Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » БЕСАҒАШТЫҢ ҮЛКЕНДЕРІ БЕЛСЕНДІ

БЕСАҒАШТЫҢ ҮЛКЕНДЕРІ БЕЛСЕНДІ

06 сентябрь 2023, Среда
61
0
Бесағаш ауылдық округінде екі елді мекен бар: Бесағаш және Түрксіб ауылдары. Осы екі ауылдағы 633 зейнеткердің басым көпшілігі ауылдық округ ардагерлер ұйымының қызметіне белсенді атсалысады. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдікерім Ахметов округтегі қариялардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, олардың қоғам өмірінен тыс қалмауына барын салып жүр. Соның арқасында аймақта ардагерлер ұйымының жұмысы жандана түсуде. Оған осы ұйымның белсенді мүшелерінің айтқан сөздері мен істеген істері дәлел.
Қане, олар не дейді екен? Зейін қойып көрейікші.

КҮТЕ БІЛСЕҢ, ЖЕР - ЖОМАРТ
Адамзат баласы әлімсақтан Жер-Ананың емшегін еміп, оның ризық-несібесін пайдаланып келеді. «Күте білсең, жер – жомарт» қағидасын ұстанатыны да сондықтан.
Ғалым-агроном, масақты дақылдарды будандастырушы ретінде оған көзім әбден жеткен. Саналы ғұмырымды егіншілік саласына арнадым. Қазір де ауылдастарыма, жастарға елді мекендерді көріктендіру-көгеріштендіру, талдар отырғызу, аула шаруашылығын дамыту, үй іргесіндегі жер теліміне жеміс-жидек ағаштарын отырғызу, көкөніс егу жөнінде ақыл-кеңесімді айтып, өзім соған үлгі көрсетіп жүремін. Үй іргесінде жеміс-жидектер, көкөністердің көптеген түрін отырғызып, соның игілігін көріп отырмын. Алма, өрік, қара өрік, шабдалы, жүзім, шие, таңқурай, құлпынай, қызанақ, қияр, қырыққабат, жуа, пияз, бұрыш, тағы да басқа жемістер мен көкөністер жайқалып тұр. Ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қартайдың, қайта үйірге келмейсің, Көргеніңді, білгеніңді тіршілікте бергейсің» дегеніндей, «барымды елге, жастарға берсем» деген ой ғой менікі.
Аулаға 70 түп тұя ағашының тұқымын еккенмін. Бұл – өте баяу өсетін өсімдік. Соның 30 көшетін балабақшаға, 17-сін мектепке, 4-еуін мешітке, 15-ін сыйластарға, көрші-қолаңға бердім. «Өлтіріп алмай, өсірсе екен» деп тілеймін. Кейбірін өзім қадағалаймын да.
Қазір тұядан босаған алаңға келінім Нұргүл әртүрлі гүлдер егіп тастаған. Ол гүлдер аулаға сән беріп тұр. Әйтеуір, бос жатқан жер жоқ.
Мектеппен тығыз байланыстамын, мекеме басшысы Қайыржан Сейсенғалиевпен келісіп, питомник ашуды ойластырып отырмыз. Онда әртүрлі өсімдіктер өсірсек, бұл ботаника, биология пәндерін тәжірибе түрінде оқытуға септігін тигізер еді.
Өзім көп жылдар бойы масақты дақылдарды будандастыру арқылы арпаның және күздік бидайдың бір-бір сорттарын шығарғанмын. Арпаға немерем Жалғастың, бидайға аудандық «Шұғыла» газетінің атын беруді ұйғардым. Арпаның 70-тей, бидайдың 90-нан астам дәні бар. Ақегістің бұл сорттарын Қазақ егін шаруашылығы институты сұрап отыр. Онда ғылыми-зерттеу лабораториясы бар. Басқа да мүмкіндіктер жеткілікті. Агротехникалық талаптар сақталатын болса, аталған дақылдар жақсы өнім беретініне сенімім кәміл.
Көгеріш – экологиялық тазалық. Ал, табиғи талаптарды қатаң сақтай отырып өсірілген дақылдар мен көкөністер – жақсы денсаулық кепілі. Ел осыны ескерсе екен.

Берік БАЙҰЛЫ,
ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі,
«Еңбек даңқы» медалінің иегері,
Жамбыл ауданының Құрметті ардагері.


ҚАРАП ОТЫРА АЛМАЙМЫН
Іс тігу, кесте тоқу – әйел баласына тән жұмыстар ғой. Біздің заманымызда көйлегінің түймесін қадай алмайтын қыз күлкіге ұшырайтын.
Ширек ғасырдан астам ұстаздық еттім. Институттан кейін шамалы уақыт негізгі мамандығым бойынша математика пәнінен сабақ бергенмін. Талапшылдығым, ұйымдастырушылық қабілетім ескерілгені шығар, ұзақ жылдар мектепте директордың орынбасары қызметін атқардым. Зейнетке шығысымен тігін машинасына отырып, әртүрлі бұйымдар тігумен айналыстым. Қол қусырып қарап отыру – табиғатыма жат. Сондықтан, кейбіреулердің «зейнетақысы бар, бала-шағасы бар, тыныш отыра бермей ме» деген сыпсың сөздері маған тоқтау болған емес. Көңілім сүйген ісіме бар ынта-ықыласыммен кірістім де кеттім. Нағашы апам Сейсекүл, өз анам Үрзиядан үйренгенім бар, қолымнан шыққан бұйымдарым лайықты бағаланды. Ауылда Жібек Шәдіқожақызы деген апай болатын. Ол кісіден ұлттық қолөнер жайында сұрап білгендерім де көп.
Негізінен құрақ көрпешелер, бөстектер, көрпелер, жастық, ақжайма, матрац тігемін. Бұйымдарымды ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әрлеймін. Ондай тауарлар көрнекі көрінеді әрі өтімді.
Құрақ құраудың қиындығы көп. Бірақ, рахат қой. Көрпеше, бөстек, жастықтарды әртүрлі үлгідегі ою-өрнектермен әрлеу үшін көп ойланасың. Көбіне-көп қошқар мүйіз, үшбұрыш, ирек оюлар жақсы көрінеді. Оның өзін тіккен бұйымыңның көлеміне қарай жіңішке, жалпақ етіп ою керек. Мата таңдаудың да машақаты бар. Өйткені, оның бетіне салған оюың айқын, айшықты, анық көрініп тұрғаны дұрыс. Тамыр-таныстың сұрауымен оюлы бөстектерім Америкаға да өтіп кетті.
Кәсібімді келінім Лаураға да үйреттім. Білгені дұрыс.
Бір мезгіл қоғамдық жұмыстарға араласып, ардагерлер ұйымы ұйымдастырған іс-шараларға да атсалысып тұрамын. Дойбыдан аудандық, облыстық спартакиадаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүрмін. Жеңімпаз болған кезім де бар.
Өзімнің қоғамға, жасаған бұйымымның адамдарға керек екенін сезініп, көңілім марқайып қалады.

Гүлжаһан МЫРЗАХМЕТОВА,
Бесағаш ауылының Құрметті азаматы,

ардагер ұстаз.

ЖАСТАР ҮШІН ЖАУАПТЫМЫЗ
Біз, аға буын өкілдері, Қазақ елінің дамуына, қоғамда отаншыл, ұлтжанды жастар тәрбиеленуіне жауаптымыз. Ол бір жағынан парыз.
Қазіргі Түрксіб ауылы кеңестік кезеңде теміржолға қарасты №6 кеңшардың орталығы болатын. Шаруашылықтың мыңдаған гектар жері бар еді.
Ауыл тазалығы, жол, ауызсу, газ, электр қуаты, балалар ойнайтын спорт алаңының салынуы сынды ешқашан күн тәртібінен түспейтін мәселелерді шешуде жастарға ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз.
Бұл ретте мен ауылдың үлкен ақсақалы Шәбден Байғабылов, замандастарым Әлімжан Ерниязов, Шәмшібек Имашев, ауыл мешітінің найб - имамы Болат Айдарбековтердің ақылына жүгініп жұмыс жүргіземін.
Бәрі бірдей қайдан жақсы бола қойсын, қиындықтар да бар. Қариялар кейбір қиындықтарға қарамай, ауыл тіршілігінің көші түзу болуына атсалысып жүр. Мен соған қуанамын.

Әмірхан ҚҰЛЖАНОВ,
Түрксіб ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Жамбыл ауданының Құрметті ардагері.

АУЫЛ СПОРТЫНДА СЕРПІЛІС БАР
Бесағаш – спортшыларымен атағы дүркіреген ауыл. Бұл ауылдан бір-неше Халықаралық дәрежедегі, КСРО спорт шеберлері, Азия, Еуропа біріншіліктерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері шыққан.
Кешегі кеңестік кезеңде еркін күрестен Кеңесбек Ғалиакпаров, Ғалымжан Сапарғалиев, бокстан Болат Жараров, самбодан Бақыт Ташметов сынды саңлақ спортшылар Азия мен Еуропада, тіпті, мұхиттың арғы жағындағы Кубада жеңіс тұғырына көтеріліп, ауылдың атағын аспандатқан. Бауыржан Бейсембиевтің отбасылық командасы КСРО халықтары спартакиадасынан жүлдемен оралған.
Олардың жеңісті жолын жалғастырған Руслан Мұхамедқалиев – қазақша күрестен Азияның 3 дүркін, оның шәкірті Дамир Хабибуллаев – әлемнің 2 дүркін чемпиондары. Бұл тізімге өз салмағында «ЕуроАзия барысының» 3 дүркін жеңімпазы Марат Нигматуллаевты, қазақша күрестен Дүниежүзілік Көшпелілер ойындарының жеңімпазы Дәулет Пахридиновты қосуға болады.
Өзім спорттың волейбол түрімен жастайымнан айналысамын. 1981 жылы Бесағашта аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы ашылғанда мен және Арыстан Құлжабаев жаңадан тағайындалған директор Бауыржан Бейсембиевпен бірге келгенбіз. Біз ауылда спорттың басқа түрлерімен қатар волейболдың дамуына көп үлес қостық. Спорттың бұл түрінен одақтық, республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып, ауыл спортының қоржынына олжа салған кездеріміз көп.
Қазір де ауылдың ардагер спортшылары аудандық, облыстық спартакиадаларға белсене атсалысып жүр. Бұл ретте теннис, асықтан Тайбек Қарсақов, дойбыдан Гүлжаһан Мырзахметова, тоғызқұмалақтан Райхан Туғанбаева жүлделі орындарды олжалағанын айтуым керек.
Ауыл спортының дамуына өзіндік үлестерін қосқан ардагерлер Мұрат Пірімқұлов, Шайбек Қарсақов, Ғабидолла Хабибуллаев, Сәкен Сайфулла, Серік Бименов қазір спортшы жастардың ақылшы-кеңесшілері. Өздері де жарыстарға қатысып тұрады.
Бәрі де Бесағаш спортының аспандаған атағына дақ түспеуіне мүдделі. Жастар аман болса, ауыл спорты әлі де дами түсетініне сенім зор. Оған үлес қосудан ардагерлер де аянбайды.

Сәрсен ОСПАНОВ,
волейболдан облыстық, республикалық біріншіліктердің
бірнеше дүркін жүлдегері, спорт ардагері.

Обсудить
Блок в статье:
"Ана тілің-арың бұл" 20 сентябрь 2024, Пятница
БАТАМЕНЕН ЕЛ КӨГЕРЕР 19 сентябрь 2024, Четверг

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры