Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ӘЖЕ – ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ, ТӘРБИЕ БЕСІГІ

ӘЖЕ – ҰЛТ ҰЙЫТҚЫСЫ, ТӘРБИЕ БЕСІГІ

15 апрель 2024, Понедельник
136
0
Киелі де қасиетті Түркістан қаласында бастау алған «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты алқалы жиында қазіргі заманауи қоғамда әженің тәрбие жұмысындағы алатын орны ерекше екені егжей-тегжейлі айтылды. Еш жерде жазылмаған бұл Ұлы дала заңы ұрпақтан - ұрпаққа жалғасын тауып, қалайша бұлжымай орындалып келеді деген сұрақ туындайды. Расыменде әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген асыл бейне, қасиетті тұлға келеді. Иә, әже деген алып адам. Ол, ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ саулығының діңгегі. Асыл аналарымыз бен ұлы әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ.

Атыраудағы үшінші Ұлттық Құрылтайдың мінберінен Президентіміз Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ең алдымен, халықтың береке - бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды. Ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе, елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлт мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деді.
Халқымызда ежелден айтылып келе жатқан: 
«Бетеге кетсе бел қалар,
Билер кетсе ел қалар,
Береке кетсе нең қалар?!»,
– деген даналық сөз бар.
Бүгінде өңірімізде 135 мыңға жуық зейнеткер есепте тұрады, оның 84765-і зейнетке шыққан аналарымыз бен әжелеріміз. Бұл барлық үлкендеріміздің 63 пайызын құрайды.
Облысымызда ортақ үйіміздің іргесін шайқалтпай, төріміздің көркі болып, «Ішімізде дау болмасын, сыртымызда жау болмасын» деген аталы - баталы тілегін үнемі айтып жүрген аузы дуалы, сөзі уәлі, елдің береке - бірлігіне, ырыс алды ынтымағына сүбелі үлес қосып жүрген әжелеріміз аз емес.
Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аналар алқасы әрдайым жақсы істерге ұйытқы әрі мұрындық болып, қоғамдық жұмыстарға араласып, облыс көлемінде өтіп жатқан барлық саяси, мәдени - рухани, діни шаралардың басы - қасында жүріп, еңбек адамдары мен жастарға үлгі - өнеге көрсетуде. 
Ол кісілердің ақ шағаладай болып, ұлттық киіммен кимешек киюі, немерелеріне «Ертөстігім бір төбе...» - деп, ертегі айтуы – ұлттық құндылығымыздың орнықтырудың ұлық үлгісі деп білеміз.
Ұлы жерлестеріміз, қаһарман қазақ, ер Баукең: «Мен балаларына ертегі айтпайтын әжелерден қорқамын, бесік жырын айтпайтын келіндерден қорқамын, салт-дәстүрімізді дәріптемейтін жастардан қорқамын» деген сөзі күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ.
Пандемиядан кейін біздің әжелер өздері бастамашыл болып, бала - бақшаларға бекітіліп, жұмыстарын ертегі айтудан бастады. Бұл бастама – өте дұрыс шешім болды. Біздің ғұламаларымыз Әл-Фараби мен Абай: «Тәрбиені неғұрлым ертерек бастау керек» керек деген. Сондықтан да біздің әжелеріміз тәрбие жұмысын бала – бақшадан бастап жатыр.
Соңғы жылдары аналар алқасының құрамындағы әжелеріміздің қатысуымен ардагерлер ұйымдарындағы жұмыстың алуан түрлері – саяси - қоғамдық, мәдени - көпшілік, спорттық шаралар кезінен өріс алуда. Әсіресе жастар арасындағы тәрбие жұмыстарында қарттардың жаппай белсенділігі артқаны байқалады. Бұл жақсы үрдіс, оны жалғастыруымыз керек.
Өзіндік өнегесі бар, дала дәстүрін сақтаған өңірміздің апа - әжелері қазақ халқының болмысын, ұлттық құндылықтарын сақтай отыра тәрбие өзегін жастардың бойына сіңіруде. 
Тәрбие жұмысы қазіргі күнде ардагерлер ұйымдарының кезек күттірмейтін жұмысы болып тұр, әсіресе біздің әжелеріміз құндылықтарымызды халқымыздың, оның ішінде жастарымыздың бойына сіңіру міндетін өз мойындарына алып, қоғамдық қызметіміздің көрігін қыздыра түсуде.
Атырау қаласында үшінші Ұлттық Құрылтайдың мінберінен Президентіміз осы бастан Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын атап өтуге дайындықты бастаған жөн деді. Өкінішке қарай Ұлы Отан соғысына қатысушылардан небәрі 19 - ақ адам қалды, ал тыл ардагерлері 1832 адамды құрап отыр, олардың ең жасы 87 - ге келді. 
Сондай - ақ биыл Жамбыл облысының құрылғанына 85 жыл толады, осыған байланысты 85 түрлі мәдени - көпшілік шараларын өткізуде ұйғардық. Біздің облыста 85 жасқа толған 1567 қариямыз бар екен, оның 1131 - і әжелеріміз, олар үлкендеріміздің 72 пайызын құрайды. Біз жастарымызды Ұлы Отан соғысы, тыл ардагерлерінің жауынгерлік және еңбек даңқы дәстүрінде тәрбиелеуіміз керек.
80-ге келген ардагер Әлі Бекқұлы Әліұлы хабарсыз кеткен жамбылдық жауынгер – майдангерлердің деректерін бірнеше жылдар бойы іздеп, оларды тауып туған-туыстарының ризашылығына бөленуде.
Әженің сөзі – тәрбиенің көзі. Бүгінде қанатын кеңге жайған аналар алқалары қоғамдық қызметінде жаппай белсенділік танытуда. Мақсат – халқымыздың ұлттық құндылықтарын, жақсы әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін насихаттап, дәріптеу, жаңғырту, жастарға рухани тәрбие беру, отбасы құндылықтарын сақтауға атсалысу.
Меркі ауданының Жамбыл ауылдық округінің аналарын нағыз батыр аналар елі деп айтуға болады. Округке қарасты Жамбыл, Жеміс жидек, Талдыбұлақ, Тұрлыбай батыр ауылдарында 57 «Алтын алқа», 119 «Күміс алқа», иелері, 215 бес балалы, 309 төрт балалы ана тұрады. Осы ауылда тұратын ақ жаулықты әжелер, алтын құрсақты аналар, ибалы да инабатты келіндеріміз ауыл тіршілігіне, жастар тәрбиесіне, мектеп оқушыларының тәрбиесіне белсенді түрде араласуда.
Осы ауданда әжелердің қатысуымен «Ақбастау», «Береке», «Ақмоншақ», «Дархан», «Ақкербез», «Замандастар» атты аналар ансамблдері жұмыс істейді. 
Жуырда ауданның батыр аналары бас қосып, келелі кеңес құрды. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігі, жалпы жастардың тәрбиесі туралы өзекті мәселелер қаралып, ауданның барлық аналарына Үндеу жолданды. 
Жуалы ауданында «Ана тәрбиесі – қазақ қоғамының жазылмаған оқулығы» атты форумы өтті. 
Осы ауданның аналар алқасы жылдық жоспарға сәйкес 7 бағыт бойынша өз қызметтерін ұйымдастыруда. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталған «Қамқор» қайырымдылық дүкенін ашып, «Әженің ережесі», «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт», «Ене мен келін сыйластығы» жобалары бойынша жұмыс жүргізуде.
Біз ұлттық тәрбиені әлсіретіп алдық. Неге жасөспірімдер арасында ерте жүктілік көп, неге тастанды бала көп, неге ажырасу көп? Ұлт тәрбиесі – анадан. Ұлымыз неге намыстан, қызымыз неге ұяттан кетті. Аналарымыз қай жерден қателесті, нені жоғалтып алды. Біздің аналарымыз, әжелеріміз осындайда өздерінің ақыл - парасатын көрсетіп, жастарға бағыт - бағдар беруі керек. Біз қазір алмағайып заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан біз етек - жеңімізді жинайық. Ауқымды, маңызды шараларды тек шоу түрінде ұрандатып емес, шын мәнінде нақты, жүйелі іске, нәтижеге құрылған пайдалы дүниеге айналдырып өткізуге біздің әжелеріміз өз  үлестерін көбірек қосса деген тілегіміз бар.
Жуалы ауданының Ертай ауылында Қазақстанның Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевтың атсалысуымен осы шағын ауылда «Батыр аналар» аллеясы ашылды. Онда 100 тыл, еңбек ардагерінің, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен көп балалы аналардың есімдері мен суреттері мраморға қашалып орнатылған. 
Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің генералы Сейітжан Қойбақовтың демеушілігімен Жуалы аудандық ауруханасының ауласында «Анаға тағзым» ескерткіш белгісінің ашылу рәсімі өтті. Алып та анадан туады. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен барша аналарға арналған бұл ескерткіш.
Мұндай игілікті істер басқа аудандарда да қолға алынып, батыр аналарға құрмет көрсетілуде. 
Тараз қаласында дәстүрлі түрде жыл сайын әжелер мен аналарға арналған әртүрлі шаралар өткізіліп тұрады. Ал биылғы жылы 2024 – 2026 жылға арналған «Тараз қаласы – мәдениет мекені» тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада отбасылық құндылықтарды, мәдениетті ұлт қалыптастыруға, құрметтеуге байланысты іс-шаралар, ата-аналар комитетімен бірігіп жасөспірімдер арасындағы қылмысты болдырмау шаралары, жастардың дамуы мен өз қабілетін іске асыруына теңдей мүмкіндіктер жасау мәселелері қарастырылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Қамқор» жобасын іске асырумәселесі де маңызды. Тараз қаласының бірқатар білім беру мекемелерінде «Өнерлі әже, тәрбиелі немере» сайысында әжелеріміз ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеп, жас ұрпақтың бойына мейірімділік пен ізгілікті сіңдіре білді. № 26 мектепте ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған арнайы кабинеттің ашылуы өтті. Енді осы жерде «Даналық мектебі» клубының мүшелері, «Ата өсиеті», «Әже даналағы», «Аға қамқорлығы» мен «Жеңге кеңесі» секциялары бойынша мектеп оқушыларына ұлттық құндылықтарды бойына сіңдіретін болады.
Тараз қалалық аналар алқасы мүшелері Жамбыл жоғары медициналық колледжінде және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында «Ананың ақылы - шырақ» тақырыбында студент жастармен, профессор - мұғалімдер құрамымен кездесу өткізілді.
«Отан отбасынан басталады» десек, ұрпақты бала кезінен бастап отансүйгіштікке, отбасы құндылықтарын сақтауға үйретуде әжелеріміздің орны ерекше. Еліміздің ертеңі, болашағы – балаларымыз үшін әжелер таптырмас байлық, құны жоқ ғибрат. Осыған орай Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен «Мен әжемін - ұрпағын әлдилеген» атты қалалық әжелер сайысы үлкен белсенділікпен өтті.
Біздің қоғамда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол – мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істе, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте де тамаша табыстарға қол жеткізіп, саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Мысалы Байзақ ауданында іскер әйелдердің ұйымдастыруымен кәсіпкерлікті дамытуда едәуір ілгерілеушілікке қол жеткізілді.
Қордай аудандық Үлкен Сұлутөр, Қақпатас, Беріктас елді мекендерінің ақ жаулықты әжелері «Даналық» мектебінің жұмысын жолға қоя білді.
Жалпы әжелер қауымы қазіргі әлемде болып жатқан күрделі геосаяси ахуалды бағамдай отырып, Президентіміз Қасым - Жомарт Тоқаевтың III Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзін басшылыққа алып, біздің елімізге тыныштық, бірлік, татулықтың ауадай қажет екенін жақсы түсінеді.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ,
Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Обсудить

Похожие материалы:

Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
14 июль 2023, Пятница
АРЛЫ АДАМ – АДАЛ АДАМ
Жазылым – 2020
27 май 2020, Среда
Жазылым – 2020
Дала академигі
01 июль 2022, Пятница
Дала академигі
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры