Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Сұхбат

01 июль 2022, Пятница
90
0
ТІЛШІ: Жыл сайын Жеңіс мерекесі еліміз бойынша кең көлемде аталып өтетіні белгілі. Облыста Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жылдан-жылға сиреп барады. Олардың басым көпшілігі Тараз қаласында тұрып жатыр. Саны азайып бара жатқан майдангер ақсақалдармен байланыстарыңыз қандай?
Күләш ӘБДІКЕШЕВА: Иә, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қариялар азайып бара жатыр» деп жырлағанындай, өңірде Ұлы Отан соғысына қатысушылар қатары жыл сайын азайып бара жатыр. Дәл бүгінгі таңда олардың саны – 26 ғана. Солардың 14-і Тараз қаласында тұрады. Бәрі де мемлекет тарапынан қамқорлық аясында пәтермен қамтамасыз етілген. Оларға коммуналдық қызметтер тегін көрсетіледі. Бәрі де қалалық ардагерлер кеңесінің есебінде. Ұлы Отан со-ғысы ардагерлерінің денсаулықтары, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары– басты назарда. Бәрімен тығыз байланыстамыз. Қарт майдангерлер тарапынан ешқандай шағым жоқ. 
ТІЛШІ: Ұлы Отан соғысы ардагерлері атаулы мерекелерде ғана ескеріле ме, әлде үнемі басты назарда ма?
Күләш ӘБДІКЕШЕВА: Оған сөз бар ма! Барлық мерекелерде олар назардан тыс қалған емес. Мерекелерде еріктілер көмегімен сый-сияпат жасаймыз, азық-түлік, басқа да қажетті заттарды, дәрі-дәрмектерді жеткізіп берерміз. Денсаулықтары дәрігерлер бақылауында. 
ТІЛШІ: Биылғы Жеңіс мерекесіне орай орай іс-шаралар жоспарлап, жүзеге асырдыңыздар?
Күләш ӘБДІКЕШЕВА: Жыл басынан бері 3 майдангердің 100 жасқа толған мерейтойлары атап өтілді. Мұсахан Бердібаев, Павел Никитович Плугин және Владимир Григорьевич Нищеретневтің ғасыр жасаған тойларын ел болып атап өттік.  Бәрінің үйлеріне барып сый-сияпаттар тапсырдық. Арнайы концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. 
Мұсахан атаны сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барып құттықтап, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Қалғандарының мерейтойларына облыс, қала әкім-діктерінің жауапты қызметкерлері қатысты. Қариялар дән риза. Болса-болмаса, барлық іс-шаралардың басы-қасында қалалық ардагерлер кеңесінің белсенділері жүргені айтпаса да түсінікті. 
Ұлы Жеңістің 77 жылдығы мерекесіне Ұлы Отан соғысына қатысушылардың әрбіріне – 1 миллион, тыл ардагерлеріне 50 мың теңге қаржылай сыйлық берілмек. Ұлы Отан соғысы ардагерлері тұратын үйлердің алдынан үрмелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен әскери шеру өткізіліп, ән-күйден музыкалық тарту жасалады. Мақсат – майдангерлердің жандүниелерін рухани азықтандырып, көңіл-күйлерін көтеру. 
ТІЛШІ: Ұлы Отан соғысына қатысушыларды қамқорлыққа алған, оларға әлеуметтік қолдау, демеушілік көрсетіп отырған мекеме, кәсіпорындар, ілкімді азаматтар туралы да айта кетсеңіз. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген бар ғой.
Күләш ӘБДІКЕШЕВА: Әрине, біздің барлық іс-шараларымызға қала әкімдігі демеушілік жасайтынын ризашылықпен айтуым керек. Жекелеген кәсіпкерлер мен ілкімді азаматтардың да қолдау-көмектері бар. 
Биылғы іс-шараларға бас демеушіміз «Тараз металлургия зауыты» ЖШС болып тұр. Бас директоры – Ғабит Әбдіжапарұлы Сұлтанқұлов. Ол кісіге ризашылығым зор. 
Мереке қарсаңында «Есті ене мен көргенді келін» отбасылық және «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» өнер байқауларын өткіздік. Ардагерлер арасында спорттың сегіз түрінен спартакиада ұйымдастырылды. 
Жеңімпаздар мен ардагерлерді «орамал тон болмайды, жол болады» жоралғысымен марапаттап тастадық. 
Ең бастысы, бұл іс-шаралардың ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, жастарды отаншылдыққа, ұлт-жандылыққа, өнерге тәрбиелеуге тигізер ықпалы мен әсері зор. 
ТІЛШІ: Сіз – соғыстан кейін туған ұрпақтың өкілісіз. Соғыс зардабын сол дәуірде көрмеген, сезінбеген отбасы, сірә, жоқ шығар. 
Күләш ӘБДІКЕШЕВА: Мен – майдангер ұрпағымын. Әкем Әмедия 1939 жылы әскерге алынып, фин, одан кейін Ұлы Отан соғысына қатысып, фашистердің ордасы Берлинде Жеңіс тойын тойлаған екен. Майданнан капитан әскери шенінде 1946 жылы бір-ақ оралыпты. Келіндері «Капитан қайнаға» деуші еді. Омырауына ІІІ-дәрежелі «Жауынгерлік»,  «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерін, «Германияны жеңгені үшін» медалін тағып қайтқан Жеңіс «солдаты». 
Сауда техникумын бітіріп, тұтынушылар кооперациясында лауа-зымды қызметтер атқарған. Соңғы қызметі – мұнай өнімдері базасы қоймасының бастығы. 
Анам Мәуіті үй шаруасында болды. Олар 6 ұл мен қызды өмірге әкеліп, өсіріп тәрбиеледі. Бүгінде солардан тараған ұрпақ баршылық. 
Шыны керек, әке-шешеміздің арқасында қиыншылық көрген жоқпыз. Әкелері майдан даласында қаза тапқан балалардың ерте жұмысқа жегіліп, тұрмыс тауқыметін тартқандарын көзіміз көрді. Оларға жанымыз ашитын. Қазақ халқы мейірімді халық қой, соғыс кезінде қазақ жеріне қоныс аударған өзге этнос өкілдеріне де қамқор болып, тіпті, жетім балаларды асырап алғандары да болды. Ал, енді ағайынын қиындыққа қисын ба, көп болып көмектесіп талайын қатарға қосып жіберді. 
Жер бетінде тыныштық болсын, соғыс деген болмасын! 
Бізге осы бақытты күндерді тарту еткен қарт майдангерлерге мың алғыс! 
ТІЛШІ: Әңгімеңізге рахмет! 
Болат ЖАППАРҰЛЫ, 
«Ғұмыр-Дария».

Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

ДАҢҚ
30 май 2022, Понедельник
ДАҢҚ
Ұлы Жеңіске 77 жыл
05 май 2022, Четверг
Ұлы Жеңіске 77 жыл
Даңқ
20 март 2020, Пятница
Даңқ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры