«AULIEATA – MEDIA» ЖШС-нің бас директоры Данияр Асқарұлы: «AULIEATA – MEDIA»: Игі ізденістер, жаңа мүмкіндіктер мекені
ТІЛШІ: – Құрметті Данияр Асқарұлы, Сіздің аталған серіктестікке бас директор болып тағайындалғаныңызға 6 ай болыпты. «Жас келсе іске...» дегендей, жұмыста біраз серпіліс бар. Серіктестіктің жұмысы жаңаша сипат алуда. Дегенмен, расы керек «AULIEATA – MEDIA-ның» жұмысын көпшілік оқырман әлі толық түсіне алмай келеді. Медиахолдинг деген жалпы қандай құрылым? Тиімділігі қандай? Бұл, жалпы, жаңашылдық па?
Данияр АСҚАРҰЛЫ: – 2020 жылы Қaзaқcтaн Pecпyбликacы Үкiмeтiнiң қayлыcыcынa caй aқпapaт caлacын дaмытyдың 2020-2022 жылдapғa apнaлғaн Ұлттық жocпaры бeкiтiлдi. Оған cәйкec ақпapaт caлacындa квaзимeмлeкeттiк ceктop cyбъeктiлepiн oңтaйлaндыpy қapacтыpылғaн. «Бүгiнгi күнi мeдиaxoлдингтep көптeгeн мiндeттepдi шeшyгe мүмкiндiк бepeдi жәнe ұйымдық қызмeттi opтaлықтaндыpyды, қapжылық-экoнoмикaлық мәceлeлepдi жeдeл шeшy мүмкiндiгiн, шығындapды oңтaйлaндыpyды, oның iшiндe әкiмшiлiк-тexникaлық пeрcoнaлды қысқартуды қoca aлғaндa, бiрқaтap apтықшылықтapғa иe. Meдиaxoлдингтepдi құpy ұйымның шығapмaшылық әлeyeтінe нaзap ayдapyғa мүмкiндiк бepeдi»,- дeп жaзылғaн жocпapдa.
Міне, дәл осы мемлекеттік мүдде аясында біздің «AULIEATA – MEDIA» холдингі 2020 жылы тамыз айында құрылды. Облыстық «Aq jol», «Знамя труда», «Ar-Ai» сынды өзіндік бағыт-бағдары, оқырмандар аудияториясы бар үш басылымның басы бір шаңырақ астына топтасты. Бұл жаңашыл бастаманың бастауында ақпарат саласының үздіктері Нұрбек Бекен, Оралхан Дәуіт ағаларымыз табылып, холдингтің жұмысын біріздендірді. Медиахолдинг құрылған сәттен бастап өз нәтижесін бере бастады. Себебі облыстың басты басылымдары бір ғимаратқа қоныстанып, ақпарат көзі бір арнаға тоғысты.
ТІЛШІ: – Қазір әлеуметтік желінің уақыты келді. Газет-журнал бұрынғыша оқылып жатқан жоқ. Оны мойындауымыз керек. Медиаға қарасты «Aq jol», «Ar - Ai», «Знамя труда» газеттері бар. Олардың таралымы жылдан жылға азайып отыр. Газеттердің таралымын қалпына келтіру бойынша қандай жұмыстар жүгізілуде?
ؘ Данияр АСҚАРҰЛЫ: – Қазір дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиа коммуникацияның трансформациясы өте қарқынды жүруде. Сол себепті жыл санап газет-журналға сұраныс азайып бара жатқаны жасырын емес. Алайда, бұл – мерзімді басылымдардың өміршеңдігіне күмәнмен қарау деген сөз емес.
Серіктестікке қарасты жоғарыда аталған үш газеттің де тұрақты өз оқырмандары бар. Олардың кейбірі редакциямызға келіп, алдағы жартыжылдыққа жазылып, шығармашылық табыс тілеп, ақжарма тілектерін жаудырып кетеді. Бұл бізге үлкен шығармашылық шабыт сыйлайтыны рас.
Осы ретте қарап отырсақ, біздің тұрақты оқырмандарымыздың басым көпшілігі аға буын өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың мамандары екен. Оның ішінде мұғалімдер, дәрігерлер, оқытушылар бар. Зер салып қарасақ барлығы «Halyk bank» қосымшасын тиімді пайдаланады. Неге біз онлайн жазылу тетігін аталған банк қосымшасына енгізбеске деген ой келді? Осылайша екінші деңгейлі банктің жауапты менеджерлерімен бірге ортақтаса отырып, үлкен шаруа тындырдық. Жуырда «Aulieata-Media» серіктестігі «Aq jol», «Знамя труда» және «AR-AI» облыстық газеттеріне онлайн жазылу тетігін елімізде алғаш болып «Halyk bank» қосымшасына енгізді.
Сондай-ақ «Kaspi.kz», «Post.kz» қосымшалары арқылы да үйден шықпай-ақ өзіңіз қалаған мерзімді басылымдарға онлайн жазылуға мүмкіндік бар. Бұл – газеттің әрбір нөмірін сарыла күтіп, сол арқылы сана көкжиегін кеңейтіп, қоғамның тыныс-тіршілігінен қалыс қалмаймын деген адамға қолайлы жағдай.
Оқырмандарымызға оңай болу үшін онлайн жазылу жолын қысқаша түсіндіріп өтсек. Ең әуелі смартфондағы «Kaspi.kz» қосымшасына кіріп, «Төлемдер» батырмасын басасыз. Оның ең төменгі жағында «Басқасы» деген бөлімге кірсеңіз, «ҚР баспа басылымдары» деген батырманы көресіз. Одан әрі «Жазылым төлемі» деген жерге өтіп, өзіңізге қажет басылымды таңдайсыз. Ол жерде 6 немесе 12 айға жазылуға болады.
Сондай-ақ Қазпоштаның «Post.kz» қосымшасы арқылы да баспасөзге жазылу жеңілдей түсті. Мұнда да холдингке қарасты өзіңіз қалаған облыстық басылымдарды таба аласыз. Аталған қосымшаны Google Play/AppStore арқылы Android/IOS операциялық жүйесі бар ұялы телефондарға жүктеп, қолдануға мүмкіндік бар.
ТІЛШІ: – Медиа серіктестік құрамындағы «Жамбыл –инфо» сайты бар болатын. Жылдың басынан сандық контент орталығы қосылды. Бұл құрылымдардың негізгі міндеті қандай? Жұмыстары жеміс беріп отыр ма?
Данияр АСҚАРҰЛЫ: – Иә, дұрыс айтасыз. Біздің серіктестікте жыл басынан бері қолға алынып жатқан жаңашылдықтар легі өте көп. Атап айтсақ, жыл басында холдингке қарасты сандық контент орталығын құрдық. Мұндағы мақсат – үш басылымның ақпараттық-танымдық бағыттағы сайттары мен әлеуметтік желідегі, яғни Facebook, instagram парақшалары арқылы оқырмандарға сапалы, әрі сенімді ақпарат тарату. Осы арқылы өңірде әмбебап, конвергентті журналистерді дайындау. Бұл жоспар-мақсатымыз күні бүгінде өз нәтижесін беруде. Сондай-ақ, қазіргі таңда https://аqjolgazet.kz, https://arainfo.kz/, https://ztgzt.kz/ сайттарын жаңа, заманауи платформа жүйесіне ауыстырып жатырмыз.
Ал, https://jambylinfo.kz/ ақпараттық порталы республикалық деңгейде ақпарат таратуға көшті. Қазіргі таңда рейтинг бойынша еліміздегі ТОП-100 сайттың қатарында тұр. Бұл – біз үшін үлкен меже.
ТІЛШІ: – Бірнеше жыл облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі болдыңыз. Облыстың азулы үш әкімінің уақытында жұмыс істедіңіз. Баспасөз жетекшісінің қызметін қалай бағалайсыз? Қай әкімнен қандай қасиет үйрендіңіз?
Данияр АСҚАРҰЛЫ: – Өзіңіз де білетіндей, баспасөз қызметінің жұмысы қашанда жеңіл емес. Былайша сырт көзге «Баспасөз қызметі не істеп отыр, осы?» дегендей жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ, баспасөз қызметі – үлкен мектеп. Таза журналистикада шыңдалған, мемлекеттік қызметке төзе алатын, табандылық көрсете алатын журналистер ғана баспасөз қызметінде, оның ішінде мемлекеттік қызметте істей алады деп ойлаймын. Оны өзің бағалай алмайсың, журналистер бағалайды. Облыстық, республикалық деңгейде болсын, облыс әкіміне қатысты, облысқа қатысты сұрақтар толассыз келіп отырады. Соның барлығын аудан әкімдіктерімен, облыс әкімдігіне қарасты басқармалармен үйлестіріп, дер кезінде жауап беруге тиіссің. Баспасөз жетекші болу деген сөз – облыс әкімінің ресми өкілісің деген сөз. Әкімнің іс-шараға баруы, іссапарлары, құттықтау сәттері бар, бәріне жауаптысың. Облыс әкімі жұмысына қаншада келеді, қаншада кетеді, қай кезде саған тапсырма береді, соның бәрін орындауға дайын отыруың керек. Ол – үлкен жауапкершілік. Марқұм Бердібек Машбекұлының кезінде жұмыс істедім. Ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Журналистикадағы ұстазым – Мейрамбек Төлепберген ағай болса, мемлекеттік қызметтегі ұстазым – Бердібек Машбекұлы. Ол кісінің еңбегі мен айтпасам да барлық елге белгілі. Өте ширақ, тыным таппай жұмыс істейді. Берілген тапсырманың орындалуын жеке өзі қадағалайды. Мен ол кісінің қасында төтенше жағдайлар кезінде де, қаңтар оқиғасы кезінде де болдым. Ол кісі түсте кабинетінде түскі асын ішіп алып, бір жарым сағат бойы күнделікті бүкіл газет – журналдарды оқып, қарап шығады. Маған сол қасиеті ерекше ұнайтын. Ол кісі маған ақылын да айтатын. «Мемлекеттік қызметте ешқашан, ешкімнің ала жібін аттама. Ол сенің алдыңнан ауыр жағдай болып шығуы мүмкін» деп отыратын. Қаланың бүкіл аумағын, аудандарды бірге жүріп араладық. Шаршауды білмейтін кісі еді. Өте еңбекқор екеніне көзіміз жетті. Нұржан Нұржігітов болса – сатылап өскен, таза мирократия қағидасымен жоғары билікке келген азамат. Сатылап өсіп облыс әкімі болды, министр болып қызмет атқаруда. Жұмысқа келген кезде тынымсыздығын байқадым. Ербол Шырақпайұлы да облысқа келе сала, жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Барлық ауданда іссапарда болды. Тараз қаласының жұмыстары шаш етектен ғой. Ауыз суы, жолдары,көше тазалығы, қаңғыбас иттермен жұмыс бар, баршасын өз көзімен көріп, реттеді. Осы жұмыстарды өз көзіммен көремін деп 40 күн бойы азанғы 6-00 де оянып, сағат 7-00 де қаланы аралау жұмысын бастап жүрді. Осылайша, бір айдан астам уақыт көз ілмей жүріп, қаланы тегіс аралап, мәселенің бәріне қанықты. Ербол Шырақпайұлы менің де біраз жылғы еңбегімді бағалап: «Біраз уақыттан бері баспасөз жетекшісі болып еңбек еттің. Мен сені «AULIEATA – MEDIA» ЖШС Бас директоры етіп тағайындаймын», деп осы жауапты қызметке жіберді. Сенімін ақтауға тырысып жұмыс істеп жатырмын.
ТІЛШІ: – Сынға қалай қарайсыз? Сынды көтере аласыз ба?
Данияр АСҚАРҰЛЫ: – Сынға қалай қарайсыз деп, дұрыс қозғап отырсыз. Мемлекеттік қызметте жүрген адамға, облыс әкімі баспасөз қызметінің жетекшісі болып отырған адамға сын көп болатыны белгілі. Қазіргі қызметім де өте жауапты. Өздеріңіз де білесіздер, егер сын обьективті түрде, жан-жақты, сындарлы болса, мен оны міндетті түрде көтеруге дайынмын.Ол жағынан ешқандай мәселе жоқ.
ТІЛШІ: – Қай ауылда өстіңіз. Сіздің қызметке өрлеу жолыңызға кім көмектесті. Ата –анаңыз ба, ұстаздарыңыз ба? Өмір жолыңызда жақсы адамдар көп кездесті ме?
Данияр АСҚАРҰЛЫ: – Жуалы ауданында нағашыларым тұрады. Үшінші сыныпқа дейін Жуалы ауданында оқыдым.Ал, негізгі ағайын туыстың бәрі Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында тұрады. Осы ауылдағы Амангелді орта мектебін бітіргенмін. Өмірімде жақсы адамдар көп кездесті. Солардың тәрбиесін алып, шыңдалдым. Мен педагогтар әулетінде тәрбиелендім. Өсіп өнген, көпбалалы отбасында тәрбиеленгенмін. Үйдің түңғышымын. Ата-анамның, әсіресе, әкемнің айтқан ақылы көп. Әкем: «Сендерге ештеңе уәде бере алмаймын. Тек еңбекті ғана уәде етемін», – дейтін. Кішкентай кезімізден інілеріммен бірге еңбекке баулып өсірді. Жалғыз қарындасым бар. Оған да жақсы тәрбие бере білді. Менің қызметте қолдайтындай көкем, жәкем болған жоқ. Таза еңбектің арқасы деп ойлаймын. Әлі де еңбек ете береміз. Оның ешқандай саяси астары жоқ. Өмірімде кездескен жақсы адамның бірі, ұстазым Мейрамбек Мылтықбайұлымен әлі күнге байланыстамын, ақылын тыңдап тұрамын.
ТІЛШІ: – Журналистер мерекесіне орай медиада қызмет етіп жатқан әріптестермізді марапатқа ұсыну жағы қалай? Журналистерге тосын сыйлар бола ма?
Данияр АСҚАРҰЛЫ: – Биылғы журналистер мерекесінде медианың бірде-бір қызметкері құрметсіз, марапатсыз қалмайды деген алдыма мақсат қойып отырмын. Себебі, газет жұмысы да, сайт жұмысы да оңай емес. Газет тек менің немесе бас редактордың еңбегімен ғана шықпайды. Ол ұжымдық еңбектің жемісі. Оны өздеріңіз білесіздер. Бізде корректорлар бар, газет беттеушілер бар, фототілші, тілшілер бар. Бәрінің жұмыстары ауыр және жауапты. Әр әріптің жауапкершілігі жоғары. Сондықтан, биыл барлық қызметкерлерге деген құрмет жоғары болады. Сонымен, қатар бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін аудандар мен басқармалар, ірі мекемелер де марапаттап жатыр.
ТІЛШІ: – Медианың алдағы жоспарымен бөліссеңіз?
Д.АСҚАРҰЛЫ: – Медианың алдындағы басты міндет – газеттердің таралымын көбейту, әр қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту. Қызметкерлердің жалақысын көтеру жолында тер төгіп жатырмыз. Егер барлық жоспарымыз бен ойларымыз жүзеге асса, қызметкерлердің жалақысының жоғарылауына да, басылымдардың таралымының көбеюіне де мүмкіндік бар деп ойлаймын. Барлық қызметкерлерді журналистердің төл мерекесімен құттықтаймын!
Арнайы «Ғұмыр –Дария» газеті үшін сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ, журналист
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ
28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)