Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Ұзақбайдың ізгілік істері

Ұзақбайдың ізгілік істері

11 август 2025, Понедельник
102
0

Ұзақбай Сыздықбаев 1942 жылы Сарысу ауданының Байқадам ауылындағы орта мектепті үздік бітірді. 1943 жылы 18 жасқа толмай-ақ Кеңес армиясы қатарына шақырылып, Фрунзе қаласындағы әскери дайындықтан өтіп, танкист-новодчик ретінде соғысқа кіреді. 2-Украин майданындағы VIII механикаландырылған Александрийск корпусы құрамында №114-танкіге қарсы ататын артилериялық полкта соғыстың соңғы күніне дейін қатысты. Бір қызығы – оның әкесі Сыздықбай да осы майданда соғысқан. Ол өзі түскен 2-Украин майданында әкесі Сыздықбайдың соғысып жатқанынан бала Ұзақбай еміс-еміс хабардар еді. Алайда әкесін онда көруге мүмкіндік болмады. Мұнда талай мәрте фашистермен бетпе-бет келіп, айқасқан күндер өтті. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» – демекші талай мәрте фашистердің жойқын шабуылдарын тойтаруға қатысқан әкелі-балалы жауынгер соғыстан аман оралды. Ұзақбай Жеңіс күнін Александрийск қаласында қарсы алып, елге 1947 жылы аман-есен келді. Әкесі Сыздықбайға да жары Кәрі, анасы Нұрсұлумен табысып, елмен қауышу бақыты бұйырды.
Ұзақбайдың әкесі Сыздықбай соғыстан оралғаннан соң ұзақ жылдар Сарысу ауданындағы қаржы саласында еңбек етіп, жұбайы Кәрі екеуі араларына бар болғаны 6 ай салып, 1970 жылы өмірден өтті. Ал Ұзақбай болса еңбек жолын әскерден оралысымен Сарысу аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып бастады. Ұйымдастыру бөлімін басқарып, 1954 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің философия факультетін үздік бітірді. 1954-1959 жылдары Свердлов (Байзақ) аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы қызметтерін атқарды. Ал 1959-1961 жылдары Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебінде оқыды.
1961-1967 жылдар аралығында Жамбыл аудандық атқару комитетінің төрағасы, Қордай аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды.
1967 жылы өзі еңбек жолын нұсқаушы болып бастаған Сарысу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланды. Аталған аудан бірнеше жыл көршілес Талас ауданына қосылып, шаруалары шатқаяқтап қалған кез болатын. Сондықтанда жаңа ауданда атқаратын жұмыс аз болмады. Кадр мәселесінде де қиындықтар туындағаны рас. Алайда тәжірибелі Ұзақбай мұндағы өзекті мәселелерді аудандық атқару комитетінің төрағасы, іскер азамат Қырықбай Асанов, аудандық партия комитетінің хатшылары Ұзақбай Төлеуов, Жібек Мұстафина, басқада шаруашылық басшыларымен бірлесе шешіп отырды. 
Сарысу ауданында болғанда Жаңатас қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қала іргесінен жаңадан «Жаңатас» кеңшарын ашуға бастамашы болды. Кеңшарға аудандағы ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Ақатай Ақбаев директор болып тағайындағанын ол кезде бала болсақта жақсы білеміз.
Аудан сол жылдары соғыстан кейінгі жылдары қазылған «Ынталы» су қоймасы қайта жаңғыртылды. Ауданда егін шаруашылығын қолға алып, бидай, арпа, жүгері, жоңышқадан мол өнімге қол жеткізді. Кеншілер қаласы халқын көкөніс, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығы іргесіндегі «Байқадам» кеңшары көкөніс, сүт өндіруге бейімделіп, қайта құрылды.  Осылайша екі ортада тығыз байланыс орнап, олардан құрылыс материалдарын алып, үлкен-үлкен техникалардың көмегін пайдаланды.
Бар болғаны 2-3 жылда-ақ жаңадан құрылған Сарысу ауданын аяғынан тік тұрғызып, табыстың тай қазанын тасытқан бірінші басшы үлкен беделге ие болды. Сондықтанда болса керек көрнекті жазушы Кәрібай Ахметбеков аудандағы адамдардың қилы тағдыры, тыныс-тіршілігі жайлы екі томдық «Ақдала» романын жазды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ұзақбай Сыздықбаев романның басты кейіпкері ретінде сәтті сомдалды. Онда жас болса да ел қамын ойлаған, кемел ой түйе алатын бірінші басшының аудан экономикасын көтерудегі еңбегі әділ де, адал жігерлі басшы түрінде бейнеленді. 
Басшылық қызметте тәжірибесі мол, ысылған, бұл өңірді жақсы білетін Ұ.Сыздықбаевқа 1970 жылы Свердлов (Байзақ) ауандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқару сеніп тапсырылды.
Кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Әрбір азаматтың жел қайдан соқса да, желкенді өзіне оңтайлы бұра алатынындай жан-жақты ойластырылған жоспары болуы тиіс. Міне мұны жете түсінген Ұ.Сыздықбайұлының ауданға келуімен талайлардың табаны тиіп, ізі қалған киелі Байзақ баба жерінің екінші тынысы ашылды деуге болады. Ұзекең бұл қызметті үзіліссіз 13 жылдан аса атқарып, республикалық дәрежедегі зейнеткерлер қатарына қосылды. 
Ұзекеңнің бір бойына мемлекеттік, қайраткерлік, саясаттанушылық, мәдениет-танушылық, әлеуметтанушылық, басқада жақсы қасиеттер әдемі тоғысқан. Ағамыз тек қана адалдық пен әділдіктің алдында ғана тізесін бүгіп, тазалықтың алдында ғана басын иіп, ақыл ойына жақсылық пен мейірімнің мәртебелі ұғымын қалыптастырған жан болатын. Қай кезде де халықтың сөзін сөйледі, жұрттың жоғын іздеді. Ауданның шаңырағын тіктеп, керегесін кеңейтуге барын салды.
Ұзақбай Сыздықбайұлының жақсы бір қасиеті – ойлағанын іске асырмайынша тыным таппайтыны. Кадр таңдауда да қателікке жол бермеуге тырысатын, алысты болжай білетін. Міне осындай ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, адамгершілік қасиеті мол жанды аудан халқы қолдап кетті. Аграрлы ауданда мал шаруашылығы да алғашқы 2 жылда-ақ түлік басы еселеп өсті, егін шаруашылығы  саласына да жан бітті. Нәтижесінде ақ егіс көлемі 42 мың гектарға жетіп, оның әр гектарынан 15,20 центнерден өнім алынды. Қант қызылшасының көлемі 10 мың гектарға дейін жетті. Мал шаруашылығынан да мол өнім алынып, халықтын әл-ауқаты артты. Мемлекетке астық, ет-сүт тапсыру жоспары тұрақты түрде асыра орындалып отырды. 
Қант қызылшасы аудандағы негізгі көрсеткішке айналды. «Трудовой пахарь» колхозы әр гектардан 600-800 центнер аралығында өнім алып, облыс, республика, тіпті Одаққа дейін танылды. Сауыншы Елена Свинковская, қызылша өсірудің шебері Нұрмаш Түйтебаев Социалистік Еңбек Ері атанса, озат қызылшашы Тынышкүл Бақтиярова мен Алтын Әбішова Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
Сол кезде жаңадан пайдалануға берілген «Базарбай» каналы ауданда суармалы егістік көлемін ұйғайтуға жол ашты. 1978 жылы аудан барлық көрсеткіштер бойынша ең жоғары нәтижеге жетіп, Бүкілодақтық Қызыл Туға ие болды. Осы кезең аудан басшысының жұлдызы жарқыраған жылдары ретінде аудан халқының ұмытылмастай естерінде қалды.
1972, 1975, 1978, 1982 жылдары ауданға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев келіп, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын бергенін аға буын күні бүгінге дейін ұмыта қойған жоқ. 
Ұзақбай Сыздықбаевтың ел есінде қалған ерекше ісі – соғыс ардагері, Кеңес Одағының Батыры Ақаділ Суханбаевтың Прибалтикада жерленген қорымына ауданнан арнайы делегация жіберіп, топырағын алдыртып, батыр рухын туған ауылы халқымен табыстыруы еді. 
Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Сыздықбаев бірінші хатшы болған жылдары ауданда көп тірлік істелді. Аудан келбеті бар болғаны 2-3 жылда-ақ адам танымастай өзгерді. Атап айтсақ, аудандық партия комитеті ғимаратына қосымша корпустардың қосылуы, аудан орталығындағы алаңның, 600 орындық бүгінгі әл-Фараби атындағы мәдениет үйі, типтік негізде мектептер, балабақшалардың, орталық стадион саланып, «Қарлығаш» пионер лагері, Саз мектебі, Пионерлер үйі, Политотдел құс фабрикасы, Мырзатай түйетауық фабрикасы ашылды. Бұлардан басқада үлкен-үлкен ғимараттар соғылып, маңайына тал-дарақтардың егілгенін көзкөргендер мақтанышпен айтады. Мәдениет үйі демекші оған атты да өзі таңдап, алдына қойылатын ұлы даладан шыққан әлемдік ғұлама Әбунасыр Әл -Фарабидің мүсінін Ленинградтық мүсіншілерге жасатқан екен. Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында аудан орталығынан соғылған «Қаралы ана» ескерткішінде де Ұзекеңнің қолтаңбасы қалған. 1977 жылы соғылған үш қабатты аудандық орталық аурухана мен емхана күні бүгінге дейін аудан халқына қызмет етіп келеді.
– Ұзақбай Сыздықбаевтың Байзақ ауданына бірінші хатшы болып келуімен жаңа леп келді. Ол кезде мен аудандық атқару комитеті төрағасынын орынбасары едім. Аудан орталығында алаң да жоқ болатын. Алаң жасалып, асфальтталды. Төңірегіне тал егілді, құрылыстар қызу жүріп жатты. Араға үш жыл салып мен үшінші хатшы қызметіне көтеріліп, ағамен бірлесе жұмыс істеуге тура келді. Ұзақбай аға еңбекті бағалайтын, талап ететін білімді де, іскер, сауатты басшы болды. Сондықтанда ол кісіден көп нәрсе үйрендік, – дейді кейінірек өзі де аудан басқарған, қоғам қайраткері Нілзия Рахышева.
Ұ.Сыздықбаев басшылық қеткен жылдары кеңшарлар мен ұжымшарларда екі – үш қабатты мектеп, балабақша, клубтар салынды. Аудан орталығындағы мәдениет үй жанынан ол кісінің бастамасымен «Шолпан» ән-би ансамбілі құрылып, оның атағы алысқа кетті. Осы өнер ұжымының атын да өзі таңдап, олардың дайындықтарын қадағалап отыратын. Ол кісі бойындағы ұйымдастырушылық қабілетін, өнерін кәсіп деп емес, қасиет деп қарайтын азамат болатын. Ағамыздың өзі де өнерден құралақан емес еді. Пианинода ойнап, домбыра да тартатын. Осылайша өресі биік тұлға екенін өмірдің өзі көрсетті. Қарапайым еңбек адамдарымен өзін тең дәрежеде ұстайтын адами қасиеті ерекшелініп тұратын. Оның адал еңбегі ешқашанда ескерусіз қалмады.
Сарысу ауданындағы бұрынғы Жаңарық ауылы мен Саудакент, Сарыкемер ауылдарындағы көшелердің Ұзақбай Сыздықбаевтың есімімен аталуы оған халықтың жасаған құрметі, берген бағасы. Ұзақбай ауылындағы орта мектепте арнайы мұражай ашылып, бір сынып аға есімімен аталады. Аталған мектептің оқушыларына арнайы шәкіртақы тағайындалып, саябаққа есімі берілген.
Қайраткер ағамыз I-II  дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендері мен 19 медалмен марапатталды. 
Ұзақбай басшылық қызметте жүріп ерен еңбектің үлгісін көрсетумен бірге ұлағатты ұстаз Күмісжан апай екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп, өсірді. Олардың барлығы да жоғарғы білім алып, басшылық қызметтер атқарды. Араларында білім жолына түскен ғалымдар  да бар. Балаларынан бірнеше немере, шөбере сүйді. Бүгінде кенже ұлы Нұрлан Ұзақбайұлы әке ісін жалғастырып, қарашыңырақтың түтінін түтетіп отыр. 
Іскер басшының есімі өзі ұзақ жылдар еңбек еткен аудандарда ерекше ілтипатпен аталады. Аталған аудандарда ағаның қолтаңбасы, жүрген жерлерінде ізі қалды. Ағаны елі өсірді, ал ол өзі еңбек еткен өңірлерді көкжиекке көтерді. Осындайда «Жаны ізгіліктен жаратылған жақсы адамдар өлсе-еңбегі ескерткішке, абыройы – алтын күмбезге айналады» – деуші еді. Сол рас екен. Осы ойымыздың ақиқатына Ұзақбай ағамыздың көзі тірісінде істеген істері, артында қалған тірліктері куә. Ол отбасы, әулетіне тірегімен, ағайын-туысына тілегімен, туған еліне жүрегімен қызмет ете білген тұғырлы тұлға.
Ұзақбай Сыздықбайұлы аға тірі болғанда биыл 100 жасқа толар еді. Сүйініштісі сол, осынау мерейтойды бүгінде өзі еңбегін сіңірген елі үлкен құрметпен тойлауда. 

Сүндетулла ӘБІЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
ардагер журналист

Байзақ ауданы

Обсудить
Блок в статье:
Жасампаздық жаршылары 01 июль 2026, Среда
СЕЙТҚАЗЫ ҚАЖЫ – ЖЕҢІМПА3! 30 июнь 2026, Вторник

Похожие материалы:

Өнердің өз адамы
28 май 2021, Пятница
Өнердің өз адамы
Ғұмыр жолы ғибратқа толы
20 май 2025, Вторник
Ғұмыр жолы ғибратқа толы
Адалдықтан аттамаған азамат
11 август 2025, Понедельник
Адалдықтан аттамаған азамат
Ғибрат
05 май 2025, Понедельник
Ғибрат
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры