Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » ЖЕЛЕ ЖҮРІСТІҢ ЖЕЛАЯҒЫ

ЖЕЛЕ ЖҮРІСТІҢ ЖЕЛАЯҒЫ

01 август 2022, Понедельник
147
0




Бүгінгі әңгімеміз жамбылдық желаяқ, марафоншы Жақсылық Мамырбекұлы жайлы болмақ.  Аласа бойлы, қараторы, өнебойында артық қырым еті жоқ азаматты «алпыстың тоғызында» деуге аузың бармайды. Қимылы – ширақ, сөзі – нақ. Осынысына қарап «жастайынан спорт пен еңбекте шынығып өскен жан ғой» деген түйінге келгенмін. Жаңылмаппын. Жақсылық спортқа да, еңбекке де жастайынан етене жақын жан екен. Ал, жорға жүріспен айналысқанына 5 жылдың жүзі болыпты. 
Бала кезде ана төбенің шаңын мына төбенің шаңына қосып, аяғына тас байлап алып жүгерген желаяқтар туралы талай оқыдық қой ертегілерден. Бірақ, олар ары кетсе орда бұзар отызда шығар. Олар – ертегіде. Ал, жетпісіңді алқымдаған Жақсылығыңыз көз алдымызда отыр. Шынымен, кісі таңқалатындай. 
Жақсылық та – барлық ауыл балалары сияқты асық ойнап, ләңгі теуіп, доп қуып, қатарларымен алысып-жұлысып өскендердің бірі. Спорттың белгілі бір түрімен арнайы айналысқан да жоқ. Соған қарамастан Тамды (қазір Қойгелді атындағы) орта мектебін бітіргеннен кейін. 1971 жылы Алматыдағы Қазақ физкультура институтына оқуға түседі. Нәсіп болған шығар. 1975 жылы оқу орнын денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығып, Қаратау қаласындағы XXII партсьезд атындағы (қазір Д.Қонаев атындағы лицей) мектепке жұмысқа орналасады.  
Арада 6 жыл өткенде айлығы аз, пәтер бермейтін  мұғалімдік жұмысты теміржолшыққа ауыстырады. Мұнда айлық жақсы, пәтер алу мүмкіндігі де мол. 
Алғашқы 3 жылда машинистің көмекшісі, Арыста 6 айлық курсты бітіріп келгеннен кейін машинист болып жұмыс істейді. Жағдайы жақсарып, тұрмысы түзеледі. Отбасында бала-шаға бар, зайыбы Гүлбаршын – бухгалтер. Сөйтіп жүргенде, 1997 жылы Қаратаудағы депо жабылып, жұмыссыз қалады. Ауылда аз-кем бос жүргеннен кейін, Таразға келіп, «Жамбыл-Тараз» мекемесіне жұмысқа орналасады. Осында көше сыпырып жүріп, 2017 жылы зейнеткерлікке шықты. Желаяқ Жақсылықтың бар өмір – осы. 
– Зейнеткерлікке шыққаннан кейін, спорт-пен таза айналысуға бел байладым. Күніне таңертең 5-6 шақырым жорғажүріске салып серуен құрамын. Денсаулық жақсы, көңіл-күй көтеріңкі. Содан жорғажүрістен жарысқа қатысуға ниетім ауды. Қазір интернет деген қолжетімді. Немеремнің көмегімен марафоннан қайда жарыс өтетінін біліп аламын да, тартып отырамын,-дейді Жақсылық Мамырбекұлы. 
Ол 2017 жылдан бері 18 рет марафоншылар жарысына қатысыпты. Оның 7-еуі халықаралық.деңгейдегі. Көпшілігінде өз қаражатыммен барып жүрдім. Демеуші табу қиын. Бұрын аты шықпаған спортшыға кім қаржы бере қойсын. Оның үстіне кімнен қол жайып қаржы сұрай бересің?!
– Мен жүгіруден ләззат аламын. Ол дегенің рахат қой. Сондықтан, бала-шағаның аузынан жырған кездерімде болды. Дегенмен, демеушілер табылмай қалған жоқ. 2018 жылы Атырауда 7 мемлекеттен 2000-дай желаяқ қатысқан жарыста бас жүлдені олжалап қайттым. Облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбековтің қолдауы мен қаржылай көмектің болғанын айтуға тиіспін. Бұл мені жүгіруге ынталандыра түскені айтпаса да түсінікті,-дейді Жақсылық ағынан жарылып. 
Жақсылық Мамырбекұлы – 2019 жылы «Казфосфат» ЖШС-нің сол кездегі бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтың демеушілігімен Санкт-Петербургте өткен «Ақ түндер» марафонына қатысып қайтқанын ризашлықпен еске алды. 
Ал, 2021 жылы Қырғызстанда 35 мемлекеттен 4000-нан астам желаяқ қатысқан жарыста тағы да бас жүлдені қанжығаға байлапты. Сөйтіп, Жамбыл ғана емес, қазақ спортының атағын аспандатқаны бар. 
Жуырда Жақсылық Мамырбекұлы облыстық «Ақ жол» газетінің 100 жылдық мерейтойына тарту ретінде өзінің туған ауылы Тамдыдан Таразға дейін «100 жылдыққа – 100 шақырым» жолын жорға жүріспен жүріп өтті. 
– Бұл жолды 9 сағат шамасында жүріп өттім. Осындай ойым барын айтқанымда, облыс әкімдігі ішкі саясат, спорт және денешынықтыру басқармаларының басшылары Алмас Садубаев пен Нұрбол Жүнісбеков және облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы (қазір "Әулиеата-медиа» ЖШС бас директоры) Оралхан Дәуіт қуана қолдады. Оларды Талас ауданының әкімдігі қуаттады. Осы қолдау мен қуаттаудың арқасында мәреге шаршамай-шалдықпай жеттім. Әсіресе, Шерхан Мұртаза атындағы «Баспасөз үйі» алдында облыстың зиялы қауым өкілдері қошеметпен қарсы алғандағы қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біздің жетістігімізді паш етіп, көңілімізді көтеретін бұқаралық ақпарат құралдары ғой. Бұл менің «Ақ жолдың» мерейтойына жасаған сыйым болды,-деді жаяу жүрістің шебері. 
Жақсылық қазақ журналистикасының қаранары, қоғам қайраткері, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай 90 шақырымдық қашықтықтан жүріп өтсем деген ниетте. Оған тиісті мекемелер арнайы бағыт белгілеп берсе, қазір-ақ жолға шығуға әзір. 
– Бұл жол 69 жастағы қарияға ауыр соқпай ма? деген сұрағымызға Жақсылық:
–  Мен сізге жүгіруден рахаттанатын-   ымды айттым ғой. Керісінше, жасарып, жеңілдеп қаламын, – деп жауап берді. Біз оның бұл сөзінен спорт қарттыққа қарамайтынын анық аңғардық.


Болат ЖАППАРҰЛЫ,
«Ғұмыр-Дария» 
Обсудить

Похожие материалы:

Ұлылардан ұлағат
25 август 2021, Среда
Ұлылардан ұлағат
ТАНЫМ
24 январь 2022, Понедельник
ТАНЫМ
Сексен жеті жастағы салымшы
01 июль 2022, Пятница
Сексен жеті жастағы салымшы
спорт
29 апрель 2022, Пятница
спорт
ТАҒЫЛЫМ
01 февраль 2022, Вторник
ТАҒЫЛЫМ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры