Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БҮГІНГІНІҢ БИІ

БҮГІНГІНІҢ БИІ

27 сентябрь 2023, Среда
63
0
Облысымызға есімі кеңінен танымал қайраткер азамат, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы Есіркепов 80 жасқа толды.
Оңласын Қарабайұлы 1943 жылы 1 қыркүйекте Байзақ ауданына қарасты Көктал ауылында өмірге келді. 1961 жылы Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін, 1970 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын, 1975 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірді. 1970 – 1973 жылдары Жамбыл педагогикалық институтының, Жамбыл қалалық комсомол комитеттерінің хатшысы болып қызмет атқарды. Жоғары партия мектебін бітіріп келгеннен кейін Жамбыл қант зауыты партия бюросының хатшысы болды. 1980 – 1990 жылдары Завод аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Жамбыл қалалық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшысы, Жамбыл облыстық партия комитетінің жауапты ұйымдастырушысы қызметтерін атқарды.
Оңласын Қарабайұлы Тәуелсіздік жылдарында облыстың әлеуметтік - экономикалық дамуына өзінің білік - білімімен, ақыл - парасатымен елеулі үлес қосты. Мемлекеттік мүлік жөніндегі аумақтық комитеттің төрағасы, облыс әкімінің орынбасары, облыс әкімі аппаратының басшысы, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің директоры қызметтерінде болды. Біраз жыл кәсіподақ қызметінде бағын сынады. Ол кісі облыстың қоғамдық - саяси өміріне белсене араласты.
Оңласын Есіркеповтің елімізді өркендетуге сіңірген еңбегі «Құрмет» орденімен және мерекелік медальдармен, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттарымен аталып өтті. Ол – Жамбыл облысының және Байзақ ауданының Құрметті азаматы. Бүгінгі таңда ол облыстық билер кеңесінің төрағасы қоғамдық қызметін абыроймен атқаруда.

Бүгінгі күні 80-нің сеңгіріне шығып, аймағымыздың абыз ақсақалдарының бірі болып отырған қайраткер, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Қарабайұлы Есіркеповті білгенімізге де 40 жылдан аса уақыт өтіпті. Ол кісі облыстық деңгейде бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Соның ішінде, Оңласын Қарабайұлының монополияға қарсы комитетті басқарған жылдар еліміз, облысымыз үшін қиын - қыстау кезеңмен тұспа – тұс келді. Монополистер жылудың, электр энергиясының, коммуналдық қызметтің бағасын көтереміз деп комитетке жүгінеді. Халықтың әлеуметтік жағдайы мәз емес. Мекемелер де бағаны көтеру арқылы мәселелерін шешіп алғысы келеді. Әділдік сын безбеніне түскен шақта Оңласын Қарабайұлы тұтынушылардың, яғни халықтың, сөзін сөйлеп, сойылын соғады. Ондай адамды биліктегілер де қолдай бермейді. Бәрібір Оңкең принципінен айнымайды. 
Одан кейінгі жылдары Оңласын Қарабайұлының сол кездегі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарғаны да бар. Ұмытпасам, 1999 жылдың басы. Партияның конференциясы өтіп жатты. Басшыларды мақтап, небір шешендер кесілді дейсің. Менің ойымша Оңкең ғана оң сөйледі. Ол облыс басшысының кадрларды іріктеп, тағайындаудағы саясатын сынады. «Сіздің жаңадан тағайындап жатқан кадрларыңыздың  біліктілігі, ұйымдастырушылығы бұрынғы істеген кадрдан асып тұрған ештеңесі жоқ», – деп. Партияның төрағасы шамданып қалды. «Сіз, орынсыз сын айтпаңыз, қартайғанда да дұрыс қартайыңыз жөн» деді сілкінді. Біраз жағымпаздар: «Бастық дұрыс айтты», – деп күпіністі. Оларды түсінуге болады. Кезінде олардың да айла-шарғысына көнбеген ғой ол. 
Бастықтың аты – бастық. Замандары дәуірлеп тұрған кез. 63-тен енді ғана асқан Оңласын Қарабайұлын кәсіподақтың бір саласын басқаруға жіберді. Онда да ол кісі халықтың сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, табандылық 
танытты.
Қанымен біткен тектілік ағамызды абырой биігінен түсіре алмады. Осыдан төрт жыл бұрын Оңласын Қарабайұлы Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесі жанынан билер кеңесі құрылғанда, соның төрағалығына сайланды. Жаңа қоғамдық ұйым, ережесі жоқ, жарғысы жоқ. Бірақ, республикаға белгілі заңгер Бекет Тұрғараев деген азамат: «Халықтың құқықтық сауатын көтеремін, ол үшін салт-дәстүрді жаңғыртамын, бұрынғы билер институтын қалпына келтіремін», – деп белсене кіріскенде, Жоғарғы Сот жанынан отбасы арасындағы дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу үшін «Дәнекер» деп аталатын пилоттық жоба дүниеге келді. 
Халқы десе қашанда аянып қалмайтыны, әділдік жолында белсенділігінен таймайтын Оңласын Қарабайұлы Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Еркінбек Бейсенбекұлы Солтыбаевпен, облыстың соттың білгір судьяларымен бірлесіп, заңгерлерді іске қосып, қанатқақты жобаны жүзеге асыру үшін республика бойынша тұңғыш рет билер кеңесінің ережесін жасап, оны Шымкент қаласында өткен республикалық жиында таныстырып, тұсауын кесті. Міне, содан бері облысымызда билер кеңестері құрылып, Жамбыл облысының тәжірибесін өткен жылы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі Тараз қаласында өткен көшпелі семинарда мақұлдап, іс тәжірибені еліміз бойынша тарату жөнінде бір шешімге келді.
Билер институтының бұл жетістігі сөз жоқ Оңласын Қарабайұлының тынымсыз еңбегінің, ізденісінің, іскерлігінің арқасында ғана мүмкін болды. Аудандарды аралай жүріп, басшыларды жағалай жүріп, бұл қоғамдық ұйымның дәл қазір керек екендігін дәлелдеп, көздерін жеткізді. Түрлі деңгейдегі соттардың қызығушылығын оятты. Шынында да сәл бірдеңе болса, сотқа жүгіретін халық, енді билерге жүгінетін болды. Оңласын Қарабайұлының ұйымдастыруымен біздің Талас ауданында да үш мәрте «Дау-дамайды шешудің Таластық тәжірибесі жайлы» семинар өтті. Халық сайлаған билер ауданда ғана емес, облыста арнайы семинарларға қатысып, сертификаттар иеленді. Оңкеңнің ұйымдастыруымен әр ауданда бата беруден байқаулар  өтті, Шешендік өнерді дамыту үшін облыста үш мәрте «дөңгелек үстел» отырысы өткізілді. 2021 жылдан бері облыстық билер кеңесінің бастамасымен «Жамбыл облысының  Үздік биі» атану мақсатында байқау ұйымдастырыла бастады. Оның алғашқы жеңімпазы, осы жолдардың авторы болғанын зор қанағат сезіммен айта аламын.
Талас аудандық билер кеңесі де қоғамдық қызметің жүргізгенде Оңласын Қарабайұлының ақыл - кеңестеріне құлақ түріп, ол кісінің мол тәжірибесінен үйреніп отырамыз Өйткені, билер кеңесі жұмысының қоғамға ауадай қажет екенін түсіндік. Өзі құрылғалы бергі үш жарым жыл ішінде билер кеңесі жұртшылықтың сенімін иеленді. Тап біздің ауданымызда Ойық ауылы билерінің бастамасымен «Ішімдіксіз, бұзақысыз, отбасы берік, үлгілі ауылға айналамыз» деген бастама дүниеге келді. Ол бастамамызды Оңкеңнің өзі құп көріп, басқа аудандарға насихаттау үшін арнайы жиындар өткізіп, сол жерлерде біздер де тәжірибемізбен бөлістік. Соның нәтижесінде аудандағы 26 елді мекеннің 50 пайызында бүгінде дүкендерде ішімдік сатылмайды. Көкпарда ішімдік ішуге тыйым салынды. Елді мекендерде отбасын сақтау мәселесі қатаң қадағалауға алынды. Қаратау қаласында болмаса, елді мекендерде неке бұзу оқиғасы сирексіді. Биылғы жылы ауданымызда «Ауылына қарап азаматын таны», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бастамалар дүниеге келді. 
Оңласын Қарабайұлы – жаңашыл адам. Әрбір бастамаға сергек қарап, оны насихаттауға өзі бірінші болып кіріседі. Ерінбейді. Өзгелерді де қамшылап отырады. Кейде мен ойлаймын: «Адам баласының жалақы алмай, өзіне тапсырылған қызметті мұншама беріле істеуінің сыры неде?» деп. Оған жауабым да дайын. Ол кісі тазалықты, әділдікті, парасаттылықты бойына дарытқан адам. Ол – ұлтын сүйетін, ұлты үшін жан-тәнімен еңбектенетін азамат. Тағы ойлаймын: «Облыстық билер кеңесін Оңласынсыз көзге елестетудің өзі қиын» деп. Әрине, адам істегенді адам істейді, алмастырмайтын жан болмайды. Бірақ, қалай десек те, қай қызметте болмасын Оңласын Қарабайұлының жолы да, жөні де бөлек екендігі дау туғызбайды. «Әй, осы билер кеңесінің керегі не? Өткеннің сарқыншағы, дау-дамайды қарайтын полиция, сот, прокурор бар емес пе?» дейтіндер де бар. Отыз жылдағы қателігіміздің бірі – бір-бірімізді тәрбиелеуімізді екінші қатарға ысырып тастауымыздан. «Әркімнің өзім білермендігі» орны толмас өкінішке ұрындырып жатқандығы да содан. 
- Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағандықтан тәрбие жұмысы қожырап кетті. Ақылды тыңдайтын ұлт, тыңдата алатын ақылман ақсақал, беделді би керек, - дейді Оңласын Қарабайұлы. 
Біздің Оңкең, Құдайға шүкір, 80-ге сергек жетті. Қазыналы қарияға айналады. Осындай ұлағатты қарты барда қазақ та ақылдан кенде болмас. 
Мың жасаңыз, Аға!


Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
Талас аудандық билер
кеңесінің төрағасы.
Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Жағымды жаңалық
29 апрель 2022, Пятница
Жағымды жаңалық
Біздің белсенділер
29 апрель 2022, Пятница
Біздің белсенділер
Парасат
25 август 2021, Среда
Парасат
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры