НОТАҒА БАСЫ СЫЙМАҒАН

сұрапылды жазудың сырын, төркінін
қайдан іздеген жөн? Мінезден əрине.
Қанында тектілік атой салған
Алаш баласының қайта тумас
мінезі. Оның дирижерлік пультте
тұрғандағы қалпын мен өнебойы
атта отырғандай елестетемін.
Атқа мінген қазақ əруақтанып
кететіні ешкімге құпия емес.
Атқа қонған адам қолына қамшы
ұстайды. Жаугершілік заман болса,
найза, қалқан ұстар еді. Ол сиқырлы
таяқшаны қамшы мен қылышқа
айналдырған адам.
ТІЗГІН ҚАҒАР:
Ұлттық рух. Ұлттық мінез. Біз
неге осы киелі, егіз ұғымды үнемі ұлт
бойынан көргіміз келіп, жанкешті
əрекет үстінде жүреміз. Ол қай кезде
де, қандай жағдайда да тілдік, рухани
айналымнан бір түскен емес. Əсіресе
осы бір күндерде, Қазақстан жаңа,
əділетті өмірге бет бұрып жатқанда
жиі ауызға алатын болып алдық. Ұлт
рухы дегенде сөз жоқ, ең алдымен,
ұлттық құндылықтарымызды,
тұлғаларымызды, бірегей
туындыларымызды бетке алып бет
қаратпай сөйлейміз.
* * *
Осыдан екі ғасырға жуық Қаройда
қазақтың қас батыры Махамбеттің
басын шапты. Қазақ қазақтың басын
алды.Бұл қасірет айтуға қанша
ауыр болса да керісінше, ұлт рухын
одан əрмен аспандатып жіберді.
Асқар Сүлейменовте «кектің көзі –
Махамбет» деген сұрапыл сөз бар.
Сəл түрлендірсек, «ұлттық рухтың
көзі, өзі – Махамбет» деуге болатын
шығар. «Басы кесілгеннің бəрі
Махамбет емес» деген бір сөзі үшін
Сайымжан Еркебаевты Ғабең (Ғабит
Мүсірепов) Жазушылар одағына
мүшелікке қабылдаған деседі. Демек
Махамбеттің өлсе де бəсі биік тұр.
Өйткені оның рухы өлген жоқ.
Қос ғасырға жуық кезеңде де ұлт
жадында. Əрине осы алапат рухты
ұстап тұратын басты фактордың бірі
де бірегейі – мінез.
Махамбет əдебиеттің де, өнердің
де əлдеқашан тақырыбына айналды.
Талайлар туындыларына кейіпкер
етіп алды. Соның бірі – Нұрғиса
Тілендиев.
Əлемде музыкалық терапия жақсы
дамыған. Əсіресе Жапонияда. Сол
жапондардың əн қорында өзі өмірден
озарының алдында «мені осы əніммен
шығарып салыңдар» деп аманаттаған
Нұрағаның «Құстар қайтып барады»
əні де бар екен. Кезінде Кореяда
əуежайға түсе сала «Сендер өзіміздің
керейсіңдер ғой» деп сұхбат берген
кісіні олар неге жатсынсын. 100-ден
астам əн жазған композитордың «Ата
толғау», «Аққу», «Əлқиссасының»
жөні бір бөлек. Осылардың ішінде
«Махамбеттің» мақамы да, мағынасы
да, мазмұны да алабөтен, алапат.
Əсіресе мінезді мойындайсыз. Өзі
де, өмірі де, өнері де Махамбетке
айналып кеткен. Ойымды орнықтыра
түсу үшін өткен күннің естен кетпес
сəттерін əңгімелейін.
Бірде Жақсылық Сəтібековтың
сəлемдемесін алып, Нұрағаның үйіне
бардым. Көл-көсір əңгіме болды.
Соның бір үзігін айтқалы отырмын.
Құрманғазының шəкірті Мəменнің батасын алған Қали
Жантілеуовты ұстазы санайтынын,
өлердей сағынып жүргенін, Тұяқтай
(Шəмелов) тұяқтарының кетілмеуін
əңгімелеп отырған тұста Нұрағаң
кенет Махамбет тақырыбына кілт
бұрылды. Жүзі біртүрлі нұрланып,
алаулап кетті. Бір сəтте дүр сілкінді,
онысы қыранның қанат қаққанындай
əсерлендірді мені. "Мен Махаңды
жанымдай жақсы көремін. Менің
ұраным – Махамбет. Ол ердің ері
ғой. Жас күнімде түсімде үнемі
Махаңды көретінмін. Соның
əсері өтіп кеткен болуы керек,
жылдар өткен соң бомба жарылды.
«Махамбет» деген симфониялық
поэма жаздым» деді. Шынында
да Нұрағаң алапат туралы алапат
туынды жазды. Кісінің жаны дамыл
тауып отырып тыңдай алмайтын сол
дауылпаз дүние қазір көп орындала
бермейді. Кейбір музыкалық
хабарларда, телефильмдерде үзіпжұлқып пайдаланады. Бұл классикаға
қиянат. «Махамбет» тұтас орындалуы
керек. Сонда жұрт бұл туындының
тереңіне бойлай түседі, бояуына
қанығады, бұрқ-сарқ қайнап,
шымырлап жатқан қайнарға, алтын
бастауларға кезіккендей күй кешесіз.
Əлгі біз жер-көктен іздеп жүрген
рухыңыз осында. Бұл енді айтса
айтқандай, алапат. Құдай салмасын
неткен асқақ патетика, неткен
амбиция, неткен оптимизм! Тұла
бойың шымырлай жөнеледі. Төлеген
айтқандай, «əкең өлген кезінде де
өртемеген сағыныш». Байыз тауып
отыра алмайсың. Даланың дауылпаз
дауысы, мың тұяқтың дүбірі,
қазақтың етінен ет кесіп алсаң да
қайтпас өр қалпы, дүниенің тылсым
сыры сені еріксіз байлап, матап
тастайды. Адам жанынан да осындай
құдіретті əуен туады екен. Сен атабабаңның шынайы, бекзат болмысын
білгің келсе, осы əуенді қосып қой
да бірде ысып, бірде суып, бірде
шабандоз шабыттың пырағына мініп
ал да, үнсіз мүлгіп отыра бер. Сіз бұл
құдіретті əуенді тыңдағанда Шубертті
де, Моцартты да, тіпті Бетховенді
де қажет етпейсіз. Рухтанасыз,
тазарасыз. Ешқашан төмендегіңіз
келмейді.
Солай. Тəңірдің өлшеусіз берген
дарыны Нұрғисаны ғана емес, халқын
да нұрға бөледі, шуаққа шомылдырды.
Мəңгі сарқылмас рухани бастауға бас
қойдырды. Алла тағаланың 99 атының
бірі Нұр болса, Нұрғиса атының
да тектен текке қойылмағаны ғой.
Музыкадан қаншыл, адамгершіл өнер
бар ма дегізеді Нұрағаң. Оның өзгеден
өзгешелігі, кереметі, бəлки жұмбағы
да осында. Сүйікті шəкірті Қошқарбек
Тасбергенов Махамбеттің «ЖұмырҚылышын» тартқанда Махаң мен
Нұрағаңның бойындағы ғажайып
үндестікті аңдар едіңіз. Бəлкім
мұндай симфония енді тумайды десек,
бұл сəттік қана дыз етпе əсерден
туған ұшқары пікір емес. Оның
əндерін кез келген қазақтың отбасы
шырқай жөнеледі. «Махамбеттей»
дүние қалдыру əр композитордың
маңдайына жазылмаған. «Алатаудай»
амбициялық, арда əн жазған (осы
əн маған əнші Бейбіт Қорғанның
орындауында ұнайды) Нұрағаң сол
амбицияны «Махамбетте» армансыз
асқақтатып, шырқау шыңына
шығарады.
Махаңның мақамы, қарағайға
қарсы біткен бітімі. Жауынгерлік
рух. Далалық даралық. Ат үстіндегі
аристократ. Бунтарлығының өзімен
де биік. Салыстырғыңыз келіп бара
жатса, айталық. Кейде Хачатурянның
«Спартагындағы» «Қылыш биінің»
өзі «Махамбеттің» о жақ, бұ жағында
қалып қоятындай-ау. Бəрін айт
та бірін айт. Осындай сұрапылды
жазудың сырын, төркінін қайдан
іздеген жөн? Мінезден əрине.
Қанында тектілік атой салған Алаш
баласының қайта тумас мінезі. Оның
дирижерлік пультте тұрғандағы
қалпын мен өнебойы атта отырғандай
елестетемін. Атқа мінген қазақ
əруақтанып кететіні ешкімге құпия
емес. Атқа қонған адам қолына қамшы
ұстайды. Жаугершілік заман болса,
найза, қалқан ұстар еді. Ол сиқырлы
таяқшаны қамшы мен қылышқа
айналдырған адам. «Ноқтаға басы
сыймаған» деген сөз бар. Музыканың
мұхитында ("күй – бесінші мұхит"
деп Əбіш айтқан) акуладай арқырап
жүретін адамға нота деген де бір
ноқта ғой. Мұндай аласапыран адам
нотаға қалай сыйсын!? Ол шідер
үзген, шеңберден шыққан адам. Ол
дирижер дəптерін (партитура) дала
дəптеріне айналдырды. Содан да ұлы
туынды жасады. Əрине, Махамбет
тақырыбына сонау Ығылман
Шөрековтан бастап қалам тартқандар
жетіп артылады. «Махамбеттің
көздерінде екі жанар барды. Оның
бірі – ақынның жанары, бірі –
батырдың жанары» дейтін ұлық
ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың
Махамбет туралы романының
аяқталмай қалуы да өзек өртейді.
Ұлы ақын бейнесі бейнелеу өнерінде
де соны тəсілдермен сомдалды.
Қисаметдиновтерден бастап Табылды
Мұқатовтың өзгеше мəнерімен
ұласты. Дала мифін бойына мол
сіңірген суретші елді елең еткізетіндей
жаңалық алып келді. Батыр
бабасының кітабын өз топырағында
бар əзелгі құм жазуымен айлар бойы
бүрісіп отырып, өз қолымен жазып
шықты. Тарихи тілмен тəпсірлегенде
– киіз кітап. Батырды жұрт тəрізді
ат үстінде емес, арғымаққа қарғып
мінетіндей сəтін бейнелеуі де ұтқыр
шықты. Т.Əсемқұловтың өлімі
жұмбақ болған суретші Мұхтар
Құлмұхамедовтың «Қап, қап, қап»,
«Ақын» атты картинасын талдауын
тебіренбей оқу мүмкін емес. Мұндағы
психологиялық параллелизм, қатыгез
реализм сұмдық.
Махамбет жөнінде опера да
жазылды, біршама əн, күйлер де бар.
Бірақ Нұрғисаның «Махамбетіне»
жетер туынды жете қабыл десек,
бұл басқасын жоққа шығарғандық
емес. Онда қолдан жасалған, ұлтқа
тəн емес ұсақ-түйек мінездің бəрі
күресінге лақтырылады. Жасанды
ұлтқа айналып бара жатқанымызды
еске салады. Нұрағаңның кезінде
«Отырар сазымен» батыр рухы лапылдап
жатқан Қарой топырағын басып тұрып
«Махамбетті» ойнауы да сол кезеңге
көрсетілген ішкі қарсылық еді. Өнердегі
мінез өмірде де композитордың
кредосына айналды. Пендешіліктен
биік тұрды. Өзі талантты адамның адам
ретінде де талантты болмауы мүмкін
емес еді. Əсіресе таланттың талантты
тануы оған қорған болып, араша түсуі де
əркімнің бойында кездесе бермейді. Бұл
қасиетімен де талайды тəнті етті. Белгілі
ақын, композитор Тынышбай Рахымның
«Алтайдың ар жағынан келген ару» əнін
біреулер ту-талақайға салып жатқанда
«Егемен Қазақстанның» бетінде «тəйт»
дегені де есімізде. Тəйтіктерге «тəйт»
дейтін тұлға бар ма қазір. «Қазақты
мендей сүйетін адам болса, бұл қазақ
жаман болмас еді» деуші еді жарықтық.
Нұрағаңның замандастары А.Жұбанов, М.Төлебаев, Л.Хамиди, С.Мұхамеджановтар əуендегі классикалық үлгіге көп көңіл бөлсе, Нұрағаңдардан шын мəніндегі қазақ əнінің жаңаша, қайта өрлеу кезеңі басталды. Əнге бұрынғыдан да бітімі бөлек ұлттық болмыс, сипат дарыды. Дəстүрлі əннің негізін қалаған Ақан, Біржан, Кененге дейінгі аралықтағы мектеп өзгеше жаңғырды, жаңарды. Ол алдындағы ағаларсыз əңгіме бастамайтын. Кіл бір биіктерді ұстаз тұтып, өзі де биіктеді. Қатарластарына құрметін былай қойғанда, Қали Жантілеуов пен Ахмет Жұбановты айрықша ардақ көрді. «Мына мен өмірімде Ахаңсыз сөйлеп көрген емеспін. Ахаңсыз дирижерлік етпеймін. Ахаңсыз өмір сүріп көргенім жоқ. Мынау Ахаңның маған 1937 жылы сыйлаған домбырасы, міне, 60 жыл болды. Ахаң болмаса анау Қаршыға, мынау Бек бола ма, анау Құрманғазы, анау «Отырар сазы» бола ма? Міне, Ахаң мен бесікте жатқаннан жалпы өмірімде бағынатын пайғамбарым» деп отыратын. «Махамбет» атты сұрапыл симфония жазған адам ғана осылай сөйлесе керек. Осылар ағашыл емес, алашшыл, рушыл емес, рухшыл еді. Адамдарды алаламайтын, жанына жақынын ертіп жоғарыны жағаламайтын. Шынында Ахаң бала Нұрғисаның бойындағы бұлқынып жатқан өнерді көріп, шақалақ шағында Құрманғазы оркестріне қабылдаған ғой. Соғыстан елге демалысқа келген сарбазды Ахаң алып қалмағанда Нұрғиса да, «Отырар сазы» да болар ма еді. Ойлаудың өзі қандай қорқынышты. Нұраға өмірінің соңғы жылдарында «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты Мұқағали Мақатаев бар мұнда» деп өткен Мұқағалимен бірге айтса есіңнен кетпес қаншама шедевр жазып қалдырды. Жалғыз Мұқағали ма? Қадыр Мырза Əли айтқан мына бір əңгіме еске түсіп отыр. – Шыны керек, көбіне жұрттан қашып жүріп, кісікиіктеу өмір сүрген кезім де болды. Ол əрекетімнен жақсылықтан басқа жамандық көргенім жоқ.Сол баяғы жетпейтін құрғыр уақыт қой. Содан болар кейде үлкен кісілерден қашып жүретінмін. Бірде Нұрағаңды жорта көрмегендей жылыстап бара жатыр едім, «Əй, Қадыр қайда барасың зымырап, бері кел» деді. Амал жоқ бұрылдым. «Жүр үйге» деді. Жеңгеміз шай демдегенше, рояльға отырды да əуендерді бірінен соң бірін төкті. Шамасы жиырма минуттай тоқтаусыз ойнады. Керемет шабытты. Одан соң солақайлатып домбыра шертті. Содан «сөз керек» деді. «Қандай сөз?» деп едім, «Қайдан білейін?» деді. Қысқасы сол күні «Əже туралы əнді» жазып шықтым. Ал енді мұндай күнді қалай ұмытасың? Бұған кеткен уақытқа өкінуге бола ма? – деп еді Қадыр ағамыз. Уағында «Лениншіл жаста» «Сұхбат- телефон» деген рубрика ашылып, бірден оқырман ықыласын туғызды. Соның аясында Нұрағаң да қонақта болып еді. Құжатқа ұқыпсыздаумыз ғой, ай-күні есте қалмапты. Жарықтық, Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұлов идея берудің шебері еді ғой. Сол кісінің ойлап тауып жүргені. Бұдан бұрынырақта осы рубриканың қонағы Шыңғыс Айтматовты Қордайға дейін шығарып салып, жол-жөнекей қандай əңгіме болғанын Өтеген Оралбаев майын тамызып жазды. «Сұхбат-телефонның» кейіпкері Нұрағаңмен əңгімені жүргізіп, айдардың беташарын жасаған Жанболат Аупбаев пен Қонысбек Ботбаев болатын. Шіркін, кейде ойлаймын, сол сұхбаттарды архивтен аршып алып, үлгі ретінде көшіріп басса, классикалық журналистиканың бəсін қайта бір бағамдағандай болар ма едік. Ол кезде баспасөздің қолды аяққа тұрмайтын бел баласымыз ғой. Ұлы композиторға коньяк құйып зыр қағып жүргенім есімде. Сол мектептен өткен бізде қандай арман болуы мүмкін. Мынадай бір ой жосығы қылаң береді. Кезінде ұлы орыстық шовинизмнің шылауы, зымиян идеологияның ығымен кетіп өз ұлыларымызға өз ішімізден теңеу таппай, тіліміз тұсалып, сандалғанымыз да ұмытылған жоқ. «Қазақтың Шепкині, Островскийі, Моцарты, Чайковскийі» деген тəрізді. Қалағаң – Қалтай Мұхамеджановтың бірде: «Мұхаңның маңдайы Сократтың маңдайындай еді» дейді. Құдды Сократтың маңдайын өз қолымен сипап, көріп келгендей. "Қазақта маңдай жоқ па екен? Қазақ қу маңдай ма? Мұхаңның маңдайы – қазақтың маңдайы» деп оқшау ой айтқаны бар еді. Ілгеріде тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы ойды өзек ете отырып, Нұрағаңды өзі өлердей жақсы көретін Махаңа теңеп «музыкамыздың Махамбеті» дегенім, қоғамда бірден қолдау тауып кетті. Қайсыбір жылы Астанада композитордың кешінде осы пікір аталып өтті. Бұл концерт «Хабар» арнасынан көрсетіліп, жүргізуші Азамат Сатыбалды осы теңеуімізді таңдайы тақылдап айтқанда қуанып отырдық. Расында музыкамызға Махамбеттің мінезін алып келген кемеңгерге «Халық қаһарманы» атағының дер кезінде берілуінде де ұлы сабақтастық жатқан жоқ па?! Басқар есіме түсіп отыр. Битановты айтамын. Талантты азамат еді. Ерте кетіп қалды. Сан қырлы өнерпаз болатын. Əуелетіп əн салатын, кез келген аспаптың құлағында ойнайтын. Басқар неге есіме түсті? Себебін айтайын. «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді. Адамдардың жанын ыстанған кірден тазалап жүрген ұлы ұста – Нұрғиса таң алдында жұлдыздармен бірге сөнді. Енді біз Нұрғисаны ылғи да аспанда Таңшолпанның жанынан көретін боламыз» деп елдің бəрі Шерағаңдай жазбайды ғой. Осыдан көп жылдар бұрын «Қазақ əдебиетінде» Орағаңның тұсында болар, Басқардың «Нұрғисаның жүрегі» деген эссесі жарық көрді. Журналисте жазғыштығымен қоса жанкештілік қабат жүрмесе, идея, ой табан асты өлуі мүмкін. Бірақ сол ойдың орындалмай қалуынан артық азап болмайды. Ал енді Басқардың сол мақсатына жету жолында жасаған амалына қалай сүйсінбейсің?! Композитормен əңгіменің бір сəтінде ертең жүрегін аппаратқа түсіретінін құлағы шалып қалады. Содан ол композитордың емдеуші дəрігеріне жалынып жүріп, жүрегін көруге мұрсат алады. Ойлаңызшы, «Махамбетті» жазған адамның жүрегін көру дегенді көз алдыңызға елестете аласыз ба? Ол үшін де жүрек керек қой. Кезінде барша поляк жұрты шет елде жатқан Шопеннің жүрегін туған топырағына əкеліп жерлегенде дəл осындай сезімді бастан кешкен шығар-ау. Осы бір жанкешті жазба жадымда жүретін. Əбді-Жəмил Нұрпейісовтың очеркінен кейінгі сəтті туындылардың бірі тəрізді көрінетін. Нұрағамен ауруханада көрші жатып, талай əңгіменің басын қайырған Басқардың бір дүниемен шектеліп қалуы мүмкін емес қой деген ой келді. Содан сұрау салдық. «Жас алаш» арқылы оқырманға кең танылған «Басқатырғыштың» редакторы, марқұм Қыдырəлі Қойтай бір күні редакцияға келе қалды. Бұл кісі Басқармен ауылдас əрі ұстазы еді. Ол кісіге «Басқардың архивінде осы дүниенің жалғасы жоқ па екен, қарап көресіз бе?» деген өтініш айттым. Уəдеге берік Қыдекең Басқардың кітабын дайындап жатқанын, онда «Нұрғисаның жүрегімен» жалғас екі эссе бар екендігін айтып, алып келді. «Нұрғисаның көз жасы», «Нұрғисаның мінезі» атты əлі баспа бетін көрмеген екі эссесін «Жас алашқа» жарқ еткіздік. ТІЗГІН ТАРТАР: Сүйегіне саз сіңген адамға Тəңірдің сол көл-көсір сыйын ұстап тұратын мінез де беріледі. Жай күйіп-пісетін отбасылық, ошақ-қасылық пендешілік мінезі емес, ұлтқа қызмет ететін парасат пайымға, білімбілікке негізделген, тектен тамыр тартар тегеурін, ірі мінез. Өмір болған соң жақсылар мен жайсаңдардың арасында да пендешілік кездескен. «Жүремін біреулерге мен де өшігіп, қайтейін соның бəрі пендешілік» демеп пе еді əулиедей ақын Тұманбай. Бірақ олар ұлт мүддесіне келгенде пендешілік атаулыдан аулақ жүрді. Нұрағаң да халқын биіктететін ұлы өнер екенін терең пайымдап, бар мінезін соған жұмсады. Ешкімді күндемеді, егер дарынды болса, қандай иттігі болса да кешіріп, бауырына басты. Елді биікке көтеретін өнер үшін Ахаңдардан қалған рухани мұратқа адалдықты сақтады. Қандай еді біздің ағаларымыз! Ойды ой түртіп тұрады. Егер жазатайым пендешілік дертіне шалдыққан болсаңыз, «Махамбет» симфониясын айрықша ден қойып тыңдаңызшы. Бəлки, ұсақ-түйек кемшіліктерден, пендешіліктен арылып шығарсыз. Осыны біртіндеп дағдыға айналдырсаңыз, надандық исі шығатын жерге өзіңіз де жоламайтын боласыз.
Қали СƏРСЕНБАЙ, ҚР Президенті сыйлығының жəне Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты.
Обсудить
Блок в статье:
Ұлы Жеңіске - 80 жыл
05 май 2025, Понедельник
Ұлы Жеңіске - 80 жыл
05 май 2025, Понедельник
Ғибрат
05 май 2025, Понедельник
Похожие материалы:
Комментарии (0)