Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА АДАМҒА

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСА АДАМҒА

15 декабрь 2023, Пятница
47
0
– Біздің ата-бабаларымыз тұрған атақонысымыз Ақтөбе облысының Байғанин ауданында екен. Қазақша таратып айтар болсам, Кіші жүздің табын руынанбыз. Тағдырдың тауқыметі шығар, әкем Қантай Әулиеата өңіріне 1932 жылы келіпті. Адамдардан жақсылықты көп көрсе керек, «қолыңнан келсе, адамға жақсылық жаса» дегенді көп айтып отыратын, әйтеуір. Жарықтық өмірден осы ұстаныммен өтті. Анам Сәден батыл, өткір, ділмәр, іскер кісі еді. Қазақтың қайсар ұлы Асау Барақтың руынан. Батылдығы атасына тартқаны шығар, – деп шыққан тегі, ата-анасы туралы бастады әңгімені Шәріп аға. Бұл – тектіліктің белгісі.
Әулиеата өңірінде Дәулетбаевтар әулеті қалаға іргелес Үшбұлақ стансасында барак үлгісіндегі үйлерде тұрған. Әкесі Қантай – теміржолшы, анасы Сәден – үй шаруасында. Науқан кезінде іргедегі колхоздың жұмыстарына қатысып тұрады. Қолда азын-аулақ мал бар. Оларға қыстық азық дайындау да оңай емес. Шәріп, ойын баласы болса да, үй шаруасына көп көмектесетін. Алқаптан қызылшаның, көкөністің, арпа-бидайдың масағын теру, ауыл іргесіндегі қолат-қойнаулардан шөп шабу, оны үйге әкеліп маялау, малға қарау сынды ауыл баласының міндетіне жататын жұмыстардың бәрін де атқарды. Бірақ, жүрдім-бардымы жоқ, өте тиянақты болатын. Тілалғыш, кісімен тіл табысқыш. Көп жерде осы қасиеттерінің көмегі де тиген.
1967-1969 жылдар аралығында әскери борышын өтеп қайтқан. Ресейдің Мәскеу, Горький, Пенза қалаларында әскери қызметте болғанында мектепте орысша оқығанының көп пайдасын көрді.
Әскерден кейін тағы бір жыл әртүрлі жұмыстар істеді ауылда. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының экономика факультетіне оқуға түсудің сәті 1970 жылы бір-ақ туған. Онда да кешкі бөліміне. Сақайып қалған жігіттің кешкі бөлімде оқығанының бір пайдасы күндіз өндірісте жұмыс істеуге мүмкіндігінің болғаны.
Білімге сусап түскен адамның оқуға құштарлығы артып, ынталана түсетіні заңдылық. Кешкі бөлімде оқыса да, Шәріп бір сабақты да жібермеуге тырысатын. Оқыған сайын мамандығына деген қызығушылығы арта түскендей. Үнемдеу, қаржы нарығы, бюджет туралы там-тұмдап көзі ашыла бастады. Ақшаның қорын жасай, оны орынды жұмсай, мүмкіндігіне қарай үнемдей де білу керек. Қысқасы, есептей білгеннің есесі кетпейді.
Осындай ойдың жетегіне ерген Шәріп енді мамандығына қатысы бар жұмыс іздеуге бел байлаған. Құдай қайдан батылдық бергенін қайдам, ол жұмыс сұрап Жамбыл қалалық қаржы бөлімінің меңгерушісі Ықсан Керімқұловтың алдына барды. Жүзі жылы кісі екен. «Түсі игіден түңілме» деген, бастықтың жылы қабылдауынан батылдығы арта түскен Шәріп үлкен кісінің алдына институттың кешкі бөлімінде оқитынын, мамандығы бойынша жұмыс істегісі келетінін жайып салған. «Талапты ерге нұр жауар» қағидасын ұстанды ма, әлде «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген қамқор ойға келді ме, бастық Ықсан Керімқұлов жас жігітті алты ай сынақ мерзімімен жұмысқа қабылдады. Бірақ, жартымды айлығы жоқ. Мейлі ғой, Шәріпке мамандығы бойынша жұмысқа қабылданғаны олжа.
Міне, содан зейнеткерлікке шыққанға дейінгі 40 жылда Шәріп Дәулетбаев талай жауапты қызметтер атқарды. Бәрінде де абыройлы болды. Жұмысты жақсы істемеген адам қызметте де өспейді. Ал, Шәріп үнемі өсу үстінде. Демек, жақсы қызметкер болғаны ғой. Ә дегенде экономист, одан аға экономист, одан бөлім бастығы... осылай сатылай келе 1974 жылы Орталық аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасарлығына тағайындалған. Осының бәрінде оның «есептей білгеннің есесі кетпейді» ұстанымы мен елмен тіл табыса жұмыс істеуінің пайдасы болмай қалған жоқ.
Орталық аудандық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін 3 жылдай атқарған Шәріп аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы қызметіне ұсынылды. Сәл жүрексінгендей болған жас коммуниске сол кездегі аупарткомның бірінші хатшысы Лидия Абылғазықызы Ахметова дем берді. «Бар. Ешнәрседен қорықпа. Қорықпаған адам ғана жетістікке жетеді. Тек ынта, ықылас болсын», – деді ол кісі. Бірінші хатшының қайрауы күш берген Шәріп шын мәнінде де жұмысқа білек сыбана, батыл кірісіп кеткен.
Бұл қызметте сақтандырудың екі түрі бар: міндетті және ерікті. Міндеттіге қаладағы барлық мекеме, кәсіпорындар жатады. Құдай бетін аулақ қылсын, оларда бір бақытсыздық, төтенше жағдай, апат бола қалса, шығын мемлекет есебінен қалпына келтіріледі. Тек, орын алған оқиға түбегейлі, жете тексерілуі керек. Адам аласы – ішінде, төтенше жағдайды қолдан жасайтындар да бар ғой. Шәріп Дәулетбаев ондайға жол берген жоқ, жүктелген міндеттің үдесінен шықты.
Тағы да өсу. Араға 5 жыл салып, Шәріп Қантайұлы Орталық аудандық қаржы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалған. Қызметіне қарай ауатком мүшесі, әкімшілік комиссия төрағасы. Аудан аумағындағы барлық бюджеттен қаржыландырылатын мекеменің жұмысы қалыпты жүруін қамтамасыз ету керек. Бәрі де ақшаға байланысты. Таразы басын тең ұстап, бәріне де ақшаны жеткізу керек. Шәріп халық қалаулысы атанып, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Сайлаушылар сенімі жауапкершілікті арттыра түсті.
Көп ұзамай Шәріп Дәулетбаев облыстық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы қызметіне тағайындалды. Байқауға қатысқан бес үміткердің ішінен таңдау осыған түскен. Бұл лауазымға 1985 жылы келген ол сақтандыру саласында табаны күректей 8 жыл қызмет атқарған. Салада бұрын да жұмыс істеп әжептеуір тәжірибе жинақтаған Шәріпке онша қиын соққан жоқ. Бірақ, оңай да болған емес. Қанша дегенмен, бүкіл облыс бойынша ғой. Аудандарда аумақтық мемлекеттік сақтандыру инспекциялары болғанымен, негізгі жауапкершілік – облыста. Әсіресе, шаруашылықтарда жұқпалы мал ауруларына байланысты болатын мал шығыны, ауа райының қолайсыздығына байланысты егістік алқабын есептен шығару, тұқымға, жер өңдеуге кеткен, тағы басқа шығындарды мемлекет есебінен қалыпқа келтіруде қиындықтар көп. Ондайда мәселе жергілікті жерден асып, облыстық деңгейде тексеруге тура келеді.
Былай қарасаң, адамдар бар ынта - ықыласымен жұмыс істеп - ақ жатыр. Бірақ, төтеннен пайда болған індет немесе ылғал жетіспеушілігінен туындаған құрғақшылық шарасыздыққа ұшыратып жатады. Кейде қора - қопсының бүтінделмеуі де, жердің дұрыс өңделмеуі де – шығынға апаратын жол. Ондайда ұпай жинап қалғысы, ұнамайтын қызметкерлерден құтылғысы келген басшылар барлық кінәні солардың төбесіне үйіп - төге салуға тырысады. Шәріп ондай «Екі жеп биге шыққысы» келгендердің жетегінде кеткен жоқ. Әрқашан әділдік жағында болды.
Еліміз жаңа нарықтық қатынастарға көшкеннен кейін, мемлекеттік сақтандырудың мәнісі кете бастаған кезде Шәріп Дәулетбаев облыстық әкімдікте мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауысқан. Одан кейін біршама уақыт сыртқы инвестициялар комитетінің төрағасы қызметінде сырттан инвестиция тартуға атсалысты. Уақыт талабына сай комитет тарағаннан кейін облыс әкімдігі экономикалық жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалған. Осы қызметтен зейнеткерлікке шықты.
Түсіне білген кісіге қызметтің үлкен-кішісі, жауапты-жауапсызы жоқ. Лауазым атқарған қызметіңе, сіңірген еңбегіңе қарай. Қандай лауазымда болса да, саған жүктеген жұмыс – жауапты. Шәріп жұмыстағы жауапкершілікті жоғары қоятын. Ұстанымы – әділдік, адалдық, адамдарға жақсылық жасау.
Міне, үш жыл болды облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары. Облыс ардагерлер ұйымының кезектен тыс болған конференциясында делегаттар Шәріп Қантайұлы Дәулетбаевты осы қызметке сайлап дауыс берген. Міне, содан бері міндетті қызметін мінсіз атқарып келеді.
Қызмет дегенде не, ардагерлер ұйымдарының негізгі мақсаты – қоғамның алға басуына барынша үлес қосу ғой. Бұл ретте қариялар – негізінен ақылшы, кеңесші, бағалы бастама көтеруші. Ондайда олар өздерінің өмірлік бай тәжірибелеріне сүйенеді. Жастарға істің көзін көрсетеді. «Істің көзін тапқанды табыстың өзі табатынын» айтады ақылмен.
Шәріп – осындай ойлы пікір айтатын қариялардың бірі. Жастардың жанашыры.
Отан отбасынан басталады. Адам Отанға, елге жақсы қызмет етуі үшін оның отбасында береке, қалыпты жағдай болуы керек. Бұл ретте, Құдайға шүкір, Шәріп – шаттық ұялаған шаңырақтың отағасы. Асят жеңгей екеуі жарты ғасырдан асты бір шаңырақтың астында әке-шеше ошағының отын сөндірмей, түтінін түзу шығарып келеді.
Олар Құдайдың берген бес ұл-қызын заманға сай өсіріп, тәрбиеледі. Бәрінің де білім алып, мамандық меңгерулеріне жағдай жасады. Үш ұл, екі қызы бәрі де жоғары білімді. Бәрі де үйлі – баранды. Қызығы сол, бәрі де экономист, бухгалтер мамандықтарын таңдаған. Бұл «есептей білгеннің есесі кетпейді» ұстанымындағы әке жолын ұстанғандары шығар? Әрине, қазір әрқайсысы заман ағымына сай әр салада. Шәріп пен Асят – олардан немере-шөберелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
Бүгінде 75 жасқа толып, тамыры тереңге кеткен бәйтеректей жапырақтары жайқалып отырған Шәріп Қантайұлы туралы әжептеуір әңгімелеген сияқтымыз.
Еткен еңбек, төккен тер босқа кеткен жоқ.. Шәріп Қантайұлы Дәулетбаев – мамандығының ең жоғары марапаты «КСРО-ның үздік қаржыгері» төсбелгісінің иегері. Кеңестік кезеңде КСРО Қаржы министрлігінің, КСРО Мемлекеттік сақтандыру инспекциясының, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің, Бүкілодақтық Орталық Кәсіподақтар кеңесінің, облатком, қалаатком, ауаткомның Құрмет Грамоталарымен марапатталған.
Тәуелсіз Қазақстан тұсында ел Президентінің Алғыс хатымен, облыс әкімінің Мақтау қағаздарымен, Алғыс хаттарын иеленген. Омырауында «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі жарқырайды.
Өткен жолы ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.
Ең бастысы – ардагер - әріптестерінің сый-құрметі, қошеметі.

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Сексен жеті жастағы салымшы
01 июль 2022, Пятница
Сексен жеті жастағы салымшы
Ұлылардан ұлағат
25 август 2021, Среда
Ұлылардан ұлағат
Сексенге келсе де сергек
01 июль 2022, Пятница
Сексенге келсе де сергек
Қазақ бол!
17 июнь 2020, Среда
Қазақ бол!
ЖАСТАРҒА ТӘРБИЕ БЕРУ ПАРЫЗЫМЫЗ
28 сентябрь 2023, Четверг
ЖАСТАРҒА ТӘРБИЕ БЕРУ ПАРЫЗЫМЫЗ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры