Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11

Ғибрат

12 ноябрь 2020, Четверг
178
1
Қанша айтқанмен де, біз – кешегі кеңес кезеңінің тәрбиесін көрген, білімін алған, сол жүйенің қызметін істеп, сойылын соққан ұрпақ өкілдеріміз. Әрине, ол жүйенің кемістік-келеңсіздіктері туралы бү-гінде көп айтылады. Тарих өзінің бағасын беріп жатыр ғой. Қалай дегенмен де, сол заманның көптеген жасампаз істерінің, халыққа деген жақсылық-шарапатының мол болған-дығын көріп өстік. Оның бәрін тәтпіштеп жатпай-ақ қояйын. Оқу бітірген жас маманның қолына жолдама беріледі,  сол жолдама бойынша жас азамат жұмысқа орналасатын. Қазір ғой, қолында табақтай дипломы барлар жұмыс таппай сандалып жүргені.
Қолыма диплом тие салысымен Луговой ауданының (қазіргі Т.Рысқұлов) «Восток» колхозына ат басын тіредім. Сол жылдары атағы жер жарып тұрған Әзімбек Смайылов ағамыз сол ауданның  бірінші хатшысы екен. Аудан басшысы барлық шаруашылықтардағы жағдайды алақанға салғандай көріп-біліп отырады. Өйтпесе басшы бола ма. «Жаңатұрмыс» колхозы – негізінен егіншілікпен айналысатын шаруашылық. Жоғары білімді мамандар да тапшы кез. Содан да болар Әзімбек Смайыловтың мені сол колхозға бас агрономдыққа тағайындау туралы ойы бар екен. Еш нәрседен бет қайтып көрмеген жастық жалын бар, менің өз жоспарым бар. Сондықтан да бұл қызметтен бас тартуға тура келді. Сөйтіп, сол кездегі күллі Одаққа аты жайылған «Луговой» жылқы зауытына өз қалауыммен бөлімше агрономы болып бардым.  Осылайша институтта 5 жыл көз майымды тамызып оқыған білімімді іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік туды. Маған тиесілі егістік алқабына дәнді-дақылдар сеуіп, күтімін жоғары агротехникалық ережелерге сай жүргіздік. Әр гектарынан 18 центнерден дән жиналды. Көл-көсір астық қызыл қырманда үйіліп қалды. Әрине, нәтижелі жұмыс атаусыз қалмайды екен. Басшылар тарапынан мадақ-мақтаулар естіп жаттым. Мол өнімді көруге облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров пен кезінде өзім ренжітіп алған Әзімбек Смайлов ағаларым келді. Сол кездің адамдарының мінезі ірі ғой. Кезінде менің тілін алмай кеткенімді еске де алмады. Арқамнан қағып, еңбегіме өз ризашылығын білдірді. Мен болсам, басшымыз бірдеме деп қала ма деп кібіртіктеп тұрғам. Сөйтіп, еңбегім жанып, сол жолы партия қатарына қабылдандым. 
Міне, менің өмір мектебім, еңбек мектебім Әзімбек Смайылов сияқты аты тарихта қалған асыл адамның есімімен тығыз байланыста осылайша басталып еді. 
Әзімбек Смайыловпен кейінірек, мен Жамбыл облыстық партия комитетінде қызмет атқарып жүрген кезімде жолымыз қайта түйісті. Ол кісі облыстық атқару комитетінде жауапты қызмет атқарып жүрді. Әзекең менің ақылшым, жақын жанашырым бола білді. Біздің әр қимыл-әрекетіміз, атқарған жұмысымыз, мінез-құлқымыз, жүріс-тұрысымыз ол кісінің назарынан тыс қалмайтын. Біз осындай асыл ағалардың жанында жүріп өмірге үйрендік, басшылық қызметтің қыр-сырын бойымызға сіңіре алдық, ұлағатын естідік, тағылымын көрдік. Ол кісі темірдей тәртіптің адамы еді. Мен Меркі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне кетіп бара жатқанда өзінің ақ батасын берген болатын. Жақсы адамның шарапаты деген осы болар. Әлемі бөлек, болмысы ерекше Әзімбек ағамыздың   мінезге бай тұлғасы, бекзат болмысы жадымызда мәңгі сақталары сөзсіз. 

***

Өзім қалаған, оқуын оқыған, қыр-сырын білуге талпынған агрономдық кәсіп, әрине, жақсы. Тікелей өндірісте істей жүріп, болашақ өмірім жайлы көп ойландым. Жоғарыда айттым, институттағы ұстазымның «Қай кезде келем десең, есігіміз ашық» деген сөзі де есте. Сөйтіп, ойлана, толғана келіп, бір тоқтамға бекідім. Бастапқы мақсатым – ғылымға біржолата бет бұруға шешім қабылдадым. «Темірды қызған кезінде соқ» демекші, өндіріс пен ғылымды ұштастыра жүргізуге бел будым. Шаруашылықтағы жұмысымнан өз еркіммен босандым. Сөйтіп, Жамбыл облыстық тәжірибе шаруашылығына аға ғылыми қызметкер болып қабылдандым. Жаңа қызметке бар жан-тәніммен кірістім. Ғылым жолындағы алғашқы қадамым жаман болған жоқ. Алаңсыз қызмет етіп жатқанымда тағы бір тосын оқиға орын алды. 
Свердлов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқаратын Рахман Құлахметұлы Медеулов арнайы шақырып, аудан комсомол ұйымына жетекшілік жасауды ұсынды. Үлкен кісіге рахметімді айта отырып, өз таңдауымды жасап қойғанымды, әуелден қалауым ғылым жолы болғандығын айтып, ұсынған қызметінен үзілді-кесілді бас тарттым. Жетім өскенімді айтып түсіндірдім. Менің әңгімемді бірінші хатшы зейінмен тыңдады. Соғыста болған, тәжірибелі, кемеңгер кісі ғой. Әңгімеден әңгіме туып, өзінің өмір жолы туралы жан сырын айтты. Майдан даласындағы небір қиындықтар туралы да тілге тиек етті. Қан майданда ажал аузынан аман алып қалған дәрігер орыс қызымен шаңырақ құрғанын баяндап, талай белестерден өткендігін әңгімеледі. Мені тастүйін бекінген ойымнан айнытқысы да келді. Мен Рахман Құлахметұлы сияқты рахымы мол ағаның алдында түпкілікті ғылым жолын таңдайтынымды айттым. 
Ол кісі ағалық мейірімін көрсете отырып, ризашылықпен: 
–Алда-жалда елге келемін десең, есігіміз ашық, қарағым,- деген ақ пейілімен шығарып салды. 
Одан кейін де біраз ұсыныстар болып жатты ғой. Бірақ, мен өзім қалаған жұмысты жалғастыра бердім. 
Партиялық тәртіп деген  бар, ол кезеңнің заңы да басқа, талабы да басқа. Қазір айтып отырсаң, бәрі ертегідей көрінеді. Бүгінде қызметті кісі салып жүріп, аға-көкелерін жағалап жүріп зорға табады. Ол кезде шыны керек, жоғары білімді мамандар тапшы, соғыстан кейінгі жылдар. Елге, шаруашылықтарға білімді, білікті, ұйымдастыру қабілеті бар кадрлар керек. Содан да болар, бірде жоғары лауазымдағы бір басшы ағам мәселені қабырғасынан бір-ақ қойды. 
–Не комсомол қызметіне барасың, болмаған жағдайда партия билетін тапсырасың!-деді ол кісі. 
Ол заманда бұл деген сөз – соттың үкімінен де ауыр. Жоғары білімді жас маманға партия билетінен айырылу болашағыңнан бас тартуды білдіреді.  Амал жоқ, сол жолы «Партия айтты, мен көндімнің» кері болды. Мақсат еткен, арманыма арқау болған ғылыммен қош айтыстым. Көп ұзамай, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіне сайланып, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болдым. Рахман ағам болса, жүрегі кең кісі ғой, «өткен жолы қарайламай кетіп едің, ақыры келдің бе?» деген жоқ. Құшақ жайып қарсы алды. Жұмысыма сәттілік тілеп, әрқашан жастардың бастамаларын қолдап отырды. 
Комсомол қызметінде жүріп жастар көп нәрсені бойына сіңіреді. Жақсы ортада жүреді, жастармен жұмыс істейді, маңызды жиналыстарда үлкен кісілердің алдында сөз сөйлейді. Мұның бәрі білген кісіге үлкен өмір мектебі. Сондай тағылымды мектептен менің де өтуіме тура келді. Соның арқасы болар, көп ұзамай Рахман ағамның ұсынысымен аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалдым. Осы қызметте жүріп, Рахман ағамның рахымын көп көргендігімді бүгінде ризашылықпен еске алып отырамын.  

***
Кейінірек Рахман Медеулов ағам басқа қызметке ауысып кетті. Ауданның бірінші хатшысы болып осыған дейін Сарысу ауданында қызмет атқарған Ұзақбай Сыздықбаев келді. Ол кезде мен аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісімін. Бөлімде 5 кісі бармыз. Олардың жасы менен едәуір үлкен. Жаңа басшы, әрине, жаңа тәртіп орнатады, оның жұмыс істеу әдісі де өзгеше болады. Шыны керек, алғашында бірінші хатшы маған қырын қарап жүрді. Партиялық тәртіп деген бар, оның үстіне жаспын, бұған мен аса көп мән бермеуге тырыстым. Мұның себебін де іштей біліп жүрдім. Өйткені, жаңағы бөлімімдегі 5 кісінің барлығының менен жасы үлкен. Содан да болар, менің тапсырмаларымды олар жүре тыңдайды, толық орындалмай жатады. Түсіне білген адамға олардың жасы үлкен болғанымен, менің жолым үлкен, олардың басшысымын, оның үстіне аудандық партия комитетінің бюро мүшесімін. Ал енді, қарамағымдағылардың түсініктері сондай болса, мен не істей аламын. Барлық жауапкершілікті өз мойныма алып, олардың шала дайындаған құжаттарын түннің бір уағына дейін отырып өзім қайта жазып шығам. Осындай жағдайдан бөлімнің кейбір құжаттары кешігіп жатады. Басшылықтан бұл жөнінде мен ескертулер аламын. «Мұның барлығы қызметкерлерімнің құжаттарды сапасыз дайындағанынан» деп сылтау айтуға бата алмаймын. Осындай жағдайлар қордалана келе істің насырға шабатынын байқадым. Менің партиялық жауапкершілігімді қарайтындай жағдайға жеттім. Не істеуім керек? Қызметтен, қызмет болғанда да партиялық жауапты лауазымнан, сөгіс алып, абыройсыз кетуім керек пе? Ең ауыр тигені осы болды. Ой түбіне жете алмаймын. Сөйтіп жүріп бір шешімге келдім. Жұмыс орнымда тапжылмай отырып, кешке қарай барлық қызметкерлердің үйлеріне кетуін күттім. Сөйтіп, бірінші хатшының оңаша қалғанын пайдаланып, бетпе-бет сөйлесуге бел будым. Сондағы ойым, басшыға барлық жағдайды егжей-тегжейлі түсіндіріп айту. Солай еттім де. Барлық қызметкерлер жұмыстан қайтқан кезде аңдып отырып бастығыма кірдім. Жұмыстан өз еркіммен кету туралы өтінішімді алдына қойдым. Бұған не себеп болғандығын Ұзекеңе жайып салдым. Болған жағдайларды бастан-аяқ түсіндірдім. Өзімнің әкесіз өскендігімді, осы қызмет үшін ғылым жолына түсемін деген мақсатымнан түбегейлі бас тартқанымды, ақыр соңында бөлімдегі қызметкерлердің қиқар мінезін, тапсырмаларды шала орындайтындығын бүкпесіз баяндадым. Көпті көрген көреген кісі ғой, сөзімді бөлмей тыңдады. Көкейімде әбден толып қалған шерімді осылайша тарқатып, басымды көтеріп басшыма тіке қарадым. Сөзімді үлкен зейінмен тыңдап отыр екен. Жүзінен маған деген бір мейірімнің ұшқынын көрдім. Орнынан тұрып келіп: 
–Нәрейім қарағым, мен сені түсінбеген екем. Саған салқын қарағаным, елдің сөзіне сенгендігімнен болды. Саған әділетсіздік танытыппын. Ендігі жерде бәрін басынан бастайық, бастық пен  бағынышты қызметкер ғана емес, бауыр болайық, мен саған аға болайын,-демесі бар ма. 
Ойда жоқта оқиғаның мұндай  бетбұрыс алатынын күтпеген мен есеңгіреп қалдым. Ана кісі бауырына басып құшақтады. Шынын айтсам, бұл партия қызметінде үлкен лауазымды қызмет атқаратын адамдар арасында көп бола бермейтін жағдай. Сөйтіп, қызметтен кетемін деп басшыма кірген мен ақылшы аға, жанашыр жан тауып, ол кісінің кабинетінен қанаттанып шықтым. 
Ұзекеңнің жақсылығын аз көрген жоқпын. Қарамағымдағы әлгі қиқар қызметкерлерді тәртіпке шақырып, тезге салды. Бұрынғыдай емес, қызметкерлерім жіптіктей болды, өздерінің міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарайтындай жағдайға жетті. 
Уақыт өте келе мені облыстық партия комитетіне қызметке шақырды. Әкемдей қамқор басшым тұрғанда өмірімді өзгертіп қайтемін деп бұл ұсыныстан бас тартуға бекіндім. Бірақ, Ұзекең бұл ойымнан айнытты. Бірінші хатшы: 
–Нәрейім, әлі жассың, болашағың алда, өсуің керек, мұндай мүмкіндік туып отырғанда бас тартуың жөн емес. Облыстық партия комитетінде өзіңді көрсетуің керек, шақырып тұрғанда баруға тиіссің,-деді. 
Мұндай сөзден кейін кері шегінерге жол жоқ. Облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне қызметке ауыстым. 
Осы қызметте жүріп, Ұзекеңе бір шарапатым тиген жағдай болды. Кезекті мемлекеттік марапатқа ұсыну кезінде бөлім меңгерушісі, елімізге есімі белгілі азамат Сейфолла Қожахановпен келісе отырып, Ұзақбай Сыздықбаевты Октябрь революциясы орденіне ұсынудың сәті түсті. Талай сүзгіден өтіп, сол жолы одақтағы ең мәртебелі марапаттың бірі – Октябрь революциясы орденіне ие болды. Сөйтіп, әкемдей болған Ұзақбай ағамның бір қуанышына себепкер болғаным бар.

***
Жаңа қызметке үйреніп, тез сіңісіп кетуіме сол кезде облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы мәселе-лерімен айналысатын хатшысы  Сейілхан Аққозиевтің көп ықпалы болғандығын айтуға тиістімін. Қызметке келген күннен бастап жылы қабақ танытып, мейірімін төгіп, жақсы сөзімен мерейімді тасытқан абзал азаматты қалай ұмытарсың. Өмірімде де, қызметімде де Сейілхан Аққозиевтің жақсылығы аз болған жоқ. Талай жауапты қызметтер атқарып, облыстың билік құрылымында биік лауазымдар атқарған қайраткердің облыс экономикасының қарыштап дамуына, мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосқандығын көзіміз көрді. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да қатаң талап қоя білетін, мәселелерді кеңінен ойлап, күрделілігіне қарамастан әділ шешетін. Тәртіп пен адами қасиетті қатар ұстайтын қарапайымдылығынан танған емес, қызмет бабында қызбалыққа, майдалыққа, пендешілікке барғанын көрген емеспін. 
Қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген сөз бар. Сол заманда бірінші хатшы мен атқару комитеті төрағасының талай жерде сыйыспай жататынын еститінбіз, көзіміз де көрген. Ұзақ жылдар облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Хасан Шаяхметұлы Бектұрғановпен өте тығыз іскерлік жағдайда әрі түсіністікпен ынтымақ-бірлікте жұмыс атқарғандығын көзкөргендер күні бүгінге дейін ризашылықпен еске алып отырады.   
Бірде мынандай оқиға болды. Сейілхан Аққозиев мені Меркі аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне ұсынды. Өзі жетектеп Хасан Шаяхметұлына алып кірді, мән-жайды түсіндірді. Секеңнің бұл ұсынысына Хасан Шаяхметұлы қарсы болмады. Мені білетіндігін, жауапкершілігі мол маман, білікті қызметкер екендігімді айтып, ұсыныс құжатқа қол қойып берді. 
Меркі ауданына қызметке ауысып кетсем де Сейілхан Аққозыұлының қамқорлығынан тыс қалған емеспін. Әркез Секең мені қолдап, қызмет бабында қорғаштап жүретін. Арыз-құрыз ол уақытта да қарша жауатын. Сондай бір арыздың ішінде мен туралы да әділетсіз айыптаулар жазылыпты. Сонда ғой, Секең «Өсіп келе жатқан, өздерін жақсы қырынан танытып жүрген азаматтарға қара күйе жағуды қашан тоқтатасыңдар» деп арызқойларды тыйып тастағаны. 
Иә, Сейілхан Аққозиев осындай әділетті, парасатты, нағыз ардың адамы еді. 

***
Облысымызға есімі кеңінен танымал, іскерлігімен, айрықша ұйымдастырушылық талантымен елдің есінде қалған Сейфолла Қожахановпен облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы бөліміне келгеннен кейін таныстым. Ол кісі осы бөлімнің меңгерушісі екен. Бірден ежелгі таныстардай түсінісіп кеттік. Түсіністік бар жерде жұмыс нәтижелі болады. Мынандай да жағдайлар болып жатады. Қызметтес болып жүріп жақсы қарым-қатынастағы азаматтар басқа жұмысқа ауысқаннан кейін бір-бірінен қол үзіп кетіп жатады. Ал, біздің қызметтегі әріптестігіміз шынайы достыққа айналып кетті. Сейфолла достыққа адал болатын. 
Аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі, кеңестік заманда еңбек озаттарын орден-медальдармен, құрметті атақтармен марапаттау КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жүзеге асатын. Алдымен облыстық партия комитетінің бюро мәжілісінде, сонан соң Алматы және Мәскеуде партияның Орталық Комитеттерінде сүзгіден өтетін. Содан кейін барып, Жоғарғы Кеңестің төралқасында түкпілікті шешім қабылданатын. Мемлекеттік марапаттарға ұсыну кезінде біздің ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлер Алматы мен Мәскеуде апталап, кейде айлап жататынбыз. Көбінесе мұндай «құрмет» бөлім меңгерушісі ретінде Сейфолла мен нұсқаушы маған жүктелетін. Сондай іс-сапарлардың бірінде Мәскеуге республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың келгенін естідік. Сол жолы Димекеңе Социалистік Еңбек Ері атағы берілген болатын. Димекеңді құттықтап, ол кісі жатқан қонақүйге баруға бел будық. Әрине, республикамыздың бірінші басшысына қатардағы қызметкерлердің баруы қалай болар екен деген көңілімізде күдіктің болғандығы да рас. Сейфолла дос бас болып Димекең жатқан қонақүйге бас сұқтық. Күдігіміз орынсыз болып шықты. Қысыла-қымтырыла кірген бізге Димекең: 
–Жігіттер, жағдайларың қалай, аман-саусыңдар ма?- деп көтеріңкі көңіл- күймен қарсы алды.  Костюмін желбегей жамылып, қызыл көйлекпен отыр екен. Алдындағы стол толы қағаз, жұмыс істеп отырғанын бірден байқадық. Сейфолла Қожаханов біздің еңбек озаттарын марапаттау мәселесімен жүргенімізді мәлім етті. Ол кісі бірдің өнегесі мыңдарды табысқа жігерлендіретіндігін, еңбек адамдарының нәтижелі жұмысы елеусіз қалмауы керектігін атап айтты. 
Бұл Сейфолламен болған жақсы естеліктердің бірі ғана. Кейінірек мен басқа  қызметке, ол басқа қызметке ауысып кетті. Үш-төрт жылдай қызметтес болған екенбіз. Бірақ, біздің достығымыз, құрдастығымыз оның өмірінің соңғы күніне дейін жалғасқандығын мен бүгінде зор ризашылықпен еске алып отырамын.

***
Автордан: Мен үлкен ризашылықпен, керек болса, шынайы сағынышпен еске алған бұл кісілер бүгінде бұл өмірде жоқ. Бірдің ғана емес, мыңның сүйіспеншілігіне, құрметіне бөленген ол азаматтар туралы көңілімде көптен бері жинақталып жүрген шағын естелігімді айтуды өзіме парыз санадым. Олардың жарқын бейнесі, ардақты есімдері өздері қызмет еткен халқымен берге жасай беретіндігіне мен кәміл сенемін. 
Нәрейім СЕЙДУАЛИЕВ, 
Жамбыл облысының Құрметті азаматы. 

Обсудить

Похожие материалы:

Ашық әңгіме
29 июль 2020, Среда
Ашық әңгіме
Шын.дық
28 август 2020, Пятница
Шын.дық
Қазақ бол!
19 март 2020, Четверг
Қазақ бол!
Ойталқы
29 апрель 2020, Среда
Ойталқы
Баспасөз
29 июль 2020, Среда
Баспасөз
Добавить комментарий
Комментарии (1)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Karla
Karla Гости 26 сентября 2024 09:48
fake bags tb754,replica bags online,fake designer bags hc579
Сотрудники
Партнеры