Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Көне мұралар – тарихымыздың алтын діңгегі

Көне мұралар – тарихымыздың алтын діңгегі

28 февраль 2025, Пятница
78
0
Бүгінде тарихи ескерткіштерді зерттеудің, зерделеудің қалпына келтірудің, киелі орындарды қастерелеп, қадірлеудің рухани маңызы зор. Ұлы даланың мыңжылдықтар тарихындағы сақталған және аршылып бітпеген құндылықтарының еліміздің туристік әлеуетін көтерудегі орны орасан.Әулиеата – тарихи ескерткіштерге, құнды көне мұраларға аса бай өңір. 
Осы орайда облыс  әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің директоры Сауран Қалиевпен әңгімеміз тарихи-мәдени ескерткіштер мен рухани нысандарды жаңғырту, қайта қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар туралы өрбіді.
ТІЛШІ: – Сауран Қалиұлы, Сізді тарихшы, археолог, жан-жақты білімді,  білікті азамат ретінде жақсы білеміз. Жаңа қызметтің Сіздің оң жамбасыңызға келгендігіне де күмәніміз жоқ. Ал, енді осы лауазымдағы алғашқы қадамдарыңызды неден бастап жатырсыздар?
Сауран ҚАЛИЕВ: – Рахмет! Иә, орынды сауал. 
Расында да тарихи ескерткіштерді қорғау және қайта қалпына келтіру дирекциясы маған тансық мекеме емес. Мен бұған дейінгі уақыттарда осы мекемеде тарихшы маман, одан соң тарих және археология бөлімінің меңгерушісі және кейінгі жылдары директордың орынбасары қызметтерін атқарғанмын. Иә, ол кездерде де ұжым болып көптеген істі тиянақты тындырып, мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында талай жобаларды жүзеге асырдық, бір қатар тарихи-мәдени ескерткішерді қалпына келтірдік, жоғалып кетуге шақ қалған тарихи орындарды түгендеп, мемлекеттік деңгейде қорғауға алып, қайта қалпына келтіруге ықпал еттік. 
Міне, енді араға 5 жыл салып, бұрынғы әріптестеріммен қайта қауышып отырған жайым бар. Сондықтан да бұл ұжым маған тансық емес.
Ал, енді менің осы қызметке келуім жылдың басына дөп келді. Сондықтан да бірқатар жаңа жобалармен жұмысты бастап кеткелі жатырмыз.  
Орта Азия тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі – 751 жылғы Атлах-Талас шайқасы екені белгілі. Бір кездері Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан саяси стратегиялық маңызы зор, түркілердің мәдениет ошағына айналған Тараз шаһарының маңында Атлах деген қала болған. Осы Атлахтың маңында Араб Халифаты мен Қытай империясы соғысқан. Бұл – әлем тарихындағы ең ірі жеті шайқастың бірі. Араб пен Қытай арасындағы соғыс болған Атлах қаласының орны мен Талас өзенінің маңы жаһандық тарихшылар мен зерттеушілерінің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Бұл аймақ облыс орталығы Тараз қаласының іргесінде орналасқан Бесағаш ауылының аумағында 400 гектар жерді алып жатыр. 
Биылғы жылдың басында облыс әкімінің қолдауымен және облыс әкімінің орынбасары Серік Жақсылықұлы Сәлемовтың қатысуымен Жамбыл ауданындағы «Бесағаш» қалажұртының маңына арнайы барып, алдағы археологиялық барлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында атқарылуға тиісті бірқатар шаруаларды кеңесіп, ақылдасып қайттық. Бұндағы негізгі мақсат: 
–    Атлах-Талас аймағында өткен шайқастар туралы тарихи материалдар жинақтау;   
–    Шайқас өткен орынды археологиялық барлау жұмыстары арқылы анықтау;
–    VI-IX ғасырларда өмір сүрген Атлах (Бесағаш) елді мекеніндегі тарихи орынға археологиялық кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы белгілі бір дәрежедегі тарихи ескерткіш орнату;
–    Археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған құрылыс заттарын, мәдени қабаттарын қалпына келтіре отырып, ашық аспан музейіне айналдырып, оны өңірлік туризм бағыттарына қосу. 
Көктемде Атлах маңында археологиялық зерттеу қазба жұмыстары басталып қалады. Сонымен қатар, Қазақ хандығы ту тіккен аймаққа ғылыми-зерттеу жұмыстарын  жүргізу қажет болып тұр. Яғни, қазақ хандығына қатысты тарихи орындарды, археологиялық ескерткіштерді іздестіруді жалғастыру жоспарланып отыр.
ТІЛШІ: – Сүйген істің сүйіншісі мол болады деген, жаңа жұмысқа үлкен құлшыныспен бірден кірісіп кетіпсіз. Жалпы Сіз басқаратын мекеменің негізгі жұмыс бағыттары туралы айтсаңыз. 
Сауран ҚАЛИЕВ: – Жамбыл облыс аумағында тарихи-мәдени мұра нысандарын анықтауды, есепке алуды, сақтауды, зерделеуді, пайдалануды және олардың жай-күйін мониторингтеуді қамтамасыз ету осы мекеменің тікелей міндетіне жатады. Сондай-ақ, мекеме 2020 жылғы 1 шілдедегі Жамбыл облысының жергiлiктi маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы № 148 қаулысы негізінде мемлекет қорғауына алынған 708 тарихи нысандарды қорғау, сақтау мен олардың жай-күйіне мониторинг және  қорғау тақталарын орнату жұмыстарын жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғау, құрылыс салуды реттеу аймағының және қорғалатын табиғи ландшафт аймағының шекарасын, олардың жобасын әзірлеу осы мекеменің басты міндеттеріне жатады. Облысымыздағы қандай да бір тарихи орындарға археологиялық зерттеу немесе қазба жұмыстары жүргізілген жағдайда осы мекеме оны тікелей бақылайды. 
Мекеменің соңғы жылдардағы атқарған жұмыстарының нәтижесіне тоқталар болсам, мыналарды көрсетуге болады: 
2009-2014 жылдар аралығында Жамбыл облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің жинағы жарық көрді. Аталған жинақ облыс көлемі аумағында орналасқан 10 аудан мен Тараз қаласындағы археология, қала құрылысы және сәулет және монументалды өнер ескерткіштері туралы ақпараттар енгізілген. 
Олардың барлығы көптеген жылдар бойы жүргізілген арнайы ізденістер нәтижесінде анықталып, зерттелген. 
Нәтижесінде облыс көлемінде орналасқан тарихи-мәдени нысандардың жалпы саны 3480-ге жетті.
Оның ішінде:
– 30-і – Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің (сол кездегі атауы) 2020 жылғы 14 сәуірдегі №156 бұйрығы негізінде республикалық дәрежедегі мемлекеттік тізімге енгізілген тарих және мәдениет ескерткіштер. Соның ішінде 5 нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік халықаралық дәрежедегі тізіміне енгізілген;
-    708-і – Жамбыл облысы әкімдігінің 2020 жылғы 1 шілдедегі №148 қаулысымен бекітілген жергілікті дәрежедегі ескерткіштер;
-    2742-і – Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының (сол кездегі атауы) 2024 жылғы 5 сәуірдегі «Жамбыл облысында орналасқан тарихи мәдени мұра нысандарының алдын ала тізімін бекіту туралы» №13-н бұйрығымен бекітілген. 
Мысалы, 2025 жылдың қаңтар айында тарихи-мәдени мұра нысандарының жай-күйін, сақталу деңгейін анықтау мақсатында Ұлы Жеңістің 80 жыл толуына орай Жамбыл облысы көлемінде орналасқан 244 монументтік өнер құрылысы ескерткіштеріне (Сарысуда-10, Меркіде-23, Т.Рысқұловта-20, Байзақта-19, Жамбылда-24, Таласта-18, Шуда-32, Жуалыда-28, Мойынқұмда-19, Қордайда-31, Таразда-20) мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 105 монументалды ескерткіштің тарихи келбетін сақтай отырып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екендігі анықталды. Мекеменің басты міндеті облысымыздағы мемлекеттік қорғауға алынған тарихи-мәдени нысандардың сақталуын қадағалау. Облысымыздың тарихи-мәдени ескерткіштерін сақталуын, күтімін және олардың жойылып кетпеуін қадағалау да оңай шаруа емес. Сондықтан да бұл мекеменің алдында атқаруға тиісті қыруар жұмыстар мен міндеттері тұр. 
ТІЛШІ: –Осы сұрақтың жалғасы деуге де болады, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен болған кездесу барысында журналист Жаңабай Миллионов көтерген, кезінде А.М.Бернштам, Әлкей Марғұлан зерттеген тарихи Саудакент қалашығының орнын ашу мәселесі қолға алынып жатыр ма? Бұл тарихи орынға облыс әкімінің өзі барып көріп, тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілгенінен де хабарымыз бар. Күлтөбе деп аталатын төбешікте талай тарихтың көміліп жатқанында білесіз. Осы жөнінде кеңірек тоқталсаңыз?
Сауран ҚАЛИЕВ: – Иә, журналист Жаңабай Миллионов ағамыз көтерген мәселе өте орынды. Саудакент ауылының оңтүстік бөлігінде, Шабақты өзенінің сол жағалауында орналасқан Саудакент қалажұрты ІХ-ХV ғасырларға тән тарихи орын. Кезінде оны В.А.Колосовский қарап шыққан. 1946 жылы Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Яғни, Әлкей Марғұланның археологиялық экспедициясы шурф салған. Шурфта бөлме қирандысы, сырсыз керамиканың көптеген сынықтары, қой сүйектері мен алебастр сылақтың бөліктері табылды. 1947 жылы археолог А.Н.Бернштамның жетекшілігімен Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Бетінен көтерме материал жиналған, олар қазір Қазақстанның орталық Мемлекеттік музейінде сақтаулы. 1980 жылы К.Байбосыновтың жетекшілігімен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедициясы зерттеген. 
2014 жылы «Археологиялық экспедиция» ЖШС зерттеп (А.Магзумов, Н.Ильдеряков), құралмен топографиялық жоспарын түсірді. Қалажұрт жоғарғы жағы жайдақ, көлемі 230х160 метр, биіктігі 6 метр төбе түрінде сақталған. Жоғарғы алаңы айналдыра биіктігі 2 метр топырақ жалмен қоршалған. 11 мұнараның орны байқалады. Алаңның солтүстік-шығыс бөлігінде цитадельдің қалдықтары бар. Цитадель пішіні шаршы тәріздес, жандарының ұзындығы 40 метр, биіктігі 2 метр. Қалажұрттың барлық жерінде көтерме материал кездеседі. Материал Талас алқабына тән сырлы және сырсыз керамикадан тұрады. Қалажұрт айналасына тұрғын үйлер салынып кеткен, солтүстік-батыс жағында мазарат орналасқан. Қаланы салу барысында топырақпен бірге неолит дәуірінің материалдары да бірге келген. Мұнда өңірдің алғашқы кеңестік жүйе белсендісі Байқадам Қашқынбаевтың мүрдесі орналасқан. 
Әрине, алдағы уақытта Саудакент қаласының орнына кешенді түрде археорлогиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүргізгенде де бұл жұмысқа өте мұқият болған жөн. Бұрынғы жүргізілген зерттеу жұмыстарына қарағанда қазіргі уақытта Саудакент қаласының орнындағы мәдени қабаттарын күйретіп алу қауіпі де жоқ емес. Сондықтан да алдағы уақыттарда зерттеу жұмыстары жүзеге асар болса, кешенді түрде жүргізілгені жөн деп білемін.  
2024 жылы облыс әкімі Е.Ш.Қарашөкеевтің Сарысу ауданына барған жұмыс сапары барысында Саудакент қалашығына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу шараларын ұйымдастыру үшін аудан әкіміне хаттамалық тапсырма берілген болатын. Демек алдағы уақытта бұл тапсырмалардың нәтижесі болып қалады деген үміттеміз. 
ТІЛШІ: – Әулиеата төңірегіндегі тарихи ескерткіштерге Жапон ғалымдары да қызығушылық танытуда екен. Осыған байланысты айтарыңыз болса...
Сауран ҚАЛИЕВ: – Тарихы терең Тараздың төңірегіндегі тарихи ескерткіштерге жапон зерттеушілері назар аударып отырғаны рас. Тіпті біздің отандық ғалымдарымызбен жапон зерттеушілері бірлесіп Әулиеата өңіріндегі тарихи орындардың біріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп үлгерді. 
Мәселең, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің жетекшісі академик, тарих ғылымдарының докторы Жәкен Қожахметұлы Таймағамбетов және Жапонияның Нара ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, PhD доктор Кунитаке Садакатцудің бірігуімен 2017-2019 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Талас ауданы Кіші Қаратау тау жотасының шығыс жағында орналасқан жоғарғы палеолит кезеңіне жататын Бүйрекбастау-бұлақ тұрағына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмыстарынан табылған жоғарғы палеолит дәуіріне жататын алғашқы адамдардың еңбек құралдары арнайы зертханаларда өңделеді. Зерттеу барысында жоғарғы палеолит дәуіріне жататын алғашқы адамдардың еңбек құралдары табылды. Бұл дегеніңіз – біздің тарихымызды тереңдете түседі деген сөз. Сондықтан да болашақта облысымыздағы бірқатар тарихи орындарға зерттеу жүргізілуі қажет. Шетелдік ғалымдармен бірге алғашқы адамдардың тас құралдары табылған өңірге археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдеміз. 
ТІЛШІ: – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен: Дариха ҮМБЕТИЯРОВА,  
"Ғұмыр-Дария"
Обсудить
Блок в статье:

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры