Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚАЗАҚ ЕЛІН НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ ЕТЕТІН ҮЛКЕН МАҚСАТ ПЕН МҰРАТ КЕРЕК

ҚАЗАҚ ЕЛІН НАҒЫЗ ҚАЗАҚ ЕЛІ ЕТЕТІН ҮЛКЕН МАҚСАТ ПЕН МҰРАТ КЕРЕК

29 июнь 2023, Четверг
267
0
ТІЛШІ: Көсемәлі Сәттібайұлы, өзіңіз білетіндей алда бұхаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің төл мерекесі келе жатыр. Құтты болсын. Бірінші сұрағым, журналист болуыңызға не себеп болды?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Жур-налистердің төл мерекесі құтты болсын. Барлық баспасөз қызметкерлері сияқты, бұл күнді мен де асыға күтем. Осы күні жылдар бойы еткен еңбегіміз еленіп, алғысқа бөленіп, құттықтауларға кенеліп қаламыз. Әрине, сөз қадірін білетін оқырмандар жазған-сызғандарымызға байланысты ойларын, жақсы пікірлерін басқа күндері де айтып, риза болып жатамыз ғой. Бірақ,  мерекенің аты - мереке. Бұл күні өзіңді бір еркін, азат, тура сол күннің иесі сияқты сезінесің.
Ал енді, журналистік кәсіпті таңдауым жөнінде айтар болсам, мен бала кезімнен көркем әдеби кітаптарды көп оқыдым. Алдымен ертегілер, сосын балалар жайлы әңгіме, повестер, одан кейін шым-шытырық оқиғаларға толы романдар дегендей. Ал 7-8 сыныптарда Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шыңғыс Айтматовтардың суреткерлік шеберлігін түсініп, тұщындым. Кітапты көп оқыған адамның ішіндегі кейбіреулері өзі де жазғысы кеп тұрады. Мен де сондай едім. Ойыннан қолым қалт етсе, сурет салам, өлең, әңгіме жазам. Оларды аудандық «Ленин жолы», облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол»), республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттеріне хатпен жіберем. Бірақ, өзіме «ай көрінген» өлеңдерім мен әңгімелерімді ешқайсысы баспайды. «Ұят болар» деді ме, бір өлеңімді «Еңбек туы» газеті 19 жасқа келген кезімде ғана жариялады-ау, әйтеуір.
Бір жылы, бұл енді есейіп қалған, тоғызыншы сыныпты Жданов деген совхоздың интернатында жатып оқып жүрген кезім. Ақ төсек, уақтылы тамақ, тамақ болғанда «біріншісі», «екіншісі», «компоты» дегендері де бар. Таңертең шәй мен май, ақ нан. Қысқасы, ауылдың қарадомалақтары «аузымыз аққа тиіп», жарыдық та қалдық. Бір күні осы рахаттың бәрін өзім ғана білгенше жұрт та естісін дедім бе, аудандық «Ленин жолы» газетіне сөзім жеткенше мақтап тұрып жазып жібердім. Арада бір апта өтті ме, өтпеді ме, әлгі «шедеврім» жарқ ете қалды. Оқушылар «шулап» жүр «сенің әңгімең шығыпты» деп. Оларға бәрі - «әңгіме». Мұғалімдерім де жақсы көріп қалды. Содан дәнігіп алдым. Аядай ғана ауылымызда мен мақтап жазбаған шопан, сушы, құрылысшы, механизатор, дәрігер қалмаған шығар. Кейін мектеп бітерген соң бірден Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетіне барам деп шештім. 
ТІЛШІ: Шерхан Мұртаза «Журналистің жегені жантақ, арқалағаны алтын » деді . Осы сөз әлі де күшінде тұрған сияқты . Баспасөзге көңіл бөлу төмендеп бара жатқандай. Осыған көзқарасыңыз қалай? 
К ө с е м ә л і   СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Шерхан Мұртаза - өмірлік ұстаным-ымдағы ұстаздарымның бірі. Бірақ, «Түйенің жегені - жантақ, арқалағаны - алтын» деген мақал - халықтікі. Шерағаң соны біздің мамандыққа орайластырып, біздің журналистердің жанкешті жұмысына теліп айтты. Және өте дұрыс жасады. Өйткені, кез келген адам журналист болған күннен бастап елдің, жердің, судың, тарихтың, салт-дәстүрдің, тілдің, ділдің, діннің жоқшысына, айғайшысына, халықтың қамын жейтін қайраткерге айналады. Бірақ, оны «сен қайраткерсің, сен ана мәселені көтердің, мына мәселені шештің» деп, елеп жатқан ешкім жоқ. Мысалы, айтыс ақындарына, ары кетсе екі күндік айтыста, осы проблемаларды айттың деп машина мінгізіп, «Алтын домбыра» сыйлап жатса, журналиске «сен ана ауылға ауыз су мен газ келуіне көмектесіпсің ғой» деп бір тиын да бермейді. Пәтерсіз жүргендері қаншама. Әйтеуір, баспасөз күні елу мың теңге беріп, оның да бес мыңын «ұстап» қалатыны бар. Оған да мәзбіз. Шерағаң осындайды жанымен біліп, жүрегімен сезіп, әбден күйзелген соң арқырап теңдік сұраған батырларша айқайлап тұрып айтты.
«Баспасөзге мәжбүрлеп жаздыруға болмайды» деп сайрайтын әсіре демократ қазақтар пайда болғалы бері, қазақ газеттерінің таралымы күрт төмен түсіп кетті. Басқа басқа, газет-журналға жаздырғаннан қазақ отбасы кедейленіп қалмайды және қазақ елінің ішкі және сыртқы саясаты ұтылмайды. Ол, әрине, бөлек әңгіме.
Менің кезімде «Ақ жол» газетінің таралымы 21 мың данаға жуықтаған. Кейін жаңағыдай әңгіме шыққан кезде 17 мыңға түсті. Соның өзін кейбір арызқойлар «газеттің таралымын түсіріп жіберді» деп мені кінәлады емес пе? Ал қазір бар болғаны 7-8 мыңның төңірегінде. Бұлай бола берсе газеттердің таралымы болашақта не болады?
Екініші мәселе – біздің идеолог-тарымыз газетпен жұмыс істемейді. «Газетпен жұмыс істемейді» деген сөздің мәнісін түсінбейтін де болу керек солар. «Газетпен жұмыс істеу» деген - таңертең республикалық, облыстық, аудандық газеттерді, басқа да басылымдарды бір шолып шығып, өз өңіріне, өз саласына қатысты жақсы дегені бар, жаман дегені бар, бәрін «түртіп» алып, қарамағындағы тиісті басшыларға, қызметкерлерге тапсырма берулері керек. Ал үлкен, көлемді мақалаларды жұмысынан тыс уақытта оқып, содан ойына түйгендерінен идея алып, ұсыныс пен тың бастама көтеру үшін пайдаланып, облыс өміріне енгізуіне болады. Жоқ, біздің шенеуніктердің кабинеттеріне бара қалсаң, үстелдерінің үсті жылан жалағандай тап-тақыр боп тұрады. Қорқасың. Ал бұрын олай емес-тін. Жақсы кітап, мықты газет-журналдар болса, оларды алдымен басшылардың үйлерінен, кабинеттерінен көріп, қызығушы едік.
ТІЛШІ: Журналистік жолды аудандық  газеттен бастап, ұзақ жылдар облыстық, республикалық газеттерде тер төктіңіз. Облыстық «Ақ жол» газетінде бас редактор болдыңыз. Жергілікті газет пен республикалық газеттерде қандай айырмашылық бар? Қайсысынан көбірек үйрендіңіз?
К ө с е м ә л і   СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Құдайға шүкір, аудандық, облыстық, республикалық газеттердің ең мықтыларында қызмет етіппін. Менің «тұсауымды кескен» - Талас аудандық «Ленин жолы» газеті. Сол кездегі редакторымыз Әбдірахман Әбдірәсіловтың тұсында аудандық газетіңіздің беделі қатты өсті. Директорлар, парткомдар, кәсіподақ комитетінің, ауылдық кеңестердің төрағалары газеттің ең жас тілшісі - біздермен санасатын. Сынымызды аудандық партия комитетінің бірінші хашысынан бастап, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісіне дейін назарға алып, бюрода қарайтын. Талас аудандық партия комитетінің хатшысы Алдаберген Сәрсенбаев ағамыз менің аудандық газетке шыққан «Бағышбектің бұрынғы бағыты қайда?» деген проблемалық мақаламды УАЗ-ына салып алып, «Төлебайдың төсі» деген жайлауда қой бағып отырған Ленин орденді Бағышбек Әміреев деген шопан көкемнің үйіне жетіп барған ғой. Райкомға жиі барып тұратын редакторым Әбдірахман аға осы жағдайды маған қуана айтып келді. Содан кейін Бағышбектің бағыты шынында дұрысталып, төл алудан озаттар қатарына қайта көтерілді. Ал қазір жандаусың шыға шыңғырып мәселе көтеріп жатсаң да мыңқ етпейтін болды билігің.   
Жергілікті газет пен республикалық газеттердің айырмашылығын айтсам, жазу тұрғысынан айырма жоқ. Жүйрік – ауылда да, астанада да жүйрік. Ал масштабы жөнінен айырмашылық өте үлкен. Мысалы, «Егемен Қазақстанның» таралымы мен қызмет істеп жүрген кезде 200 мыңның үстіне шыққан. Бұл – сенің мақалаңды Президенттен бастап еліміздегі осыншама адам оқиды деген сөз. Әрине, оқитындай ғып жаза алсаң, «бәрекелді» дейтіндей мәселе көтере алсаң.
Үйрену, тәжірбие жинау жағынан Талас аудандық «Ленин жолы» да (қазір «Талас тынысы» ғой), республикалық «Жас Алаш» та, «Егемен Қазақстан» да мен үшін үлкен академия болды. Айырмашылық, тек масштаб пен кадрларында. «Жас Алашта», «Егемен Қазақстанда» бұрынғы майталман редакторлар Балғабек Қыдырбекұлы, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза, Нұрлан Оразалин, Ержұман Смайыл, Сауытбек Әбдірахманов, Жанболат Аупбаевтармен бірге қызмет етіп, сол мықтылардан үйренген қаламгерлердің жұлдызды шоғыры болды. Солардың алдыңғы толқын ағалары туралы айтқан естеліктерінің өзі тұнып тұрған тәрбие ғой. 
ТІЛШІ: Ұзақ жыл меншікті тілші болдыңыз? Журналистің уақытына,  рухани жетілуіне меншікті тілшілік жұмыстың әсері қандай болады екен?
К ө с е м ә л і   СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Жақсы сұрақ екен. Өмірімнің ширек ғасырға жуығы «Жас Алаш» пен «Егемен Қазақсанда» өтті. Кейбіреулер «меншікті тілші болғанның жөні осы екен» деп, арқаны кеңге салып, негізгі жұмысы хабар-ошар беру мен мақала жазу, әр түрлі оқиғаларға үн қосу, біреулерді «сөйлетудің» бәрін жиып тастайды да, күн сайын қызық қуып, қыдырып жүреді. Ондай меншікті тілшілердің журналистика тарихында қалуы екіталай.
«Жас Алаш» пен «Егемен Қазақ-станда» жүргенде мен өзіме өзім редактор, өзіме өзім тілші, өзіме өзім жүргізуші, өзіме өзім корректор, өзіме өзім жұмысқа келіп кетуімді бақылап отыратын қатал жауапты хашы болдым. Соның арқасында өндірте жаздым. Ол кезде қазіргідей фейсбук, телеграм, сайт, ватсап деген жоқ. Жазғандарымның бәрі солардың рөлін де атқарды. Мақалама, әңгімелеріме орай Атыраудан, Бейнеуден, Астанадан, Шығыс Қазақстаннан хаттар да келіп жататын.
Әңгіме, повестерді де осы жылдары өкірттім. Осы ретте, өкінішім де бар. Әттең, мына компьютер мен принтер дегендер жас кезімде, сонау 1980 жылдары үстелімде тұрғанда Л. Толстой мен Ф. Достоевскийдің жиырма, отыз томдықтары болмаса да, соған жетеғабыл дүние жазатын екенмін-ау деп қынжыламын. Мен автоқаламмен жазудан ығыр болатынмын. Өйткені өз жазғанымды өзім аямай сызып тастап, қайта жазатынмын. Әсіресе, әңгімені бастар кезі ұнамайды. Ал компьютермен ондайды қайта-қайта түзеу, өңдеу сөз емес.
ТІЛШІ: Облыстық «Ақ жол» газетінде бас редактор болған жылдарыңызды қалай еске аласыз? Шығармашылығыма тұсау болды деп өкінбейсіз бе?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Облыстық газетте 2014 жылдың сәуірінен 2020 жылдың маусымына дейін бас редактор болдым. Менің кезімдегі газеттің қандай болғанын, қандай тақырыптарды қаузап, нендей мәселелерді көтергенін немесе қаншама арнайы беттер шығып тұрғанын оқырмандар айтсын. Сол кездегі таралымның деңгейі айтсын.
Ал енді жеке шығармашылығыма кедергі болды деп айтпасам да, күнделікті газет тірлігі көп уақытымды жеп қойды. Оны жасыруға болмайды. Кейде сенбі, жексенбі күндері келіп жазатынмын. Кейде үйде, өз бөлмеме «тығылып» алып жазам. Жазуға сұранып тұрған тақырып болса, жазу деген рахат қой.
ТІЛШІ: Қазір электоронды баспасөздің бағы жанып тұрғандай. Газеттердің өздерінің сайттары бар. Одан бөлек те сайттар жеткілікті. Бұны газеттердің қағаз түріндегі үлгісіне сұраныстың азайғаны деп түсінеміз бе?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
: Элек-тронды баспасөздің бағы жанып тұрғаны рас. Өз басым таңертең жұмысқа келгенде сайттарды бір шолып шығам. Ең алдымен «Тенгриньюс» деген сайтқа кірем. Ал газеттің қосымша сайттары - ол тек қана газеттегіні қайталау. Жеке, дербес сайттарда оқитын нәрселер көп болады. Өстіп жүріп болашақта қазақ тілінде шығатын қазақ газеттерінен айрылып қалып жүрмесек болды, әйтеуір.
ТІЛШІ: Жалпы, қазақ баспасөзін,  ұлт руханиятын өркендету үшін не жасалуы қажет деп есептейсіз?  Қандай қолдауға қолымыз жетпей жатыр?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Баспасөзді өркендету үшін еліміздегі идеология саласы мықты болуы керек. Елді бірлікке, тірлікке жұмылдыру туралы көп айтамыз. Ал бірлік пен тірлікті жасайтын халықтың қажеттілігі жайлы ұмытып кете береміз. Ол қажеттілік не? Оны да білмейміз. Шынында ол не? Халыққа не керек өзі? Тек тамақ па? Тек жұмыс па? Мемлекет мемлекет ретінде әлемге танылуы үшін не керек? Осының бәрін ойлайтын, үйлестіретін – идеология. Егер «идеология» деген бұрынғы Кеңес өкіметі заманының, коммунистік партияның ұстанымы деп бас тартса, онда басқа нұсқа тапсын. Әйтеуір, мемлекетімізде халықты болашаққа қызықтыратын, рухын көтеретін, мүмкіндіктерін ашатын, басын біріктіретін бір мақсат пен мұрат болуы керек қой. Бастарына қазандай сәлде ораған түріктерді ескі сұлтанаттың құрсауынан алып шығып, жаңа тұрпатты түріктерді қалыптастырған Мұстафа Кемал Ататүріктің мысалы оған дайын тұр. Түрін, формасын өзгертсе болды. Түркияда тұратын түрлі ұлт өкілдерінің бәрін түрікше сөйлетіп, түрікше жаздырып, түрікше оқытып жіберген құдіретті күш не? Міне, осыны табу керек. Әйтпесе, құр «бірлік» пен «тірлік» дей бергеннен түк өнбейтінін кешегі Қаңтар оқиғасы дәлелдеп берді емес пе? Бізге де Қазақ елін нағыз Қазақ елі ететін осындай үлкен мақсат пен мұрат керек. Сол мақсат пен мұратты сөз ететін  баспасөз керек. Міне, осы жағы ақсап жатыр. 
ТІЛШІ: Кейінгі толқын журналистерді оқып жүрсіз бе? Кімдердің аяқ алысы қуантады? 
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ
: «Кейінгі толқын» деп бұрын сені, Тұрсынбек Сұлтанбекті, Марат Құлибаевты айтушы едік,  қазір сендер де біразға келіп қалдыңдар. Ал жастардан «Ақ жолдағы» Нұржан Қадырәлі, «Арайдағы» Шапағат Әбдір деген жігіттердің жазғандары ұнайды. Аяқ астынан есіме түспей отырғандары қаншама, олар да өкпелемесін. Дегенмен, проблема көтеру, халық тағдырына, экологиялық қауіпке араша түсу сияқты тақырыптар ұмыт қалмаса екен. Мысалы Сүлейменов көшесінің аяқ жағындағы үлкен көпірден өткеннен кейін химия қалдықтарынан жиналған «таулар» сап түзеп тұр. Оның көлемі жылдан жылға ұлғайып барады. Зауыттардың басшылары түтінді бұрын түнде жіберуші еді, қазір күндіз де бұрқыратып жатады. Халықтан сескенуді қойды. Осыны «Президенттің, Үкіметтің, Министрдің назарына!» деп неге жазбасқа? Біз кезінде жазғанбыз. Қайта-қайта жаза беру керек. Белгілі журналист ағаларың Ақылжан Мамыт осы «улы тауды» жазам деп, «зауыттың бас директоры сәлемімді салқын алды» деп ренжіп келгені бар.
ТІЛШІ: Қазір жеке газет-журнал ашатын-дар аз емес . Сіз мүмкіндігіңіз бола тұра ондай қадамға бармадыңыз. Себебі неде?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Газет-журнал мен сайт ашуға мүмкіндігім болды. Олар қатысып жататын лоттардың ақшасы да жаман емес екенін білем. Бірақ соған құлқым жоқ. Ол үшін «қасқырды - жезде, түлкіні - апа»  деуім керек. Ал мен біреуге жалбақтап, жағымпаздана алмаймын. Егер жағымпаздықты білгенде, мен әлдеқашан Астанадағы үлкен кабинеттердің бірінде отыратын едім қазір. Өйткені, жағымпаздықтан, бас июден басқасының бәрі: білім, сауатты жазу бәрі қолдан келеді.
ТІЛШІ: Туған ауылыңызға мектеп сал-дыруға ықпал еткеніңіз осы қаламыңыздың арқасы емес пе?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Қазір депутат болғысы келетіндер сайлау алдында «мен ананы өйтем, мынаны бүйтем» деп, халық алдында жанын жалдап уәде беріп жатады. Ал журналистер– «мандатсыз депутаттар»! Мен бұл сөзді бұрын да айтқанмын. «Егемен Қазақстан» газетінің арқасында қайта-қайта жазып жүріп, туған жерім - Амангелді ауылынан (қазір Тамабек деп аталады) екі қабатты мектеп салынуына үлес қостым. Тағы сол газеттің арқасында «Тараз-Арена» мен Тараз қаласының Шығыс қақпасының өмірге келуіне де ұйытқы болдым. Айта берсем, елге болсын деген мұндай ірілі-ұсақты еңбектеріміз баршылық.
ТІЛШІ: Қазір облыстық «Руханият және тарихтану» орталығында «Жамбылтану» бөлімін басқарасыз. Жамбылдың зерттелмеген қырларынан қысқаша айтып өтсеңіз..
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
«Жамбыл - тану    орталығына» келгелі үш айдан сәл асты-ау деймін. «Жұмыс істеймін» деген адамға жұмыс табылады. Осында келген соң Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне арнайы барып, Жамбыл ескерткішінің бірнеше түпнұсқасын таптым. Қазақтың ең алғашқы кәсіби мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев Тараздың төрінде тұрған Жамбыл ескерткішін әуелде аттың үстінде бейнелеп, эскиз жасапты. Жамбыл атамыздың ауыл-аймақты атпен аралағанды жақсы көргенін ескерсек, ол нұсқа да жақсы шыққан болар еді.
Одан кейін, алғашқы кәсіби суретші Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейіне барып, Жамбыл атамыздың әлі күнге дейін еш жерде жарияланбаған суретін көріп, таңғалып келдім. Көшірмесін бермеді. Өздері де музейге қоймай отыр. Ал облыстағы мәдениетке жанашыр адамдар аламыз десе, сатады. Сосын биыл Жамбыл ескерткішінің орнатылғанына 60 жыл толғалы отыр. Мұны да тиісті басшыларға айтып, сол күнді лайықты атап өту жөнінде ақылдастым. Осы және басқалар туралы мақала жазу да ойда бар.
ТІЛШІ: Облыс журналистикасындағы ұрпақтар сабақтастығы дегенде көз алдымызға үш бәйтерегіміз – Баттал Жаңабаев, Арғынбай Бекбосынұлы, Әлдихан Қалдыбайұлы сияқты қарымды қаламгерлеріміз, ұлағатты ұстаздарымыз келеді. Кезінде аты аталған ағаларымызға шәкірт болған Сіздің өзіңіз бүгінде аға буын қаламгерлердің қатарындасыз. Шығармашылықтағы сабақтастық туралы өзіңізден пікір білгіміз келеді?
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ:
Ұрпақтар сабақтастығы жөнінде айтсам, облыстық «Ақ жол» («Еңбек Туы») газетін ширек ғасыр басқарған Баттал Жаңбаев аға тәртіптің адамы еді.  Өзі де тәртіп бұзбайтын, қызметкерлерінің де тәртіп бұзбағанын қалайтын. Журналистік куәлігін жоғалтып алған тілшінің қызметінен шеттетілгенінен хабарымыз бар. Өйткені, Баттал ағаның ұстанымы бойынша, журналистік куәлігін ұстап жүре алмаған адам, басын да ұстап жүре алмайды, журналист боп та жарытпайды. Сосын, Баттал аға шаруаның да ығын білетін басшы болды. Қазіргі Шерхан Мұртаза атындағы Баспасөз үйіне сексенінші жылдары сол Бәкеңнің арқасында қол жеткен еді. Бәкең облыстың бірінші хатшысына кіріп, қаламдастарым жақсы жерде отырсыншы деп соны алып бермегенде, қазір ол жерде мүлде басқа мекеме орналасқан болар еді.
Мен білетін Арғынбай Бекбосынұлының кезінде газет таралымы шарықтап өсті. Проблемалық мақалалар дүркін-дүркін шығып жатты. Мықты журналист ағаларымыздың бірі Рахметбек Өзбеков көтерген Жамбыл қаласындағы қазақ мектептерінің аздығы, тіпті, жоқтығы жөніндегі «Азаматтық диалектикасы» деген проблемалық мақала облыстық партия комитетінде үлкен дүрбелең туғызды. Ал Арекеңді облыстық партия комитетінің хатшысы шақырып алып, мәселесін қарамақ болды. Бірақ Арекең өз айтқанын дәлелдеп шықты. Міне, содан бастап облыс орталығында қазақ мектептерінің саны көбейе бастады. Одан қазақ бала бақшаларын ашу туралы мәселе көтердік. Қазақстанды Кремль басқарып отырған кезде мұндай мәселені жазу, кеудеңді - оққа, мойныңды - қылышқа тосумен бірдей болатын.
Әлдихан аға – қазақ балалар әдебиетінің классигі. Әлдекеңді осы тұрғыдан ұстаз тұтып, қатты сыйлаймын. Ал редакторлығын қазақ әдебиетінің тағы бір классигі Әбіш Кекілбайдың «Егемен Қазақстанға» бас редактор болғаны сияқты қабылдаймын. Қарамағындағыларға деген кеңдігін, адамгершілігін, жақсы бір дүние жазып келсең, ұтымды бір әзіл айтсаң риза болып, бүкіл денесімен қозғала күлетінін, бәрі-бәрін қимастық сезіммен еске алам.
Демек, осы үш тұлғаның әрқайсысы өзінше бір-бір шың. Олардан үйренуге, оларға еліктеуге болады. Бірақ тура солар сияқты бола алмайды. Сондықтан заманына сай өз беттерінше жол тауып, оқырмандар көңілінен шыққандары дұрыс.     
ТІЛШІ: Мазмұнды, әсерлі әңгімеңізге рахмет!


Әңгімелескен Есет Досалы, 
журналист.
Тараз қаласы.





Обсудить

Похожие материалы:

Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
Қазақ бол!
19 март 2021, Пятница
Қазақ бол!
Тұсаукесер
29 сентябрь 2021, Среда
Тұсаукесер
ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕДЕ ҰЛЫҚТАЛҒАНДАР
27 октябрь 2022, Четверг
ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕДЕ ҰЛЫҚТАЛҒАНДАР
Дәстүрдің озығы бар...
14 октябрь 2020, Среда
Дәстүрдің озығы бар...
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры