Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ДАРАБОЗ АКТЕР, ДАРЫНДЫ ҚАЛАМГЕР

ДАРАБОЗ АКТЕР, ДАРЫНДЫ ҚАЛАМГЕР

30 январь 2024, Вторник
76
0
Асекеңнің балалық шағының қиындықпен өткені туралы деректер көп. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңдер халықты жоқшылыққа ұрындырды. Жақындарынан айырылып, жүрегі жараланған Жайылма жұрты ас - судың тапшылығының зардабын да, азабын да тартты. Тамақ пен нанға тапшы елдің жылы киім киюге, тіпті, мүмкіндігі аз болды. Бала болып еркелеуді білмеген, қарыны тойып, ойнап күлмеген болашақ қазақ театр және кино өнерінің жарық жұлдызы Асанәлінің басынан өткерген қиындықтары аз емес. Асанәлінің үлкен өмірге Жайылманың шап-шағын қоржын тамынан жолдама алғанын, бәлкім, біреу білер, біреу білмес. 
Асекең бір әңгімесінде ағасы Асқарәлі екеуінде мектепке киетін қыстық бір-ақ етігі болғанын айтқаны есімізде. Бірі таңғы, бірі түскі ауысымда оқитын мектеп оқушылары. Қыстың көзі қырауда күн суық, таңертең мектепке кеткен Асқарәлі түскі ауысымға Асанәлі сабаққа кешікпей баруы үшін үйіне асыға жүгіреді екен. Асқарәліні асыға күткен Асанәлі мектепке кешікпей баруы үшін алдынан жалаңаяқ жүгіріп шығып, екеуі орта жолда етікті ауыстырады ғой, ал, Асқарәлі болса үйіне жалаңаяқ қайтып жүрген. 
Әй, тәкаппар дүние, 
Маған да бір қарашы.
Танимысың сен мені,
Мен қазақтың баласы - деп, өмірге айтар назын кейіпкер тілімен жеткізген ұлы актер Жайылманың қар-батпағаны жалаңаяқ кешсе де, өмірдің қар-батпағына табаны сыздамайтын, сүйегі сырқырамайтын өнердің өр тұлғасы болып қалыптасты.  Сұрапыл соғыстың жаралы жесірі жалғыз анасымен бірге тұрмыстың ауыртпашылығына еңсесі сынбай қасқайып тұрып Қасымның жырын оқып, дүрбелең дүниенің ұлы әуеніне өз үнін қосты. Сары даланың сары балшығын кешіп жүрген қарғадай қазақ баласы тәкаппар дүниенің дидарын өзіне қаратты. 
Қазақ руханиятына өткен ғасырдың орта тұсында келіп, содан бергі жарты ғасырдан астам уақыт бойы өнерімен қалың жұртына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан көрнекті актер, режиссер, өнер және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімовтың кино өнері мен театр сахнасындағы шығармашылығымен берісі иісі қазаққа, әрісі әлемге танылған. Талантты адам бар жағынан да талантты деген бар. Әшімовтің жазушылық таланты қалың жұртшылыққа соңғы жылдары кеңінен танылып отыр.  Өнер саңлағы күні  бүгінге дейін бірнеше кітап шығарды.
1995 жылы жарық көрген Асекеңнің тұңғыш туындысы «Майраның әні» кітабын оқырмандар бірден жылы қабылдады. Бұл кітап алғашқы жары Майра Шәкенқызына арналған. «Құстың қос қанатындаймыз» деп басталатын жазбаларында алғаш танысқан шақтарынан бастап   Майра Шәкенқызының бақилық болғанына дейінгі өмір жолын баяндаған. Айта кетерлігі «Майраның әні» кітабын Майрамен сырласу түрінде жазады.  Сонымен қатар, бүкіл ғұмырында өткен белестерді, өнер адамдарының  арасындағы қатынас, отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі жайында тебіренеді. Келесі кезекте – 2001 жылы жарық көрген «Жан бөлек» кітабы. Кітапта сүйікті жары Майра мен сүйкімді ұлдары- Мәди мен Сағидың рухтарына арналған естеліктерін емірене жазып, сырласа отырып күш - қуат, тірек іздейді. «Жан бөлек» кітабы «Майраның әні» кітабының жалғасы іспетті. 
Асанәлі Әшімов шығармаларының ішіндегі ерекше қызғылықтысы-күнделіктері. Күнделік - ерекше жанр.  Автордың өз пікіріне келсек, алғашқы жазулары спектакльдердегі этюдтар болып басылып, кейін күнделікке ауысыпты. Күнделікті студент кезінен жаза бастапты, өкінішке қарай, он үш дәптері кезінде жоғалып кетіпті. 
Күнделік  жүргізу- үлкен мәдениеттің  белгісі. Мұндай шығармалардан естелік арналған адам ғана емес, ең алдымен сол естелік жазып отырған адамның жан дүниесі, ой-өрісі, дүниетанымы танылады. Оған 2006, 2011, 2019 жылдары жарық көрген «Менің жанрым - Күнделік» атты көп томдық жинағы дәлел. Кітабында ағамыз әріптестері, замандастары туралы тебірене толғанады, өмірінің әрбір кезеңінен сыр шертеді. Сонымен қатар, күнделіктерінде басынан өткен маңызды оқиғалар туралы толғаныстары да бар. Күнделіктерінде автордың айтқыштығы, тапқырлығы, әдемі әзілдері тұздық болып отырады. Мұнда замандастарының  портреті мол. Мысалы, күнделікте көп кездесетін есімдердің бірі – белгілі сәулетші Шота Уәлиханов. Ол кісінің бүкіл мінезін, табиғатын, тіпті, бәлішті жақсы көретініне дейін әдемі келтіріп отырған. «Шота – менің шабытымды оятушы» дейді Асағаң бір сұхбатында.
Бұл еңбектердің құндылығы – өнердің ұзақ жылғы тарихын сұлбалайды. Көрген өнер мектебі, ұстаздары Қуанышбаев, Өмірзақов, Айманов, Тоқпанов, Майқанова, Бөкеева, Қожамқұлов, Римова туралы, достары Молдабеков, Жайсаңбаевтар туралы сағынышпен жазады, олардың шығармашылық зертханаларын ашады. Әсіресе, Шәкен Аймановтың өнер мектебі туралы жазбалары толғандырмай қоймайды.
2007 жылы 5 томдық, 2014 жылы 7 томдық шығармалар жинағына, 2017 жылғы жарық көрген 2 томдық «Таңдамалыларында» Асанәлі Әшім-ұлының шығармаларына  «Майраның әні» және «...Жан бөлек» атты кітаптары енгізілген. Онда автор сүйген жар, отбасы, әріптестері, кезең, қоғам жөніндегі ой - толғаныстары, қөзқарастары кеңінен қамтылған. Және де осы уақытқа дейін берген сұхбаттары да кітап бетіне түсірілген.
Бұл кітаптар туралы қазақ әдебиетінің  классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап небір мүйізі қарағайдай академик, ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары оң пікірін білдірген, талдаған, жоғары бағалаған.
Дарабоз актердің жоғарыда аталған кітаптары Тараз қаласында 2011 жылдың желтоқсан айынан жүмыс жүргізіп келе жатқан Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының құнды жәдігерлері қатарында сап түзеп тұр.
Айнұр ЖҰМАХАН,
Жамбыл облыстық тарихи өлкетану музейіне қарасты Асанәлі Әшімов шығармашылық орталығының қызметкері.
Обсудить

Похожие материалы:

Қарттар жазған хаттар
12 ноябрь 2020, Четверг
Қарттар жазған хаттар
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ НЕ КӨРМЕДІ
26 май 2023, Пятница
БІЗДІҢ ХАЛЫҚ НЕ КӨРМЕДІ
ТАҒЫЛЫМ
01 февраль 2022, Вторник
ТАҒЫЛЫМ
«СКАНДАЛ»
30 январь 2024, Вторник
«СКАНДАЛ»
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры