ҚОЗЫБАСЫ ЖАЙЫН ҚАЙТА ҚОЗҒАР БОЛСАҚ...
Біздің өңірде Қазақ хандығының туы көтерілген делініп жүрген екі Қозыбасы бар. Бірі – Қордай ауданында, екіншісі - Мойынқұм ауданында. Керей мен Жәнібек сұлтандардың 1456 жылы қазақ хандығын құрып, келелі жиын өткізіп, хан тағына отырып, қазақ туын осы екі Қозыбасының біріне қадағаны – тарихи ақиқат. Бірақ, қай жылы, қай Қозыбасыға қазақ туы қадалды? Бұл жөнінде ғалымдарымыз екіұдай пікірде.
«Қазақ хандығы 1445, 1455 – 56 жылдары, 1465 – 66 жылдары құрылды» деген деректер айтылып жүр. Ал, белгілі ғалым, қазақ тарихының төрт томдық кітабының авторы, зергер зерттеуші Мұхтар Мағауин: «...Керей және Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңынан ерген барлық жұртымен түп көтеріле көшіп, Қозыбасы дейтін байтақ қоныста, Шу өзенінің бойында дербес хандық туын көтереді. Бұл жаңа ұлыс Қазақ Ордасы деп аталады. Ортағасырлық атақты тарихшы Мұхамед - Хайдар Дулатидың куәландыруы бойынша, бұл оқиға 1456 жылы болған» дейді.
Әйтеуір, еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын 2015 жылы кең көлемде атап өтті. Хандықтың құрылған уақтынан онша алшақ кеткен жоқпыз. Тіпті, орналасқан жері де Шу өзенінің теріскейі екеніне қолға ұстатқандай анықтама берілген ғой...Егер Дулатидың дерегіне сүйенсек, Қозыбасы Шу өзенінен тікелей тартсақ небәрі 35-40 шақырымдық жер. Жамбыл тауы сыртындағы жазық-жотадан орын тепкен. Хан тауына еш қатысы жоқ. Ал, Қозыбасыны Қордайға қарай сүйреу, тіпті, әбестік.
Хан көтеріліп, қазақ туының тігілген орны жайлы пікір алалығы жұрт көңілін күпті етіп келеді. Сірә, осы пікір алалығының салдары болуы керек, осы уақытқа дейін қасиетті Қозыбасыға дені дұрыс ескерткіш белгі орнатылған жоқ.
Кезінде экс-президенттің тапсырмасымен құрылған экспедиция Қордай ауданындағы Қозыбасы биігіне қазақ хандығының алғаш туы тігілгеніне көз жеткігендей болған. Сол тұста (1997 жылы) экспедиция құрамында Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев, академик Манаш Қозыбаев, археолог-тарихшы Карл Байпақов бар қазаққа аты мәшһүр мықтылар «Хандық туы тігілген Қозыбасы осы» деп таныған болатын. Сірә, жұрт атақтылардың уәжіне жығылған болуы керек, солай қисынсыз танылып, тарихқа үлкен қиянат жасалды. Бірақ, мойынқұмдықтар да босқа қарап жатқан жоқ. Жүздеген жылдар бойы атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қатталып, жадында жатталып қалған Қозыбасы тарихын сахнаға шығарды. Бұл орайда саналы ғұмырын Мойынқұм тарихына арнап еңбек жазған, айтары аумақты, дәйек - дерегі салмақты, небір тарихшылармен тартынбастан додаға түскен абыз ағамыз Ахметалы Жанғозиевтің еңбегі ерен.
АХМЕТАЛІ АҚИҚАТЫ
Айтулы ағамыз Қозыбасы жөніндегі баспасөз беттерінде жарияланған материалдарды, тарихи оқиғаларды ізденіп, көп оқитын. Қашан көрсең шұқшиып қағаздан бас алмайтын. «Әй, Тұрсынтай, сен бұған не дейсің?» дейтін. Ол кісіден асып не дейін, жөнді жерінің тігісін жатқызып, қоштауды ғана білетінмін. Ахметалы аға құр оқып ғана қоймайтын, әр оқығанын сын сүзгісінен өткізетін. Оның «Мойынқұм – тарихи өлке» атты кітабы – тек қазақ хандығы хақында ғана емес, бүкіл Мойынқұм тарихын көз алдыңа әкеліп, көңілге орнықтырып, жадыңа жан бітіретін еңбек.
Кітаптың қазақ хандығы жайындағы бөлімінде: «...Аңырақай шайқасының 270 жылдығын атап өту конференциясына Мойынқұм ауданынан мен қатыстым. Аңырақай шайқасы туралы сөз сөйледім. Аңырақай шайқасының аумағы мен «Итішпестің көлі» жайындағы деректерде ауытқушылық барын айттым. 1998 жылы Мемлекеттік хатшы Ә. Кекілбаев, академик М. Қозыбаев, тағы басқалардың «Хантауын аралап, тарихи орындарды көрдік... Қозыбасы Кенен аулындағы тау басында», - дегені тарихи дәлелдерге қайшы келеді. Өйткені, Кенен ауылы Шу бойына жатпайды. Ол – Алатаудың солтүстік - шығыс беткейі. Тарихи деректер бойынша ізденсе, бізге тек қана Шу бойындағы Қозыбасы керек. Ал басқа жерлердегі Қозыбасы атаулыны көбейтіп, тізіп көрсету – ол тек қана тарихшылар мен басшыларды шындықтан адастыру деп білеміз», деп жазылған.
Сондай-ақ, еліміздегі, әсіресе, біздің өңірдегі археологиялық ескерткіштерді ашып, ғылыми айналымға енгізуде жылдар бойы еңбек еткен тарихшылардың бірі, әрі бірегейі – тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуовтің еңбегі ерекше.
Ол Шу – Талас өңірінің ортағасырлық қалалары мен елді мекендерін зерттеп, Мұхамед Хайдар Дулатидың шығармасындағы қазақ хандығының құрылған орны Қозыбасы деген жерді ғалым Мойынқұм ауданындағы Қозыбасы деген жермен байланыстырады. Ғалым М.Елеуов 90 - жылдары Мойынқұмның Жамбыл ауылында бірер студенттерімен менің туысым, округ әкімі Әбдікәрім Тойшыбековтің үйінде апталап жатып, көптеген тарихи орындарды іздеп тауып, картаға түсірді. Бір ғана Жамбыл ауылы аумағындағы Жүндітөбе, Қоңыртөбе, Тастөбе, Ыстөбе мен ортағасырлық қорым-қоршаулар орнын көріп, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл орындарды іздеп-табуда менің де үлесім болды. Бұл орайда ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Ә. Тойшыбековтің еңбегін ескерген жөн. Ілгеріде академик Әлкей Марғұлан (ұмытпасам 1948 жылы) аудан аумағындағы Бас Ақтөбе, Орта Ақтөбе, Аяқ Ақтөбені зерттеген (Бірақ, Аяқ Ақтөбе жанындағы шағын Бала Ақтөбені аса ескермей жүр, оның да өзіндік сыры бары аян). Бұл тарихи төбелерді М. Елеуов те қарап, әсіресе хан көтерілген Қозыбасына ерекше мән беріп, шоқы басына үш аяқты темір белгі қойылуына себепкер болды.
Сөтіп, М.Х.Дулатидың Қозыбасы орналасқан жерін қуаттап, 2-3 тарихшы- ғалымдар жергілікті көнекөз қариялардың да пікірін қаперіне алып еңбек жазып, хан көтерілген Қозыбасы орнын орнықтырдық-ау дегенде, әлдебіреулер айдың - күннің аманында адасып, қиял жетегінде болуы көңілге қаяу түсіреді. Негізі, Мойынқұм тумасы, бүгінде Шу ауданында тұратын әр нәрседен хабардар, білген-түйгені мол, өлкетанушы-журналист, жазушы Шу ауданының Құрметті азаматы Мәкен Уақовтың Қозыбасы жөніндегі мақаласы мені қайран қалдырды. Ол хан көтерілген Қозыбасы жөнінде былай дейді: «...Расында да Бішкек – Астана күрежолымен Шу қаласынан Мойынқұм ауданына қарай автокөлікпен жүргенде Бәйдібек аулынан өткеннен кейін ашық күндері оң жаққа зер сала қараған адамға солтүстік-шығыстағы Хантауының түстік беткейіндегі Сұңқар шоқының қозыға ұқсас басы мен екі құлағы 50 шақырымдай қашықтықтан-ақ Айдарлы ауылына дейінгі аралықта анық байқалады», -дейді. («Жас Алаш», 25 мамыр 2021 жыл). Бұл жұртты адастырып-шатастыратын, шын Қозыбасы шоқысын білмейтін, көрмеген адамның сөзі. Жалған. Біз қайсыбір ғалым-тарихшыларға шын Қозыбасыны мойындата алмай жүргенде, бұл сөз – оларды одан сайын адастыру. Рас, «Үлкен хан тағы», «Кіші хан тағы», «Хан қорасы», «Сұңқар биігі» Хантауында. Оған ешкімнің таласы жоқ. Ал оларға Қозыбасыны қосарлау еш абырой әпермейді. Бұл тарихқа барып тұрған қиянат. Шын Қозыбасы Хан тауынан гөрі Жамбыл тауы жота-жазығы даласынан орын алған. Тау асып барып көрінеді. Бұл жайды Мойынқұм, Жамбыл ауылдарының малшы-қойшылары, маман-басшылары жақсы біледі.
Ұзақ жылдар мал шаруашылығында маман-басшы болған Жамбыл Қалыбаев (есімі осы Жамбыл тауында туғандықтан қойылған болу керек), Жамбыл тауының тау-тас, ықпыл- жықпылына дейін жақсы біледі. Тарихи деректерінен де мол хабары бар. Мойынқұм аумағын тануда да тарихшы-ғалымдарға көп көмегі тиді. Айналып келгенде хан көтерілген Қозыбасыны сол жердің тумаларынан артық ешкім білмейді, әсіресе, Жамбыл ауылы қариялары терең толғап бере алады.
Мен бала күнімнен Қозыбасы маңында қой бағып өстім. Қозыбасы құдығының суы аз болғандықтан, 2-3 шақырым қашықтықтағы Қарақұдықта отыратынбыз. Бірақ, өрісіміз шөбі шүйгін Қозыбасы болды. Күзге таман аналық саулық қозыдан ажырағанда отар өрісі ұзарып, Қозыбасыны еркін айналып қайтатынбыз.
ҚОЗЫБАСЫНЫ ҚОРЫҒАН ҚАРИЯЛАР
Көнекөз қариялар Сқақ, Қасым, Өтеубек, Тәжілер шоқы маңын жаз жайлайтын. Қарақұдық, Аққұдық, Орынбай, Сулы, Тобылғы арша, Шарбақты осы өңірдің қойшыларын ұйыстыратын мекен болды. Жылда олар Қозыбасыға жиналатын. Марқа қозыларын сойып, жамағат боп, аруақтарға дұға қылып, құран бағыштайтын. Қатын-қалаш, бала-шаға мәре-сәре болып, бұл күнді ұлыс күйде өткізіп, парыз жүктері арқасынан түскендей марқайып тарқасатын. Бірақ, Керей – Жәнібекті көп ауызға ала бермей, сыбырлап қана айтатын «хан» сөзін құлағымыз шалып қалатын. Бірақ бала болсақ та бұл шоқының тегін еместігін сезетінбіз.
Бірде, 1961 жылы «Волковск» аталатын геологиялық барлау экспедициясының геолог – жұмысшылары Мирныйдан (уран өндіретін жабық қалашық) «базарлап» келе жатып Қозыбасыға аялдап, ішімдік ішеді. Бұны біліп қойған қариялар қаһарына мініп, қатты ашу шақырып, олармен араласатын, жекжат боп жаны қалмай жүретін нағашыма: «Әй, Рахымжан, сен ана қой жегізіп жүрген жекжаттарыңа айт, бұдан былай ол жердің маңын баспасын! Ол әдетін тағы қайталайтын болса, бізден жақсылық күтпесін! Өздері мұнысы аздай, қасиетті шоқымызға «Сапунгора» деп ат қойып алыпты, елбұзарлар!», – деп қатты ашуланғаны есімде. Геолог-жұмысшылар қариялардың қаһарынан қаймыққан болуы керек, қасиетті шоқыға қайтып атізін салмады. Ашуға ерік берген шалдардың арыны қатты еді, атойлап атқа мінер болса, өздері қасиет тұтқан Қозыбасы үшін талайды қопарып тастары анық екені аңғарылып тұрса керек.
Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ,
еңбек ардагері, өлкетанушы.
Мойынқұм ауданы
(Басы. Жалғасы газетіміздің келесі санында.)
Обсудить
Блок в статье:
БИЛЕРДІҢ ҚОҒАМҒА ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ ЗОР
09 ноябрь 2024, Суббота
Таулар алыстаған сайын биіктей береді...
08 ноябрь 2024, Пятница
«ҰРПАҚ БОЛАШАҒЫ – ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДЕ»
08 ноябрь 2024, Пятница
Похожие материалы:
Комментарии (0)