Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ҰЛТТЫҚ НАҚЫШҚА БЕТ БҰРУ КЕРЕК!

ҰЛТТЫҚ НАҚЫШҚА БЕТ БҰРУ КЕРЕК!

15 апрель 2024, Понедельник
66
0
Жақында Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өміралиевтің «Балабақша-тіл үйренудің негізі» атты мақаласын көзім шалып, толық оқып шықтым. Автордың жанайқайы кез-келген ана тіліне жанашыр, ұлтжанды азаматты ойлантар мәселе екені сөзсіз. Оқи келе аталған мақалаға менде өз пікірімді жаза кетуді жөн көрдім. 
Мақаламды қазақ халқына өсиет ретінде қалдырылған Мұстафа Шоқайдың мына бір сөзімен бастасам: «Балаға қай тілде білім берсең, түбі сол ұлтқа қызмет етеді», – дейді ұлы қазақ. Ұлт үшін еңбек етіп, болашақ ұрпақтың жарқын келешегі үшін бар күш-жігерін салып жүрген бірқатар азаматтар бұл сөздің мәнін де, мағынасын да жете түсінеді деген ойдамын. 
Тілге тиек еткелі отырғаным, ол еліміздің, ұлтымыздың болашағына және дамуына ықпал ететін, қазіргі таңдағы басты мәселенің бірі – мемлекеттік тілдің мәртебесі, ұлт жолында қызмет ететін патриот ұрпақты тәрбиелеу. Қазіргі қазақ қоғамындағы қазақ тілінің бүгінгі қал-ахуалы кімді болса да алаңдатпай қоймайтыны белгілі. Мемлекеттік тілдің мерейін үстем ету жолында қазақы тәлім-тәрбиенің, ықылым заманнан бері келе жатқан салт - дәстүр, әдет - ғұрып, жөн - жоралғыларды құрайтын ұлттық құндылықтарымыздың рөлін қалай айшықтауға болады? Немесе осы аталған дүниелер арқылы балалардың бойында, санасында ана тілге деген құрметті қалай қалыптастыра аламыз?!
Қазақстан көп этносты мемлекет әрі бейбітшіліктің символына айналғандықтан, елімізде бүгінгі күні көптеген этнос – өкілдері бір шаңырақ астында бірлік пен ынтымақты ту етіп, ғұмыр кешуде. Кей жағдайда, қазақ тілінің қоғамдағы рөлін бағалағанда осы бір өзге этнос өкілдерінің қазақ тілінде сөйлеп, балаларын қазақ тілді балабақшалар мен қазақ тілді мектептерге беруі көңіл қуантатыны да рас. Бірақ, көңіл көншітпейтін мәселе де жоқ емес. Өйткені, ұлты қазақ бола тұра, өз балаларын орыс тіліндегі балабақшаларға немесе орыс мектептеріне білім алуға беріп жатқан қазақ отбасылары да баршылық. Әр түрлі жағдайларда өз қаракөздеріміздің бір-бірімен орыс тілінде сөйлесетініне куә болып жүргеніміз де жасырын емес. Бұл жағдайда қазақ тілінің мерейін үстем еткіміз келсе, өз ұрпағымыздың өз ана тілінде сөйлеп, қазақы салт-дәстүрлерді жетік меңгергенін қаласақ, біз ең әуелі тіл үйренудің негізін балабақшадан бастап қалауымыз қажет.
Осы тұрғыда Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ержан Өмірәлиевтің мақаласына қолдау танытқым келеді. Аталған мақалада тілге тиек етілгендей, бүлдіршіндеріміз жасынан батырлар жырымен сусындап, қазақ ертегілерін тыңдап өссе, келешек ұрпақтың ұлт жолында қызмет ететін және ана тілін құрметтейтін тұлға болып қалыптасары анық. Оның үстіне, мемлекет тарапынан осы ұсынысқа қолдау көрсетілетін болса, балғын балалардың бойынан «Мен қазақпын!» деген мақтаныш сезімдерінің оянуына да жол ашар едік. Демек, соның нәтижесінде өскелең ұрпақ кеудесінде отансүйгіштік, патриоттық сезімдер де артатыны ақиқат. 
Сондай-ақ, бұл мақалада ардагерлер кеңесінің төрағасы оқырман қауымның назарына Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ұсынған дәйек-деректерді де келтіріп отыр. Бұл қоғамның мәліметінше, үлкен қалалардағы қазақ мектептерінде білім алып жатқан оқушылардың 64 пайызы мемлекеттік тілдегі мәтіннің мағынасын түсінбейді екен. Тіпті, кейбір балалар орыстілді болғандықтан халқымыздың ұлттық құндылықтарын бойына сіңірмейді. 
Бұл – өте түйіткілді мәселе. Бұл ретте тіл жанашырының «Мектепке дейінгі оқу-тәрбие бағдарламасын өзгертіп, қазақи ұлттық нақышқа бет бұру керек!» деген ұсыныс-пікіріне толықтай қолдау білдіремін. Егер де бұл ұсыныс мемлекет тарапынан қолдау тапса, біздің елімізде Отанын, елін сүйетін жастар қатары көбейіп, ана тіліміздің мәртебесі асқақ, мерейі үстем болары хақ. Бұл мәселенің астарында бүкіл қазақ қоғамының, қазақ халқының тағдыры жатыр деп ойлаймын. Ал, ұлт тағдырына алаңдайтын әрбір азамат ана тілі мәселесіне бей-жай қарамауы қажет.

Балықбай КӨПЖАНОВ,
Шу аудандық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры