Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » ДАМУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫНА БЕТ БҰРҒАН ЕЛМІЗ

ДАМУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫНА БЕТ БҰРҒАН ЕЛМІЗ

01 июль 2022, Пятница
100
0
Қазір біреудің жақсылығын айтсаң, жағымпаз атандыратын, мінін айтсаң6 бәлеқор дейтін, үндемесең, "құлдық санадағы пендеге" айналдырып шыға  келетіндердің "дәурені"  жүріп жатқан  "бір қызық" заман боп тұр. Бұған жел беріп, су бүркетіндердің дені,  әлбетте, әлеуметтік  желідегі желбуаз пікірлі, боссөзді желбіржекен жандар. Содан да шығар, наурыздың он алтысында, сәрсенбі күні сағат 11.00-де телеарналарымыздан тікелей берілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын  көріп,  тыңдап отырып, осы бір ғана тақырыпқа  бір мезетте бір ғана фейсбук  парақшаларымның беттерінде бас-аяғы 30-шақты пост  арнап тастаппын. Бұл нені білдіреді? Бұл - Жолдаудың әр жолынан, Президенттің  әр сөзінен алған әдемі әсерімнің  ізін  суытпай айналамдағы  жақын-жуықтарыммен бөліскенім деген сөз.
Шынын айту керек, Қасым Жомарт Тоқаевтың бұл  жолғы Жолдауынан көп жаңалық, көп өзгеріс  күткеніміз рас. Қоғамға келелі өзгерістер қажет болды. Ел оң өзгерістерді ел Президентінің өз аузынан естігісі келді. Естіді де.  
Сондықтан да, "Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы" атты Жолдаудың, алдымен, "Бәрекелді!" дегізіп, дүйім елді елең еткізген тұстарына тағы бір рет тоқтала кетуді жөн көріп отырмын.
Президент өз Жолдауында  Алматы агломерациясына қатысты түйткілді мәселелердің көптігін айтқан. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай еместігін айтты. Алматы облысының  екіге бөлінетіндігін және бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылатындығын жариялады. Сондай-ақ, Қапшағай қаласының атын Қонаевтың есіміне ауыстыруға келісетінін жеткізген Президенттің сөзінен заманымыздың ұлы тұлғасы Д.А.Қонаевтың есімі расымен де енді мықтап ұлықталар ұтымды уақыттың келгені бірден байқалды. 
Күллі  Алаш  жұртын  дүр сілкіндіріп қуантқан жаңалықтың енді бірі – Семей аймағында Абай облысын құру туралы идея болды. Қаншама жылдардан бері Шығыс Қазақстан, Өскеменге жалтақтап келе жатқан Семей қаласының облыс орталығына айналатынын және жаңа облыстың ұлы Абай хакімнің есімін егеленетінін алғаш естігендегі эмоциямызды дәл сол күнгідей көз алдарыңызға елестете алмаспыз. Дегенмен де, бұл жаңалықтың көкейімізді әлі күнге шейін сәулелендіріп тұрғанын қалай бүкпекпіз. Жезқазған қаласы да қайтадан облыс орталығына айналып, Ұлытау облысы құрылатын болды. Өмірге келетін жаңа аймақтың "Ұлытау" деген киелі атауының өзі қандай, шіркін! "Жаңадан құрылатын облыстардың Абай, Ұлытау, Жетісу деп аталуында ерекше мән бар. Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімдерін ұрпақ санасында жаңғырта береміз" деген Президенттің сөзі  сөз-ақ!
Бұл шешімдердің арғы жағында үлкен саяси һәм әлеуметтік мәселелер тұр. Ең жоқ дегенде жұмыс орындары ашылып, экономиканың сан-салалы тамырына қан жүреді. Қаржылық дағдарыстардың түйіні тарқатылады. Азық-түліктің проблемалары азаяды. Оның ар жағында, осының нәтижесінде баспана, отбасы, демографиялық өсім, ішкі көші-қон, ауыл мен қала арасындағы алшақтықтар, тағы да басқа көптеген әлеуметтік мәселелер жолға дұрыс қойылмай ма?! 
Тұтасынан алғанда дамудың жаңа  сатысын саралап берген Жолдауда көкейге қонатын көп бастама көтерілді. Қаңтар оқиғаларынан әлдеқайда бұрын мұқият ойластырылып, пысықталған бұл бастамаларына "асықпайық, заман жақсарғанға дейін бұл жоспарды қоя тұрайық", "қазіргі ахуалды өз мүддемізге пайдалануға мүмкіндік туып тұрса, жүйені өзгертудің не қажеті бар" деп ақыл қосқан сарапшылар мен мемлекеттік қызметшілердің де болғанын ашық айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының енді біреулердің геосаяси ахуал қатты шиеленісіп тұрған кезде  елді4 "горбачевтік қайта құрудағы" сияқты берекесіздік жайлап, көше демократиясы белең алып кете ме деген орынды қауіптеріне қарамастан елге түбегейлі реформалар енгізу үшін тәуекелге бел байлағанына еріксіз тәнті боласыз. Қош, сонымен Президент: қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетін және мемлекеттің орнықты әрі басқаруға икемді болуын қамтамасыз ететін "Елдің саяси жүйесін кешенді жаңғыртудың бағдарламасын" ұсынды.
-Билік институттарының тепе-теңдігінің оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізетін жаңа жүйені – басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола  көшуді мәлім етті.
Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдыру үшін "Күшті Президент– ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" қағидатын басшылыққа алатынын қатаң ескерткен Мемлекет басшысы "Президенттің өкілеттігі туралы", "Өкілді билік тармағын қайта құру", "Сайлау жүйесін жетілдіру", "Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту", "Сайлау үдерісін жаңғырту", "Құқық қорғау институттарын күшейту", "БАҚ-тың бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту", "Еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру", "Жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру", "Дағдарысқа қарсы кезек күттірмейтін шаралар туралы" он негізгі басымдықты қамтитын бастаманың  атын атап, түсін түстеп берді.
Ендігі жерде: 
– Өз міндетін табысты атқар-ған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан ауқымды, ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастыратын Ұлттық Құрылтай құрылмақ; 
– Ел Президенті ешқандай партия мүшесі болмайтын болды; 
– Ассамблея депутаттарының саны  9-дан 5-ке қысқарады; Партия кұруға керекті қолдың саны 5 мыңға түсті, яғни партия құруға бес мың адам саны жеткілікті болады деген сөз;
– Байқаушылардың мерейі үстем болатын болды.
Президенттің айтуынша, ал-дағы уақытта сайлау рәсімдері  жетілдіріледі. "Демократия тарихы - сайлау рәсімдерін жетілдіру тарихы деген сөз" деген Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті және мемлекеттік басқарудағы өкілдіктердің жұмысы  бірте-бірте сайлау арқылы, халықтық таңдау арқылы іске асырыла бастағанынан дәлелдер келтірді. Жариялылық деген – осы. Ашықтық пен айқындылыққа негізделсе, атқарушы органдардың ісінде кем-кетік мүлде болмауы тиіс.
–Президенттің туыстары ешқан-дай жоғары мемлекеттік билікті иеленбейтін болды;
–Конституциялық сот құрылады. 
– Жолдауда аталған мәселенің бірі осы. Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге Конституциялық сотқа жүгінуге мүмкіндік беру қарастырылды.  
–БАҚ-қа түбегейлі еркіндік бері-летін болды. Ақпарат көздерінен алуан ақпарат күндіз-түні, қысы-жазы, үздіксіз, үзіліссіз үдеп, толассыз жауындай төпелеп жауып тұрған шағында қарапайым жұртта шынайы ақпарға зәрулік пайда болады. Осы кезде, олардың сүйенері отандық бұқаралық ақпарат құралдары болмақ. Президенттің БАҚ жайлы жоғарыда айтылған сөзін,  атқарушы билік өкілдерінің тарапынан туындайтын цензорлық көзқарастың аса зиянды әрекеттерін  меңзегені және сондай тірлікке үзілді-қарсылы тыйым салынатынына кепілдік бергені деп түсіндік.
–Жоғары аудиторлық палата құрылады. Республикалық бюджеттің сапалы орындалуына Парламент өзінің қатаң бақылауын күшейтуі қажет. Осы орайда, Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құруды ұсынды Қасым-Жомарт Кемелұлы.
– Конституцияның 30-дан астам бабы өзеретін болды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 20-дан астам жаңа заң қабылданады. Президенттің сөзінде келтірілген бұл ой бір қарағанға өзекті боп көрінбеуі мүмкін. Өйткені, көпшілігіміз  заман  өзгерген  сайын  заңдардың өзгерістер мен түзетулерге жиі ұшырай беруін бұрынғы ой-пікірлерімізде де сынға алатынбыз.
"Заң деген Тәуке ханның "Жеті жарғысындай" бұлжымас қағидатқа айналмай ма?!" дейтінбіз іштей қынжыла. Бірақ, осы жолы аздап өзгерту енгізбесе болмайды, өйткені Ата Заңымызда бұрынғы уақыттардың сарқыншағындай солқылдақ тұстар бар-тын. Жаңара бастаған Қазақстанға бұлжымай жүзеге асырылатын Ата Заң қажет! Бәлкім сосын, 300 жылда бес-ақ өзгеріс енгізілген АҚШ-тікі сияқты мызғымас Конституцияға айналар.
Қазақстан Республикасы Президен-тінің өз Жолдауының соңында дүйім елді  елең еткізген түйіні: "Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын!" деген  сөзі болды. 
"Міне, азамат! Бұл сөз бұрын-соңды неге басқалардың аузымен айтылмады?.." деген таңданысымызды жасыра алмадық. Бұған дейін ылғи "Бүгінше шыдайық, ертеңгі күніміз жақсы болар", "Болашағымыз жарқын болады, келешекте бақытты ғұмыр кешеміз"  деп жылт еткен үміттің жалынсыз отына жылынып, сенімсіз сенімнің болар-болмас жарығын қалқалап, қанағатшылдық пен тәубешілдіктің авансымен өмір кешіп те келе жатқан едік қой.  Неткен төзімді едік! Төзімділік, әрине, кемшілік емес. "Не деген көнбіспіз" деуіміз керек шығар. Көнбістік деген, бұл енді  - нағыз құлдық психологияның апогейі емес пе?!
Халыққа қажетті реформаларды жасауды өзінің президенттік басты міндеті санаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы әрбір сөзі сын-қатерлі күндердегі барлық ауыртпашылықты өз мойнымен мойымай көтеруге бел буғанын айғақтап тұрғандай. Алда сан тараулы соқтықпалы жолдар тұр. Енді одан елді оңға да, солға да шайқалтпай, қылкөпірдей қауіптерден аман-есен алып шығу - осы кісінің жауапкершілігінде. 

Үміт БИТЕНОВА, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры