ сен солай болуға тырыс. Өйткені ол енді сенің әулетіңді көбейтеді, ары қарай сенің ісіңді жалғастырады, сенің отыңды жағады, сенің қазаныңды ұстайды. Кез келген әйелдің қолынан ене болу келеді, ана болуға тырысу керек. Енесін жамандайтын келіндерге айтарым: «Енелерің аяғы жерге, басы елге сыймайтын сұмырай болса да, оның бір артықшылығы бар. Ол – сен басыңды жастыққа бірге қойған, сен жақсы көрген жігітті өмірге әкелген адам». «Сыйлай білсең сыйысасың іні боп, Кінәласаң әкеңнің де міні көп» деп ақын Имашқан Байбатырұлы айтқандай, атасын әкесіндей, енесін анасындай жылы, ыстық ықылас, адал көңілмен, нақ шын беріліп, құрақ ұшып иіліп тұрған келінді кім жек көреді. Қолға қонған балапан құстай жас келіннің келген жеріне деген ниетін таныған ене де, ыстық ықылас аналық мейіріммен табалдырық аттаған күннен бастап, мәпелеп жастығына жанашырлықпен қамқорлық жасап, білмегенін білгізіп, әр нәрсенің мәнжайын түсіндіріп, алға жетелеп отырады. «Жақсы жерге түскен келін – келін, жаман жерге түскен келін – келсап» деген рас. 

cурет интернеттен алынды
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Дидар
31 май 2022, Вторник
Дидар
Дидар
05 май 2022, Четверг
Дидар
Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры