ТАУ БАЛАСЫ ТАУҒА ҚАРАП ӨСЕДІ
ЖЫЛҚЫШЫНЫҢ БАЛАСЫ
Қамбарбек жылқышының баласы болған соң ба, оған таудың әр тасы ыстық. Ол жайлауға әкесінің ортаншы ұлы Жекіш ағасымен сапарлас болып, Қисық Сұрат аталатын өзенді он кешіп, «Қора жайлауға» талай жолы түсті. Атасы Жылқыбай бес ағайынды. Оларды ауыл жұрты «бес батыр» деп атаса керек. Бұл әулет ертеректен қыл құйрық мініп, жайлауда желі тартып, бие сауып, қымыз пісіп «Жылқыбай кезеңінде» отырады екен. Жылқыбай атаның інілері Мәмбеталы, Оспаналы, Досаналы, Қасымқұлдарды осы Луговой, Меркі өңірі тегіс біледі. Егер Иманалы ақсақал бес қысырақты табынға айналдырып, соғыс басталғанда әскерге 40 жылқы беріп, маршал Буденныйдан Алғыс хат алса, Оспаналы Луговой ауданындық партия ұйымдастыру бөлімін басқарып, Меркіде екінші хатшы болыпты. Ұлы Отан соғысына қатысып, Берлиннен жеңіспен елге оралыпты. Ал, Досаналы «Жаңатұрмыс» колхозына бастық болған. Қысқасы, әулеттегі кісілердің осалы болмаған.
Иә, тау баласы тауға қарап өседі. Қамбарбекке «Екіаша», «Беріктас» пен «Шаңырақтас», «Дөңгелек саз» бен «Көктайпақ», «Тақыр» мен «Таз» жайлаулары бесіктен белі шыққалы бері таныс. Пайыз атасының Сайлаубек деген ұлы екеуі осы жайлауларды талай аралап, аң аулады, талай қымызмұрындықтың үстінен түсіп, дәмі тіл үйіретін қымыз ішіп, тау - тасты армансыз кезі. Сұрат тауының саф ауасын жұтып, пәкіза табиғаттың қызығына тоймай өскен қара борбай бала мектеп табалдырығын аттаған соң да құрдастары Әліқадыр, Жолдас, Оразбайлармен бірге балдәурен балалық шақтың талай хикаяларын бастан кешті. Үлкен ағасы Әбдібайдың тер сіңген гимнастеркасын иіскеп, өзінен он жас үлкен Жекіш ағасының соғыс туралы айтқандарын ертегідей ұйып тыңдаушы еді. Шешелері Жәкүл қырғыздың қызы емес пе, өзі мінезді кісі болатын. Сонысына қарап абысындары «Таймас» деп те атайды екен. Қамбар үш ұлдың кенжесі болған соң еркелігі де бар еді. Бастауышта Ошақбай ағайы, біраз өсе келе Төребек ағайы ақылын айтып, тәртіпке шақырған соң ба, ол жақсы оқитындар қатарынан көрініп жүрді. Оныншы сыныпқа көшкенде көрші Қостаған ауылынан сегізінші сыныпқа балалар келді. Қамбарбек бұл кезде қыздарға қырындайтын болған. Ол осы ауылдан келген, Жарқынай деген сұңғақ бойлы, қараторы өңді қызға есіл - дерті ауып, енді оған өлең жазатынды шығарды. Ол ол ма үш - төрт шақырым жердегі қыздың ауылына достарымен жаяу баратын. Сөйтіп, ол көрші ауылдың қызына ғашық болды. Сол жылы оқуға түспегенімен Жарқынайға сөз салып, екеуі екі жарты бір бүтін болып отау құрады.
Иә, тау баласы тауға қарап өседі. Қамбарбекке «Екіаша», «Беріктас» пен «Шаңырақтас», «Дөңгелек саз» бен «Көктайпақ», «Тақыр» мен «Таз» жайлаулары бесіктен белі шыққалы бері таныс. Пайыз атасының Сайлаубек деген ұлы екеуі осы жайлауларды талай аралап, аң аулады, талай қымызмұрындықтың үстінен түсіп, дәмі тіл үйіретін қымыз ішіп, тау - тасты армансыз кезі. Сұрат тауының саф ауасын жұтып, пәкіза табиғаттың қызығына тоймай өскен қара борбай бала мектеп табалдырығын аттаған соң да құрдастары Әліқадыр, Жолдас, Оразбайлармен бірге балдәурен балалық шақтың талай хикаяларын бастан кешті. Үлкен ағасы Әбдібайдың тер сіңген гимнастеркасын иіскеп, өзінен он жас үлкен Жекіш ағасының соғыс туралы айтқандарын ертегідей ұйып тыңдаушы еді. Шешелері Жәкүл қырғыздың қызы емес пе, өзі мінезді кісі болатын. Сонысына қарап абысындары «Таймас» деп те атайды екен. Қамбар үш ұлдың кенжесі болған соң еркелігі де бар еді. Бастауышта Ошақбай ағайы, біраз өсе келе Төребек ағайы ақылын айтып, тәртіпке шақырған соң ба, ол жақсы оқитындар қатарынан көрініп жүрді. Оныншы сыныпқа көшкенде көрші Қостаған ауылынан сегізінші сыныпқа балалар келді. Қамбарбек бұл кезде қыздарға қырындайтын болған. Ол осы ауылдан келген, Жарқынай деген сұңғақ бойлы, қараторы өңді қызға есіл - дерті ауып, енді оған өлең жазатынды шығарды. Ол ол ма үш - төрт шақырым жердегі қыздың ауылына достарымен жаяу баратын. Сөйтіп, ол көрші ауылдың қызына ғашық болды. Сол жылы оқуға түспегенімен Жарқынайға сөз салып, екеуі екі жарты бір бүтін болып отау құрады.
ҚАМБАР ҚАЛАЙ ЖУРНАЛИСТ БОЛДЫ
Соғыс та бітті. Қамбарбек пен Жарқынай Алматыға көшті. Онда олар Райымбек батыр зиратының батыс жағындағы Курилская №25 үйде, яғни Қадірқожа ағаның үйінде тұрды. Қадірқожа аға – майдангер, панфиловшылар дивизиясында соғысқан. Қалалық СЭС - те жұмыс істейді. Бір күні өзіміздің ойталдық Темірбек аға Қожакеев қонаққа келеді. Ол кісі келген бетте Қамбарды сұрақтың астына алды. Кәдір аға: «Бұл бала менің нағашы жағымнан, агрономның оқуына түскісі бар», – дейді. Темкең Қамбарға тесіле қарап отырып: «Сенің агрономға емес журналист болуға икемің бар сияқты» деп кейін оны Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің баспаханасына жұмысқа орналастырады. Баспаханада бес ай жұмыс істеген соң Қамбар ҚазМУ-дің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Меркідегі «Коммунизм туы» газетіне үзбей мақала жазып тұруды дағдыға айналдырған болашақ журналистке бірде аудандық газеттің редакторы Әли Хасанұлы Исеевтен шақыру келеді. Қысқасы Қамбарбек көп ойланып жатпастан редактордың шақыруын қабыл алады. Сөйтіп, аудандық газеттің білдей тілшісі болып қызметке кіріседі. Өкінішке қарай 1959 жылдың күзінде редакциядан 8 адамды қысқарту туралы нұсқау келді.
– Мен осы күнге дейін Әли Хасанұлының адамгершілігі мен кісіні тани білетін көрегендігіне таң қаламын. Маған ол кісі туыс та, бауыр да емес, ұлты татар бола тұра мені өз баласындай көріп: «Сенің келешегің бар, сенен үлкен адам шығады, ертең маған кел», – дейді. Ертеңіне ол кісі мені аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Кемелтай Жүндібаевтың алдына алып барып: «Мына азамат менің қарамағымда небәрі алты ай ғана жұмыс істеді. Бірақ өзін өте жауапкершілігі зор қызметкер ретінде көрсете білді. Сіз болып, біз болып тәрбиелесек, бұл баладан түбі жақсы қызметкер шығады», – дейді. Хатшы мені зейін қойып тыңдап алған соң кабинетіне жалпы бөлімнің меңгерушісі В.М.Корякинді шақырып алып:
– Мына жігітті кассир-статис лауазымына жұмысқа аламыз, – деді сөзге келместен.
Сөйтіп, Қамбарбек ағаның комсомол, партия қызметіндегі алғашқы жолы осылай басталды. Осы қызметте бір жарым жылдай жүріп партия мүшелігіне кандидаттыққа өтті. Артынша аудандық комсомол комитетіне нұсқаушы болып ауысты.
Бір күні «Большевик» колхозындағы бастауыш ұйымда жиналыс өткізіп жатқан Қамбарға аудандық партия комитетінен «Бюро мәжілісіне тез жетсін» деген нұсқау түсті. Қамбар үш аяқты мотоцикліне отыра салып ауданға алып - ұшып жетсін. Ол кезде бюро дегеніңіз қатал өтетін. Гранитогорскдегі мектеп-интернаттың директоры Алпысбай Нұржановтың мәселесі қаралып жатыр екен. Қысқасы, бір мектеп оқушысы жүкті болып қалған. Директор мен тағы үш адам қызметінен босатылды. «Сонымен мені сол бюрода бастауыш партия ұйымының хатшысы әрі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары етіп бекітіп, Гранитогорға жіберді», – дейді ол.
Қамбар осындағы сегіз коммунистпен жеке-жеке әңгіме өткізіп, олардың міндеттерін пысықтап өткен соң тәртіп мәселесіне айрықша тоқталды. Елді мекенде ұлты орыс тұрғындар көп екен. Мектептегі Ольга Исабекова, Әбдіахмет Сәбиев, Мәлімбай Тойғанбеков, Күләш Сыздықова, Жанат Өзбекова сияқты тәжірибелі ұстаздар Жарқынай екеуін өте жылы қарсы алды. Алайда ұжымдағы ахуалды бір жарым жыл ішінде қалыпты арнаға түсірген кезде мекеме директоры М. Әбдеков аудандық білім бөліміне басшы болып ауысып кеткен соң оның орнына келген Құрманалиев қоғам мүлкіне қол сала бастады. Иманалиев оның коммуниске жат өрескел қылығын жиналысқа салып ескерту бергеніне құлақ аспады. Бұл тұста аудандық газет Қамбарды жұмысқа шақырып жатқан. Жарқынай пионер вожатый, екеуінің айлығы 480 сом бола тұра аудандық газеттің беретін 67 сомын місе тұтып газетке ауысып кетті. Жемқор басшы туралы редакцияға түскен арызды редактордың орынбасары Тасыбеков тексеріп, сын мақала жазды. Аупарткомның бюросы Құрманалиевке сөгіс беріп, қызметінен босатты.
– Менің журналистік қызметім «Коммунизм туына» келген соң жандана түсті. Ең алғаш Тәтті ауылдық кеңесі төрағасының үстінен түскен арызды тексеріп, «Шындықтың шымылдығы түрілгенде» деген сын мақала жаздым. Шайметов бюрода қаралып, орнынан босатылды. Редактордың да, аудан басшыларының да сынға сығалай қарамайтыны қандай жақсы десеңізші. Қазір ғой сын дегенің жоқ, өңкей сыпыра мақтау, бәлкім содан болар жемқорлар жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені. 1964 жылы Луговой мен Меркі ауданы қосылды. «Жаңатұрмыс» колхозының тауарлы - сүт фермасы басшыларының үстінен жазылған арызды тексеру үшін жолға шықтым. Мәселенің анық - қанығын тексеріп болған соң білдім мұнда не малға, не малшыға жағдай жасалмайды екен. Не керек «Сиыр сипағанды, адам сыйлағанды біледі» деген сын жазып едім аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әзімбек Смайылов жүгенсіз кеткен ферма меңгерушісін де, колхоз бастығын да бюроға салды. Сөйтіп, тиісті жазасын берді. Бірінші басшының: «Иманалиев газетке келгелі бері газеттің беделі артты» деген сөзін редактордың өз аузынан естіп, Әзекеңе жағдайымның нашар екенін, жалға алған, әбден тозығы жеткен тар үйде тұратынымды айтып шағымдандым. Сөйтіп, ойда жоқта Жарқынай екеуіміз екі бөлмелі пәтерге ие болдық, – дейді байырғы журналист басынан өткен сол бір қиын күндерді еске алып.
ӨМІРДІҢ ҮЛКЕН ӨТКЕЛІ
Хрущевтің «реформасы» бойынша ел жаппай жүгері егіп, ауыл шаруашылығына керемет бір жаңалық әкелеміз деп құлшынып жатқан осы бір өлара мезгілде (1965 ж.) екі аудан қайта қосылып, Луговойға Сейілхан Аққозиев бірінші хатшы болып келді. Үгіт-насихат бөліміне Ақылбай Метерқұлов басшы болса, оның үстінен екінші хатшы Н. Шолтырова қарайтын. Бөлімде үш нұсқаушы бар. Олар: Қамбар Иманалиев, Елдос Омаров, Жолдыбай Ахметов. Осы бөлімде екі жыл саясат майданына араласқан Қамбарды парткабинет меңгерушілігіне жоғарылатты. Әзімбек Смайылов екі-үш мәрте оны «Меркіге қайтар» деп Аққозиевке хат жазды. Бірақ Қамбар «жылы орнынан» жылжығысы келмей осында қалып қойды. 1970 жылдың 4 сәуірінде Қамбар Жаңатұрмыс ауылы коммунистері жалпы жиналыста қолдауымен сол колхозының партком хатшысы етіп сайлады.
Колхоз өндірісінде бұрын жұмыс істемеген идеолог маман сонымен алты ай бойы «тырс» етпей кабинет «күзетіп», ешкімнің өсек-аяңына құлақ түрмей, бірақ партиялық жұмыстың колхоз коммунистеріне қалай әсер ететінін ой сүзгісінен өткізіп, өзінше «тон пішіп» томаға тұйық жүре берді. Тегі үндемесең де біреулер сені сөз етеді екен. «Әй, мына бала қолынан түк келмейтін бір мәнжубас па» дейтіндер де табылды. Бұл қарап отырмай туған ауылы Сұратқа барып Жәкіш ағасының алдынан өтіп, сәлемін берді. Сонда ағасы: «Қамбаржан, сен енді білдей басшысың, халықпен жұмыс істе, олардың мұң - мұқтажын біліп жүр. Сонда ғана елге жағасың», – дейді.
Жас парторг кабинетке «қамалып» көп отырған жоқ. Ол енді Досым Саттаров сияқты ауыл ақсақалының айтқан аталы сөзіне құлақ қойып, өзіне көпшік қойып, «айтақтап» жүргендерден іргесін аулақ сала бастады. Сөйтсе бұл ауыл адамдары орақ басталғанда ауласына бір - бір қорап бидай түсіріп алмаса көңілдері көншімейді екен. Парторг түнгі ұрыларды ұстап, олардың жымысқы әрекеттеріне тосқауыл қояды. Ұрлық тиыла бастайды. Бірақ бір күні таңғы ұйқысынан оянса төсегінің басында анасы Жәкүл жылап отыр. Бұл шошып кетіп шешесін құшақтай алады. Анасы сонда: «Балам сенің мұның не? Кеше маған осы ауылдың қатындары келіп: «Балаңды қойдырмасаң бір күні оны майып етеді. Неге ол бізді ішіп-жеп отырған нәпақамыздан айырады?» – дейді. Маған ұл керек, сенің амандығың керек, осы түн қатып жүргеніңді қойшы»... – дейді.
Бірақ Қамбар анасын шығарып салған соң өзінің істеген әрекетін партиялық қырағылық санап ұры-қары, жемқорлармен «күресін» тоқтатқан жоқ. Бір күні «соқыр» арызқой деген біреу келіп колхоздың ту биесін білдей бір қарт коммунистің үйінде соғымға байлап отырғанын айтады. Барса, рас екен. Парторг әлгі жылқыны шоферіне жетектетіп алып келіп кеңсе алдында көпшіліктің көзінше акт жасатып, колхозға қайтартқызады. Өзін коммунистер талқысына салып, бюрода қаратпақшы болады. Бірақ әлгі кісі мұның Оспаналы ағасымен қызметтес болған қарт коммунист екен. Ағасы үйге келіп: «Қамбаржан сен қолымда билік бар деп қылышыңды оңды-солды сермей берме. Сені партия: «коммунистерді тәрбиеле» деп жіберді емес пе? Ендеше бұлай асыра сілтегенің не? Ол кісімен талай жыл бірге қызметтес болғам, тіпті ол кісі өзің сияқты парторг болған адам. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», – дейді қазақ, дардай кісіні бюроға сүйрелегенше партком мәжілісінде қарап ескерту берсең болмай ма?», – дейді. Мен сонда ғана таяқтың екі ұшы бар екенін, абайламасаң біреуі өзіңе келіп тиетінін, расында асыра сілтеп жібергенімді кеш те болса кейін ұқтым – дейді Қабекең.
Колхозға Бексейіт Махатов бастық болды. Ол өте ұстамды адам болатын. Парторг пен өзінің арақатынасын жақсы түсінетін, қажет болса көмегі мен ақыл-кеңесін аямайтын. Ол кісі ауысып, орнына көрші колхозда бас зоотехник болып жүрген өзбек азаматы Абдолла Хайдаровты отырғызды. Осы тұста бұрынғы комсоргтың орнына мен келдім (осы жолдардың авторы). Қатардағы журналист едім, Қамбар ағаны жыға танымайтынмын. Бірақ ол кісі маған жастармен жұмыс істеуді мықтап табыстады. Тегі колхоз бастығынан қолмақол есеп айырысатын чек кітапшасын алып беріп мені Алматыға жіберді. ЦУМ-ға барып елде жоқ музыкалық аспаптардың ең қымбатын таңдап алдық. «Гүлдер» ансамблінің киімдерін алып келгенде ауыл жастарының қуанышында шек болған жоқ. Сөйтіп, аудандық көркемөнерпаздар байқауында екінші орын иелендік. Парторг техникум студенттері мен әскерилерді, ауыл жастарын ұйымдастырып жүргенімді көріп колхоздың жиналмай жатқан балтамырын жинап беруге комсомолдарды жұмылдыруымды өтінді. Күндіз қызылшадан шаршап келсе де жастар кешінде клубқа жиналып, би билейтін. Осының барлығы партия ұйымының 29 жастағы серкесі Қамбар ағаның жол көрсетуімен болғанын несіне жасырайын. Қабекең өз ісіне табанды, айтқанын істетпей қоймайтын қайсар адам болды. Оның Хайдаровпен арада болған түсініспеушілігін де кейін естідім. Тіпті екеуі облыстық партия комитетінің хатшысы Смат Есімовтың алдына дейін барып бюро мәжілісінде бастықтың ұятқа қалғанын, кейін Хайдаровтың өзінен кешірім сұрағанын, ал, Есімовтың Қамбар ағаға үлкен сенім білдіргенін де естідім.
В. Г. Кравчук ауданға бірінші хатшы болып келген бетте Қ. Иманалиевті аудандық халықтық бақылау комитетіне төраға етіп тағайындады. Өйткені ол екеуі Меркіде комсомолда бірге қызметте болған екен. Бірін бір жақсы танитын. Сонымен Қабекең комитетті ұдайы тоғыз жыл басқарды. Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі бола жүріп принципшіл азамат екенін танытты. Бақылау органының мемлекет мүлкін талан-таражға ұшыратпауға мүдделі орган екенін ДЭУ-540 мекемесінің басшысы Мальцев мырзаға қатаң ескертуі, аудандық атқару комитетінің төрағасы Т. Байталиевке турашылдық танытуы, тіпті екінші хатшы Н. Шолтырованың өзіне кадр мәселесін шешу кезінде сергектік танытуға шақырғаны Қабекеңнің қай салада да алтын асықтай ақиқат жолынан таймай жүргенін көрсетсе керек.
Сейсен ҚОЖЕКЕ,
ардагер журналист,
Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
(Басы. Жалғасы газетіміздің келесі санында)
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)