Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҮЛКЕНДЕРДІҢ ІЗГІ ІСТЕРІН ҮЛГІ ЕТЕМІЗ ЖАСТАРҒА

ҮЛКЕНДЕРДІҢ ІЗГІ ІСТЕРІН ҮЛГІ ЕТЕМІЗ ЖАСТАРҒА

13 ноябрь 2023, Понедельник
78
0
Кейінгі ұрпақ алдыңғы толқын аға буынға қарап өсуі тиіс. Солардан үлгі алып ізгі істерін жалғастыруы керек. Өмірдің заңы осындай. Осы үрдістің өміршеңдігі сол - алдыңғы буын аға ұрпақтың жастар бойына жақсы қасиеттерді дарытуына, ата дәстүрді қалыптастыруына, жақсы тәрбие беруіне байланысты. Бүгінде бұл мәртебелі міндетті жер - жерлердегі ардагерлер ұйымдары жемісті жүзеге асырып жатыр. Ерназар ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымы – солардың қатарында.

Әрине, ардагерлер кетпен шауып, жер аударып, мал бағып жатқан жоқ. Олар – сол жұмысты атқарушы жастардың ақылшы - кеңесшісі, тәрбиешісі, тәлімгері. Бағалы бастамалардың ұйтқысы да, қолға алынған іс атқарылып біткенше басы - қасында жүретін де ардагерлер. 
Ерназар ауылдық округі ардагерлер кеңесі де мүмкіндігіне қарай қоғам мүддесіне қызмет етуде. Ауылдағы бастауыш ардагерлер ұйымның алғашқы төрағасы ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері Мәдібек Әліпбаев ағай болды. Ұзақ жылдар мектеп директоры қызметін атқарған, кейін Меккеге қажылыққа барып қайтқан көрген - білгені көп көшелі қарияның ұйымының қалыптасуына сіңірген еңбегі зор. Одан кейінгі ұйым тізгінін ұстаған сыйлы, қадірлі қария, өндірістің ұтқыр ұйымдастырушысы Бескемпір Жаманқұлов ағасы бастаған тірлікті одан әрі сәтті жалғастырып, ардагерлердің қоғамдық бірлестігін атына затын сай еткен. Бұл екі төрағаның да ұстанғандары – елдің ынтымақ- бірлігі, ата - бабадан келе жатқан салт - дәстүр, әдет ғұрыптарды одан әрі жаңғыртып жалғастыру болды. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаудан ұтылмайтынымызды айғақтап кеткен де осы төрағалар.
Бүгін де сол ағалар қалыптастырған үлгілі үрдісті жалғастырудамыз. Құрамы жеті адамнан тұратын ардагерлер кеңесінің мүшелеріне жауапты міндеттер жүктелген. Мысалы, Тоқтарбай Бегімханов дін мәселелері, Оңғар Үрпеков денсаулық сақтау, Жұмахан Әліпбаев ауыл шаруашылығы, Мақсұтхан Құрмашев білім, Төрехан Қырқымбаев ауыз су, ағынсу, электр қуаты, Марат Манталиев кәсіпкерлік, байланыс, сауда қызметтері, жастармен жұмыс мәселелері бойынша жауапты. Мен өзім мәдени және спорттық іс - шаралардың басы - қасында жанашырлық танытамын. Жоғарыда аттары аталған ардагерлер қоғам белсенділері деп атауға лайықты.
Ауылымызда әртүрлі санаттағы 207 зейнеткер тұрады. Оның ішінде үш қариямыз - Малика Саржанова, Күлзада Төребаева, Тұрдыкүл Рахмешова – тыл ардагерлері. 
Ардагерлер кеңесі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия кез - келген қарияның жағдайын біліп, оларға тиісінше көмек көрсетіп отырады.
Бірден айтайын, шүкіршілігі басым халықпыз ғой, ауыл тұрғындарының үлкені болсын, кішісі болсын, барға – қанағат, жоққа салауат етіп отырады әрқашан. Ал, алақандай ауылдағы бірлі - жарым, жоқ - жітік отбасылары бәрімізге белгілі. Ондайларды көптеп - көмектеп қиын жағдайдан алып шығып жүрміз. Шыны керек, бұл – дабырасыз тірлік.
Ауылда орналасқан мекемелер өздерінің тиісті міндеттерін атқарып, шаруалар шаруасын күйттеп жатыр. Дегенмен, ауызсу, ағынсу, көше тазалығы, жайылым сияқты көпшілікке ортақ мәселелерді шешуде ардагерлер аянып қалып жатқан жоқ. Әрине, әркім өзінің міндетін атқарып жатқанымен, кей тұста өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдардың ақыл - кеңесі керек - ақ.
Облысымызда баспанаға зәрулік мәселесін шешу мақсатында «Асарлатып үй салу» жобасы жүзеге асырылып жатқалы біраз болды. Біздің ауыл да осы игілікті істен қалыс қалмай, екі отбасын баспаналы етті. «Көп түкірсе – көл», негізі бұл істерге ауылда бәрі де үлес қосқан. Дегенмен, Әзімхан Жарылғапов, Сембин Көбесов, Болатбек Айтуаров, Талғат Тұрғынбаев сынды қалталы азаматтар қомақты үлес қосқанын айтқан жөн. Әзімхан Жарылғапов Құрбан айтта ірі қара шалып, мұқтаждарға ет таратып берді, Қыдырәлі Бестереков Қарттар күні мерекесіне орай қарияларға дастархан жасауға сойыстан қарасқан. Қарттар күні дегеннен шығады, биыл осы мерекеде ауыл әкімі Ержан Жолбай 78 қарияға дастархан жайып, ақсақалдардың батасын алды.
Ауылда Аллаға мінәжәт етуге арналған «Әбдіһайым» мешіті бар. Кәсіпкер Ағаділ Еркебаев салып берген Алла үйіне келушілер аз емес. Айт және Жұма намаздарында құлшылық етушілер қатары көбейуде. Адамдардың осылай имандылыққа бет бұруына кісі қуанғандай. Мешіттің жылы, жарық, жайлы болуына Ермұхан Әжіхатов, жалпы Бастаровтар әулеті, Аяпберген Жолдығұлов, Әлімхан Омаров, Құдайберген Төребеков көп үлес қосып отыр. Болатбек Айтуаров ауылдағы коммуналдық қызмет, тазалық, жөндеу жұмыстарының бәріне бірдей атсалысады.
Ал, енді ауылда ардагерлер кеңесінің мұрындық болуымен ұйымдастырылып, өткізілген ауқымды іс – шара ретінде Ақша батыр Сартұлын еске алып, оның әруағына арналып ас беріліп, құран бағышталғанын айтуға болады.
Ағайынды Қойгелді, Қожық, Ақша Сартұлдары XVIII ғасырда елімізге басқыншылық ниетпен шабуыл жасаған жоңғар – қалмақтарға қарсы соғысқа бастан – аяқ қатысқан. Ақша батыр тарихи деректерге сүйенсек, 1729 жылы небәрі 22 жасында Аңырақай шайқасында ерлікпен қаза тапқан екен. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран» деп жатамыз ғой. Жалпы, бұл іс – шара «Өлі риза болмай, тірі байымас» сипатында өткізілгенімен, оның түпкі мақсаты – жас ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу. Баба тойын өзімнің «Ақша батыр» толғауыммен аштым. Салтанатты жиынға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов, аудан әкімі Ерлан Қыдырәлі қатысып, сөз сөйледі. Іс – шараға Ақша батырдың алыс - жақындағы ұрпақтары демеушілік жасады. Ұйымдастыру шараларында Әсет Сүлейменов, Нұрсұлтан Рәйтов, Әділбек Орманбаев Талғат Нұрақовтар белсенділік танытса , Ақәділ Еркебаев, Ермек Әзімов, Айдар Олжабаев, Әділет Әзімханұлы, Марат Ералиев, Таң Тәшімбаев, Нұрлан Таукеев қаржылай көмек көрсетті. Ауыл тұрғындары да бұл сауапты шаруадан тыс қалған жоқ.
Іс – шарада қазақша күрес пен көкпардан сайыс өткізілді. Түйе палуанға тігілген бас бәйге – түйені Айдос Жарылғапов атаса, көкпар салымы бір жарым миллион теңге болды.
Құдай берекесін бергені де, 800 адамға астатөк дастархан жасалып, жиналған жұртшылық ризашылықпен тарқасты.


Ардагерлерге әлеуметтік қызмет тұрғысынан сөз қозғағанда, «Көктал», «Меркі», «Сарыағаш», «Самал», «Айша бибі» шипажайларында біраз қариямыздың демалып, ем алып қайтқанын тілге тиек етуге болады.
Ардагерлердің төл басылымы – «Ғұмыр – Дария» газетіне жазылуда біздің ардагерлеріміз үнемі белсенділік танытуда. Қазір баспасөзге жазылым науқаны басталып жатыр. Бұрындары баспасөзге жазылуда белсенділік танытқан Мусин Сәденов, Сәндіхан Әуесханов, Марат Манталиевтер – «Ғұмыр – Дария» газетінің шын жанашырлары. Алдағы жылға да қарияларымыз өздерінің төл басылымдарына жазылуда ұйымшылдық танытады деген сенімдемін.
«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп асыра сілтемей - ақ, атқарылған азды - көпті істерімізді айттым. Ең бастысы, үлкендердің үлгілі істері өсіп келе жатқан жастарға, келешек ұрпаққа өнеге болса дайміз.
Төлепберген ҮРІСТЕМБЕКОВ,
Ерназар ауылдық округі ардагерлер кеңесінің
төрағасы, ауданның Құрметті азаматы.
Жамбыл ауданы.

Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры