ІСІНЕ БЕКЕМ, СӨЗІНЕ БЕРІК
Өңірімізде өмірі өнегелі, ісі үлгі азаматтар көп. Солардың ішінде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Жамбыл облысының, Тараз қаласының және Тұрар Рысқұлов ауданынының Құрметті азаматы, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері Берікшал Имашевтің есімін айрықша еске алуға болады. Берікшал жоғарыда аталған атақтарға өзінің ерен еңбегімен, өндірісті басқару шеберлігімен, ұйымдастырушылық ұтқырлығымен және терең білім, білгірлігімен қол жеткізген. Оған ел куә.
Біз өңірдегі бірегей білім ордасы Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтына 1963 жылы түскенбіз. Топ жетекшісі, яғни старостамыз, – Берікшал Имашев. Кеңес әскері қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтқан Берікшал – коммунистік партия мүшесі. Өзіне де, өзгеге де қатал, талапшыл. Біз бір бөлмеде бес жігіт тұрдық: Берікшал, кабардин Сұлтан Миссиров, мен, өзбек Әбибулла Омаров, Қуаныш Түменбаев және Амангелді Өкенов.
Біз жыл сайын әрқайсымыздың туған күнімізде міндетті түрде ескерткішке суретке түсетінбіз. Мына суретке 1965 жылы 4 сәуірде, Берікшалдың туған күнінде түскен едік. Берікшал біздің сабаққа қатысуымызды, қоғамдық жұмыстарға араласуымызды, спортпен шұғылдануымызды, тіпті, уақтылы тамақтануымызды да қатты қадағалайтын. Тап бір біздің әке – шешеміздей. Жайшылықта әзіліміз жарасып қалжыңдаса береміз. Ал, анау – мынау қиқаң - сиқаңға жол берген емес. Бұл ретте ол туған ағамыздай. Бекеңнің сондай қамқорлығының арқасында бөлмелес жігіттер оқу бітіргеннен кейін жоғары лауазымды қызметтер атқарып, жоғары жауапкершілікпен жұмыс істедік.
Сұлтан облысқа танымал тұлға, сыйлы азамат Жамал Миссировтың туған ағасы еді. Ол Қырғызстанда жылжымалы механикаландырылған құрылыс колоннасында бастық болып тұрғанда ауыр науқастан қайтыс болды. Әбибулла Түркістанда құрылыс мекемесін басқарса, Қуаныш Жаңатаста кәсіби мамандар дайындауға үлес қосқан. Бүгінде екеуі де марқұм. Біз де қал – қадерімізше мамандықтарымыз бойынша қызмет атқардық. Ал, Берікшал марқұмның алған асулары биік.
Берікшал Имашев институттан кейін «Жамбыл - суқұрылысы» тресінде бөлім меңгерушісі, облыстық партия комитетінде нұсқаушы, Тасөткел су жүйелері басқармасының бастығы қызметтерінде өзін өте жақсы қасиеттерімен көрсетті. Ал, 1980 – 2004 жылдары «Жамбылсуқұрылысы» тресінің басшысы Берікшал Имашев нағыз тұлға ретінде танылған. Ол өндірісті өрге бастырып қана қоймай, қарамағындағылардың басым көпшілігін баспаналы етті. Басқалай қолдаулар көрсетуден де аянған емес.
Қоғам қайраткері Берікшал Имашев зейнеткерлікке шыққаннан кейін де қол қусырып қарап отырмай, өңірдегі су тапшылығы, гидротехникалық құрылғыларды жаңғырту арқылы суды үнемдеу туралы өзекті мәселелерді биліктің алдына қабырғасынан қойған кездері көп. Бұл – оның қайраткерлік қыры.
Жақында Тараз қаласында Берікшал Имашев тұрған үйге ескерткіш тақта қойылып, облыстық тарихи - өлкетану мұражайында оның өмірі мен қызметіне арналған бұрыш ашылды. Ісіне бекем, сөзіне берік Берікшал бұл құрметке әбден лайық еді.
Пернебек СЕМБАЕВ,
ардагер құрылысшы,
Тараз қаласы
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)