ОЙЫҚТА ҮЙРЕНЕТІН ІСТЕР БАР ИГІЛІКТІ
Облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі семинар-кеңестің Талас ауданы Ойық ауылында сәтті өтуі тегіннен тегін емес. Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелерінің, тұрақты комиссиялары төрағаларының және Тараз, Шу қалалық, барлық аудандық ардагерлер кеңестері төрағаларының, қалалар мен аудандардың билер, аналар кеңестерінің жетекшілерінің, жекелеген бастауыш ұйымдар төрағаларының төрт көзі түгел Талас өзенінің төменгі сағасынан орын тепкен осынау киелі мекенге ат басын бұруының астарында үлкен сыр бар. Ойық – тарихы терең, дәстүрге бай ауыл. Мұнда қазақтың көрнекті тұлғасы – Бөлтірік шешен мәңгілік мекенін тапқан. Қарақожа мешіті де – архитектуралық сән-салтанатқа ие бірегей тарихи орын. Ал енді аймағымыздың айтулы ақсақалдары бас қосып отырған Ойық ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымының ел игілігі, халықтың бірлікберекесі жолында атқарып жатқан қызметі атап айтуға тұрарлық. Ардақты ақсақал, зиялы азамат Пана Рахманбердіұлы жетекшілік ететін ардагерлер ұйымының іс-тәжірбиесін облысымыздың түкпіртүкпірінен келген ардагерлер қозғалысының белсенділері жоғары бағалады.
Көшпелі семинар-кеңес дегеніңіз жер-жерден жиналып, қауқылдасып жиын өткізу емес, немесе салтанатты түскі ас ұйымдастырып, аяқ босату да оның ауқымына кірмейді. Мақсат – жақсыны көру, қоғамдық қызметтегі әріптестермен әңгімелесіп, бірінде барынан жоғыңды түгендеу, тәжірбие алмасу. Солай болды да. Сонымен бәрін рет ретімен баяндап көрейік. «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» деп ат қойылып, айдар тағылған облыстық ардагерлер жиынына қатысушылар таң азанымен ат басын Талас ауданының қара шаңырағы болып табылатын Ақкөл ауылына бұрды. Осы ауылдың төрінен орын тепкен қазақтың данышпан перзенті, ұлт көсемі Дінмұхамед Қонаевтың еңселі ескеткішіне гүл дестелерін қойды.(Суретте) Бұл аймағымыздың абыз ақсақалдарының ұлы адамның рухына деген құрметінің көрінісі болды. Одан кейін қонақтар осындағы мәдениет үйіне бас сұғып, ауыл өнерпаздарының шағын концертін тамашалады, сары қымыз сапырған әжелердің қолынан дәм татып, баталарын берді. Ақкөл ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Досболат Туғанбаев ауыл қарияларының тыныс-тіршілігі жайында әдемі әңгіме өрбітті. Одан әрі қарай Ойық ауылын бетке алған көшпелі семинар-кеңеске қатысушылар жол жөнекей көзі тірісінде осы өңірге сапарлап келген кезінде Дінмұхамед Қонаев тоқтап, ат шалдыртқан, бүгінде «Қонаев биігі» аталып кеткен қасиетті төбеге соғып, ұлт көсемін еске алысты. Мәртебелі меймандардың одан кейінгі сапары Бөлтірік шешен кесенесі мен Қарақожа мешітінде, сондайақ көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың әкесі Рысқұлдың бейітінің басында жалғасын тапты. Айтулы тұлғаларға құран бағышталды. (Суретте) Қонақтар Ойық ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында төмен пайызбен несие алып, істерін дөңгелетіп отырған ауыл кәсіпкерлерінің жұмысымен танысты. Қариялар осындағы кәсіпкер Фахрадин Рахайдың көлік жөндейтін және көлік жуатын нысанында, Болатбек Тілепбергеновтың мал бордақылау алаңында болып, іскер жандардың өз табыстарын молайту жолындағы еңбек үрдістерін көзбен көрді. Ойық ауылындағы «Жеңіс» саябағында ұйымдастырылған ұлттық нақыштағы көрме және тігілген киіз үй қонақтардың зор қызығушылығын тудырды. Ардагер ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар бозбалалардың асық ойнағанын, жас балуандардың белдесіп күрескенін көріп, ежелгі қазақ ауылында жүргендей әсерге бөленді. Әжелер мен қыз келіншектер кесте тігіп, ою өрнек жасап жатты, сары қымыз сапырып, шұбаттан дәм таттырды. Алтыбақан тепкен қызжігіттер ауылды әнге бөледі. Біз шет жағалай айтып өткен тіршіліктің барлығы осы Ойық ауылындағы бірлігі жарасқан елдің ерен еңбегі мен көңілді тұрмыстіршілігінен хабар беріп тұрғандай. Шынын айтуымыз керек, ауыл тұрғындарының ел қызығарлық ісәрекетіне Пана Рахманбердіұлы жетекшілік ететін ардагерлер ұйымы, ауыл қариялары ұйытқы болуда екен. Оған дәлел - барлық шаруаның басында ауылдың белсенді қариялары жүрді. Облыстық көшпелі семинаркеңеске қатысушылар Ойық ауылындағы Әнуарбек Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде ауыл қарияларымен бірлесіп «Елдіктің тоғыз бағыты – жас ұрпаққа бағдар» деген тақырыпта әңгіме дүкен құрды. Көшпелі семина-кеңесті қысқаша кіріспе сөз сөйлеп ашқан Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов «Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтің Қазақстан халқына биылғы Жолдауынан туындайтын ардагерлер ұйымдарының міндеттері туралы» тақырыбында баяндама жасау үшін сөзді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаевқа берді. (Суретте) –Ата жолын жалғаған, ұрпақтар сабақтастығын үзбей келе жатқан аға буын өкілдері қашанда қандай құрметке болса да лайық. Ардагерлеріміз жастарының ұлғайғанына қарамастан қоғам тіршілігінен тыс қалған емес. Олар облыстың әлеуметтікэкономикалық дамуында болып жатқан оң өзгерістердің алдынғы сапында. Үлкендеріміздің ұрпақ алдындағы тағы бір құрметті, қастерлі міндеті бар. Біз бабалардан қалған салт-дәстүрлерді бүгінгі ұрпақтың лайықты жалғастырып кетуіне жағдай жасауға міндетіміз,– дей келе Еркібек Бейсенбекұлы ел Президентінің кезекті Жолдауында айтылған тоғыз бағытқа тоқталып, ардагерлер ұйымдарының алдында тұрған нақты міндеттер туралы айтып берді. –Жолдауда ауыл шаруашылығы өндірісін дамытудың тың бағыттары айқындалды. Ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру, көлемін ұлғайту, сапасын көтеру және өткеру мәселесіне Мемлекет басшысы баса назар аударды. Жолдауда Президенттің аузынан Меркі ауданының оң тәжірибесі қолдау тапты. Сол аудандағы «Сыпатай» шаруа қожалығының жетекшісі, еңбек ардагері Қанат Шайхиевтің тәжірибесін бардық ауданда кеңінен таратуға әбден болады. Мәселен Ойық ауылындағы ағайынды кәсіпкерлер Аманбек және Ақылбек Бектаевтардың біреуі ауылына мешіт салып берсе, екіншісі мәдениет үйін тұрғындардың өздеріне қайтарған,– деп атап көрсеткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы өзінің баяндамасында ардагерлердің белсенділігін көтеу, облыста билер кеңестері мен аналар алқаларының жұмысын одан әрі жетілдіру, салтдәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жаңғырту, жастармен жұмыс істеудің тиімді тәсілдерін меңгеру сияқты мәселелерге ардагерлер көшбасшыларының назарын аударды. –Қазір облысымызда он екі ауылдық округ бұзақысыз, ішімдіксіз және салауатты өмір салтын ұстанатын үрдіске көшіп отыр. Бұл бастаманы ардагерлер ұйымдары өздерінің ауылдарында кеңінен өрістетуге міндетті. Біз бүгін Ойық ауылы тұрғындарының биік мәдениетін, ауыл азаматтарының жасампаз еңбегін, жайлы өмір сүру қалпын көріп, атқарылып жатқан жақсы жұмыстарға куә болдық. «Ауылына қарап азаматын таны» дейді дана халқымыз. Олай болса Ойық ауылында үйренерлік мәселелер бар екеніне көзіміз жетті,–деп сөзін түйіндеді Е. Солтыбаев
Келесі кезекте көшпелі семинаркеңестің бастамашысы болған Ойық ауылдық округі бастауыш ардагерлер ұйымның төрағасы Пана Рахманбердіұлы баяндама жасап, өздерінде қабылданған "Елдіктің тоғыз бағыты–жас ұрпаққа бағдар" атты кешенді бағдарлама бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға жеке жеке тоқталды. –"Асар" бағдарламасы негізінен қариялардың бастамасымен жүзеге асырылуда. Ел болып бір отбасына бес бөлмелі үй соғып бердік, төрт үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, үш үйге көгілдір отын кіргізілді, екі отбасына қаржылай қолдау көрсеттік. Ойықтан шыққан азаматтардың қолдауымен стадион жаңғыртылды, "Жеңіс"саябағына көрнекті сахна орнатылды, 96 соғыс ардагері мен еңбек ардагерлерінің суреттері ілінді. Ауылымызда "Ауыл аманаты" жобасы аясында 2,5 пайызбен несие алып, жеке кәсібін ашып отырған жүзден аса азаматымыз бар. Олар қыруар тіршілік атқаруда. Ауылымызда әр жылдарда мектеп бітіріп кеткен түлектеріміз жыл сайын елге келіп, бас қосып, ауылымыздың көркейе түсуіне өздерінің үлестерін қосуда. Соңғы жылдары түлектердің қолымен ауылдық округтің аумағында 37 игілікті іс жасалды. Қариялар бас болып, ауыл тұрғындары бір кісідей жұмылып, атқарылып жатқан жұмыстар аз емес.Биылғы жылы "Елдігіміз елеге байланысты" деген ұранмен ішімдіксіз, бұзақысы жоқ, отбасылары берік, үлгілі ауыл боламыз, салауатты өмір салтын ұстанамыз деп бәтуаға келгенбіз. Бұл бағыттағы атқарып жатқан жұмыстарымыз нәтижесіз емес,– деп сөзін түйіндеді Пана Рахманбердіұлы. Облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі, облыстық "Ғұмыр–Дария" газетінің директоры-бас редакторы Жаңабай Миллионов "Ұлттық құндылықтарды қалыптастыру–ардагерлер ұйымдары қызметінің негізгі бағыты" деген тақырыпта баяндама жасады. – Бүгінде тәрбие жұмысының түп тамыры болып есептелетін ұлттық құндылықтарымыздың бастау алатын алтын бесігі ауыл екендігінде ешкімнің таласы бола қоймас. Олай болса біздің бастауыш ұйымдарымыздың , әсіресе ауылдық округтердегі ардагерлер кеңестерінің қызметінің негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарды жаңғырту, қалыптастыру, ұрпақ бойына сіңіру болып қала беретіндігі сөзсіз. Пендеңнің шыр етіп дүниеге келуінен бастап, ақ жауып арулап ана дүниеге аттандырғанға дейінгі күллі рәсімдердің тізбегінің барлығы, меніңше сол қазақы құндылық деп әспеттейтін ұғымның шеңберіне кіретін болар. Соңғы жылдары, туралап айтатын болсақ сөз еркіндігі, ой еркіндігі, еңбек ету, тұрмыс құру, өмір сүру еркіндігі қолға тиген тәуелсіздік жылдарында іргеміз әжептеуір ажырап қалдық-ау деген ұлттық құндылықтарымызға бір жағынан жақындай түскендей болдық, екінші жағынан алшақтап бара жатқан сияқтымыз. «Қазір не көп, той көп» деп жатамыз. Бір жағы бұл өмір шындығы. Екінші жағы қанша жерден біздің оппоненттеріміз аузын қу шөппен сүрткенімен, қазақтың тұрмыс жағдайы, өмір сүру сапасы жақсарды. Қазақ қазақ болғалы баласының туғанына да қуанады, күлгеніне де, жүргеніне де қуанады. Қуанған қазақ не істейді, той жасайды. Ал енді бұған бес, он жыл сайын келіп отыратын мүшел жасты қосыңыз. Қыз ұзатылады, ұл үйлі болады. Осының бәріне қазағым жарылып, аста-төк той береді. Ауыр болса да айтуға тура келеді, өмір бар жерде-өлім бар. Осындайда қазақтың ыңғайсыздау мақалы еске оралады. «Өлім бардың малын шашады, жоқтың...» Бүгінде өлікті шариғат тәртібімен және қазақы дәстүрмен жөнелтуде бізде қалыптасқан бір тәртіп болмай тұр. Адамның беті әрі қараған сәттен бастап, кәдімгідей бір тойға дайындалғандай қос қос жылқы сойылады, тізбектеліп қойлар қатар қойылады. Бір жағы адамын жоқтап жылап жатады, екінші жағы табақ табақ ет тартып, кісі күтіп жатады. Келіп-кетіп жатқан адамдарда сан болмайды. Көше сандалып бос жүрген азаматтардың барлығы бірер күн өлік шыққан үйді жағалайды. Тойды, өлікті шығарып салуды таусылмайтын, бірін-бірін қайталайтын мәнсіз, мағынасыз сөзжарысқа айналдырамыз. Тіптен ұят, сөзді білгенде сөйлейді, екі ауыз әңгіменің басын құрай алмайтындар да сөйлейді. Той жасау мен өлген кісіні соңғы сапарға шығарып салу рәсімін қалай реттеуге болады? Міне осы арада ауыл ақсақалдарының, дін өкілдерінің, белсенді азаматтардың батыл шешімі, жанашырлығы, ықпалды әрекеті өтемөте қажет. Ауылдың ардагерлер ұйымының төрағасы, ауылдың имамы, ауылдағы қауымдастық өкілдері бірлесе отырып, тұрғындармен өзара мәмлеге келулері керек. Байы бар, бағыланы бар, орташасы бар, тұрмысы төмендері бар, пікірлесе, ақылдаса келе бір тоқтамға келгендері жөн. Көпшілік болып ортақ шешімге келсек, түкпілікті шешімді ауылдың ақсақалы мен биі, имамы айтса, басбұзар біреу болмаса ешкім қарсы келе қоймайды. Міне біздің ардагерлер ұйымдары осындай елдік шаруаларға бастамашы болулары керек,– деп сөзін түйіндеген баяндамашы белсенді ардагерлердің қоғамдық қызметіне табыс тіледі. Көшпелі семинар - кеңеске қатысушылар жиын қортындысында облыстың барлық ардагерлеріне Үндеу қабылдады.(Үндеу газетіміздің осы санында жарияланып отыр) Семинар кеңестің жұмысын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев қортындылады.
"ҒҰМЫР – ДАРИЯ" – АҚПАРАТ
Обсудить
Блок в статье:
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ
20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Сейітхан ЖҰМАШЕВ, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС ІСІМІЗГЕ СЕРПІН БЕРЕДІ
18 ноябрь 2024, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)