ЕСІЛ ЕРДІ ЕСКЕ АЛҒАНДА...
Өмірінде артында өшпестей із қалдырып, дүниеде жиған өнегесі артындағы бір қауым елге азық болатындай адамдар халықтың мәңгі есінде қалары ақиқат. Сондай тұлғаның бірі – еліне еңбегі сіңген абзал жан Нұржігіт Байжігітұлы еді.
Түркістан облысының Бәйдібек ауданында туылып, Жамбыл облысы Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылының дамуына бар саналы ғұмырын арнаған Нұрекеңнің өмірі өнегеге толы. Қызмет жолын тіс дәрігері болып бастаған ол кейіннен заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алып, зейнетке шыққанша кеңшарда аянбай қызмет етті. Ауылдық кеңестің төрағасы болып жүріп те халқының қолайына жағып, тұрғындардың мол табысты, бақуатты болуына барынша күш салды. Негізінен 80 пайызға жуығы өзге этностар өкілдерінен құралған ауылдың әуел бастағы ахуалы мәз бола қойған жоқ. Нұржігіт Байжігітұлы басшылық еткен жылдарда ауылдың тасы өрге домалады. Сол уақыттарда осындағы кеңшардың жұмысы да алға басып, «миллионерлер» қатарына қосылған еді. Есіл ердің еңбегі өз кезегінде елеусіз қалған жоқ. Нұрекең асқан адамгершілігінің, биязы мінезінің, кішіпейілділігінің арқасында кез келген адамның жүрегіне жол таба білетін. Түрлі қызметтер атқарды, депутат болып тұрғындардың талап-тілегін орындауға атсалысты. Бүгінде асыл азаматты еске алғанда бірінші болып осы адами қасиеті ойға оралады...
Нұржігіт Байжігітұлы – адал еңбектің, арлы істің адамы еді. Оның қай істің болмасын орайын тауып, қиын мәселелерді қиыстыра шешіп кете беретін іскерлігі әлі де болсын ел есінде. Ол қай бір қызметте еңбек етсе де өзінің ұлтжандылығымен көзге түсті. Әсіресе, еліміз егемендік алып, алыс – жақын шет елдердегі қандастарымыз елге оралып жатқан тұста Нұркеңнің азаматтық болмысы шындап танылды. Ұлы көш елге тұмсық тірегенде атамекенге ағылып келіп жатқандардың қарасы көп болатын. Солардың біршамасы осы біздің Жуалы өңіріне, оның ішінде Нұрлыкентке көптеп келіп жатты. Арысы Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстаннан, берісі өзіміздің Қызылордадан көшіп келіп жатқан отандастарға үй-жай қамдау ісі де оңайға соққан жоқ. «Елге ел қосылса – құт болар» демекші, бұл бір қиын істің де шешімі оңынан табыла кетті. Сол уақыттарда ауылды мекендеген өзге ұлт өкілдерінің де өз отанына қайтып жатқандары аз емес болатын. Олардан босаған үйлерді мемлекет тарапынан сатып алынып, жаңа қоныстанушыларға берілді. Алайда, биліктің мейір-шапағаты қандастардың бәріне бірдей жете бермеді. Міне, сол уақыттарда Нұрекеңнің араласуымен талай мәселе оң шешімін тапты. Бұл ізгілікті істер 90-жылдардың ең қиын- қыстау шағы – ұжымшарлар мен кеңшарлар тарап жатқан тұста да өз жалғасын тапты.
Нұрекең кейінгі кездері күйбең тірліктерден бір сәтке қол үзіп, қалаға көшіп келді. Өзінің бақуатты тіршілігіне қарамастан қарапайым тұрғын үйлердің бірінде тұрды. Ол ел басқару ісінен қол үзсе де үнемі халық жағдайынан хабардар болып отыратын. Сәті түсіп үйіне бара қалсаңыз, оның үнемі кітап оқып, я болмаса газет қарап отыратындығын аңғаруға болатын. Ол кісі үнемі келген қонағын жылы шыраймен қарсы алып, жарасымды әңгімеге тартатын. Көбіне ел жайынан, саясат турасынан, ауыл туралы қозғаған әңгімелеріміз ұзаққа созылатын. Нұрекең адал істің адамы болғандықтан, ел ішінде болып жатқан жемқорлық, парақорлық сынды дүниелерді айтқанда үнемі қынжылып отыратын.
Жеке басына келгенде Нұрекең нағыз елдің адамы-тұғын. Бала-шаға тәрбилеп, оларды үйлі- жайлы қылып, адалдан ас айырып отырғанына қашанда шүкіршілік қылатын.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деп дана халқымыз айтқандай бұл кісінің есімі ел –жұртының жадынан әсте ұмытылмақ емес. Қасиетті Құран хадистерінде: «Алланың амалын орындай алмағандардан – отанын жаудан қорғап шейіт кеткендер, жетім-жесірге көмегі тигендер, жарлы- жақыбайларға қарасқандар, адамдарға қолынан келгенше жақсылық жасағандар, өз халқына аянбай еңбегі сіңгендер, Алласын мойындағандар, кісінің ақысын жемегендерге де пейіштен орын беріледі» делінген. Дәл осы сөз Нұрекең сияқты адамдарға қарата айтылған болса керек-ті.
Мақсым Боқаев,
еңбек ардагері.
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)