Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БІРЛІКПЕН АТҚАРҒАН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР: Бастауыш ардагерлер ұйымы мен ауыл әкімінің жарасымды тірлігі

БІРЛІКПЕН АТҚАРҒАН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР: Бастауыш ардагерлер ұйымы мен ауыл әкімінің жарасымды тірлігі

06 сентябрь 2023, Среда
87
0
Облысымыздың барлық өңірлерінде ардагерлер ұйымдарының бастамасымен және белсене атсалысуымен көптеген игілікті істер жүзеге асырылып жатыр. Әрине, бұл жерде жергілікті биліктің қолдауынсыз тірлік тынбайтыны белгілі.
Өткен жылы газетімізде «Билік және бастауыш ұйым» айдарымен бірқатар ауылдық округ әкімдері мен сондағы бастауыш ардагерлер кеңесі төрағаларымен атқарылған жұмыстар жайында сұхбаттар жариялағанбыз.
Алдыңғы айларда Байзақ ауданында облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бастауыш облыстың бастауыш ардагерлер ұйымдары төрағаларының жергілікті атқарушы билікпен бірлесе жұмыс істеу тәсілдерін жетілдіру тақырыбына арналған көшпелі семинар - кеңес өткізу жоспарлануда. Осы ауқымды шараға байланысты және газетімізде бұрыннан қалыптасқан үрдісті жалғастыра отырып, газетіміздің бүгінгі санында Шу ауданы Төле би ауылдық округінің әкімі Азамат Серікұлы Ошанов және осы ауылдық округ бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзахан Құрманбековпен әңгіме өрбітіп отырмыз.

Тілші: Сіздерді, аудандағы алдыңғы қатарлы, іргелі, белсенділігі жоғары бастауыш ардагерлер ұйымы санатында деп білеміз. Аға буынның белсенді қоғамдық қызметі жергілікті билікпен бірігіп жұмыс жүргізудің нәтижесі екені белгілі.
Мырзахан ҚҰРМАНБЕКОВ: Ауылда аға буын өкілдерінің қоғамдық ұйымы 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мен – бесінші төрағамын. Ұйымның 30 жылға жуық ғұмырында жүзеге асырылған игі істер көп - ақ. Қысқаша түйіндеп айтар болсам, еліміз егемендігін алып, тәуелсіздігін жариялағаннан бергі уақытта өмірден көрген - түйгендері көп, тәжірибесі мол қариялар жаңа қоғамды қалыптастыруға зор үлес қосты. Олар жастарға ақыл - кеңес беруден аянған жоқ. Өздері де өндірістік істерге белсене араласып, өнегелі істерімен үлгі бола білді. Ардагерлер ұйымы жергілікті биліктің – ауылдық округ әкімдігінің қолдау - көмегін барлық уақытта сезініп отырамыз.
Азамат ОШАНОВ: Ия, «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дегендей, арғысын айтпағанда, кешегі Ұлы Отан соғысында, одан бергі тың және тыңайған жерлерді игеруде сыннан өткен, өңірдің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдері Тәуелсіздік тізгіні қолға тиген кезеңнен бері қоғам дамуына қолдан келгенінше қолғабыс көрсетуде. Әрине, бұл жерде ардагерлер ретінде бағалы бастамалар көтеріп, жүзеге асырылған игі істердің басы – қасында жүргендерінің өзі дәтке қуат.
Тілші: Дәл бүгінгі таңда сіздердің бірігіп атқарған жұмыстарыңыз жайында не айтар едіңіздер?
Мырзахан ҚҰРМАНБЕКОВ: Біздің бастауыш ардагерлер ұйымында әлеуметтік мәселелер, жастармен жұмыс, тағы басқа тұрақты комиссиялармен қатар билер кеңесі, аналар алқасы жұмыс істейді. Аудандық ауруханада, аудандық почта байланысы торабы мен аудандық білім бөлімінде және бес мектепте бір - бірден цехтық ардагерлер ұйымдары бар. Міне, солар – біздің негізгі тірегіміз. Аудан орталығындағы Сәду Шәкіров атындағы орта мектепте Дәнен Бейсенбаева, аудандық ауруханада Әсия Бақтымбетова, почтада Нұрлыхан Бердиев әртүрлі іс - шаралар ұйымдастырып, ардагерлер мен жастардың кездесулерін өткізуге мұрындық болып жүр.
Аудан орталығы болғандықтан, бәрін тізіп жатпай - ақ, ардагерлердің атсалысуымен атқарылған екі - үш елеулі істі мысалға келтіре кетейін.
Облыстың бұрынғы әкімі, марқұм Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасына үй салынып жатыр. Бұл игілікті іске құлшыныс білдіруші ілкімді азаматтар өздерінің аттарын атамай - ақ қоюды өтінді. Жөн-ақ! Пайғамбарымыздың (с.ә.у) «Оң қолыңмен берген қайыр - садақаңды сол қолың білмесін» деген хадисін ұстанғандары ғой. Оларға Алла разы болсын!
Төле би ауылында жеке  тұрғын үйлерге табиғи газ құбырын кіргізу өте қымбатқа түсіп отыр. Ол жұмысты «Парпиев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарып келген. Ауыл тұрғындарының өтінішімен бұл іске ардагерлер Мәкен Уақтегі мен Мейірхан Балықбаев араласып, жеке тұрғын үйлерге газ құбырын тарту ісінің «ҚазТрансГазАймақ» мекемесінің құзырына берілуіне қол жеткізілмек.
«Сақалды құрылысқа» айналған Әл - Фараби атындағы орта мектептің ғимараты ардагерлердің араласуымен үстіміздегі жылдың қазан айында пайдалануға берілмек. Құдай қаласа, сол уақыттан бастап балалар жаңа мектепте оқитын болады.
Өткен жылы ауылымызға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов келгенде Шу қаласындағы «Сауда – Сервис» базарына автобус аялдамасын салу сөз болған. Тұрғындар өтініші орындалып, қысқа уақытта 2 аялдама салынды. Енді мал базарына баратын жолға аялдама салынғалы жатыр. Ол да ардагерлердің араласуымен. 
Азамат ОШАНОВ: Мырзахан ағамыздың айтқандарын қайталамай - ақ қояайын, дегенмен аға буын өкілдерінің мұрындық болуымен Төле би ауылындағы арық - атыздарды тазалауда, абаттандыруда әжептеуір жұмыстар атқарылды. Сол сияқты, Шу өзенінің жағалауын күл - қоқыстардан тазарту ардагерлер мен еріктілердің қатысуымен жүзеге асырылды. Біз қажетті жұмыс құралдарымен қамтамасыз еттік.
Ауылдағы таза ауызсу, ағынсу, жол жөндеу, көшелерге жол  төсеу, жарықтандыру сияқты мәселелер де ардагерлердің белсене атсалысуымен оң шешімін тауып жатыр.
Тілші: Бірлескен істе береке бар, аға буын өкілдерімен бірігіп жүзеге асырылып жатқан жұмыстар баршылық екен. Оған қуаныштымыз. Енді, белсенді ардагерлерге, күнкөрісі нашар, тұрмысы төмен ардагерлерге сіздердің тараптарыңыздан қандай көмек, қолдау бар?
Мырзахан ҚҰРМАНБЕКОВ: Біздің қолымызда материалдық игілік жоқ. Бұл мәселеде жергілікті атқарушы биліктің көмегіне жүгінеміз ғой. Ауылдық округ әкімі қолынан келгенше көмектесіп - ақ жатыр. Оны әкімнің өз аузынан естігеніңіз жөн болар.
Азамат ОШАНОВ: Қариялардың көңілі баланың көңіліндей. Сәл нәрседен көңілдері қалып қояды, сәл нәрседе елеп – ескерсең, балаша мәз болды. Біз Наурыз, Халықаралық әйелдер күні, Жеңіс күні, Халықаралық қарттар күні. Республика күні, Тәуелсіздік күні сынды мемлекеттік және атаулы мерекелерде ардагерлерге ілкімді азаматтардың көмегімен арнайы дастархан жайып, шамаларымызға қарай сый - сияпаттар жасаймыз. Мысалы, ардагерлер ұсынысымен 30 үйге көмір түсіріп бердік. Жеңіс мерекесіне орай 25 тыл ардагерлеріне азық - түлік себеттері таратылды. 11 ардагер әртүрлі шипажайларда демалып, ем алып, денсаулықтарын түзетіп қайтты.
Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ардагерлердің спортпен айналысуларына, әртүрлі спорттық іс - шараларға қатысуларына жағдай жасап тұрамыз. 
Сондай қолдаудың арқасында шығар, 12 ардагер облыстық спартакиадаға қатысып, бірқатары спорттың әртүрінен жүлделі орындарға ие болып қайтты.
Мырзахан ҚҰРМАНБЕКОВ: Осы жерін мен айтайын, ауылдық округ әкімдігі ардагер спортшыларға арнайы үлгіде киім тіктіріп берген. Қариялардың аудандық, облыстық спартакиадаға қатысуына мүмкіндіктер туғызып, арнайы көлік бөліп тұрады.
Бәріне бірдей десем, өтірік болар, 80, 90 жасқа толған ардагерлерді мерекелерімене үйлеріне барып құттықтап, сый - сияпат жасап тұрамыз. Биліктің елеп – ескергеніне қарттар да риза!
Тілші: Жастар тәрбиесіне аталысу жайында не айтар едіңіз?
Мырзахан ҚҰРМАНБЕКОВ: «Барлығы да балалар үшін» деген қағида – біздің өміріміздің мәні де, мағынасы да. Ардагерлер еліміздің болашағы – жастар тәрбиесіне бәрін беруге бар. Өйткені, еліміздің ертеңі солар ғой. Бұл ретте біз мектептермен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Оқушылармен кездесулер өткізіп, оларға ақыл - кеңесімізді айтуға әрқашанда дайынбыз.
Ақпан айында кеңес әскерінің Ауғанстан аумағынан шығарылуына арналған «Жастығын жалын шарпыған» атты іс - шара, С. Шәкіров атындағы орта мектепте Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің ерлігіне арналған әдеби - музыкалық композиция ұйымдастырылды. Осы іс - шаралар барысында Ауғанстанда болған интернационалист – жауынгерлер, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі туралы білетіндер естеліктерімен бөлісті.
Тілші: Біз кез - келген сұхбат барысында өзіміздің «Ғұмыр - Дария» газетіне жазылу жайын қозғайтын әдетіміз бар. Жасыратыны жоқ. Сіздерде газетке жазылу мәселесіне көңіл толмай отыр. Қандай уәж айтасыздар?
Мырзахан ҚҰРМАНБЕКОВ: Ол жағынан ұяттымыз. Алдағы уақытта қолға аламыз. Кемшілікті жолға қоюға тырысамыз. 
Азамат ОШАНОВ: «Ғұмыр–Дария» газетіне ардагерлерді жаздыру - басты назардағы істің бірі. Демеушілердің көмегімен 22 дана газетке жаздырдық. Әрине, 2000 - нан астам зейнеткері бар аудан орталығы үшін өте аз екені рас. «Құрғақ уәде» демеңіздер, келешекте газет таралымын көбейтуге күш салатын боламыз.
Тілші: Әңгімелеріңізге рахмет! Істеріңіз ілге баса берсін!

Әңгімелескен
Болат ЖАППАРҰЛЫ,
«Ғұмыр – Дария»
Шу ауданы

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Ардагерлер өмірінің жаршысы
01 июль 2022, Пятница
Ардагерлер өмірінің жаршысы
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
01 август 2022, Понедельник
ЖАҚСЫ ҚАРТАЯ БІЛГЕН ҚАРИЯ
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры