Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ФЕМИНИЗМ КЕРЕК ПЕ?

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ФЕМИНИЗМ КЕРЕК ПЕ?

10 март 2023, Пятница
117
0
Қазақ дүниетанымында әйел затының алар орны ерекше екені анық. Халқымыз қай заманда болсын әйел баласын ерекше қастерлеп, тұтас тіршіліктің бастауы ретінде қараған. Бұған ұлтымыздың тарихынан ойып тұрып орын алатын Ұмай-ана, Томирис, Зарина, Айғаным мен Бопай ханым сынды қайраткерлердің ғұмырнамасы бірден бір дәлел. Дегенмен замана ағымы өзгеріп, қоғамдық сананың, моральдық ұстанымдардың жаһандану үдерісінің ықпалына ыңғайлана түскен шақта адам баласының қоғамдағы рөлі де қайта қаралып жатады. Бұл үрдістен бүгінгі қазақ қоғамы да шет қалған жоқ. Бүгінде елімізде әйел мәртебесін көтеру қажет деген желеумен феминистік топтардың наразылық акциялары жиі өтіп жатады. Шынында бүгінгі қазақ әйелінің әлеуметтік мәртебесі расымен төмен бе ? Жалпы феминизм дегеніміз не? Оның қазақ қоғамына әсері қандай? Міне, осы сарынды сұрақтар қай-қайсымыздың болсын көкейімізде бар…

Тарихқа көз жүгіртсек, «Феминизм» термині XIX ғасырдың басында пайда болған. Бұл сол кездегі белсенді әйелдер  қозғалысымен тікелей байланысты. Олар алғашында өз саяси мүдделері үшін күресіп, сайлауға қатысып дауыс беру құқығын талап еткен. Кейіннен еңбек құқығы, ақысыз үй шаруасы, тұрмыстағы зорлық-зомбылық сияқты көптеген мәселелерді көтерді. Қоғамда әр адам туылғанынан еңбек етуге, шындыққа қол жеткізуге, бақытты болуға, бостандыққа ие болуға құқылы деген ұстанымды алға тартты. Бірақ сол қоғамда «адам» деген сөз тек қана ер адамға қаратылып айтылатын. Өйткені, ол кезде әйелдердің саналылығына, парасаттылығына едә-уір күмән келтірілген болатын. Міне, осындай қалыптасқан  теріс  түсінікке қарсы әйелдердің алғашқы феминистік бағыттағы қозғалысы пайда болды.
Феминистік идеялардың елімізде пайда болуы тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келді. Ғалымдардың пікірінше,  кез-келген  мемлекеттің бір қоғамдық құрылыстан екіншісіне өту кезеңінде халықтық психология сөзсіз  өзгеріске ұшырайды. 
Расында өткен ғасырдың соңында  қазақ қоғамындағы мемлекеттік құрыл-ымның өзгеріске ұшырауы нәтижесінде қоғамдық құндылықтар да қайта қаралды. Соның салдарынан феминизм, гендерлік саясат ұғымы халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне ене бастады. Жоғарыда атап өткеніміздей,  феминизм әйел затының құқығын қорғауды мақсат тұтқанымен, кей жағдайда матриархалды сипат алып, ер адамның қоғамдағы рөліне нұқсан  келтіріп жататын сәттері де кездеседі. Бұл ретте феминистер әйел затын құқықтық тұрғыда ғана емес, биологиялық ерекшеліктеріне қарай да ер адамдармен теңестіргісі келді.Егер адамның биологиялық, әлеуметтік, психологиялық ерекшеліктерін  ескерсек, саналы адамға  ер мен әйел бірдей бола алмайтындығы ұғынықты да. Алайда  биолог, феминист Энн Фаусто-Стерлинг: «Әйелдер мен ерлердің биологиялық-физиологиялық айырмашылықтары ер мен әйел арасындағы айтарлықтай айырмашылықтарды бiлдiрмейдi, бұлай бөлу тек әлеуметтік құбылыс»,-деп санайды.
Бүгінгі қазақ феминистерінің қоғамдағы нәзік жандыларға қатысты әлеуметтік қысымның, зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алудағы қызметтері нәтижесіз де емес.  Дегенмен феминизмнің саяси сипат танытып,  елдің басқарушылық ісіне араласа бастағанда тудыратын қатері бар екендігін назардан тыс қалдырмауымыз қажет. Мәселен,  бүгінгі таңда ел аумағында ұйымдастырылып жататын шерулерде  наразы топтың  басты мәселесі ретінде қазақ әйелінің саяси белсенділігі мен әлеуметтік мәртебесі  қарастырылады. 
Дүниежүзілік экономикалық форум-ның 2021 жылғы есебіне сәйкес, гендерлік алшақтық бойынша  Қазақстан 156 елдің ішінде 80-орынға ие болған. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштен сегіз сатыға төмен. Қазақстанда әйел адамдардың табысы ерлерге қарағанда орта есеппен 25 пайызға төмен болса, кей салада айырмашылық 37 пайызға дейін жетеді.
Бұған қоса, көбіне әсіре феминистер Қазақстан саясатында және мемлекеттік органдарда әйел-басқарушылар саны  аз деген фактілерді алға тартады. Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы дерегіне сәйкес, Парламент Сенатында әйелдердің үлесі 20 пайыз болса (9 әйел), Мәжілісте 26 пайыз (29 әйел) болған. Алайда  қоғамымызда әйел адамдардың басшылық орындарға тағайындаудан басқа, шешімін табуы тиiс, көкейкестi, аса манызды мәселелер туындап отыр. Мысалы, туу қарқыны осылай сақталса, 100-150 жылдан соң жер бетінде кейбір Еуропа ұлттары жойылады екен. Себебі, әйелдер «біз де ерлермен тең құқығымыз бар» деген  желеумен бала туудан бас тартады немесе «әйелдердің жұмыс бастылығынан» кейбірі бала тууды қажет деп есептемейді. Олай болса, «жекелеген ұлттардың жер бетінен түбегейлі жойылып кетуі маңызды ма», әлде, «әйел адамдардын биліктегі санын арттыру маңыздырақ па?» деген сауал туындайды. 
Ал халқымыздың  дүниетанымында әйел мен ер қашанда біртұтас ұғым болғанын білеміз.Тарихымыздың тереңіне үңіле отырып, қазақ әйелінің қай дәуірде болсын елдің  қоғамдық- саяси өміріне белсене араласқан деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл турасында ұлтымыздың ұлық дәстүрлері де, ауыз әдебиеті мен тарихи мұралары да  ғасырлар тереңінен мол мағлұмат береді. Мәселен,  сонау сақ дәуірінің өзінде-ақ,  көшпенді халықтың өкілдері отау құрар алдында жекпе- жек ұйымдастырып, көңіл жарастырған екі жас ел алдында күресетін болған. Бұл енді ғана іргесі қаланғалы тұрған отбасының болашақ қожайыны кім екендігін айқындап алу үшін қажет еді. Бүгінгі заман тұрғысынан алғанда көзге оғаш көрінетін бұл дәстүр сол кезеңде ерекше тәрбиелік мәнге ие болды.Себебі,  қоғамдық құрылымның биік сатысына шығып, ел басқару ісіне араласатын кез келген еркек атаулы ең алдымен өз әйеліне сөзі өтетін болуы шарт еді. 
Дала заңдарында  да әйелдер құқығы туралы   баптар баршылық.  Мәселен, «Жеті Жарғы» бойынша әйелі epінің көзіне шөп салса, яғни зинақорлықпен айналысса және күйеуі оны сол сәтте ұстап алса, өлтіруге құқылы, бipaқ қылмысты сол сәтінде жариялауы тиіс. Егер де әйелдің көзіне шөп салды деп күмәнданған еркектің сөзін 4 сенімді адам теріске шығарса, әйел жазадан босатылған. Сондай-ақ бәйбішенің құқығы тоқалдан едәуір артық болған. Егер ол айғақтайтын негіз тапса, ақсақалдар билігінің рұқсатымен күйеуін тастап, төркініне кетіп отырған. Бұндай құқық тоқалға берілмеген . Күйеуге шыққан қыз мал мүлікке ие бола алмаған. Ал, үйдегі қыз ер балаға тиесілі мұраның жартысын иеленуге құқылы. «Жеті Жарғы» заңында күйеуі әйeлiмен еш себепсіз ажырасатын болса, онда балалар шешесінің қамқорлығына берілетіндігі айтылған. Жесір қалған әйел қайтыс болған күйеуінің ағасына не інiciнe әмеңгерлік жолмен әйелдікке беріледі. Егер жесір әйел әмеңгерлік жолмен күйеуге шыққысы келмесе, онда балалары балиғатқа жеткенше, мал-мүлік, балаларына өзі бас-көз болады. Жесір әйелге мұраның сегізден бipі тиесілі болған. Жалпы, «Жеті жарғының» бір тармағы түгелдей жесір дауына арналған. 
Ал қазақ сахарасындағы ең алғаш қыздардың білім алуына жол ашқан Бөкей ордасындағы 1883 жылы салынған бастауыш мектеп болды. Қазақ және орыс қыздары білім алған мектепте 1889 жылға дейін 243 қыз бала оқыған. Солардың ішінде тек 26 қыз толық курсты тәмамдаған. 1887 жылы Ырғызда Ыбырай Алтынсариннің бастауымен әйелдерге арналған алғашқы арнайы орта оқу орны ашылады. Оқу орнының алғашқы оқушылары бірыңғай орыс қыздары болған. 1888 жылға қарай қазақ оқушы қыздарының қарасы көбейді. Бұдан кейін де Торғайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде және Қостанайда осыған ұқсас оқу орындары ашыла бастады. Яғни, ХІХ ғасырдың соңында қазақ халқының ағартушылары ескі көзқарастардан арыла бастады. 
Елімізде феминистік идеялар ресми түрде 1980 жылдары жандана бастады. Ал 90-жылдары Қазақстанда Мұсылман әйелдер лигасы, Феминистік лига, «Әйел және құқық» лигасы, «Шығармашылық бастау» лигасы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйымдар пайда болды. Сонымен қатар, Қазақстанда 1991 жылы «Мальвина» алғашқы феминистік басылымы ашылды. Қазіргі уақытта осы басылымның ізбасарлары ретінде «Сезон», «Қазақстан әйелдері», «Зеркало» журналдарын атап өтуге болады. ХХ ғасырдың соңында да феминизмді қазақ халқына жаю кең етек алғанын осыдан-ақ байқауға болады.
Міне, осы көрсеткіштерге қарап отырып-ақ,  қазақ халқында феминистік идеялардың тарихы тым тереңнен бастау алғанын аңғара аламыз. Тек бұл қоғамдық құбылыс бүгінгідей ресми атауға ие болмаса да әр дәуірде ұлттық құндылықтармен біте қайнасып, халықтың тұрмыс-тіршілігінен көрініс тауып отырды. Қазақ әйелі қашан да өз халқының төлқұжаты, ары мен намысының эталоны бола білді. Кешегі хан Кене де түстіктен Қоқан тиіп, бұрымды қыздарды тақымға басып, салық орнына алып кетіп жатқанда да,  Арқадан Сыр бойына ат арылтып алты-ақ күнде жетпеуші ме  еді?! Шығыстың шайырлары әйелді күллі әлемнің, жаратылыс атаулының бастауына теңемеп пе еді?  Сол арқылы Низами, Сағди, Фирдоуси мен Хорезмилер де әйелге ода арнаймын деп, әлемді жырлап өткен жоқ па?! Қазақ әйелі ұлттың жаны мен жүрегі бола білді. Бұған ел аузындағы Жер Ана, Ана тілі сынды ең қастерлі атаулардың әлі күнге дейін үлкен мәнге ие болып, өз өзектілігін жоғалтпауы ойымыздың жарқын дәлелі болмақ.

Шындап келгенде осынау мәртебеге ие қазақ әйелінің бүгінде сыртқы күшке, әртүрлі топтар мен ұйымдардың қолдауына мұқтаждығы бар ма? Меніңше, жоқ!  Қазақ әйелі өз отбасының, өз жанашырларының ортасында ғана өзінің мерейін үстем ете алады. Қазіргі қазақ феминизмі де әйел баласының мәртебесін көтеремін деп,  ер азаматтарымыздың абыройын аласартып алмаса екен дейміз.  Қазақ мұндайда:  « Алтын басты әйелден, бақыр басты еркек артық»  демей ме?!  Қысқасын айтсақ,  қазаққа феминизм керек,бірақ әсіре феминизм емес… 

Нұрболат АМАНБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік 
университетінің студенті. 
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Қазақ бол!
19 март 2021, Пятница
Қазақ бол!
Алаш арыстары
19 март 2021, Пятница
Алаш арыстары
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Тәрбие басы - талбесік
19 март 2020, Четверг
Тәрбие басы - талбесік
Қазақтың даңқты әйелдері
19 март 2020, Четверг
Қазақтың даңқты әйелдері
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры