Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АРДАГЕРЛЕР ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫН, ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІН ҚАЛАЙДЫ

АРДАГЕРЛЕР ЕЛДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫН, ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІН ҚАЛАЙДЫ

27 октябрь 2022, Четверг
103
0
ТІЛШІ: Құрметті, Бақтықожа Салахатдинұлы! Сіздің өмір жолыңыздан, жүріп өткен белестеріңізден біршама хабардармыз. Еліміздің батыс өңірінде екі облыстың әкімі болып, сол аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қостыңыз. Тәуелсіз мемлекетіміздің министрі болып, зор жауапкершілік жүгін арқаладыңыз. Жоғары заң шығарушы орган – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты және төрағасы бола жүріп елімізде парламентаризмді дамытып, қалыптастыруға бір кісідей үлес қостыңыз. Қазіргі таңда республикалық ардагерлер қозғалысының көшбасшылығында жемісті қызмет атқарудасыз. Бұның бәрін неге айтып отырмын? Біздің ардагерлер ұйымдарының қатары, шыны керек,  бүгінде негізінен өзіңіз сияқты тәуелсіздік жылдарының ауыртпалығын мойнымен көтерген, өнегелі өмір жолынан өткен, кейінгілерге үлгі болатындай өзіндік ұстанымы бар аға ұрпақ өкілдерінен тұрады. Республикалық ардагерлер ұйымдарының қазіргі ахуалына өзіңіз қандай баға берер едіңіз?
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ:
Баспасөздің қоғамдағы маңызын жақсы түсінемін. Бұқаралық ақпарат   құралдары елімізде болып жатқан оқиғаларды, саясат жаңалықтарын тек қана ақпараттық жағынан ғана қамтып қоймайды, олардың адамдарды тәрбиелеудегі маңызы өте зор. Осы орайда ардагерлерге арналған Жамбыл облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің ардагерлер ұйымдарының сан-салалы  қоғамдық қызметін насихаттаудағы және аға ұрпақ өкілдерінің ғибратты өмір жолдарын жазудағы қызметін жоғары бағалаймын. 
Ал, енді, менің қызметтік баспалдақтарыма, өмір жолдарыма келетін болсақ, оның  барлығы қазақстандықтардың көз алдында өтіп жатқандығын айтқаным жөн болар. 1971 жылы Уфа қаласындағы мұнай институтын бітіргеннен кейін еңбек жолымды бұрғылаушының көмекшісі, бұрғылаушы  болып бастадым. Мұнай өнеркәсібі саласында біраз сатылардан өттім. Кеңестік заманда әр саладағы мықты мамандарды дамушы мемлекеттерге жіберіп отыратын. Йемен мемлекетінде кеңестік мамандар тобында үш жарым жылдай қызмет жасадым. 360 адамның ішінде жалғыз қазақ болдым. Оған дейін біраз жыл ғылыммен айналыстым, ғылыми-зерттеу институтында қызмет атқардым. 49 жасымда докторлық диссертация қорғадым. Мұнай саласындағы еңбегімнің нәтижесі болар, министрдің бірінші орынбасары, министр лауазымдарында бол-дым. 
2003 жылы Батыстан Оңтүстікке газ құбырын тарту жөнінде ұсыныс айттым. Бұл ұсыныстың ұтымды жақтары көп болатын. Өзбекстаннан қажетті газды Алматыға жеткізу үлкен қиындықтар тудыратын. Орталық Азия – Орталық және Бұқара-Орал деп аталатын екі газ құбырының арасын қосып, оңтүстікте жатқан Шымкентке, Тараз, Қызылорда, Алматы, Талдықорғанға газ құбырын жеткізу  мақсатым еді. Сондағы ойым, еліміздің халқының 30 пайызға жуығы тұратын Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету болды. Өкінішке орай, түрлі себептермен  кезінде бұл ұсыныстарым жүзеге аса қойған жоқ. Дегенмен, кейінірек бұл жобалар толық іс жүзіне асырылды. Нәтижесінде, «Сарыарқа» жобасы арқылы Астанамызға көгілдір отын келді. 
Бұл мәселелер өзімнің тікелей кәсібіме байланысты болғаннан кейін кеңірек тоқталып жатқаным ғой. Жоғарыда да айттым, лауазымды қызмет атқарған кездерім Қазақстан халқының көз алдында өтіп жатыр деуге әбден болады. Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында 9 жылға жуық әкім болып қызмет атқардым.  Шыны керек, қиын кезеңдерде жұмыс істедік. Бүгінгі ардагерлер сапында жүрген тұстастарымның барлығы қандай лауазымда, қандай кәсіпте жұмыс атқармасын өтпелі кезеңдердің қиындықтарын бастан өткерді. Әр буынның жасампаздық жылдары да болады, «Етігімен су кешіп, ауыздықпен су ішкен» қиындықтарды да бастан өткереді. "Бұл біздің замандастарымыздың бәріне тән болды" десем, қателеспеймін. Әрине, әкім болу үлкен құрмет әрі жауапкершілік, оның ар жағында ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткендігін көп жұрт, сірә, біле бермес. Осы орайда бір мәселені айта кетуді жөн көріп отырмын. Батыс Қазақстанда ең ірі газ беретін «Қарашығанақ» кен орны бола тұра, облыс орталығының тұрғындары көгілдір отынды пайдалана алмады. Бұны қалай түсінуге болады?  Оны айтасыз, Орал қаласынан бөлек осы өңірдегі елді мекендердің көбіне газ тартылмаған еді. Бұл күрделі әрі экономикалық, әрі әлеуметтік, керек болса үлкен саяси мәселе болатын. Осы облыстағы қызметімнің ең көрнектісі деп есептеуге болады, «Қарашығанақ-Орал» магистральдық газ құбыры салынды. Соның нәтижесінде бірнеше аудандарға, ондаған елді мекендерге газ тартылды. Осы кезде облыс орталығынан 560 шақырым шалғайда жатқан тарихи Бөкей Ордаға көгілдір отын жеткізілді. Нақты дерекке жүгінетін болсам, осы өңірде әкім болған төрт жарым жылдың ішінде 1200 километрге газ құбыры тартылды, 70-тен астам ірі елді мекен көгілдір отынға ие болды. Екі облыстағы қызметімде де осы өңірлер үшін аса маңызды болып табылатын халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне баса назар аудардым. Мұнай өндірісінде жұмыс істейтіндер үшін сүт бағалы тағам болып табылады. Бұрын сүтті шетелдерден алдырады екен. Біз шет мемлекеттерден гольштейн-фриз тұқымды сүтті сиырларын алдырдық. Ешкі сүтінен өнім өндіретін өндірісті жолға қойдық. Бұл жерде 700-ден аса швейцариялық занен тұқымды  ешкі әкелінгенін айтуға тиістімін. Бір ешкі күніне 5-7 литр сүт береді. Ешкі сүтінен 15-тен астам өнім шығарылуда. Атырауда үлкен құс фабрикасының, жүн өңдейтін, тоқыма өнімдерін шығаратын өндірістердің салынғанын бүгінде ризашылықпен еске аламын. Айта берсе, атқарылған жұмыстар көп қой. Бүгінде еске алудың өзі үлкен ғанибет. 
Бұның барлығын неге айтып отырмын? Зейнет жасына жеткен аға-буын өкілдері жасампаздық жолдан өтті. Біздің республика ардагерлер ұйымының негізін құрап отырғандар – сол атпал азаматтар. Олардың барлығының еңбегінің жиынтық нәтижесі – біздің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен зор табыстарымыз, бүгінгі шыққан биігіміз. 
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық  бірлестігі – қоғамдық ұйымдар ішіндегі ең бұқаралық қозғалыс болып табылады. Екі миллионнан астам зейнеткер біздің есебімізде тұрады.  Отыз бес жылдық тарихы бар ардагерлер ұйымының жұмысы жоспарлы, жүйелі жүргізілуде. Соңғы кездегі үлкен бағытымыз, көзге көрінетін жұмысымыз – адамдардың арасында түрлі жағдайларда туындайтын даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу мақсатында «Медиация туралы» Заңға сәйкес «Дәнекер» қанатқақты жобасын қолға алған болатынбыз. Соның нәтижесінде соңғы жылдарда жыл сайын 2 мыңнан астам даулы мәселелер сотқа жеткізілмей бұрынғы сот жүйесінде, адвокатурада, прокуратурада жұмыс істеген заңгерлер, елге танымал, сөзі өтетін ардагер-ақсақалдарды пайдаланып, жұмыс топтарын құрып, ауылдарда, аудандарда, облыстарда осындай ауқымды жұмыстар жасалып жатыр. Бұл бағыттағы Жамбыл облыстық билер кеңесінің тәжірибесі таратуға тұрарлық. 
ТІЛШІ: Республикалық мұндай көшпелі семинар-кеңестер бұған дейін дәстүрлі түрде өткізіліп тұрды. Әрине, коронавирус індетіне байланысты бұндай ауқымды шараның өтпей қалғанына да бірер жыл болды. Ардагерлер қозғалысының өңірлердегі жетекшілерінің мезгіл-мезгіл бас қосып тұрғанының пайдасы аз болмауға тиісті. Осы орайда, орайы келген ауқымды шараны өткізуге Тараз қаласының таңдалуының сыры неде? 
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ:
  Ақылман қариялардың, ардагерлер қозғалысының көшбасшыларының мүмкіндік болып тұрса бас қосып, ақылдасып, кеңесіп, өзара тәжірибе алмасып тұрғандарының пайдасы зор болар еді. Қыркүйек айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Таразда өтетін республикалық семинар-кеңесімізде осы Жолдаудан туындайтын ардагерлер ұйымдарының алдында тұрған  міндеттерді талқылайтын боламыз. Семинар-кеңеске Астана, Алматы, Шымкент қалаларының және барлық облыстардың ардагерлер кеңестерінің төрағалары, бірқатар республикалық салалық ардагерлер ұйымдарының төрағалары, белгілі қоғам қайраткерлері, ардагерлер тақырыбын көбірек қозғап жүрген бұқаралық ақпарат құралдарының жетекшілері шақырылды. Алқалы басқосуымызға Тараз қаласының таңдалуына келер болсам, Жамбыл облысының ардагерлері қай кезде болмасын белсенділігімен алдыңғы қатардан көрініп жүргендігін айтуға тиістімін. Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаевтың жетекшілігімен облыстық ардагерлер кеңесі аса көлемді, көрнекті жұмыстар атқаруда. Ал, енді, төрағаның өзіне келетін болақ, ол кісіні өмір көрген, білімді, тәжірибелі, адамгершілігі зор, еңбекқор азамат ретінде бағалаймыз. 
ТІЛШІ: «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өткен жылғы кезекті, биылғы жылдың көктеміндегі кезектен тыс съездері болғанынан, оларда қабылданған шешімдерден бір кісідей хабардармыз. Сонда да болса, осы съездерден кейінгі республика ауқымында ардагерлер ұйымдарында атқарылып жатқан ізденісті жұмыстардан, ауқымды шаралардан қысқаша хабардар  етсеңіз. 
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ:
Дұрыс айтасыз, өткен жылы және биылғы жылдың көктемінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің кезекті және кезектен тыс екі съезі болып өтті. "Съездерде қабылданған шешімдердің барлығы ойдағыдай жүзеге асырылып жатыр", – деп айтуға толық негіз бар. 2020 жылдың 6 мамырында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен «Ардагерлер туралы» Заңы қабылданғаны белгілі. Бұл Заңды қабылдау туралы ардагерлер көптен бері мәселе көтеріп келе жатқан болатын. Осы Заңға байланысты біздің републикалық қоғамдық бірлестігінің құрылтай құжаттарына (Ереже, Жарғы) бірқатар өзгерістер енгізілді. Бүгінгі таңда ардагерлер ұйымдарында съезде қабылданған Жарғы мен Ережеге байланысты кешенді жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, соңғы жылдары «Аманат» партиясымен, Жоғарғы сотпен, кәсіподақ ұйымдарымен меморандумға қол қойып, бірқатар жұмыстарды бірлесе атқарудамыз. 
ТІЛШІ: Әрине, республика көлемінде Жамбыл облысы ардагерлер ұйымдары қызметінің жақсы жағынан айтылып жүргенінен хабардармыз. Десек те, біздің облыс ардагерлерінің жұмысы туралы қандай ойдасыз? Облыстық, қалалық және аудандық ардагерлер кеңестері мен бастауыш ардагерлер ұйымдарының сан-салалы қоғамдық жұмысындағы соңғы жылдардағы ізгі ізденістерді қалай бағалар едіңіз?
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: 
Бұл сұрағыңыздың бірқатарына жауап беріп қойдым ғой деп ойлаймын. Ең бастысы – облыс ардагерлер ұйымының қызметінде жаңашылдық, ізденіс бар. Барлық деңгейдегі ардагерлер ұйымдары қоғамда болып жатқан өзгеріс-жаңалықтардан сырт қалмайтынын байқап жүрміз. Ең бастысы – атқарушы және өкілетті билікпен жүйелі байланыс орныққан. Облыс ардагерлер ұйымның жұмысына оң ықпалын тигізетін факторлардың бірі – облыстық ардагерлер кеңесінің өзінің жеке ғимаратының болуы. Көріп те жүрміз, естіп те жүрміз, қариялар осында жиі бас қосып тұрады, ақылдасады, кеңеседі, орамды ойлары мен ұсыныстарын ортаға салады. Бұдан бірер жыл бұрын Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келгенімде  Тараз қаласындағы «Ардагерлер орталығында» болып, белсенді ардагерлермен кездесіп пікір алмасып, облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысын көзбен көріп жан-жақты танысқанмын. Тағы бір айрықша атап өтетінім, облыс ардагерлерінің өздерінің төл басылымы – «Ғұмыр-Дария» газетінің шығып тұруы дер едім. Басылымының таралымы да көңілдегідей. Біз, әрине, бұндай ізденісті жұмыстарды құптаймыз. 
ТІЛШІ: Сіздің  қарымды қайраткерлігіңізбен қатар соңғы жылдарда талантты ақындық қырыңызды көпшілік жоғары бағалауда. Айтыңызшы, өлең жазуды Сіз жас кезіңізден өміріңізге серік  еттіңіз бе немесе биліктегі басқаға мойын бұрғызбас көп шаруа сол таланттың бойдан бұлқынып шығуына кезінде кедергі болды ма? Осы жағына қысқаша тоқтала кетсеңіз. 
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: Осы сұрақ менің алдымнан көбірек шығады. Өздігінен адамға ешнәрсе қона салмайды. Сен қанша жерден оқы, ізден, егер бойыңда сондай бір қасиет болмаса, ғалым бола алмайсың, ақын да бола алмайсың. Алланың берген таланты болмаса, ақындық өнер екінің бірінің басына қона қоймайды. Үлкен лауазымды қызметтер атқарып, атымыз саясат сахнасында көбірек белгілі болғаннан кейін бе, менің ақындығымды көп ел біле бермейді. Әйтпесе, алтыншы сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ алғашқы өлеңім «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды. Одан кейінгі жылдарда аудандық, облыстық, республикалық газеттерде өлеңдерім шығып жүрді. Біраз өлеңдеріме әндер де жазылды. Осыдан сегіз жыл бұрын «Это судьба» деген өлеңіме Топчевский деген композитор, бұдан он екі жыл бұрын әйгілі Ілия Жақанов «Сол бір ән» деген өлеңіме ән жазған болатын. Сондай-ақ, Тамара Асардың орындауындағы менің өлеңдеріме «Көңіл толқуы», «Бақыт теріп» менің өлеңдеріме Заттыбек Көпболсынұлы, Жұбаныш Жексенұлының орындауындағы «Достарға» өлеңіме Елена Әбдіхалықова ән жазып, қазір түрлі шараларда жиі орындалып жүр. Соңғы жылдары «Өмір ғой соның барлығы», «Қоршаса ойлар», «Жыр жолымен», «Шақырса шабыт», «Өмір бәйге» деген тақырыпта өлеңдер жинағым жарық көрді. Бірқатар өлеңдерім орыс тіліне аударылып, бөлек кітап болып басылып шықты. Башқұртстанда, Татарстанда сол халықтардың тілдеріне аударылып басылған өлең жинақтарым бар. Біраз жырларым түрік тіліне аударылды. Бұдан бөлек «Жұлдыз», «Простор», «Таңшолпан», «Жалын» журналдарында, «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде де өлеңдерім жарияланып тұрады. 
Жаңа да айттым, өлең жазу талантқа байланысты. Ал, таланттың өзі қанмен, тамырмен тарайтын жағдайлары да болып жататыны шындық. Қазақтың ардақты ақын қызы Фариза Оңғарсынова апамызбен екеуміз немере туыспыз. Фаризаның есімін менің Ізмұхамбет атам қойған. Ал, енді, әйгілі ақын Жұбан Молдағалиев менің  жақын нағашым. Әрине, бұны мақтаныш тұтамын. Әртүрлі лауазымды қызмет атқарып жүрген кездерімде де  ақын-жазушыларға, өнер адамдарына, журналистерге үлкен құрметпен қарадым. Бүгінге дейін олармен араластығым, байланысым үзілген емес. Үлкен лауазымды қызметтерде жүрген кезімде де қолымнан қаламым түскен емес. Қазіргі баспадан шығып жатқан кітаптарымдағы өлеңдердің көбі сол кезде жазылған шығармалар. "Алла өмір берсе, өлең-өмірім жалғаса береді ғой" деген сенімдемін. 
ТІЛШІ: Соңғы сұрақ. Бақтықожа Салахатдинұлы, біз үлкен саяси науқанның алдында тұрмыз. Президент сайлауының ел өміріндегі маңызы айрықша. Мемлекет және қоғам қайраткері және біздің іргелі ардагерлер ұйымының көшбасшысы ретінде бұл орайдағы жеке өзіңіздің пікіріңізді білгіміз келеді. 
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ: Иә, еліміздің саяси-қоғамдық өмірінде үлкен өгерістер болып жатыр, іргелі реформалар басталып кетті. Ел Президентінің кезектен тыс сайлауы Қазақстан халқы үшін өте маңызды оқиға деп бағалаймын. Президенттікке үміт білдіріп, сайлауға түсіп жатқандарға сәттілік тілеймін. Ал, Қасым-Жомарт Кемелұлына келетін болсам, ол кісіні отыз жылдан бері қарай білемін деп айта аламын. Қазіргі Президентімізбен Үкіметте, Парламентте қатар қызмет атқардық. Ол кісі көп нәрсені өте терең пайымдайды, мәселелерді үлкен салмақпен,  ақылмен шешеді, әр сөзін ой сүзгісінен өткізіп алып айтады. Қасым-Жомарт Кемелұлы – ел Президенті болмай тұрған кезінің өзінде-ақ әлемдік саясат сахнасында танылған азамат. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда еркін, дұрыс шешім қабылдай алатын тұлға. 5 қазан күні «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігің кезектен тыс съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат етіп ұсындық. 
Ардагерлер елде болып жатқан өзгерістерге, жаңалықтар мен жақсылықтарға қай кезде болмасын қолдау көрсетеді, жүзеге асырылатын шаруалардың барлығына белсене атсалысады. Біздің бүгінгі ардагерлеріміз күні кешеге дейін ел басқарды, өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыс пен әлеуметтік салада жемісті еңбек етті, ондаған кәсіпті игерді, ұстаздық етіп ұрпақ тәрбиеледі. Елге аға, ұрпаққа ата болған бүгінгі шақтарында елдің тыныштығына, халықтың бірлігіне ықпал етіп, айналамызда болып жатқан барлық жағдайларға түсіністікпен, ақылмен, парасатпен қарап, сөзімен де, қоғамдық қызметімен де үлгі-өнеге көрсете беретін болады.
Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін! «Ғұмыр-Дария» газеті облыс ардагерлерінің рухани күш-қуатына айнала берсін!
ТІЛШІ: Мазмұнды, тағлымды әңгімеңіз үшін рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жаңабай МИЛЛИОНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.


Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Сәті түскен сұхбат
24 июнь 2021, Четверг
Сәті түскен сұхбат
Сұхбат
19 март 2020, Четверг
Сұхбат
Референдум
31 май 2022, Вторник
Референдум
Үндеу
30 май 2022, Понедельник
Үндеу
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры