Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Ерлік ұмытылмайды

Ерлік ұмытылмайды

12 май 2026, Вторник
2
0
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің маңызы ешқанан кемімейді. Қаншама халық бір тудың астына бірігіп, күштерін бір арнаға салды. Солардың қатарында қазақ халқы да бар еді. Ата-апаларымыздың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ерлігімен Жеңіс күні жақындады. Мұз жастанып, қар кешіп жүріп жауды жеңді. Жеңіс күні сонысымен де қастерлі. 
 
Біздің қазіргі бейбіт күлкіміз бақытты өміріміз үшін отқа түсіп, жанын қиған батыр аталарымыз бен апаларымызды біз ешқашан естен шығармаймыз. Осы мақсатта Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі жанынан 2019 жылдың 9 мамырында Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай сол кездегі облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың бастамасымен «Даңқ залы» ашылды. Дәл осындай әскери бағытта жабдықталған мұражай Қазақстан бойынша екі-ақ жерде бар екен. Оның бірі Астана қаласында болса, екіншісі – осы біздің «Даңқ залы». 
Бұл музейді алғаш жинақтағанда барлық аудандардан  жәдігерлер алдырдық. Барлығын қосқанда 400-ден астам экспонат жинақталды. Содан бері де жыл сайын жәдігерлер санын толықтырып келеміз. Жәдігерлер саны бүгінде 765-ке жетті.  «Даңқ» залы» – Ұлы Отан соғысының тарихынан, даңқты батырлардың ерлігінен сыр шертетін бірегей құрылымға айналды. 1941 жылдың 22  маусымында басталып, 1418 күнге созылған алапат соғысқа арналған залымыз 5 бөліктен жасақталған. Олар Ұлы Отан соғысының әр жылына арналған. Қабырғалардағы суреттер жеңіске бастар жолдан сыр шертеді. 
Бірінші қабырғада Ұлы Отан соғысының  басталған сәті мен Москва түбіндегі шайқастар бейнеленген. 1941 жылдың 22 маусым күні, таңғы сағат 4 кезінде фашистік Герман әскері тұтқиылдан, шырт ұйқыда жатқан КСРО-ның батыс шекарасына басып кірді. «Барбаросса» жоспары негізінде неміс әскерінің басты мақсаты 1941 жылдың 7 қарашасында КСРО-ның астанасы Мәскеуді  басып алып, Қызыл Алаңда Жеңіс шеруін өткізу еді. Бұл жоспардың орындалуына Алматыда қазақстандықтардан жасақталған 316-атқыштар дивизиясының жанкешті жауынгерлері Волоколамск тас жолында адам айтса сенгісіз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп,  кедергі жасады. Мәскеуді қорғау үшін Сібірден көмекке аттанған дивизиялар келгенше 316-атқыштар дивизиясы бір ай бойы кескілескен шайқаста неміс әскеріне жанқиярлықпен қарсы тұрды.  
Соғыстың алғашқы соққысына ерлікпен тойтарыс берген  Брест қорғаушылары жауды көкіректерін оққа төсеп қарсы алды. Соғыс басталардың қарсаңында қамал гарнизонында 8 мыңға жуық жауынгер болды. Алайда, 1941 жылғы 21 маусым күні олардың тең жартысына жуығы қала сыртындағы әскери жаттығуға шығарылған. Қамалда санаулы ғана зеңбірек, миномет, бронемашина, танк, пулемет қалған. Брест қорғанысына 3 мыңнан аса қазақстандықтар қатысты, олардың жартысынан астамы қазақтар еді. 
Екінші қабырғада 1941 жылдың 8 қыркүйегінен басталып, 872 күнге созылған Ленинград блокадасының шерлі шежіресі бейнеленген. Қоршауда қалған екі миллионнан астам кеңес азаматтарының арасында 400 мыңдай бала бар болатын. Осындай бір ауыр кезеңде ұлы ақын Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» атты тарихи толғауы қасіреттің зардабын тартып жатқан ленинградтықтарға рухани күш болып құйылды. Сонымен бірге Ленинградты қоршаудан босатуда совет әскерлерінің құрамындағы қазақстандықтар, оның ішінде жамбылдықтар жаумен арыстанша арпалысты. Қабырғалардағы суреттерді көре отырып, сол бір сәттердің қайғылы, қасіретті көріністері көз алдыңызға келеді.
Үшінші қабырғадағы экспонаттар Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шешуші шайқастардың бірі болған Курск доғасынан сыр шертеді. 1943 жылдың 5 шілдесінен 23 тамызына дейін болған бұл шайқас – әлемдік соғыс тарихындағы ең сұрапыл, жойқын ұрыс болып табылады. Екі жақтан да төрт миллионнан астам адам және жаңадан ойлап табылған әуеден лақтырылатын бомба мен танктер тартылды. Алматыда жасақталған 100-ші дербес ұлттық атқыштар бригадасының құрамында мерген Ыбрайым Сүлейменов, қазақтың батыр қызы пулеметші Мәншүк Мәметова Невель қаласында шайқасқа түсті. "Даңқ залы" қабырғаларына соғыстың бар бейнесін көрсететін 1,5 миллионнан астам сарбаз соғысқа түскен  майдан даласында түсірілген фотосуреттер шын мәнінде екінші дүниежүзілік соғыстың шежіресі іспеттес. 
Ана қ а с і р е т і бұрышында жерлестеріміз ақын  Жақсылық Сәтібеков-тің сөзіне  компазитор Алтынбек Қоразбаев жазған "Қара кемпір" әніндегі  қос бірдей ұлы Жексенқұл мен Қосшығұлы соғысқа аттанып, қайта оралмаған Қали анамыздың, Меркі ауданындағы Аспара ауылының маңындағы Қызылсайды аралап, майданнан жақсылық хабар күтіп жүрген образы бейнеленген бұрыш ұлдары туралы қаралы хабарға сене алмаған,  өмірінің соңына дейін боздақтарын сарыла күткен аналардың құрметіне арналған. 
Төртінші қабырғада 1944 жылы Германияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағының Қарулы Күштері бақылауға алды. Осы жылы Кеңес әскері “Берлин” операциясын бастайды. Бұл операцияның мақсаты – неміс фашистерін Кеңестер Одағы аумағынан толықтай қуып, Еуропа мемлекеттерін жаудан азат ету болды. Шығыс Еропаны жаудан азат етуде қазақстандықтар үлкен ерлік көрсетті. Польша, Чехословакия, Венгрия, Румыния, Австрия, Югославия, Норвегия, Болгария мемлекеттерін азат етуге кірісті. 
Қан майданда қазақ қыздары да ерлік көрсетті. Соның бірі, бірегейі – Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова. 17 жасында майданға аттанған Әлия соғыста ерлікпен қаза тапты.  
Ақәділ Суханбаев 1944 жылдың 31 шілдесінде, 24 жасында Отаны, елі, артында келе жатқан болашақ ұрпақтарының жарқын өмірі үшін қасық қаны қалғанша соғысып, өз кеудесімен жау пулеметінің амбразурасын жапты.  
Талғат Бигелдинов Кеңес Одағының Батыры атағын екі мәрте иеленген жалғыз қазақ қана емес, Шығыстан шыққан жалғыз ұшқыш. Ол көк жүзінде қаһармандықтың өшпес үлгісін көрсеткен аты аңызға айналған айтулы тұлға. Қан майданнан аман-есен оралып, елінің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген авиация генерал-майоры 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Тараз сынды көптеген қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеусіз үлес қосты. 
Жеңіс қабырғасында Кеңес әскерінің Ұлы Отан соғысындағы  жеңісіне байланысты 1945 жылдың 24 маусымында Қызыл Алаңда алғашқы жеңіс парады бейнеленген. Сондай-ақ, Рейхстагқа ту тігу барельефі орын алған.  Польша және Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан, 1945 жылы 30 сәуірде Беларусь майданы 150-і атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскері арасынан Берлиндегі Рейхстагқа бірінші болып Жеңіс туын тікті. 1945 жылдың 30 сәуірін оның тағдырындағы ең ерекше сәт деп атауға болады. Ресейдің Әскери тарих институты бұл тарихи оқиғаны 2007 жылдың 7 мамырында ресми түрде растады.
Тыл еңбеккерлері қабырғасы. Мұнда Ұлы Отан соғысындағы жеңіске жетуге үлкен үлесін тигізген әйелдердің, ұландарын соғысқа аттандырған ата-аналардың, кәмелеттік жасқа толмаған, қабырғасы қатпаған балалардың, майдан даласынан жаралы болып келген жауынгерлерлердің тынымсыз еңбегі бейнеленген. 
Сондай-ақ, ғимарат орналасқан саябақта облысымыздан соғысқа қатысқан жауынгерлердің тізімі жазылған тақталар орын тепкен. Ол тізімдер жыл сайын жүргізілетін ізденістер нәтижесінде табылған есімдермен толықтырылып келеді. Соны интернеттен, әлеуметтік желіден көрген кейбір басқа елдерге көшіп кеткен азаматтар да осында келіп, ата-бабаларына зиярат жасап кетіп жатқан жәйттер де бар. Сонымен бірге соғыс жылдарындағы тыл ардагерлерінің де есімдері қамтылып отыр. Өйткені, соғысты қажет ресурстармен қамтуда тыл еңбегі ерекше болды. Соғыста жауға атылған әрбір 10 оқтың 9-ы Қазақстанда жасалған деген сөз тұрақты тіркеске айналды. Осыдан-ақ еліміздің бұл жеңіске қосқан үлесін бағалай беруге болады. Осыған орай "Даңқ залында" ардагерлердің мерейтойларына қатысты іс-шаралар өткізіп тұрамыз. 
2025 жылдың 9 мамырында «Даңқ залында» халқымыздың мақтанышы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына, Жеңістің 80 жылдығына орай облыс басшысы Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен  екінші қабатта Баукеңнің музейін аштық Бұл енді үлкен еңбек. Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова, немересі  Ержан Бақытжанұлының қолдауының арқасында батырдың біраз жеке заттарын алдыртып, қазір 400-ге жуық жәдігер жиналды. Мұндағы келушілердің аса қызығушылықпен қарайтыны – Баукеңнің сенімді серігі болған маузері қорабымен тұр. Оны 1962 жылы Жамбыл облыстық музейіне өз қолхатымен арнайы тапсырған екен. Тағы бір ерекше жәдігер – батырдың қылышы. Қылыштың тұпнұқасы Алматыдағы Ұлттық орталық музейде, ал бізде – сол қылыштың салмағы, түрі, ұзындығы түгел ескерілген көшірмесі. 
Сонымен бірге музейде Бауыржан атамыздың шежіресі сақталған. Бауыржан атамыз Момыштың (шын аты Момыналы) ұлы. Момыш ескіше сауат ашқан, кирилл әліпбиімен  оқуды меңгерген сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған.   
Бауыржаннан Бақытжан, одан Ержан туады. Одан Нұрсұлтан және Мадияр атты 2 ұл бар. Бұл күндері Ержан отбасымен және анасы Зейнеппен бірге Алматы қаласында тұрады. 
Тағы бір ерекше мұра – Бауыржан Момышұлының анасы Рәзияның суреті. Авторы Б.Момышұлының өзі. Бұл суреттің ерекшелігі – Бәукең Ресейдің Калинин қаласында қызмет атқарып жүргенде, түсінде бір әйел кісінің бейнесін көріп, ояна сала ақ қағазға түсінде көрген бейтаныс бейнені салады. Бәукеңнің сурет салу қабілеті де зор болатын. Кейінірек Бәукеңе нағашылары келген кезде, кітап арасында тұрған осы суретті көріп, өздерінің әпкесі, яғни Бауыржанның анасының бейнесі екенін айтады. Осылайша, Бәукең 3 жасында айрылып, бет-жүзін есінде сақтай алмаған анасын түсінде көріп, суретін салған екен.  
Одан басқа Баукеңнің  қазақтың көрнекті қайраткері Тұрар Рысқұловпен, 1963 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барғанда оның інісі Рауль Кастромен кездесуі, Кеңес Одағының Батыры атағын, оған қоса Алтын жұлдыз белгісі  мен Ленин орденін Бәукеңнің ұлы Бақытжан мен немересі Ержанның қабылдап алып тұрған сәті бейнеленген  жиырмаға жуық естелік суреттер орын алған. Қыркүйек айында бізде үлкен конференция өтеді, сол күнге орай Зейнеп апамызбен келісіп отырмыз, тағы да біраз заттармен толықтыру ойымызда бар. 
Облыстық тарихи – өлкетану музейінің басшысы Сейітжан Рысбекұлының бастамасымен «Бауыржанның ізбасарлары» бағытында облыстан шыққан генералдар бұрышы ашылды. Ішкі істер қызметінің генерал-майоры Есен Демесіновтің, Қазақстан Қарулы Күштерінің генерал-майоры Диханбек Жанқоразұлы Сатылғановтың, «Қызыл Жұлдыз» орденінің, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің және тағы басқа да көптеген орден, медальдардың иегері Тәттібай Дүйсебаевтың, генерал-лейтенант, «Халық Қаһарманы»  Бақытжан Ертаевтың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Сейітжан Мелдебекұлы Қойбақовтың,  Қуанышбек Өскенбайұлы Үштаевтың,  Қайсар Әбілекұлы Сұлтанбаевтың,  Арыстанғани Рәсілханұлы Заппаровтың деректік бұрыштары жасақталды. Ерекше атап өтетін жәйт, Тараз қаласының тумасы, қазақтан шыққан жалғыз адмирал Ратмир Комратов ақсақалдың әскери киімі мен бас киімін жақында жинақтадық.
Сонымен бірге мұнда "Бауыржантану" ғылыми орталығы жұмыс істейді. Оған белгілі қаламгер Бекет Момынқұл басшылық етеді. Жалпы, біздің мақсат – бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын қиған, сол жолда талайлы жолдан өткен ата-бабаларымыздың ерлігін мадақтап, даңқын асыра беру. 
Құрманғазы Демешев,
облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ залының» және  Бауыржан Момышұлы
орталығының меңгерушісі

Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

Мерекеге орай құрмет көрсетілді
12 май 2025, Понедельник
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
12 май 2025, Понедельник
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
12 май 2025, Понедельник
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
12 май 2025, Понедельник
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
12 май 2025, Понедельник
Мерекеге орай құрмет көрсетілді
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры