Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Қазақ бол!

12 ноябрь 2020, Четверг
142
0
Қонағын Құдайындай сыйлайтын қазақ халқы құрметті мейманына төрден орын берген. Сыйлы қонаққа өзі баптап баққан адал малын сойып, сыйластық белгісі ретінде бас тартқан. Бас тартудың да өз жолы бар, дәстүрі сақталған. Ал, мұны білмеген сыйластыққа сызат түсіреді, құтты болған қонағының құтын қашырады.
...Бірде қонақта болғанымызда бас әкелінді, оны ортамызда отырған үлкен кісіге тартты. Әлгі кісі бір жерінен кесіп, аузына салды да табақтағы басты өзінен кейін отырғандарға ұсынды. Үлкеннен көргенін өзгелер де айнытпай жасады. Ал, кейбіреулері: «менің әкем тірі, бас ұстамаймын» деп бастан бас тартып жатты. Осылайша, үлкен астың үстінде сыйлы қонаққа тартылған бас сырғып шетке шығып қалды. Міне, осы оқиғадан соң «бас аман болсын!» дейтін халықтың қадірлі қонағына өзім білетін бас тарту рәсімін, оны мейманның үлестіре білу үрдісін жеткізуді ниет еттім.
Жалпы, қонақты құрметтеп, оған бас тарту рәсімі ықылым заманнан бар. Бұл адамдардың бір-біріне деген сыйластығын білдіреді. Әркез тамақтанудың тәлімдік астарына үңіліп, асты талғап жеуді таразылаған халқымыз бас тартуға келгенде өте ұқыптылық танытқан. 
Алдымен «Бісмілләсін» айтып, «сенде жазық жоқ, менде азық жоқ» деп мал сойылғаннан оның басы бір бөлек алынып, тазаланып, құрметті қонаққа тартуға аса ұқыптылықпен әзірленеді. Төрт түлік басын тазартуға келгенде де аса ұқыпты болу керек. Жылқының бас терісі сыпырылып алынатын болса, сиыр, қой-ешкі басы үйітіледі.
Бастың құйқасын күйдіріп алмай үйітіп, қылшығын қалдырмай жуып, жігін қуалай жағын айырып, кеңсірігін сілкіп, көзінің шелін ағызып, тісін қағу үлкен шеберлікті талап етеді. Тазартылған жылқы мен сиырдың басы көз қуысына таяу кеңсіріктен бір шабылып, маңдайынан қақ жарылып, үшке бөлінеді. Алайда, жылқының тұмсық тұсы алынбайды. Сондықтан, жылқының екі шекесі, сиырдың үш шекесі бір бастың орнына жүреді. Түлік малының басын бөлек асып, татымды етіп пісірудің де өз ерекшелігі, әдісі бар. Қазақ халқы құрметті қонағына қойдың басын тартады. Оны асып жатқанда маңдайын айқастыра тіліп қоятын болған. Оны жұртшылық бастың жолын ашу деп біледі. Ал, сыйлы мейманға жылқының, сиырдың шекесі тартылмайды, ол тек үлкен аспен бірге жүреді.
  Кәделі қонақ келгенде қойдың шүйдесі емес, тұмсығын алға қаратып әкеледі. «Бір-бірімізбен қарым-қатынасымыз үзілмесін, басымыз тек жақсылықта қосылсын» деген ниетті ұстанатын ел басты жасы үлкен ауылдың қариясына, сол ортаның сыйлы адамына, әулеттің үлкеніне немесе құдасына тартады. Осы тұста ескерте кететін жәйт, басты қанша жерден жолы үлкен болса да әкесі бар кісі, күйеуі тірі әйел ұстамайды. Әкесі отырған жерде ұлы бас ұстау – қазақ ұғымында ерсілеу қылық. Сол себепті көзі тірі кезінде әкенің алдында бас ұстамау – әдептілік белгісі.
  Күйеуі тірі әйел бас ұстаса, өз жолын өзі кескен болып саналады. Кейуана ел анасына басқа бата беру лайық болғанымен, бас бөліп отыру, оны үлестіру аса қолайлы емес. Әдетте, жөн білетін үлкен әжелер бастың етінен жай ғана ауыз тиіп, оны бөлу міндетін басқа біреуге жүктейді. Бұл міндеттің жүгін көтеру оңай шаруа емес.
Басты жөн-жоралғыға сай тартқаннан кейін үй иесі үлкен сыннан құтылады. Ал, алдына бас келгеннен кейін құрметті қонақтың сынға түсер сәті туады. Оны жәйден-жәй жей бермейді. Құрметтегеннен кейін, оған лайық болу қажет. Яғни, бастың шүйдесін өзіне, тұмсығын үй иесіне қаратып қойып, «енші» үлестіруге кіріседі.
Ең алдымен, мейман бас шүйдесінің бауыздау шетінен немесе оң езуінен кесіп алып, өзі ауыз тиеді. Бұл «мен сендерге тілеушімін» дегенді білдіреді. Одан кейін оң құлақты кесіп алып, үйдің кішісіне береді. Мұндағысы «сақ құлақ, алғыр болсын» дегені. Бір бастың қос құлағы бір балаға берілмейді. Міндетті түрде екі балаға ұсынылуы тиіс. Ірі қара малдың құлағы берілмейді. Ал, керісінше, бастың қос көзі бір адамға беріледі. Құрмет бойынша, көз қос қолмен ұсынылады. Бұдан әрі «палуан бол» деп шүйдеден, «беделді бол» деп маңдайдан, «езуіңнен күлкі кетпесін» деп құйқаның езуінен етекте отырған келіндерге, «пейіштің шөбін иіскеген жері» деп тұмсық тұсынан, «мәртебелі бол» деп төбесінен, «батыр бол» деп желкесінен жанында отырғандарға береді. «Шешен бол» деп таңдайды кішірек қыз балаға алақанына соғып ұстатады. Бастан тісі шықпаған балаға дейін сыбағасыз қалмайды. Сәбиге кеңсіріктің ішіндегі шеміршек беріліп, тісі қышыған кезде кеміріп, бір жырғап қалады. Жартылай еті ажыратылғаннан соң басты орта табақтың сыйлы қонағына ұстату әдебі бар. Бұл арада, қонақ күтушілердің бірі бастың миын шығарып, «мипалау»даярлап, бас ұстаған кісіге береді. Одан дастархан басындағылардың барлығы ауыз тиеді.
Бас мүжілгеннен кейін оны итке тастамаған. Бұл жаман ырым. Оны я суға ағызып жіберетін болған, я отқа өртеген.
Жалпы айтқанда, бас ұстау үшін де бас керек. Сыйлы қонақ деп бас тартқанда оны реттілігіне сай үлестіре білу – үлкен сын, ал үлестіре алмағанның кісілігіне тағылар мін. Бұл жерде кәделі қонақ ең алдымен сыйластыққа сызат түсірмеудің, үй иесінің қонақжайлылығына құрмет білдірудің қамын жасауы қажет. Бұл дәстүрді білмеген үлкендер кішілердің алдында ұятты екенін де еске сала кеткен дұрыс.
Бас тартуға қатысты қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» кітабынан үзінді келтіре кетейік: «Әдеттегідей, қонақтар кеткен соң жаңалап шай жасап, енді өзіміз дастарқан басына отырдық. Байқаймын атаның қабағы салыңқы, үнсіз темекі шегіп отыр. Бір кезде:
– Дастарханың толымды, астарың дәмді болды. Әсіресе, «ұмытылған тамақ қой мыналар» деп, әсіп пен сүт құйған өкпе оларға өте ұнады. Бірақ, соның бәрін сен жіберген төрт қателік жуып кетті. Қонақтар оны байқады-байқамады дей алмаймын. Ал, мен анық көрдім, – дегенде дымым ішіме түсіп, көзім қарауытып кетті. Бүріскенім соншалық, құрттай тесікке сыйып-ақ кетер едім.
– Ол не, папа? – деп Бәкең әкесіне қарады. Бірақ, ата маған қарап, маған арнап сөйледі:
 – Біріншіден, есі дұрыс қазақтың әйелі қонаққа бас көтеріп кірмейді. Жаман-жақсы болсын басиең аман. Екінші қателігің – басты шүйде жағымен әкелгенің. Қой шүйдесі емес, тұмсығын алға беріп жүреді. Үшінші қателігің – бастың тісін қақпай әкелгенің. Бұл, ең алдымен, тазалық. Қой тісінің түбінде не жатқанын қайдан білесің?! Шөп жейтін, жем жейтін мал ғой. Содан кейін мұның екінші мағынасы бар. Қазір ұмытылған, көнекөздер болмаса, көпшілік біле бермейтін жағын да айтайын.
Қазақтар – талай нәрсені ым, тұспал, ишара арқылы білдірген текті халық. Соның біреуі – осы қағылмаған тіске байланысты. Сыйласып жүрген екі адамның біреуі әлденеге ренжіп, бірақ соны «сөз көбейер» деп айта алмай жүрсе, өзі ренжіп жүрген адамы үйіне келгенде етпен бірге алдына тісі қағылмаған басты қояды. Сонда бас ұстаған адам «ә-ә, мынаның ішінде маған деген бір қыжылы бар екен, тісін басып жүріпті-ау» деп ұға қояды. Ары қарай реніштің түйінін шешіп, түсінісуге бет түзейді.
  Ал, төртінші қателігің – басты қасқаламай әкелгенің. Талайлар мұның мәнін ұқпайды. Ол – «төрт құбылаң тең болсын, маңдайың ашық болсын» деген ізгі тілек».
Бұл жазбамды әйгілі батыр Бауыржанның осы сөзімен түйіндегенді жөн деп білдім. 
Дәулетбай СЕЙТІМБЕТ,
еңбек ардагері.
Талас ауданы

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Дәстүрдің озығы бар...
14 октябрь 2020, Среда
Дәстүрдің озығы бар...
Айтамыз!
14 октябрь 2020, Среда
Айтамыз!
Ұлттық салт
29 июль 2020, Среда
Ұлттық салт
Ғибрат
12 ноябрь 2020, Четверг
Ғибрат
Ізгілік – иманнан
20 март 2020, Пятница
Ізгілік – иманнан
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры