Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қазақ қызының шаш өрімі – уақытпен өрілген өмір

Қазақ қызының шаш өрімі – уақытпен өрілген өмір

09 апрель 2026, Четверг
10
0
Қазақ дүниетанымында шаш – адамның жаратылысымен, жаны мен арымен сабақтас ұғым. Сондықтан да «Қыздың көркі – шаш» деген тәмсіл тек эстетикалық өлшем емес, рухани-әлеуметтік мәні бар пайым. Бұрым – бойжеткеннің айбыны, ибасының ишарасы, әулеттің абыройы саналған.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында қыз баланың шашы жасына қарай әртүрлі өрілген.Этнограф ғалым Шоқан Уәлиханов еңбектерінде қазақ қыздарының сыртқы келбетіне, әшекейіне назар аударып, шашқа тағылатын күміс бұйымдардың тәрбиелік әрі эстетикалық қызмет атқарғанын жазады. Ал зерттеуші Халел Арғынбаев қазақ отбасы дәстүрлерін талдай келе, қыз баланың шашы мен киім үлгісі оның әлеуметтік орнын айқындайтынын атап өтеді.

Көшпелі ортада шаш күтімі де өзіндік мәдениет cаналған. Қыздар шашын айранмен, қынамен, жусан, түймедақ секілді шөптердің тұнбасымен жуған. Бұл – табиғи күтім ғана емес, халық медицинасының бір көрінісі.
Қазақ қызының бұрымына тағылған шолпы мен шашбау – жай сәндік әшекей емес. Күмістің тазартқыш қасиетіне сенген халық оны тіл-көзден қорғайды деп білген. Шолпының сыңғыры қыз баланың қадамын аңғартып, жүрісін жинақылыққа тәрбиелеген.
Кей деректерде ұзатылар қыздың шашына тағылған шолпының салмағы әдейі ауырлау болғаны айтылады. Бұл – бір жағынан сымбаттылықты арттырса, екінші жағынан «жат жұртқа бара жатқан қыздың әр қадамы салмақты болсын» деген ишара.
Қыз ұзату, беташар, шілдехана секілді ғұрыптарда шаш өрімі ерекше мәнге ие болған. Тұрмысқа шыққан соң, әйел адамның шаш үлгісі өзгеріп, сәукеле, кимешек сияқты бас киімдермен жабылған. Мәселен, сәукеле – ұзатылар қыздың сән-салтанатын айшықтайтын бас киім.
Бұл тұста Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі қорындағы этнографиялық жәдігерлер арасында күміс шолпылар мен шашбаулардың мол қорының сақталуы – шаш мәдениетінің қоғамдағы маңызын дәлелдейді.
Қазақ прозасында қыз сұлулығы көбіне шаш арқылы бейнеленеді. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Тоғжанның қолаң шашы оның нәзіктігімен астасып, табиғат суреттерімен үндеседі. Жазушы қыз бейнесін сомдағанда, бұрымды дала толқынымен салыстырады.
Ал Ілияс Жансүгіров поэзиясында қазақ қызының ажары ұлттық бояумен өріледі. Ақын жырларында бұрым – жастықтың, сұлулықтың символы ретінде көрінеді. Бұл – әдебиеттегі образ ғана емес, ұлттық эстетиканың көрінісі.
Бүгінде ұлттық стиль жаңғырып келеді. Сән көрсетілімдерінде, этнофестивальдерде, фотожобаларда бұрымды қыз бейнесі қайта танымал болуда. Бұл – дәстүрдің көнеруі емес, қайта жаңғыруы. Жаһандану заманында ұлттық кодты сақтаудың бір жолы – осындай мәдени белгілерді құрметтеу.
Қазақ қызының шаш өрімі – тарихтың тарамына түскен өрнек. Әр бұрым – ананың ақ сүтімен дарыған тәрбие, әр шолпы – дала үні. Бұрымды қыз бейнесі ұлт жадында мәңгі сақталуы – мәдени сабақтастықтың кепілі.
Қазақ қоғамында бұрым – тек сән үлгісі емес, өмір белестерін айқындайтын рәміз. Бойжеткен қыздың қос бұрыммен жүруі – оның оң жақта отырғанын, әке шаңырағында ерке өскенін білдірген. Қос бұрым – жастықтың, пәктіктің, еркіндіктің белгісі.
Халық арасында мынадай тағылымды ғұрып айтылады: ұзатылар сәтте жеңгелері қыздың екі бұрымын тарқатып, «екі жарты – бір бүтін болдыңдар» деп бір бұрым етіп қайта өріп береді екен. Бұл – қыздың енді жеке әулет иесі емес, бір шаңырақтың қос тірегінің біріне айналғанын ишаралайтын рәміздік әрекет.
Бірігу, тұтастану идеясы – қазақ дүниетанымының өзегі десек қателесе қоймаспыз. Қос бұрымның бір бұрымға айналуы – ендігі жерде қыздың өмір жолы жарымен ортақ, тағдыры тұтас дегенді меңзейді. Бұл – салт арқылы берілген философия.
Тұрмыс құрған әйелдің бір бұрыммен жүруі – әдеп саналған. Бұл – жинақылықтың, байсалдылықтың, жауапкершіліктің белгісі. Өйткені әйел – енді бір әулеттің келіні, анасы, ұйытқысы. Оның сыртқы болмысы да ішкі салмақтылықты танытуы керек деп есептелген.
Кей өңірлерде жас келін алғашқы жылдары бұрымын алға шығарып өрсе, кейін кимешек киіп, шашын жасыру дәстүрі орныққан. Бұл – әйел адамның мәртебесінің өзгергенін білдіреді. 
Қазақ әдебиетінде де қыз бен келіннің бейнесі шаш арқылы ажыратылып отырады. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында бойжеткен қыздардың қос бұрымы мен тұрмыстағы әйелдердің жинақы кейпі айқын суреттеледі. Бұл детальдар – кейіпкердің жасын ғана емес, әлеуметтік орнын танытатын көркем құрал.
Ал Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романында әйел болмысының салмақтылығы, парасаты сыртқы кескінмен астаса беріледі. Бұрым – нәзіктік символы болса, бір бұрым – жауапкершіліктің ишарасы.
Осылайша, қазақы ортада шаш өрімі әйел өмірінің белестерін үнсіз баяндайтын тіл қызметін атқарған. Бұрымдағы өзгеріс – тағдырдағы өзгеріс. Жеңгелердің «екі жарты – бір бүтін» деп өріп беруі – тек ғұрып емес, ұрпаққа ұласқан тәрбиелік мәтін.
Қазақ қызының шаш өрімі – уақытпен бірге өрілген тарих. Қос бұрымнан басталған ғұмыр жолы бір бұрымға ұласып, кейін аналық ақ жаулыққа жалғасады. Бұл – әйел өмірінің поэзиясы, халық философиясының көркем өрнегі.
Ақерке ЖАҚЫПБАЙ, 
«Сеніммен болашақ»
республикалық қоғамдық
бірлестігінің үйлестірушісі
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры 09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын 09 апрель 2026, Четверг
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры