Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » «ЖҮЗ БІРІНШІ ШАҚЫРЫМ»

«ЖҮЗ БІРІНШІ ШАҚЫРЫМ»

27 май 2024, Понедельник
62
0
Саяси қуғын - сүргінге ұшырағандар босатылғаннан кейін де олардың сот белгілеген мерзімде ірі қалалардан жүз бір шақырымнан жақын жерде тұруға құқығы болмады. Бұл жаза – “жүз бірінші шақырым” деп аталды. Осы қашықтық Мәскеу, Ленинград, Киев, Ташкент, Минск, Рига, Алматы, Баку, Ереван, Ашхабад, Фрунзе, тағы да басқа одақтас республикалардың астаналарымен қоса ірі, “жабық” қалаларға қатысты болды. Саяси қуғын-сүргін жылдары жазалы болғандардың отбасы мүшелеріне де 101-ші шақырымдық меже тиесілі болатын. 

Олег Мозохиннің мұрағаттық зерт-теулеріне сәйкес, 1937-1938 жылдары Қазақ КСР-нда қылмыстық кодекстің 58-бабы бойынша 45 563 адам қамауға алынды. Ресми деректер бойынша Қарағанды облысы мен «Карлагта» “үштік” үкімімен және 1932-1951 жылдар аралығында 58-бап бойынша НКВД органдары бес мыңға жуық адамды атып тастады. Сталиндік басқару жылдары Қазақ КСР-не 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корей отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері жер аударылды. Қуғын-сүргін жылдары Қазақстан лагерлеріне 5 миллионнан астам адам жер аударылып жазасын өтеді.
Лагерлердегі азап осымен біткен жоқ, бостандықта да оларға ілінген "қылмыскер", "халық жауы" деген атақтары олармен бірге өмір сүрді. Еркіндікте олар толыққанды өмір сүре алмады. Сондықтан бостандыққа шыққандардың біраз бөлігі шыдамай қайтадан лагерьге келіп, жалдамалы жұмысшы ретінде қалуға мәжбүр болды. Толық ақталып, ел қатарлы өмір сүруге әлі біраз уақыт бар еді. 
"Халық жаулары" лагерлерде жаза-сын өтеді, қазақ жеріндегі лагерлерде 32 мың тұтқын ұсталуы керек еді. Ал іс жүзінде мұнда 75 мың адам жазасын өтеді. Олардың көпшілігі еш жазықсыз сотталып, "сатқын", "халық жауы" атанды. Олардың бала-шағасы, туған-туыстары да теперіш көріп қудаланды. «Карлаг» жүйесі "НКВД балалары" түсінігін қалыптастырды. Тұтқындар-дың балаларына «сендер жаудың баласысыңдар, адам боламын десеңдер олардан бас тартыңдар», – деп тірі әке-шешесілерінен айырып жетім етті. 
Кез келген аңдаусызда жасалған істің құны тым қымбат еді. 15 жасар Николай Булка есімді жасөспірім «Карлагта» 5 жыл тұтқында отырды. Айыбы –мектепте достарымен ойнап жүріп, М.И.Калининнің портретін байқамай құлатып алғаны. Бұл үшін жасөспірім Сталин заманының қылмыстық заңының 54 – бабымен сотталды. 
Лагерь, балалар үйі дегеннің не екенін білмейтін, "әке", "ана" деген сөздерді мүлдем түсінбейтін олар негізінен лагерьге қатысты ұғымдарды ғана білетін. Тақтаға үйдің суретін салса, балалар "барак" деп шу ете қалатын. Ал үйдің сыртына шарбақ салса балалар оны "зона" деп атайтын. Анда-санда ғана балаларға шешелерін көрсететін. Ал шешелері этаппен айдалып кетсе, балалары лагерде қалатын. Қиыр Шығысқа айдалып кеткен әйелдердің 4 жасқа дейінгі балалары Осакаровкадағы балалар үйіне жөнелтілді. Олардың тірі қалғандары бірен-саран ғана еді. 
Лагерьге емшектегі балалармен түскен әйелдердің жағдайы тым мүшкіл болды. Күні бойы ауыр еңбекке салынған әйелдерге балаларын бір уақыт қана емізуге уақыт беретін. Жұмыстан титықтап келген әйелдерде қайбір сүт болушы еді. Аш нәрестелер төсекте күні бойы шырылдап жататын. Сондықтан лагерьде балалар өлімі жиі болып тұратын.
Ал 3-4 жасқа толған балаларды анасынан айырып балалар үйіне жөнелтетін. Онсыз да қайғыдан қан жұтып жүрген әйелдерге бұл ауыр соққы болды. Қайсібір әйелдер шыдамай жынданып кететін. 1939 жылы лагерьде 451 сәби болса, бір жыл  ішінде оның 114-і шетінеп кеткен.
– Лагерьдегі әйелдердің көпшілігінің осындай тозаққа төзуіне өздерінің кінәсіздігіне сенімділігі және бір-біріне деген өзара моральдық қолдауы көмектесті. Олар аса дөрекі, аса сиықсыз түрме қожайындарының әділетсіздігіне көнді, сонымен қатар ескі киім-кешекпен жүрді. Сондада олардың жүзінен нұр төгіліп тұратын. Бұлар ерекше әйелдер еді. Олар жүректері қайғы-шерге толған, азапты белден кешкен, әбден шаршап-шалдыққан жандар еді, алайда оларда бір-ақ нәрсе – қорқыныш болған жоқ, – деп жазады Д.Шаймұханов өз естелігінде.
Саяси қуғын-сүргін құрбаны Е.Ва-сильева өз естеліктерінде былай деп жазған екен: «Мен Отанға сатқындық жасағандардың отбасы мүшесі ретінде он жылға сотталдым. Мерзімімді Темников (Молдавия) және Қарағанды лагерінде өтедім. Соғыс басталғанда теріскейдегі бүкіл лагерьлер көшірілді. Бір жарым ай уақыт бойы этапта жүрдік. Қайда барсақ та қабылдамайды, лагерьлер лық толы. Ақырында Қарағанды тү-біндегі Қарабас станциясына әкелді. Екі апта бойы сұмдық жағдайда ұста-ды. Барақтарда орын жоқ, сөрелерде де, оның астында да, жерде де. 200 адамдық біздің этапты барақтар арасындағы ашық жерлерге орналастырды. Күз жақындап, жаңбырлы, бұлтты суық мезгіл басталды. Бір таңданарлығы, ешкім де ауырған жоқ».
Әйелдерді мал бағу, отын, шөп дайындау, көкөніс жинау сияқты сан алуан қиын жұмыстарға салды. Ең қиямет-қайым жұмыс – қамыс дайындау болатын. Ол әйелдер үшін сәтті аяқтала бермейтін. 
З.С.Тінәлиева былай деп есіне алады: «Отын дайындауда алғашқы топтың қатарына іліктім. Сапқа тұрғызып апарады. Алды-артың толған ит, қарулы сақшы. Әлі қалындап қата қоймаған мұзға айдайды. Көбіміз талай рет түсіп те кеттік. Кешке бараққа келгенде аяғымыз мұз болып қатып тұратын».
Бұланды орман шаруашылығында еңбек еткен М.Л.Анцис сол кездер туралы естеліктерінде: «Кешкілік жұмыстан әбден қажып зонаға оралып, бараққа келетінбіз. Мұнда әрқайсымыз өзіміздің күйкі тұрмыс-тіршілігімізбен айналысамыз. Көбіне қатты алаңдайтынымыз – балаларымыз бен күйеулеріміз туралы еш деректің болмауы еді. Соған қарамастан шындыққа сенетінбіз». 
С. Альперович былай деп еске алады: «Украин әйелдері мұңлы ән айта бастаса оларға тыйым салынатын. Оның есесіне "Широка страна моя родная" әнін айтуға рұқсат ететін. Әйелдер жиналып алып бастарынан өткен әңгімелерін айтып, мұңын шағатын». 
Н.И.Мальцеваның естелігі бойынша кейде осындай ашық әңгімелердің соңы қырсыққа ұласып отырған. Әрбір барақта бастыққа сыбырлап отыратын тыңшылар қаптап жүрген. Үкіметке қарсы үгіт жүргізгені үшін қосымша мерзім берілетін немесе түрмеге жіберілетін.
Көптеген әйелдер «Карлаг» айма-ғындағы мал фермаларында жұмыс жасайтын. Олар Қарағанды, Ақмола және Петропавл ет комбинаттары үшін мал бағатын. Әр фермада әрбір тұтқын әйелге жүзден астам бұзау бағу міндеттелінетін. Бастықтар мен бақылаушылар тұтқын әйелдерге өте қатал қарайтын. Бірде Спасскідегі әйелдер барағында бұрынғы мұғалима, қартаң әйел үстел үстіне Чайковскийдің портретін қойған екен. Осы үшін бақылаушы әйел оған үш тәулік карцер берген. Мұғалиманың бұл атақты композитор ғой деген уәжіне бақылаушы әйел: "Мұның кім екенін білгім де келмейді. Лагерьдегі әйелдерге еркектің портретін ұстауға рұқсат етілмеген", –деген.
Лагерьдегі бөлім бастығы Мишин Күлжамал Майлинаны балағаттап, жер-жебіріне жеткен. Жазушының әйелі ашынып, қолындағы айырымен тұра жүгіріпті. "Сенің қорлығыңды естігенше сені де өзімді де өлтірейін. Күйеуімді құрттыңдар, бес баламды жетім қал-дырдыңдар, енді маған өмірдің керегі жоқ!", – деген.
Тағы бірде наурыз айының қара суығында бір бұзау өліп қалған. Сонда лагерь бастықтарының бірі үш әйелді атып тастап: "Тағы бір бұзау өлетін болса, алтауыңды атып тастаймын", – деп қорқытқан.
Қаражар лагерінде 1941 жылдың наурызында Отанына опасыздық жасаған адамның отбасы мүшесі ретінде сегіз жылға сотталған лагерьдегі дәріхана меңгерушісі А.С. Андронникова 22 грамм мышьяк жетпей қалғаны үшін өзін-өзі өлтірген. Өйткені мұнда бұзаулардың мышьякпен улану оқиғасы болған. Демек оны осы айыпқа тарту ниеті болып, әдейі ұйымдастырылған. Андронникова қалдырған хатында: "Бұдан әрі көтерер халім жоқ. Отыз жеті жыл өмір сүрдім. Еш жақсылық көрген емеспін", – деп жазып кеткен.
«Қайсібір күзетшілер шамадан тыс қатігез болатын», – деп еске алады Мариям Есенгелдина.  1939 жылы құлағы ауырлау еститін Кира Нұрмағанбетова өз барағынан шығып аулаға бет алады. Ол күзетшінің ескертуін естімей қалған, ал күзетші оны екі сөзге келместен атып тастады. Сақшы еш жазасыз қала берді.
Бұдан да сорақы мысалдар аз емес. Тәртіп бастығы капитан Воробьев пен оның көмекшілері тұтқындағы венгер балеринасын әуелі карцерге қамап жазаласа, кейін оның қолына кісен салады да, сол күйінде зорлайды.
Тұтқын әйел Анна Николаевна Константинова мүгедек болатын. Оның үстіндегі киімі де жүдеу еді. Ол өзіне дәрігерлік көмек көрсетілуін сұрайды. Алайда лагерь қызметкерлері оны ауыр жұмысқа жегеді. Бұған шағымданғаны үшін лагерь соты "контрреволюциялық саботаж" деп ату жазасына кеседі. Үкім лезде орындалады. Мұндай фактілер жиі кездесетін. Жүздеген әйелдер жазықсыздан жазаланып, зорлыққа, мазаққа ұшырайтын. Ең өкініштісі олардың сұрауы да болмайтын еді», – деп жазады Б.Орманбет. 

Мұндай лагерлерден бостандыққа шыққаннан кейін де оларға астанада, ірі қалаларда тұруға тыйым салынды. Олар бұл қалалардан 101 шақырым қашықтықта орналасуы тиіс еді. Алайда шағын ауыл, қалалардың өзінде оларды ешкім жылы қарсы алып, жұмысқа ала қойған жоқ.
Біздің айтарымыз – аталарымыз бен әжелеріміз осындай әділетсіз заманды бастан өткерген. Сол бір сұрқай заманның шындығын ашу мақсатында бірер тарихи деректерді келтіруге тұра келді. Ендігі ел тілегі – саяси сатқындық, әділетсіздік, адамға адамның қаскөйлігі болмаса екен. Сөз соңында тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, бейбіт өміріміздің қызығын ұзағынан көрейік дегім келеді.
Нұрхат СЕРІКБАЕВ,
Тараз қалалық архивінің директоры,
тарих ғылымдарының магистірі. 
Обсудить
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры