Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

ТАНЫМ

24 январь 2022, Понедельник
110
0
Бауыржан Момышұлы! Осы есім, бұл адамның қилы-қилы тағдыры және бастан кешкен жағдаяттары туралы соғыстан кейінгі жылдарда өмірге келген ұрпақ жастайынан шындығынан қоспасы көп түрінде естіп өсті. Мен де солардың бірімін. Шынымды айтсам, өз басым Баукеңді бала күнімде халықтың қиялынан туған бейне ретінде түсінсем, жоғары сыныптарда оқыған жылдары ол кісінің  соғыс жылдары жазған шығармаларымен танысып, өмірде бар адам екеніне көз жеткіздім. Дегенмен, "халқымыздың аты аңызға айналған біртуар ұлымен жүздесемін, салиқалы сөзін тыңдаймын" деп еш ойлаған емеспін, бәрі де ойламаған жағдайда болды. Баукеңе мені ертіп барған ақын ағам, асыл азамат Жақсылық Сәтібековке ризашылығымның орны бөлек. Ол кісі болмағанда Баукеңнің алдын көріп, шүйіркелесе алмаған болар едім. 


Сол, 1976 жылдың күзінде астананың тау бөктеріндегі Жазушылар одағының санаторийінде демалып жатқан Жақаңнан «келіп кетсең» деген хат алдым. Келесі күні ағайыным Арқабектің жеңіл көлігімен Алматыға тартып кеттік. Ол кісіні барған күннің ертесінде  бажасы Бәтиханның үйінен таптым. Жақаң шаруалармен Жазушылар одағына барып, сол кездегі 2-хатшы Шерхан Мұртаза мен ақын Ғафу Қайырбековке кіріп шықты. Сыртқа шыққан соң: «Баукеңе кіріп, мерекесімен құттықтап шығайық»,– деді.  Бұл күн қараша айының 5-ші жұлдызы еді. Ұсынысты қуана-қуана қабыл алдым. Кімнің Баукеңмен жүздескісі келмейді дейсің? Сол маңдағы кітап базарынан Баукеңнің кітабын қарастырып едік, таба алмадық. Шет тілдері институтының төменгі жағындағы Баукеңнің үйіне жете бергенімізде алдымыздан сұңғақ бойлы, ақсары өңді, реңді әйел қарсы ұшырасып, Жақаң екеуі шүйіркелесе кетті. Бұл кісі Баукеңнің кейінгі әйелі, республикалық кітапханадағы жұмысына кетіп барады екен. Шамалы жағдай сұрасқан соң, «ағаң үйде» деп ол кісі жөніне кетті. Біз Баукеңнің үйіне келіп қоңырау басқанымызда жасы 13-14 шамасында қыз бала есік ашты. Ішке еніп, шешіндік. «Баукең осындай екен, мұндай екен» деген сөздерді естуім бар, келуін келіп алып, осы тірліктің өзі қалай болар екен деп жүрексіне бастадым.  Біз кірген жіңішке дәліздің сол жақ қабырғасында жоғарғы жағы шыныланған есік бар екен. 
Жақаң:
– Ассалаумағалейкум, – деп кіріп кетті. 
Бөлменің ортасында жазу столы және бір орындық тұр. Баукең бөлменің оң жақ қабырғасына тақалып қойылған газет-журнал столында бізге ту сыртын беріп отыр. Қарсысындағы жұмсақ орындық бос. Жақаңа сол орынды нұсқап, отыр дегендей ишарат жасады. Үстінде сырма шапан. Мен Баукеңнің сол жағына келіп:
– Сәлеметсіз бе, ағай, – дедім. Баукең мойнын сәл бұрып бетіме қарады да, самарқау қолын ұсынды. Бос орындыққа отырдым. Баукең Жақаңа тесіле қарап, «мынауың кім» дегендей мені меңзеді.
–  Менің інім, елден келді, – деді Жақаң.
– «У тебя на морде написано что, ты татарин, а он на меня пожох»,– деп Баукең жүзінен ызғар шаша сөйледі.Сәл үнсіздіктен соң Баукең:
– Кім болып істейсің? – деді маған.
– Мектепте оқу ісінің меңгерушісімін, – дедім үнім шығар-шықпас.
– Қайда оқыдың? – деді маған ожырая қарап.
– КазПИ-дің тарих  факультетін бітірдім, – дедім қипақтап. 
– Қандай мұғалімнен оқыдың? – деді Баукең зілді дауыспен. 
– Әділгереев.
– Хороший ученый, – деп Баукең басын шайқады.
– Ахметжанов. – деп едім.
– Білмеймін. – деді селқос.
– Шойынбаев. – деп едім.
– Тілеш пе? – деді Баукең жүзі жылып. 
– Иә. – дедім батылдау.
– Тебе повезло, повезло, – деп сәл үнсіз отырған соң:
– Расскажи мне историю бестерека? – деп Баукеңнің мұрты едірейіп, маған ызғар шаша қарады. Мен сасайын дедім, жотамнан суық тер бұрқ етті. Қайдан келіп едім деген ой санамды шарпып өтті. Шығып кете алмайсың, не болса да шыдау керек. Үндемей отырмын төмен қарап.
– Жду, – деп Баукең гүр ете қалды. Одан бетер састым.
– Біледі, біледі – деді Жақаң маған қарап. 
– Молчать! – деді Баукең Жақаңа алая қарап. Жақаң үндемеді.
– Бауке, бестерек шежіресі туралы біршама білуші едім, бірақ сіздің алдыңызда ұятты боламын ба деп отырмын, – дедім қипақтап. Баукең сәлден соң маған алая қарап:
– Значить, не знаешь. Баяғыда Бестерек атам туғанда, молда, балгерлер есімін «бәлен» қоямыз, «түген»  қоямыз деп шулап жатқанда Бәйдібек бабам «тәйт бұл баланың есімі Бестерек болады. Бесінші ұрпағым болады»  деген екен  жарықтық. Содан бері ұрпақтары Бестерек атанып келеді, – деп тоқтады Баукең. Біраз үнсіздіктен соң маған тіктеп:
– Какой дурак дал тебе диплом, какой дурак тебе дал приказ мучить детей, – деп алая қарады. Менде үн жоқ. Ішімнен «бүйтіп Баукеңе келгені бар болсын» деп отырмын. Баукең:
– Сен тарихшымын деген соң айтып отырмын, мен тарихшы емеспін. Мен әскери адаммын, полковникпін. Мен тарихтан біраз дүниелер білемін. Менің отставкаға шыққаныма 21 жыл болды. Мен Тараздан Түркістанға дейін жердің топографиясын түсіргенмін, мен әскери адаммын, әскери инженермін. Белгілі тарихшы Панкратовамен хат жазысып тұрғанмын. Тараз, онан Әулиеата, одан Мирзоян, одан Жамбыл аталды, – деді. Үнсіздік орнады. 
Біз келгенде Баукеңнің алдындағы столдың үстінде қағаздармен бірге бір шағын рюмке тұрды, түбі қызғылт екен, мен Баукеңді дәрі ішіп отырған болар деп ойладым.  Біраз әңгімеден кейін Жақаң «Бауке виноңызды құймайсыз ба » деді. Сонда барып стол астында жартылай ішілген вино құтысының тұрғанын байқадым. Баукең: «Құюды білмей отырған жоқпын, біліп отырмын. Маған біреулер «Жақсылық ішуді қойды» деген еді. Содан ішуді қойды ма екен, жоқ қойған жоқ па екен,  соны білейін деп отырмын»,– деді де, стол астындағы виноны алып рюмкаларға құйды. Іле рюмкаларды алып Баукеңмен соғыстырып алып қойдық. Әңгіме одан әрі жалғаса берді. Екі-үш кезектен соң вино таусылды. Баукең сырма шапан іш қалтасына қол салып төлқұжатын алды да ішінен төрт бүктелген парақ алып Жақаңа ұсынып «оқы» деді.  Жазу арабша жазылған екен, ол кісі ежіктеп оқи алмады. Баукең қағазды қайта алды да, өзі оқыды. Онда «Бауыржанды көзі тірісінде көре алмайсыңдар, ол өлген соң Бауыржанды таппайсыңдар»  деп жазылған екен. Қағазды бүктеп төлқұжат арасына салды да, маған ішінен алып 25 сом ұсынды да: «Мынаған ішетіндеріңді  алып кел» деді. Мен: «Жоқ, Бауке, алмаймын, өзімде ақша бар»  – деп едім, «Көп пе?» деп гүж ете қалды. «Жоқ, көп емес» дедім де, сыртқа шығуға ыңғайландым. Баукең төлқұжатын іш қалтасына салып, қайта әңгімеге кірісті. Бұл жер шет тілдер институтының қасы еді, көшенің қарсы бетіне өтіп, азық-түлік павильонына бардым. Қанша шыны алсам екен деп ойландым, біреу алсам «жарымаған екен» деп ойлайды ғой деп, екі шыны «Рислинг» алып келдім, алғашқыдай емес, батылдаумын. Әңгіме Баукеңнің – Жамбылға келу сапары туралы жалғасты...
Баукең әңгіменің соңын ала маған: «Балаң бар ма?» – деді. «Қыз бала, аты  – Толғанай(Бұл күнде облыстық қорғаныс департаментінде қызметте)», – дедім. Баукең стол үстінде жатқан открытканы алды да, сыртына жазып маған ұсынып: 
– Оқы! – деді.
– Мен арабша оқи алмаймын ғой, – дедім мен қипақтап. Баукең открытканы қолына алып:
– «Толғанай балама, мейрамың құтты болсын, бөпешім. Атаң Б.Момышұлы. 5.XI.1976 жыл. Алма-ата» – деп оқып, маған берді. Әңгіме одан әрі өрбіді. 
– Мына автоқаламды саған да, келінге де емес, үйдегі Толғанай балама беремін. Ол ержетіп мектепке барған соң: «Бауыржан атам беріпті» – деп осы қаламмен жазып жүрсін. Егер сен не келін жазатын болсаңдар, міне, – деп жұдырығын түйді.
– Сіздің сыйлығыңызды сақтамау-қылмыс, – деп Баукеңнен автоқаламды алдым. 
– Бауке, менен гөрі Айтмахан сыйлы болды, – деді Жақсылық аға.
– Сен болмасаң бұл менімен таныспас еді, сенің сыйлығың сол, – деді  Баукең. Біз қоштасып, сыртқа шықтық. Бұл Баукеңмен алғаш рет жүздесуім, сұхбаттасуым еді. Арада үш ай өткенде Жақаңның үйінде Баукеңмен екінші рет жүздесудің реті келді. Баукең Жуалы жеріне, еліне барып, аунап-қунап Алматыға қайтып бара жатыр екен. Қасында әйелі бар. Жақаң Баукеңнің келу құрметіне қаладағы біраз сыйлы кісілердің басын қосып тамақ беріпті, ішінде Баукеңнің жақындары да болған. Сәлем беріп залға кіргенде Баукең:
–  Здравствуйте, проходи,  садись,– деп орындықты нұсқады.
Мен үйге кіріп сәлемдескен соң Баукең үстіме қарап «Современный буржуй» деді. Мен үстіме қарапайым ірі тор көзді пиджак киген едім. Дастарханға жайғасқан соң Жақаң «Айтмаханның апасы қайтыс болған» деді.     
– Ешкім әке-шешесін қанжығасына байлап жүрген жоқ. Иманды болсын! – деді Баукең. Өзіне салынған төсекте көрпе жамылып, тамақтанып отыр екен. Баукеңді алғаш көргендей емес, батылдаумын. Шай үстінде біраз әңгімелер айтылды.


Баукеңе «Ұшқан ұя» кітабы үшін 1976 жылдың республикалық Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген болатын. Мен осы кітапты ала барғанмын, сөз арасында: «Аға, Сізді Қазақ ССР Мемлекеттік  сыйлығының лауреаты болуыңызбен құттықтаймын! Ол атаққа Сіз осы кітабыңыз арқылы жеттіңіз» ,– деп кітапқа қолтаңба қалдыруын өтіндім. 
– Да, это деловой разговор, – деді. Балаңның аты кім?
– Айман, – дедім, үлкен баламның атын атап. Баукең кітапқа «Айман балама ескерткіш» деп арабша жазып, «Б.Момышұлы» деп қол қойып берді. Бұл 1977 жылдың 5 ақпаны еді. Мен осылайша қазақтың біртуар батыр ұлы Баукеңмен екі рет тұздас-дәмдес болған едім. Бұл кездесулердің мен және жанұям үшін тәрбиелік мәні зор болды. Баукеңнің автоқаламы және қолтаңбалары бүгінге дейін үйде сақтаулы тұр.


Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.
Байзақ ауданы.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ұлылардан ұлағат
25 август 2021, Среда
Ұлылардан ұлағат
Естелік
05 май 2021, Среда
Естелік
Құттықтаймыз
08 декабрь 2021, Среда
Құттықтаймыз
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры