Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Ауылдың берекесін келтіретін белсенді қариялар

Ауылдың берекесін келтіретін белсенді қариялар

27 сентябрь 2023, Среда
119
0
1 қазан - Халықаралық қарттар күні еліміз бойынша кеңінен аталып өтіледі. Қарттарға қамқорлық жасау жөнінде айлық жарияланып, еңбек ұжымдарында, ардагерлер ұйымдарында көптеген игілікті шаралар ұйымдастырылуда. Жақында журналист Есет Досалы Жуалы ауданындағы Қарасаз ауылдық округінде болып, осындағы аға ұрпақ өкілдерінің тыныс - тіршілігімен танысып қайтқан еді. Үлкендер қауымының айтулы мерекесі қарсыңында ауылдың жекелеген аталы, баталы қариялары туралы қаламгер жазған материалдарды сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Шыны керек, қатарда жүріп, қарапайым еңбек еткен жерлестеріміздің көбіне көзден де, көңілден де қағаберіс қала беретіні шындық. Бұл жолы берекесі тасыған ауылдың қарапайым ғұмыр кешкен қарияларының жүріп өткен өмір белестері мен бүгінгі тыныс - тіршілігімен таныса отырыңыздар, құрметті оқырмандар.

ҚАРАСАЗДЫ ҚАЗАҚШАЛАҒАН ҚАРИЯ

Болмысынан басқару ісіне бейім, тумысынан ұйымдастыру жұмысына икемді кісілер болады. Осы қасиеттерінің арқасында олардың еңбек жолы мен өмір белестері басшылық қызметтермен байланысты болатыны анық. Қарасаз ауылына жол түсіп, ондағы қазыналы қарттармен кездесіп әңгімелескенімізде, ұзақ жыл ат үстінен түспеген Нұртаза Омаровтың өмір белестері бізді әжептеуір қызықтырды. 
Нұртаза Нұрғалиұлы – елгезек, қимылы жылдам, кісінің сөз саптауын алыстан аңғарып тұратын кісі екен. Алдағы қараша айында жетпістің жоталы белесін бағындырғалы тұрған көкеміз жас жігіттей ширақ. Әуелі Мақтаарал ауыл шаруашылығы техникумын, онан соң Алматы ауыл шаруашылығы институтын инженер - механик мамандығы бойынша бітіріп, жоғары партия мектебінен де дәріс алған. 
Алғашында Қарасаз ауылындағы Александр Пушкин атындағы орта мектепте еңбек сабағынан дәріс беріпті. Ұстаздық қызметтің де үдесінен шығып, озат ұстаздардың қатарында аты атала бастапты. Мектеп директорының тәрбие - ісі жөніндегі орынбасары кезінде де ерекше көзге түскен екен. Сол іскерлігінен болар, арада жылдар өткенде ауданаралық оқу комбинатының директоры болып тағайындалады. Он жылға жуық бұл қызметті де абыройлы атқарып, ауданның білім саласының дамуына сүбелі үлесін қосыпты. Ал, 1987 жылы Петровка ауылдық  кеңесіне төрағалыққа жіберіледі. Арада 5 жыл өткенде Петровка ауылдық округінің алғашқы әкімі болып тағайындалды. Ол аталған қызметті атқара жүріп, ел мен жердің, тұрғындардың мүддесін ойлады. Елді мекен, көше атауларының қазақшалануына да барынша мән берді. Ол кезде Жуалы ауданының ауылдары да, көшелері де орысша аталатынынан біз де біршама хабардармыз.  Нұртаза әкім – «Петровка» атауын «Қарасазға» ауыстыруға күш салған кісілердің бірі. Нұртаза Омаровтың бастамасымен Қарасаздағы бірнеше көше атауы да қазақшаланған. Нұрекең Қарасазда ауылдық кеңес төрағасы, округ әкімі болып 20 жылға жуық қызмет етті. Қарасаздықтар бұл кісі жайлы үнемі жақсы пікірде. Бүгінде елдің сыйлы қариясы. Кейінгі жылдары аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің басшысы, аудан әкімінің көмекшісі, аудандық «Жуалы - су» кәсіпорнының директоры, бөлім басшысы қызметтерін абыроймен атқарып, зейнетке шығыпты. Қазіргі таңда ауылдың биі және аудандық билер кеңесінің алқа мүшесі. Ауылдағы бірқатар бұзақылық пен аңдамай аяғын шалыс басқан азаматтардың ісін қарап, сотқа жеткізбей реттеп жүр. Биыл оннан астам іс қарап, оң шешімін шығарған екен. 
Асыл жары Айткүл Омарова ұзақ жыл Қарасаздағы А.Пушкин атындағы орта мектепте мұғалім, директордың орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарған. Ұл – қыздары да жоғары білімді, өмірден өз орындарын тапқан. Қарасаз ауылдық округінің қазіргі әкімі Жанар Нұрмұратқызы  «Нұртаза ағай – ұстазымыз. Бұл кісіден жұмыс барысында алатын үлгіміз көп. Ауылдың өзекті проблемалары, жастар тәрбиесі туралы ағаймен ақылдасып, тәжірибесін назарға алып отырамын» дейді. 
Мұндай өмірі өнегелі, түрлі басқару жолдарынан өткен ақсақалдар әр ауылға керек. 

КЕШЕГІ ЖҮРГІЗУШІ – БҮГІНГІ ГҮЛ ӨСІРУШІ

Қарасаздың қадірлі қариясының бірі – Құнанбай Нартаев ақсақал. Жасының ұлғайғанына қарамастан ол кісі бағбандықпен айналысады. Біз бұл кісінің ауласының гүлге көмкеріліп тұрғанын көрдік. Төңірекке хош иіс бөлетін, жан сарайыңды ашатын гүлдердің үй маңында құлпырып өсіп тұрғанының өзі қандай ғанибет. Кәдімгі қымбат роза гүлдерінің бірнеше түрі өсіп, жайқалып тұр.  « Ақсақал атамыздың гүл өсіргені ауылға үлгі. Ауыл жастарына осындай істі мысалға келтіріп, еңбекке жұмылдырамыз» дейді жолбасшымыз Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы. Ақ роза, көк роза, қызыл роза гүлдері көздің жауын алады. Тараз базарларында бұл роза гүліңіз өте қымбат қой. 101 түп роза гүлі 20 мың теңге деп естіп жүрміз. Ал, Құнанбай ақсақалдың ауласында сол гүлдердің мыңдаған данасы жайқалып тұр. Одан бөлек гиорген гүлі де, гүлдің өзге түрлері де өсіп тұр. Тіпті, есік алдындағы бір сәт отбасымен демалып отыратын орындарды да гүлмен көмкеріп, төбесіне дейін сәндеп қойыпты. Бір сөзбен айтқанда, ақсақалдың гүлмен өмір сүріп, гүлмен тыныстайтыны көрініп тұр.
Құнанбай ақсақал қарапайым еңбек адамы болған. Бұрынғы Карл Маркс атындағы ұжымшарда 46 жыл көлік жүргізіпті. Құдай қосқан жұбайы Күлбала Нартаева екеуі 5 ұл-қызды тәрбиелеп, өсірді. Күлбала әже әртүрлі жұмыстар атқарып, көбінесе үй шаруасында болыпты. Қазір ұлдары ұяда, қыздары қияда. Өсіп өнген перзенттерінен 22 немере, 11 шөбере сүйіп отыр. Ол да адамның өзінше бір бақыты. Бейнелеп айтқанда, гүл өсіруші қарттың ұрпақтары да гүлдей жайнап өсіп келеді. Бір айта кетерлігі, ауладағы самсаған гүлдерге Құнанбай қария өзі қарап, өзі күтіп баптайды екен. 
77 жастағы Құнанбай қария ауылдағы түрлі жиындарға қатысып, өзінің ақсақалдық сөзін айтып, жұртты жақсылыққа жұмылдыруға күш салып жүр. Бір ауылдың жақсы қариясы. Ауыл жастары ақсақалға сәлем беріп, түрлі кеңестер алып, батасына құлақ түріп, ақылын тыңдап тұрады. Өмірден түйгені көп қарттардың ақыл айтып, бағыт беруі ешкімге де артық болмайтыны анық. Құнанбай ақсақал өзінің өмір жолына шолу жасай отырып:
  – Барлық ғұмырым осы ауылда өтті. Жұмысым болды. Отбасыммен бақытты ғұмыр кешіп, өстім, өндім. Венгрия жерінде Отан алдындағы әскери борышымды өтедім. Әрине, ауылдан ұзап барып, үлкен қалаларда жоғары білім алуыма да болатын еді. Оған  бара алмауыма түрлі себептер болды. Әкем Нартай майдангер кісі еді. Сол кісі ауырып, әкемнің қасында отыруым қажет болды. Асқар тау әкеме қарадым. Ол кісі 1973 жылы 63 жасында өмірден озды. Анам Тұрсынкүл  кеңшарда кітапханашы болды. Анама да қарадым. Осындай перзенттік парызбен ауылда қалып, бір шаңырақ болып түтін түтеттім. Ауылдың үлгілі отбасының бірі болдым деп ойлаймын. Ұжымшарда озат жүргізуші болдым. Өз жұмысымды қай кезде де жауапты атқардым. Бүгінде жеке кәсіппен айналысқан азаматтар да жақсы табысқа жете алады. Мен жастарға осылай ақыл айтар едім, - деді 77 жасында гүл өсіріп жүрген Қарасаздың қадірлі ақсақалы Құнанбай Нартаев.


САҒЫНДЫРҒАН ЖОЛДАР – АЙ!

Қарасаздың жақсы ақсақалдарының бірі – Сағат Баетов биылғы желтоқсанда 75 жасқа толады екен.  Осы ауылда туып, еңбек етті, ғұмыр кешті. Көгерді, көктеді. Бұрынғы К.Маркс ұжымшарында 1969 жылдан бастап 45 жыл көлік жүргізушісі болып еңбек етті. Ол кезде кеңшар, ұжымшар дегеніңіз үлкен құрылым ғой. Ауылдағы әр адамға жұмыс бар. Көлік жүргізушілер, тіпті, тыным таппайды. Сол тыным таппағанның қатарында Сағат Сейітнәсімұлы да жүрген екен. «Газ-51» қорапты көлігімен егін орағында жүрді. Бидай мен арпаны тынымсыз жүріп тасыды. Баршаға ырыс болған алтын дәннің иісінен көңілі шалқып, мерейі өсті. Бұрынғы кісілер нанның қадірін жақсы білген. Себебі, нан тапшылығын көрді, балалық күндері қиындыққа толы болды. Сондықтан, Сағат қария қорапты көлігімен тонна-тонна алтын дән тасығанына мәртебесі өсетін.
Ол кезде ұжымшарда малдың басы он мыңдап есептеледі. Жүзге жуық отар бар. Сол малшыларға жем-шөп, отын керек,оларды көшіріп қондыру да үлкен шаруа. Сол тіршіліктің қақ ортасында сағаттап жүреді.  Шалғайдағы малшыларға қатынау оңай емес. Оларға қызмет еткеніне де Сәкең шүкіршілік ететін. Машылардың мекені шалғай болған соң, жолда талай оқиға болады. Кейде көлігі бұзылып, жолда қалады. Аязда, боранда немесе шілденің шіліңгір ыстығында далаға қонған кездері де аз болған жоқ. Жолы болып көлігі тоқтаусыз жүріп, ел алғысына бөленді. Талай малшыны, талай жолаушыны жетер жеріне жеткізіп алғысын алды. 
1974 жылы осындай озат еңбегі үшін ұжымшардың жолдамасымен Мәскеу, Ленинград, Киев қалаларын 15 күн сапарлап қайтқаны бар. Сол кездегі КСРО астанасы Мәскеуді ұзақ аралап, Кремльге да барғаны есінде. Одақ астанасының ең көрікті, көркем жерлеріне суретке түсіп, сонда көңілі бір көтеріліп еді. 
 Енді, міне, еңбектен аянбаған Сәкең ақсақал болып, ойға шомып отыр. Ұзақ жыл отандасқан асыл жары Аманкүл апай осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден озыпты. Екеуі 6 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген. Шүкір, перзенттер өмірден өз орындарын тауып жатыр. Немерелер мен шөберелер сүйді. 
  Сағат қариямен Нұрмат деген баласы бірге тұрады екен. Келіні Жансұлу да қарияның қабағына қарап, жылы шырай танытып отырғанын байқадық. 
 Есіктің алдында қорапты көлік тұр. Қорапты машина - бір үйдің берекесі. Сол көлікті Сағат ақсақал осы жасында да жүргізе береді екен. Баласы Нұрмат та техникадан алшақ емес. Одан бөлек жылқы, бұқа бордақылап, мал шаруашылығымен айналысуда. Бұл істің де басы - қасында Сағат қария өзі жүр. Қимылдағаны өзіне жақсы. Тірлікке бас-көз болғаны балаларына жақсы. 
«Тіршілігіміз осылай өтіп жатыр. Ұл-қыз, немерелерім келіп тұрады. Мен өзім де олардың үй жағына қыдырып барып тұрамын. Біздің дәурен осылай еңбекпен өтті. Енді жастар аман болып, аспанымыз ашық болсын» дейді Сағат қария. 
Сағат ақсақалдан техниканың қыр - сырын сұрайтындар көп. Біз барған шақта да көршісінің көлігін жөндеуге көмектесуге асықты. Аман жүріңіз, ақсақал!


«Ғұмыр –дария» үшін бетті арнайы әзірлеген
Есет ДОСАЛЫ,
журналист.
Жуалы ауданы.
Обсудить
Блок в статье:
БӨЛТІРІКТІҢ БЕДЕРЛІ БЕЛЕСІ 28 ноябрь 2024, Четверг
СТАЛИНГЕ ХАТ ЖАЗҒАН ҚАРИЯ 20 ноябрь 2024, Среда
КӘСІБІ – ТРАКТОРШЫ 18 ноябрь 2024, Понедельник

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры