Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Қойнауы құтты Қамқалы

Қойнауы құтты Қамқалы

09 февраль 2025, Воскресенье
71
0
«Туған жер тауың да ыстық, тасың да ыстық» деп дархан даланың дүлдүлі Кенен Әзірбаев жырлағандай, кең байтақ Қазақ елінің қай өңірі болсын қастерлі һәм киелі. Шу өзенінің төменгі сағасында орын тепкен Қамқалы ауылдық округіне қарасты елді мекендер де осы өңірде өсіп-өнген азаматтар үшін алтыннан да қымбат. О шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талатын ұланғайыр атырап, ондағы табиғи экожүйе мен тарихи орындар кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. 
Осынау қасиетті мекенде небір тарпаң тұлғалардың ізі қалғанын ойлағанда кеудені мақтаныш сезімінің кернейтіндігі сөзсіз. 
Жалпы, Қамқалы ауылдық округі 1994 жылы құрылғанымен ондағы елді мекендердің тарихы арыдан басталады. Сарысу ауданының Бетпақдаламен шектесіп, «шаруаға тиімсіз» деп, игерусіз жатқан бөлігінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдары «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткізу туралы»  Үкіметтің қаулысына сәйкес шаруашылықтар ашылған. Осыған орай ауданның бос жатқан аумағынан  қаракөл қойын өсіру мақсатында 1963 жылы әуелі Шығанақ, бір жылдан соң Қамқалы кеңшарлары құрылды. Бүгінде ауылдық округтің аумағы 1 071 844,7 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер    201225,02 гектар болса, елді мекендер жері –  98928,19 гектар. Сонымен қатар өнеркәсіп, көлік, байланыс және қорғаныс жері –  980,77 гектар шамасында. Ал 333852,0 гектар орман қорына тиесілі болса,    босалқы жер – 436859,05 гектар.  Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық округтің  оңтүстік-батыс жағы Түркістан обл-ысымен,  солтүстік жағы Ұлытау облысымен  шектеседі. Осыдан-ақ Қамқалы өңірінің қандай көлемде көсіліп жатқанын аңғаруға қиын емес. 
Әрбір өңірдің тереңнен тамыр тартқан тағылымды тарихы болады. Иен далада шаруашылық қалай қалыптасты? Кеңшарлардың жұмысы неден басталды? Осы орайда белгілі қаламгер, Қазақстан Журналис-тер одағының мүшесі Бергентай Нұрмаханұлының естелігінен көп жайтты аңғаруға болады. «Бедерсіз Бетпақдала мен Шу өзені мыңдаған шақырым асығыс ағып келіп сіңген иесіз далаға жаңа шаруашылық тұрғызу оңай болған жоқ. Тарих үшін көзді ашып, жұмғандай сәт болса да із қалды емес пе?
Жетімсіз масалы, соналы  ми қайнатқан жазда, алапат бораны мен аязды қары өңменіңді өңгерген өңірге елді орнықтыру, жинап біріктіріп тұрақтандыру оңай болмады. Олардың көбін таныдым, көрдім.  Бала кезімде аға, әпке деп  соңынан ердім. Еңбекқорлықтарынан үлгі алдым. Кейін журналист болып, тірлікке араласа бастағаннан  олардың біразын дерлік жаздым да.
Орыстар: «Мәскеу бірден орнаған жоқ»- дегендей, картаға түскен әр елді мекеннің өз шежіресі  бар. Бірақ, бір мақалада бәрін бірдей қамту мүмкін емес. Мен аталмағандардың рухынан кешірім өтіне отырып, жазып отырған «Алғашқылар» арқылы да басқаларының үні мен ерен тірлігін жеткізгім келді. Себебі сол бір алыстағы жаңа ауылда бала болсам да асыр салып, әр тұрғызылған босағаның ауласында жүрген едім. 
Екшеп қарасам көз көргендерден ешкім қалмапты. Жатқан жерлерін жаннаттан болсын,  тұлғалар!    
Сол тұста Жайлаукөлде («Сарысу» кеңшарында) бас зоотехник болып жүрген, шамалы уақыт бұрын туған жері «Коммунар» кеңшарында  қатардағы малдәрігер маманы болып істеген қызметінде көтеріліп, шалғайдағы шаруашылыққа аудан-дық партия комитеті бюросының жолдамасымен ауыстырылған небары 29 жастағы  Ескермес Жабалбаев тер төгіп жатқан. Ойламаған жерден таңдау жаңа ашылатын кеңшар басшылығына бұрындары Алматыдағы зооветеринарлық институтты жақсы бітірген осы ғалым- зоотехникке түскенде жас жігіттің өзі де қобалжып, қуанышы мен толқуы дегбірін кетіргенін ағамның өзі де еске алып отыратын. Ол кезде Ауылшаруашылық министрлігінің бақылауында болатын жаңа кеңшардың  директорын бекіту  жан-жақты зерделенгені жасырын емес.  Ескермес Жабалбаев Алматыға  екі ұшты оймен жетті. Ойы дұрыс шыққандай. Шағын денелі азаматты көрген бойда тұрқына қарап отырып алқа мүшелерінің  көпшілігінің,  әсіресе, басшысының көңілі толмай:
-Мына Жамбыл баланы директорлыққа ұсынып, жаңа шаруашылықта асық ойнатып, доп қудырайын деп жүр ме, -деп әжуалай күліп алды. Алқа төрағасы артынша қызарып, ұнжырғасы түсіп кеткен жігітті жұбатып:
-Жігітім, небары 29 жаста екенсің. Шөлейтте шаруашылық ұйымдастыру тәжірибесі жоқ жастың қолы емес. Төселген тісқаққандардың өзі алып кетуі екіталай.
Жылы орныңды суытпай, сол жан бағып, бала-шаға асырауға  зоотекник те олқы жұмыс емес.  Анкетаң да алаңдатардай екен, әкең жоқ, бір үйдің үлкені, жас отбасысың. Жаның тірі болса талай директор боларсың. Біз сені бұл жолы бекіте алмаспыз,-деп, ақтарып отырған құжатын жаба бастағанда күні бойы әңгімеге араласпай отырған алпысқа жақындап қалған, селдір ақ шашты бір алқа мүшесі жәй ғана қол көтеріп сөз алды. Жұрт тым-тырыс. Жалпы алқаға ықпалды қарт болса керек.
- Жігіттер, ентігіп, жүрегі алып ұшып келген жігітке бұл шешімдерің қиянат болды деп, ойламадыңдар ма?
Бұл болашағына балта шапқанмен бірдей. Жіберіп отырғандар да бір жайға сенген шығар. Жастарға сену керек. Бекітейік. Атқара алмай жатса Сарысу ауданының бюросы өздері де шыдатпас. Менің пікірім, сеніп көрелік азаматқа,-деп істің бетін бері бұрды.  Отырғандар қозғалып, төрағаға жалтақтай бастады. Ескермес Жабалбаев осылай әлі орны да жоқ кеңшардың алғашқы директоры болып 1964 жылдың  5- желтоқсанында сол кездегі  Конституция күнінде бекіп,  қуанышы қойнына сыймай қайтқан еді ғой» деп жазады қаламгер. Бұл, әрине, көлемді естеліктен шағын үзінді ғана. Дегенмен, шалғай өңірде шаруашылық құрудың машақаты аз болмағанын, онда қаншама адамның аянбай еңбек еткенін, жарасымды тірліктің ұрпақ сабақтастығы арқылы бүгінге дейін жалғасқанын біз жақсы түсінеміз. 
Қазіргі таңда Қамқалы ауылдық округінде 831 адам тұрады. Мұнда қазақ халқымен бірге азербайжан, тәжік, кабардин ұлтының өкілдері де тату-тәтті ғұмыр кешуде. 
Ауылдық округтің әкімі Мақсат Төлеутайдың айтуынша, аймақта ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 
-2023 жылы бөлінген қаражат сомасы 46 252,0 мың теңге болса, нақтыланған сома 54 787,0 мың теңгені құрады. Оның ішінде өзіндік кірістер 27 653,30 мың теңге болып қалыптасты. Жыл қорытындысы бойынша игерілген қаражат 54 783,3 мың теңгені, яғни 100 пайызды құрады.
Өткен жылы бюджеттен бөлінген қаражатқа Қамқалы ауылындағы жасыл белдеу алаңшасына Ауған соғысының ардагерлеріне арналған монумент орнатылды. Бұл мақсатқа 5 142,9 мың теңге қаралып, игерілді. 
Сонымен қатар 6 474,8 мың теңге бөлініп, Жайлаукөл ауылының орталығына саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Жайлаукөл ауылындағы клуб үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілді. Осы ауылда  дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілді.  
 «Жомарт жүрек» жобасы бойынша ауыл тұрғыны Жусанбаев Нұрболат Шығанақ ауылына мешіт үйін салып берді. Салық түсімдеріне келсек, жос-пар 23 279,0 теңге болған. Дегенмен  қазына қоржыны 27 653,3  теңгемен толығып, жоспар 118 пайызға орындалды. Оның ішінде 1 400,0 мың теңгесі көлік салығы, 25 718,7  теңгесі жер учаскелерін пайдаланған үшін салық, 39,0  теңге мүлік салығы.
Округ аумағында көптеген археологиялық ескерткіштер бар. Жоспарға сәйкес биыл екі ескерткішке, атап айтқанда  «Ықылас Дүкенұлының» кесенесіне және «Кентарал» қалашығының орнына мемлекеттік акт алынды.
Округке қарасты үш елді мекенде 12 көше бар. Жайлаукөл ауылында 5 көшеге, Қамқалы ауылында 1 көшеге және Шығанақ ауылында 1 көшеге заманауи үлгідегі жарық шамдары орнатылды. Сонымен қатар Шығанақ ауылынан Сарыарқа көшесіне, Қамқалы ауылынан Е.Жабалбаев көшесіне және Жайлаукөл ауылынан Орталық көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп ұсынылды,-дейді Мақсат Төлеутай. 
Білім беру саласында да ілгерілеушіліктің бар екені байқала-ды.  Қазіргі таңда округтегі Т.Әубәкіров негізгі мектебінде 46 оқушы, Жайлаукөл орта мектебінде 108 оқушы, С.Сефуллин орта мектебінде 73 оқушы білім алады. Мектептердің жылу жүйелері бірқалыпты жұмыс істеп тұр. Қыс маусымында сұйық отынмен тұрақты қамтамасыз етіледі. Білім ошақтары   «Транстелеком» интернет жүйесіне қосылған. Ал мектептер жанындағы орталықтарда 25 баладан тәрбиеленуде. Денсаулық сақтау саласына тоқталсақ, ауылдық округтегі дәрігерлік пункттер акушер-фельдшер мамандармен қамтамасыз етілген. Дегенмен округке жоғары білімді, білікті дәрігер қажет.    Бір жедел жәрдем автокөлігі бар. Жыл ішінде ана мен нәресте өлімі тіркелген жоқ. Сондай-ақ есепті кезеңде қылмыс орын алмаған. Округтегі ахуал тұрақты.
Тұрғындар негізінен мал шаруашылығына басымдық береді. Бүгінде округ бойынша 2790 мүйізді ірі қара, 14125 қой-ешкі, 715 жылқы, 164 түйе бар. 
Мал басын бірдейлендіру және ИСЖ базасына енгізу тұрақты жүргізіліп келеді. Ауылдық округте  16 шаруа қожалықтары тіркелген. Мал өсірумен үш шаруашылық айналысады. Мемлекеттік бағдарлама аясында мүйізді ірі қараны асылдандыру бағыты бойынша «Рәш», «Айдар-Нұр» және «Орман-77»  шаруа қожалықтары  асыл тұқымды бұқа өсіруде.  Биылғы жылға округтен мал өлекселерін тастайтын арнайы орын (беккер шұңқыры) соғу жоспарланып отыр. Шығанақ ауылы маңындағы «Үлкен Қамқалы» көлін 2021 жылдың желтоқсан айында «Сәтті» жеке кәсіпкерлігі 49 жылға балық өсіру мақсатында алған. Өткен жылдың қараша айында 32 мың дана балық шабақтарын салды. Биылдан бастап балық өндірумен айналысады.
-Жергілікті жұртшылықтың жеке меншік жерінің нысаналы мақсатын өзгерту, шаруа қожалығын ашу, тағы да басқа сұраныстарына байланысты жұмыстар аудан әкімдігінің жер қатынастары бөлімімен бірлесе отырып жүргізілуде.
 Ауыл тұрғындарына ауданның жер қорынан жер беруге байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезекте жерді мал шаруашылығымен айналысып отырған азаматтарға береміз. Шаруашылықтар бойынша статистикалық есепке алуға байланысты шаруашылық кітабы жүргізілген. 
Тазалық мәселесі де күн тәртібінен түспейді. Көктемгі абаттандыру және санитарлық тазалықтың екі айлығына арнайы іс-шаралар жоспары жас-алып бекітілді, Жоспарға сәйкес  сенбіліктер ұйымдастырылып, округке қарасты саябақ, жасыл белдеу алаңдары тазартылып, жаңадан сәндік ағаш көшеттері отырғызылды. 
Жайлаукөл ауылындағы клуб үйіне ағымдағы жөндеу жүргізілуде.
Сарысу аудандық мәслихатының келісімімен ауылдық округ әкім-дерінің ауыл тұрғындарымен кездесу кестесі бекітіліп, округке қарасты үш ауылда 12 кездесу өткізілді. Кездесуде қойылған сұрақтар мен айтылған ұсыныстар бойынша іс-шара жоспары әзірленіп, орындалуы бақылауға алынды.  Округте арнайы үгіт-насихат тақталары әзірленген. Ұлттық, кәсіби мерекелерге және елімізге танымал тұлғалардың туған күндеріне арналған билбордтар тұрақты ілініп тұрады. Жүйелі жұмыстар биыл да жалғасын табады. Бөлінген қаражат сомасы 51 995,0 мың теңгені құрады. Оның ішінде өзіндік кірістер 27 669,0 мың теңге. Ал, аудандық сувенция есебінен 23 360,0 мың теңге,  республикалық трансферт есебінен 32 мың теңге, облыстық трансферт есебінен 934,0 мың теңге қаралды. 
Жайлаукөл ауылындағы шағын футбол алаңын ағымдағы жөндеуге 3 159,0 мың теңге, ауылдық округтегі үш ауылға бейнебақылау камераларын орнатуға 8 972,0 мың теңге бөлінді.  Жайлаукөл ауылындағы Ықылас Дүкенұлы бюстын ағымдағы жөндеуге 2 274,0 мың теңге жоспарланып отыр. Сол сияқты Шығанақ ауылдық клуб үйіне ағымдағы жөндеу жүргізу көзделуде,-дейді округ әкімі. 
Дана қазақта «Ауыл болсаң, қауым бол» деген ұлағатты сөз бар. Қамқалы ауылдық округінде туып-өскен азаматтар аймақтың дамуына да аянбай атсалысуда. Оған былтыр Шығанақ және Қамқалы ауылдарының алпыс жылдық мерейтойларында тағы бір мәрте көз жеткіздік. Мысалы, Шығанақ ауылынан шыққан айтулы азаматтар демеушілік танытып,  «Киіз үй» сәулеті орналасқан демалыс орны, «Домбыра» сквері, «Шығанақ» стелласы, клуб үйінің жанынан «Жаздық сахна», «Алтыбақан», «Қонақ үй» сияқты нысандарды тарту етті.
Сол жолы салтанатты жиында сөз алған аудан әкімі Сәкен Мамытов: «Бұл Төменгі Шу бойы-киелі өңір. Шығанақ ауылының жанындағы «Қуаралда» киелі қобызда ұлттық саз дәстүрін орнықтырған, ұлы қобызшы Ықылас Дүкенұлының денесі жерленген. Тәуелсіздік алған жылдары үш кеңшар бір ауылдық округке біріктірілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықты елмен бірге еңсерген өңір қазіргі таңда дамудың жолына түскен. Әлеуметтік нысандар жөнделіп, жаңа ғимараттар салынып, жарық, ауызсу, байланыс, жол мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табуда. Имандылық үйлері бой көтеріп, түрлі спорттық нысандар пайдалануға берілді. Кәсіпкерлік қанат жайып, өріс малға толып келеді. Қамқалының тұз кеніннен шыққан тұз өнімдері еліміздің түкпір-түкпірінде сатылуда. Ауыл жұртшылығы шалқар шабытпен мерейтойды атап өтуде. Шығанақтықтар өзінің ұйымшылдығын, ынтымақ- бірлігін, жасампаздығын көрсетіп отыр.
«Ауылына қарап азаматын таны» деген. Осы ауылдың түлектері, ауылдан шыққан айтулы азаматтар мерейтойға тарту ретінде түрлі нысандарды салып, пайдалануға беріп отыр. Осының бәрі шалғай өңірдегі еңсесін тіктеген елдің жарқын болашаққа деген сеніммен басқан нық қадамының көрінісі»,-деп ізгі лебізін білдірді. 
Еселі еңбек бар жерде ел-жұрттың еңсесі көтеріледі, ертеңгі күнге деген сенімі нығаяды. Қойнауы қазынаға толы Қамқалы ауылдық округіндегі ілкімді істерді көріп, біз де сүйсіндік. Лайым, толайым табыстар тізбегі толастамасын!

Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры