Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » Қоғам » Асқарбек СЕЙІЛХАН: – ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҚ-БІРЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ШАРШАМАЙМ

Асқарбек СЕЙІЛХАН: – ЕЛДІҢ ЫНТЫМАҚ-БІРЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУДЕН ШАРШАМАЙМ

29 апрель 2025, Вторник
45
0
1 мамыр – Қазақстан Халқының бірлігі күні қарсаңында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қордай ауданының Құрметті азаматы, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, осындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Асқарбек Сейілханмен журналист Есет Досалы «Ғұмыр-Дария» газетінің сұранысы бойынша сұхбаттасып қайтқан еді. Соны оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.ТІЛШІ: –Асқарбек Ақылшаұлы, Сіз қашан көрсек те қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүресіз. Қым-қуат тіршілік жалықтырып, шаршатпай ма? Асқарбек СЕЙІЛХАН: – Қоғамдық жұмыс – ол сенің патриоттығың! Сонымен қатар, жастарға біз тәрбие беріп, жанашыр болмағанда басқа кім жүреді. Егер қоғамға өзіңнің қажеттілігім керек болып тұрса неге бел шешіп кіріспеске. Жетпістен жасымыз асқан шақта қолқалап шақырып жатқан жерге барып, қоғамдық негізде жұмыс атқару барлық жағынан пайдалы деп ойлаймын. Сондықтан да, қазіргі таңда бірнеше маңызды қоғамдық қызметтер атқарудамын. Әрине, қоғамдық негізде. ТІЛШІ: – О б л ы с т ы қ Қазақстан Халқы Ассамблеясы ақсақалдар кеңесі үлкендердің басын бір шаңырақтың астына ұйыстырып отырған қоғамдық бірлестік. Олай болса сол ақсақалдар кеңесіне кімдер мүше? Олармен қандай нақты жұмыстар жүргізіледі? Асқарбек СЕЙІЛХАН: – Қазақстан Халқы Ассамблеясы өңірлік ақсақалдар кеңесінің құрамына өз ортасында беделді, көпшілікке айтары бар, өмірлік тәжірибесі мол 221 кісі тартылған. Ақсақалдар ел ішінде арандатушылыққа жол бермеу, елдің бірлігін сақтау, жастардың әскерге баруы, мемлекеттік тілді насихаттау бағытында кең көлемде жұмыс атқаруда. Мәселен, облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде 586 шара ұйымдастырылып оған 28552 адам қамтылды. Мектеп оқушылары арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында білім басқармасымен бірге «Аталы сөз» жобасы жүзеге асырылуда. Мұның бәрі жай жалаң көрсеткіштер емес. Нақтылап айтар болсам, Меркі ауданында Сыпатай, Сұрат деген көрші мемлекетпен шекаралас ауылдар бар. Ол елді мекендерде жергілікті ұлтпен бірге түрік ағайындар және өзге де этнос өкілдері тұрады. Білесіз бе, сол ауылдарда осы кезге дейін банкомат болмаған. Банкомат картішкелері бар. Айлық алу үшін сандалып аудан орталығына – Меркі ауылына келіп жүргені. Аталған екі ауылға ақсақалдар мәселе көтеріп жүріп, банкомат апарып орнатқызып бердік. Бұл қолдау ма, қолдау. Қордай ауданының Масаншы, Сортөбе ауылдарында тұратын дүнген ағайындармен де жылы қарым қатынас орнады. Аталған ауылдағы дүнген этносының өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін нақты жұмыстар жүрді. Дүнгеннің 5 жасар баласынан еңкейген қариясына дейін қазақ тілін үйрену курстарына жазылды. Қазір 1-4 сынып аралығында қазақ тілінде бастауыш мектептер ашылып, аталған ауылдарда жұмыс істеп тұр. Оған да ақсақалдар ерекше ықпал еттік. ТІЛШІ: – Сіз осы салада біраздан бері жауапты қоғамдық қызметтер атқарып жүрсіз. Өңірдегі түрлі этно-мәдени бірлестіктердің жұмысы туралы да айта кетсеңіз. Ассамблея туралы да елдің арасында түрлі пікірлер бар екендігі шындық. Ассамблея жұмысын қалай бағалайсыз? Асқарбек СЕЙІЛХАН: – Біз қаласақ та, қаламасақ та Ассамблея біздің елдегі этносаралық қатынастар саласындағы маңызды буын. Өңірімізде көптеген этнос өкілдері тұратыны белгілі. Негізгі мақсатымыз халық бірлігін, қоғамдық келісімді және ұлттық-мемлекеттік бірегейлікті нығайту болып табылады. Өңірде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған, республикадағы этностар көп орналасқан екі аймақтың біріміз. Облысымыз елдегі полиэтникалық аймақтарының бірі, онда дүнген, гүрд, түрік этностары жинақы (анклавтық түрде) тұрады. Өңірде 41 этно-мәдени бірлестік тіркеуден өткен. Үш жылда бір рет жүргізілетін қоғамдық аккредиттеуден 2025 жылы қаңтар айында өткен 33 этно-мәдени бірлестік республикалық реестрға енгізілді. Ассамблея жанында ғылымисараптамалық топ, Ақсақалдар және аналар алқалары, этно-медиация кабинеті, журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы, «Ассамблея жастары», «Жас ғалым», «Қолөнер шеберлері» және «Белсенді ұзақ өмір сүру» клубтары, этнос жастарынан құралған «Достық» театры жұмыс істейді. Өткен жылы қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1219 іс-шара өткізіліп, оған 114 200 мақсатты аудитория қамтылды. Этносаралық ахуалды тұрақтандыру бойынша «Бейбітшілік пен келісім», «Достық керуені», «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» атты 3 ірі пилоттық жобалармен жұмыс жүргізудеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдан бері іске асырылып жатқан «Бейбітшілік және келісім» пилоттық жобасы республикалық деңгейде жоғары бағаланып отыр. Бұл жобаның ең басты мақсаты – облысты мекендейтін барлық этнос өкілдері арасындағы татулық пен берекелі бірлікке сызат түсірмей, оларды алаңдататын өзекті мәселелерді күн тәртібіне шығару және оны тез арада шешуге қоғамдық ықпал ету. Сонымен қатар, Қазақстан Халқы Ассамблеясы ХХХІІІ сессиясының шешімдерін іске асыру мақсатында 13 арнайы жоба бойынша жұмыс атқарылуда. «Біртұтас қоғам: келісім және сенім» республикалық пилоттық жобасы 2024 жылы Жамбыл облысынан бастау алды. Жобаның мақсаты – этносорталықтарды қоғамдағы сенім мәдениетін дамытуға тарту. Жоба аясында этно-мәдени бірлестік өкілдерінің, медиаторлардың қатысуымен 8 ауданда және Тараз қаласында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында «Ашық есік» күндері, тұрғындармен кездесулер түрінде 25 шара ұйымдастырылып, оларға 1000- нан аса адам қамтылды. Президентіміз, Қазақстан Халқы Ассамблеясының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың XXXIII сессиядағы Жамбыл, Түркістан, Алматы облыстарының этномедиация саласындағы іс-тәжірибесін республика көлемінде тарату тапсырмаларына сәйкес «Елдесу мен татуласу» жобасы аясында Маңғыстау облысының делегациясы тәжірибе алмасу мақсатында арнайы келіп, үздік жұмыстарымызбен танысты. Мемлекеттік тілді дамыту, оны этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Мәміле», «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі», «Мың бала» деп аталатын 3 жоба өз жемісін беруде. Мемлекеттік тілді еркін меңгеру арқылы қызметтік жетістікке жеткен 71 спикер пулы қалыптастырылып, оның 15-і республикалық реестрге енгізілді. ТІЛШІ: – Сіз кәсіби талантты актерсіз. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында еңбек етесіз. Ассамблеядағы жауапты қоғамдық қызметіңіз Сіздің өнердегі табысты жолыңызға кері әсерін тигізбей ме? Асқарбек СЕЙІЛХАН: – Әрине, Ассамблеяда ақсақалдар кеңесінің жетекшісі ретінде бір ғана бағытта жүрген жоқпын. Мекемеде «Достық» театрының құрылуына ықпал еттім. Айналып келгенде оның өзін қариялық, өзімнің қоғамдық жұмысымның бір тармағы деп қарастырсам да болады. Қазіргі таңда «Достық» театрының құрамында дүнген, өзбек, қарашайбалқар, орыс, неміс, түрік этностарының жастары бар. Олардың өнерге деген талабы өте жақсы. Театрға өзім жетекішілік етудемін. Жастар театры Шерхан Мұртазаның «Интернат наны» және Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» қойылымын сахналады. «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты облыстық драма үйірмелері фестивалінде бірінші орынды иеленді. Қазіргі күні Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына С.Жүнісовтің «Жаралы гүлдер» қойылымын дайындаудамыз. Осылайша, актерлік жағынан да тәжірибеммен бөлісіп жатырмын. Елімізде мекендеп жатқан ағайындардың достығына, бірлігіне, ынтымағына қызмет етуден шаршамаймын. ТІЛШІ: – Әңгімеңіз енді қызып келе жатқан сияқты, тыңдай бергің келеді екен... Асқарбек СЕЙІЛХАН: – Екі жылдан бері этносаралық тәуекелдің алдын алу мақсатында облыстық «Достық керуені» жобасы іске асырылудамыз. Есепті жылы этностар жиі орналасқан 5 ауданда ұйымдастырылған ақсақалдар, аналар алқаларының 12 отырысына 1200 тұрғын, ұлттық ойындар спартакиадасына 15 команда, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңіне 30 үміткер қатысты. Ассамблея жастарының «Менің елім, Менің Қазақстаным!» тимбилдингіне 200 жас тартылды. Сондай-ақ, жоба аясында облыстық этно-мәдени бірлестіктер мен олардың аудандық құрылымдарының диалогына негізделген этностардың мәдениеті мен дәстүрінің күндері және бүлдіршіндерге ойын алаңшалары ұйымдастырылды. Жалпы жоба аясында 37 шараға 5000-нан аса адам қамтылды. «Достық керуені» жобасымен Түркістан облысына сапар ұйымдастырылып, Ассамблея құрылымдары тәжірибе алмасып қайтты. Ассамблея құрамындағы ақсақалдардың Түркістан жеріндегі демалыстарын да ұйымдастырып, көңілдеріне жақсы әсер сыйладық. Жалпы, осы тұста облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Мүбарак Жинақбаеваның еңбегі ерен екенін атап өтуге тиіспін. ТІЛШІ: – Қоғамдық қызметтегі бағыттарыңыз бір ғой, облыстық ардагерлер кеңесімен байланыстарыңыз қандай? Асқарбек СЕЙІЛХАН: – Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев өте іскер кісі. Ұзақ жыл атқарған қызметі бойынша да облысқа сыйлы адам. Сондықтан, ол кісіні құрметтеп, жұмыстарын оң бағалаймын. Еркінбек Солтыбаев жетекшілік ететін облыстық ардагерлер кеңесімен бірігіп жасалған меморондум бар. Сол келісімге байланысты қоғамдық жұмыстарда, жастарға тәрбие мен бағыт-бағдар беру бағытында бірлескен шараларды өткізіп тұрамыз. Ассамблея жастарын, түрлі ұлт өкілдерінің жастарын ынтымақ пен бірлік жолына ұйымдастыру оңай емес. Сол тірліктің бір шетінде жүрміз. Одан бөлек Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының ардагерлер кеңесінің төрағасымын. Барлығы осы Тәуелсіз мемлекетімізге деген тамшыдай үлес, ел жастарын ізгілік пен адамгершілік жолына бағыттай білу деп түсінемін. Ақсақал болған шағымызда жастарға бағыт бағдар беру, оларға жақсылықты үйрету парызымыз деп білемін. Алда келе жатқан 1 мамыр – Қазақстан Халқының Бірлігі күнімен барша жамбылдықтарды құттықтаймын. Барша этнос өкілдерінің бірлігі мен ынтымағы жарасып, Жамбыл өңірі өркендеп дами берсін!
ТІЛШІ: – Әсерлі әңгімеңізге рахмет Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ, журналист.
Обсудить
Блок в статье:
Ұлы Жеңіске - 80 жыл 05 май 2025, Понедельник
Ұлы Жеңіске - 80 жыл 05 май 2025, Понедельник
Ғибрат 05 май 2025, Понедельник

Похожие материалы:

Бейбітшілік пен келісім
20 март 2020, Пятница
Бейбітшілік пен келісім
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
28 июль 2022, Четверг
МЕРКІДЕ ТӨРАҒА АУЫСТЫ
Қоғам
30 май 2022, Понедельник
Қоғам
Үлкендер өзгерісті қолдайды
01 июль 2022, Пятница
Үлкендер өзгерісті қолдайды
Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры