Барымызды бағалай білейік
Құдайға шүкір, қазір еліміз 80 жылдан бері бейбіт өмір сүріп келеді. Біздің осы бақытымызды, алаңсыз тіршілігімізді көре алмайтындар жоқ емес, бар. Қазіргі күні кейбір диванда жатып ақыл айтатын «данышпандар» «біздің үкімет неге өйтпейді», «неге бүйтпейді» деп көп көсемситін болды. Бізге іргесі берік ел болу, тәуелсізігімізді тұғырлы ету үшін бейбіт өмір, салихалы саясат керек екенін түсінуге тиіспіз. Осы орайда, еліміздің әрбір азаматы парасаттылық танытып, бейбіт өмірдің қадір-қасиетін бағалай білсе деймін. Жыл сайын 31 мамырды – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде атап өтіп жүрміз. Өкінішке орай, сол күннің мән-мағынасын бәріміз бірдей түсініп жүрміз бе? Көбісі Алаш азаматтарының қуғын-сүргінге ұшырағанын, бірнеше этнос өкілдерінің Қазақстанға және Орта Азияға жер аударылуын осы күнмен байланыстырады. Бір жағынан бұны да жөн дейік. Дегенмен бұл күннің ауқымы терең, халқымыздың кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде тартқан қасіретін ауызбен айтып жеткізудің өзі қиын. Сонау 1920-1922 жылдары Азамат соғысы кезінде және алғашқы ашаршылықта қазақ халқының 1,2 миллионы қырылды. 1931-1934 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықта ұлтымыздың 2,5 миллионы шығын болды, 1,5 миллион қазақ шетел асты. Сондықтан да бұл күнді осынау миллиондаған боздақтарды, жазықсыз атылған, асылған ерлерімізді еске алу күні деп түсінуіміз керек. Өзі жанталасып жатып сталиндік зұлматтың құрбанына айналған, жер ауып келген өзге этнос өкілдерінің аман-есен қалуына адамшылық жасаған ата-бабаларымыздың дархандығы деп түсінгенміз жөн.
Жақында ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ашаршылықты қолдан ұйымдастыруға қатысқан тұлғалардың есімдерін ұлықтап, көшелерге аттарын беруді доғару керек» деп ашық айтты.
Бүгінгі есті ұрпақ осы сөздерден үлкен сабақ алса екен деген ой мазалайды мені. Бір ғана мысал, Талас ауданында 1930 жылы 48437 адам тіркелсе, 1933 жылы 12630 адам қалған екен. Демек 35835 адам не аштан қырылған, не жан сауғалап басқа жақтарға көшіп кеткен. 1930 жылы ауданда 633 мың қой-ешкі санаққа алынса, 1933 жылы тек соның 95158-і ғана қалыпты. 1930 жылы ауданда 22844 жылқы болса, 1933 жылы оның 1211-ғана қалған. (Еділ Әлиев «Жан қайғы» кітабынан, Тараз 2012 жыл, «Сенім» баспасы)».
Тағы бір мысал: 1930 жылы Арқадан Тама, Алшын, Тарақты болыстарының халқын Қаратау өңіріне қыстың көзі қырауда үдере көшуге тапсырма беріп, ақырында 25 мың адамның 80 пайызы жолай шығын болып, Бетпақтың бойында қынадай қырылғаны, ал қалған 6,5 мың адамды Саудакент маңында қоныстандырып, Сарысу ауданын құрды деп О.Жандосовты үшпаққа шығарудың не қажеті бар?! Ашаршылықтың шын ақиқаты осы.
Осындай зұлматты бастан кешірген біздің ұрпақ мынау бейбіт заманның бағасын білсе екен дейміз. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» қадірін түсінсе екен дейміз. Кеңес өкіметі келмеске кеткен тұста Талас ауданын Қаратау қаласына қосқанда 72 мың халық бар еді. Қазір оның ұзын саны 50 мыңнан әрең асады. Бұл да ойланатын жағдай.
Құдайға шүкір, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Бірақ, жасыратын не бар, рухани жұтаңдықты бастан кешіп жатқандаймыз. Жастарымыз еңбектен қашады. Шетелге еліктеп, ұлттық құндылықтарымызды тәрк етуде. Жас отбасылары арасында ажырасу көбейді. Оны айтасыз, адамзат баласына жат жаман қылықтар белең алуда. Бұрын осының бірде бірі жоқ еді. Шетел идеологтары осыны өркениеттің бір белгісі деп жымысқы саясатпен қоғамымызға дендетіп ендіріп жіберді.
Ең алдымен бізге елдің бірлігі керек. Бос сөзден арылғанымыз жөн. Әлеуметтік желілердегі арандатулардан бойымызды аулақ ұстайық. Қыздырманың қызыл тіліне ілеспейік. Қай нәрсеге де байыппен қарап, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, барлық жеңістің кілті еңбекте жатқандығын естен шығармайық.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Талас аудандық билер
кеңесінің төрағасы,
ардагер-журналист
Обсудить
Блок в статье:
Тектіліктің тамыры
09 апрель 2026, Четверг
Көкпарға құмарлық бізге әкемізден дарыған
09 апрель 2026, Четверг
Күн туды ескі жұртқа жаңаратын
09 апрель 2026, Четверг
Похожие материалы:
Комментарии (0)





