
Күні кеше ғана арамыздан кеткен Асық Уәлиұлы тоқсаннан асқан саналы ғұмырында көргені де, көңілге түйгені де мол көкірегі қазынаға толы батагөй қариямыз болатын. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай ой еңбегімен де белсенді айналысып соңынан бірнеше кітаптар қалдырды. «Шапырашты Қарасай батырдың ұрпақтары», «Түктіқұрттың шежіресі», «Жөн көрдім жинақтауды өткендерді», «Аманат», «Қасиетті ақ бата», «Ақ бата – асыл қазына, қасиетті асыл сөз» деген атауларынан-ақ бұл кітаптардың тақырыбы әралуандығын, кемел шағында өмірдің ыстық-суығында жиғантерген өмір сабақтарын түйіндеп кейінгілерге аманаттауды мұрат тұтқанын көреміз. Бұған дәлел ретінде «Қордайдың қоңыр құлжасы» атанған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының осыдан он жыл бұрын Асық ағаның «Аманат» деген кітабына жазған алғы сөзінде: «Көргені көп, көңілге түйгені көл-көсір, кемел ойлы келісті жандар әр ауылда көп те болмас. Алайда бар. Сол бардың ішіндегі бір ағамыз Асық Уәлиұлы ақсақал. Өлең жазып жүру - оның жан қалауы. Жүрек соғысында, алпыс екі тамырында соның лүпілі мен бүлкілі бар. Мұндай адамдар өзі өмір сүрген ортасында сөйлесе дүлділі, сайраса бұлбұлы. Тойын бастайды, толғауын айтады», – деп жазғанын айтсақ та жеткілікті. Аузынан өсиет сөздер ғана төгіліп, бар жақсыға тілекші болып, айналаға ізгілік нұрын сеуіп жүретін батагөйлерді ел іздеп жүріп қуаныштарына ортақтастырады. Асық ақсақалды да аудан басшыларынан бастап, түрлі кәсіпкерлер, ауыл азаматтары елдік істердің басы-қасына арнайы алдырып батасын алатын кездері аз болмаған. Ал Асекеңнің баталары бір-бірін қайталамай, ақынжанды көкірегінен түйдек-түйдегімен суырылып шығатын. Осындай ерек қасиетімен танылған қария бірнеше мәрте аудандық және облыстық батагөйлер байқауларына қатысып жүлдегерлер қатарынан көрініп те жүрді. Сәлем — сөздің анасы болса, бата — атасы дейміз. Әр таңын ақ тілеулі батамен атырып, сөз мәйегін теріп бірнеше кітап шығарған қарияның тоқсаннан асқан бейнетті де, ғибратты өмір жолының өзі бір кітапқа жүк болар еді. Тағдыр оны мына өмірге көзін ашпастан есіркей қоймапты. Ол дүниеге келетін 1932 жылдың қарсаңында сонау Құлтай бабасынан үзілмей келе жатқан орта дәулетті мал-мүлік, жүйрік ат қызыл өкіметтің көзіне түсіп, Уәли де кәмпескеге ілінетін болып малдарының таратқанын таратып, сатқанын сатып, қалғанын айдап қырғыз жеріне өтіп кетеді. Ол жақта да малы көрінеу талауға түсіп, үдере көшіп-қонып жүргенде Шу өзенінің сонау басындағы ну тоғайлы «Орта Токой» деген жерде сәуір айында киіз үйде өмірге келіпті. Есімін жергілікті қырғыздар өз руларының атымен Азык деп қойса да, кейіннен қазақтар Асық атап кеткен. Үш жылдан аса қырғыз арасын мекендеп, ұжымдастыру аяқталып, ашаршылықтан ес жия бастаған кезде елге оралып, бұрынғы қыруар мал атаулыдан қалған бір көк бие мен сиырын беріп жатып Уәли колхозға мүше болып кіреді. Содан бастап Асық Еңбек ауылының топырағын тобықтан кешіп, тасына табанын тілдіріп балалық шағын өткізеді. Жетіжылдық мектепті бітірген жылы Құрманалы ағасы жетелеп апарып Тоқпақтағы «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» техникумына түсіреді. Техникумнан соң Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтына жолдамамен жіберілгенімен, бір жылдан соң Қырғызстанға қайта оралады. Оған себеп «қандағы бар тектілік, шықпай қоймас еп қылып» демекші, Алматыда небір өнерпаз, домбырашы, ақынжанды жігіттерімен бірге оқып, жатақханада бірге жатқанда өзінің де бойында бар өлең сөзге ұсталығы оянып, ҚазПИ-дің тіл, әдебиет немесе тарих факультетіне ауысып түсуді ойлай бастайды. Бұны Құрманалы ағасына білдіргенде ол інісінің «осынша жеңілтектігіне» кейіп, бірінші курсты бітірісімен оның құжаттарын алып Фрунзедегі Скрябин атындағы ауылшаруашылығы институтына ауыстырып жібереді. Сөйтіп, Асекеңнің табиғи арман тілегіне тұсау салынып, төрт жылдан соң инженер-механик дипломын алып жолдамамен шалғайдағы Нарын облысынан бірақ шығады. Қырғызстанның әртүрлі шаруашылық құрылымдарында біраз тәжірибе жинаған соң, 1959 жылы ата жұрты Қордайдағы «Колос» ұжымшарына инженер болып оралады. Кейіннен «Алмалы» кеңшарына айналған шаруашылықта ол табан аудармай қырық жылға жуық бас инженер болып зейнетке шыққанша қызмет етеді. «Алмалының» дүркіреп аты шыққан кездерінің де, кейінгі «қайта құру» мен «құрғақ заңның» салдарынан қолда бардың бәрін ту талапайға түсіріп, мыңдаған гектар алма бағы, жүзімдіктер тамырымен суырылған кер кеткен кезді де көрді. Міне, осындай өмір құбылыстарының барлығы оның ақынжанды сезімін тебірентпей қоймады. Қуанышқа шаттанып, өкінішке қобалжып жыр да жазды, қара сөзбен де өрнектеді. Асық Уәлиұлы 1995 жылы зейнетке шыққаннан кейін қайсыбіреулерше үйдегі пеш түбін күзетіп қалмай, он сегіз жыл бойы Қарасай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кейіннен оған билер кеңесінің төрағалығын қосып қоғамдық қызмет атқарды. Аузы дуалы ақсақал бұл істе де абыройсыз болған жоқ. «Қордай ауданының Құрметті азаматы», «Жамбыл облысының Құрметті ардагері» атанды. Әкесі Уәли мен анасы Күлпаршыннан тараған алты ұл, екі қыз бауырларының ынтымағы жарасып өтті. Баяғыда Құрманалы ағасы өзін жетелеп жүріп оқытқаны тәрізді, іргелі әулеттің мәуелі бәйтерегіне айналып, Асық та іні-қарындастарын қамқорлығына алды. Әсіресе, кенже інісі Құрманғали Уәли үмітін ақтап үлкен азамат болды, бригадирліктен өсіп кеңшарды басқарды, аудан әкімі, Парламент Мәжілісінің депутаты да болды. Асекең тағдыр қосқан қосағы Айымкүл екеуі екі ұл, төрт қыз көрсе, олардан немере де, шөбере-шөпшек те сүйді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дегендей, олардың да әрқайсысы бір-бір кәсіпті дөңгелентіп отырғаны өз алдына, ең бастысы ата-анадан жұғысты болған адамгершілік қасиеттерді бойына молынан сіңіріп өсті. Айнагүл дәрігерлік, Ғалия мен Әсия ұстаздық, ұлдары Мұхамедқали мен Сейітқали ауыл шаруашылығы саласының әйдік мамандары. Ұябасар ұлы Сейітқали мен келіні Шынар қара шаңыраққа ие болып, «Асық» шаруа қожалығының шаруасын дөңгелентуде. Жақсы тілек тілеуден жалықпайтын батагөй қариямыз өткен жылдың соңында тоқсан үш жаста өмірден озды. Алдында он күн бұрын ғана бақилық болған алпыс алты жыл отасқан зайыбы Айымкүл Айтбайқызын қимағандай, бұл пәнидегі сапарларын тұйықтап бақи дүниеге қосағымен бірге аттанып еді. Көкірегіне қазына тұнған аузы дуалы қария артында өшпестей із, үлгілі ұрпақ қалдырды. Жақсы қария болып өмір сүрудің шынайы үлгісі, бәлкім осы болар.
Құрманбек ӘЛІМЖАН, Қордай ауданының Құрметті азаматы