БЕЙБІТ БОЛЫСТЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Талас өңірінің арғы-бергі тарихын біраздан бері зерттеп жүрмін ғой. Ізденіп, түртпектей берсе, туған өлкеміздің шежірелі тарихын тереңінен қопаруға болады. Бір Ойық елінің өзінен 22 би, болыс, шешен шыққан екен. Мұратұлы Есей би туралы әлі күнге дейін көп ел біле бермейді. Кезінде Есей би Тәуке ханның бас уәзірі болыпты. Басқалары туралы айтатын болсақ, Бөлтірік шешеннің жөні бөлек. Сондай-ақ, осы өңірден шыққан Жантілеу би Атабайұлы, Күнтілеу би Атабайұлы, Әбдірәлі би, Әлімбек би, Әлі би, Бекбол би, Бекәлі би, Биназ би, Қалдарбек би, Қожакелді би, Мама би, Мұсабек би, Тоққұлы би, Тасболат би, Болатбек би, Үшкемпірұлы Абай би, Жамай би, Базарбай би, Шінәлі би, Омар би туралы жеке-жеке әңгіме қозғауға болады. Олар туралы зерттеп те жүрмін. Амандық болса, кезі келіп жатқанда білгенімді елге айтармын да.
Солардың арасынан Ойықтан шыққан Бейбіт болыс туралы бөлекше тоқталмақпын. Тегін адам болыс бола ма? Ол кісі өзі шешен, ел бастаған көсем болған. Әрбір ісін ойластырып, шешімін елдің көңілінен шығатындай етіп бірақ шығарған. Бейбіт болыс билік құрып тұрған заманда Ойықтың бір жігіті Дулаттың айттырылып қойған қызын алып қашып келмей ме. Бұл – ол кездің өлшемінде үлкен айып. Әрине, бұл оғаш оқиғаның аяғы екі елдің арасында әжептеуір дауға ұласады. Оны дер кезінде баспаса, даудың одан әрі өршіп кетуі де бек мүмкін. Атастырылған қыздың көлденең көк аттыға ілесіп кетуі Дулат елінің намысына да тиеді. Екі елдің арасында реніш пайда болады.
Бұл келеңсіздікті осы қалпында қалдыруға болмастығын түсінген Бейбіт болыс қасына сенімді серіктерін, әнші-жырауларын, сөзге жүйрік әзілкештерін, палуандарын, тіптен, тамақсау қомағайларын ертіп Дулат еліне алдын ала хабар жіберіп аттанады. Болыстың сондағы ойы не? Ренжулі, көрші жатқан ағайындардың көңілін табу. Олардың ренішіне ойын-күлкі мен жеңіл әзілмен жауап қайтару. Берген тамақтарын сыпырып-сиырып жеп, әйтеуір, өкпелі жұрттың көңілдерінен шығу. Ол кезде қазақтар әр әрекетті әр жағынан ойлайды ғой. Бейбіт болыстың жақсы ниетпен, дос көңілмен келе жатқанын түсінген Дулат елінің игі жақсылары қонақтарына кешіріммен қарайды. Қонақжайлық танытып қарсы алады. Дулаттың жігіттері Бейбіт болыстың алдынан қазіргі Шайқорық ауылының маңынан қарсы алады. Сол жерде алты қанат ақбоз үй тігіп, дастархан жаяды. Сөйтіп, Бейбіт болыстың тапқырлығының арқасында шиеленісіп тұрған іс бітіммен аяқталады.
Біздің дана бабаларымыздың қазақтың тұтастығы мен бірлігін сақтау жолындағы көзге көрінбейтін осынлай тапқырлықтарына қалай риза болмассың.
Пана РАХМАНБЕРДІҰЛЫ,
Ойық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Талас ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (1)