Телефоны для связи:
(777) 111-11-11
(777) 111-11-11
Демонстрационный сайт » АТТАН ТҮСПЕГЕН АЗАМАТ: «Бірлік» шаруа қожалығының ТӨРАҒАСЫ, 77 жастағы ардагер кәсіпкер Жаңабек Сұлтанбеков туралы бір үзік сыр.

АТТАН ТҮСПЕГЕН АЗАМАТ: «Бірлік» шаруа қожалығының ТӨРАҒАСЫ, 77 жастағы ардагер кәсіпкер Жаңабек Сұлтанбеков туралы бір үзік сыр.

30 январь 2024, Вторник
67
0
Жаңабек ағаны танығаныма – 35 жыл. Ол кезде облыстық радиокомитетте жүргізуші болып жұмыс істейтін.
Радиожурналистер оқиға орнынан хабарларды шұғыл дайындайды ғой. Жақаң журналистермен іссапарға жиі шығатын. Уақытпен санасу деген жоқ. Шұғыл жолға шығып бара жатқанда Жақаңның қабақ шытқанын көрмеппін. Сондай жұмыстың қойторысы 1999 жылы оңтайланудың оң жамбасына ілініп, жұмыстан қысқарып қалды.
– Алғашында радиокомитетте, кейін облыста жаңадан ашылған теледидарда 12 жыл жұмыс істедім. Шығармашылық адамдарымен жұмыс істеген қызық. Осы жылдарда Әбжан Жақсыбеков, Елен Әлімжан, Мұса Рахманбердиев, Әлмұхан Исақ сынды білікті басшылармен, Шәмшат Сәменов, Николай Крестовский, Амангелді Нұрпейісов, Мұхан Әбілқайыровтай алғыр журналистермен қоян-қолтық қызметте журналистік біраз іссапарларда бірге жүрдім. Жалпы журналистердің басқаларға ұқсай бермейтін мінездері мені қызықтыратын, – деп еске алады Жақаң ол жылдарды.
Осыған дейін де өмірдің талай сынынан өткен Жаңабек Сұлтанбеков бұл қысқаруды уақыт талабы ретінде қабылдап, темір-бетон бұйымдары зауытына жүргізуші болып орналасқан. Жастайынан қара жұмыстың қазанында қайнап өскен Жаңабек Сұлтанбековке қол қусырып қарап отыру – жат. Ол қоғамға да, отбасына да масыл болғанды қаламайды.
Әкесі Сұлтанбек қария жасы ұлғайған шағында көрген жалғыз ұлының жоғары оқу орнында оқып білім алуын қалаған. Бірақ, сол кездегі «кәсіптік-техникалық білім – баршаға» деген ұранға еліктеді ме, әлде барлық балалар сияқты машина, тракторға құмарлығынан ба, Жаңабек мектеп бітіргеннен кейін №13 қалалық кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, одан кең профильді механизатор-жүргізуші мамандығын алып шыққан. Мамандығы әмбебап: машина да, трактор да, комбайн да жүргізе береді. Жақаң содан бергі алпыс жылда машина рөлінен түспепті.
Алғашында Жамбыл ауданына қарасты «Жамбыл» жеміс-жүзім кеңшарында «Захар-336» маркалы автомашинамен жұмысшыларды тасыған.
Жас жүргізушілердің ауылдың айналасын шиырлай бермей ұзақ жолға шығатын көлік айдағысы келетін әдеті, ол кеңшарда бір-екі жыл жұмыс істегеннен кейін осы мақсатта №1 автопаркке орналасқан. Мұнда бір жыл слесарь болды.
Содан кейін №2581 автобазасына жүргізуші болып кірген. Осында табаны күректей 21 жыл жұмыс істегенде ГАЗ-53, ЗИЛ-130 жүк машиналарымен бармаған жері жоқ, тасымаған жүгі жоқ. Жүк тасымалында халық шаруашылығының дамуына қосқан үлесі зор. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, тиісті жүкті межеленген жеріне мезгілінде жеткізіп отырды.
Арасында 10 жылдан астам облыстық телерадио компаниясының журналистерімен сапарлас болған Жақаң, осында ұзақ та жемісті жолдан өтті.
Бұл кез елімізде барлық салада жекешелендіру жүріп жатқан болатын. Адамдар нарықтық экономикаға бейімделіп, кәсіпкерлікке ден қоя бастаған. Жақаң да осы істе бағын сынауға бел байлап, 2004 жылы «Бірлік» шаруа қожалығын құрған.
Қай іске де алдын ала дайындықпен кірісетін Жаңабек Сұлтанбеков химзауыттың қосалқы шаруашылығының тауарлы-сүт фермасының босап қалған ескі базын сатып алған. Кім жақсысын бере қойсын, баздың іші бос, есік-терезесі аңғал-саңғал. Бірақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы нысандар салуға аумағы кең. Шамалы жайылымдық, азықтық жүгері, басқа да дақылдар егетін жері бар. Тек істің көзін тауып жұмыс жүргізу керек. Жақаң «істің көзін тапқанды табыстың өзі табады» деген нақылды әкесі Сұлтанбектің аузынан талай естігені бар. Міне, сол нақылды ұстанатын кез келді.
Қолдағы азын-аулақ ірі қара мен уақ малын қабырғалары бар, төбесі жабық әлгі қора -  жайға айдап әкелген ол ә дегеннен оны бүтіндеуге кіріскен. Жатар орын – жарты құрсақ, мал өсімінде қора-жайдың жөні бөлек. Шығын шықпай кіріс болмас, Жақаң қора-жай құрылысынан қолда барын аяған жоқ. Құрылыстың берік, төзімділігі, мал ұстайтын баздардың жылылығы басты назарда.
«Там салсаң, танбай сал» дейді қазақ, жақсы ниетте салынып жатқан қора-жайдың тамнан несі кем? Осыны ескерген кәсіпкер ең алдымен малдың қысқы, жазғы тұратын орнын, жем-шөп қоймасын, суаратын науа мен азық беретін астауды ыңғайлы етуді ойластырған. Жаңадан салынған құрылыстардың арасында техника еркін өтетін жолдардың болуы міндетті.
– Мен кәсіпкерлікті бастаған кезде балаларымның барлығы да әжетке жарап қалған. Бәрі де солардың қолдаулары мен көмектерінің арқасы. Шаруашылық жүргізуде ортаншы ұл Құрманбегімнің белсенділігі жоғары. Біз ет, сүт өндіру бағытында жұмыс жүргіземіз. Малдың өнімділігін арттыруда асылдандыру ісі маңызды. Етті, сүтті мал ұстау арқылы ғана көздеген көрсеткішті бағындыра аласың, – дейді Жақаң жұмыстың жалпы жағдайынан хабардар етіп.
– Жасыңыз ұлғайып, жетпістің жетеуіне келіп қалыпсыз. Шаруа қожалығын әлі де өзіңіз басқарып жүрсіз бе? – Бұл  бір жағы журналистік қызығушылықтан, екінші ризашылықтан қойылған сұрақ.
– Ағаң әзірге аттан түскен жоқ, – деді Жақаң бір жағы әзілге жатқызып. – Қол қусырып қарап отыра алмаймын, сонаң соң балалардың бір жағында жүргенім өзіме жақсы. Әйтпесе, мен бір «дүниенің түбіне жетейін» деп жүр дейсің бе. Балалар тегіс аяқтанған. Шүкір, олардан немерелер де, шөберелер де бар. Әрқайсысы әр салада қызметте. Мал шаруашылығымен негізінен Құрманбек, Әділ балаларым мен Бақтиярым айналысады. Амандық болса, барлық шаруаны шоғырландырып, тізгінді Бақтияр немеремнің қолына ұстатқым бар.
– Оу, ол мырза спортшы сияқты еді ғой?
– Өзің де білесің ғой, Бақтиярым – еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Олимпиадалық резервтерді дайындау спорт мектебінде жаттықтырушы. Шаруашылықпен айналысуға белді бекем буып отыр.
Жақаңның айтқандарын айғақтағандай, Бақтияр шаруа жайынан біраз хабардар екенін аңғартты.
– Қазір құм өңірінде 2 отар қой мен біраз ірі қара қыстатылуда. Қора-жайлары жақсы, жем-шөптің жеткілікті қорын жасағанбыз. Қыс мезгілінде 15 сиыр сауып отырмыз. Жаз айларында сауын сиырларының санын 116-ға дейін жеткіземіз. Сауын аппараттары, сүт суытатын құрылғы, өнім сапасын тексеретін зертханамыз бар. Малды азықтандыруда жем-шөптің рационы қатаң сақталады. Қолда біраз жылқы бар. Көкпарға, бәйгеге қосатын асыл тұқымды сәйгүліктер ұстаймын. Бәйгеден бірінші орын алып, олжа салған жүйріктеріміз де бар. Сауын биелердің бағымы бөлек. Қымыз көптеген ауруға ем ғой. Сондықтан, қымызға сұраныс көп. Алдағы уақытта қымыз өндіру көлемін арттыру ойда бар. Кәсіпкер сұранысқа сай өнім өндіргенде ғана жұмысы алға баспақ. Жем-шөп базасын жасауда Талас ауданы Қызыләуіт ауылы аумағындағы егістік алқабының тиімділігі зор. Ондағы шаруаны Әділ ағам реттейді. Ол кісі – өз ісінің маманы. Әбден машықтанып алған. Шөпті орып, тайлап, тасып алуға техника бірлігі жеткілікті. Рацион талаптарына сай аралас жем тартатын агрегат тұрақты жұмыс істеп тұр, – деп жұмыс барысынан әңгіме қозғады Бақтияр. Өзі қора-жайдың тазалығын, қолдағы малдың азықтануын, жайылымға шығарылуын қадағалап жүр. Тірлікке тиянақтылығы аңғарылады. Атасы бекер сенім артпаған сияқты.
Жаңабек қария «Бірлік» шаруа қожалығының қора-жайын түгел аралатып шықты. «Малға жатар орын – жарты құрсақ», – деп Жақаңның өзі айтқанындай, қыстық қора, жаздық бастырма, сиыр сауатын, мал бордақылайтын орындар, қойма, шөпқора, кез-келген жағдайда сақадай-сай техника құралдары нағыз агроөнеркәсіптік кешенді көз алдыңа әкелгендей. «Тірлігі сайдың көңілі жай» деген теңеу Жақаңа – ардагер кәсіпкер Жаңабек Сұлтанбеков сияқты жан-жақты кісіге арналып айтылса керек.
Жақаң – жан-жақты адам. Ол жан-жақтылық үйдегі берекеге де байланысты. Осы жерде Жақаңның шаңырағын балалы үй – базарға айналдырып, шаттыққа бөлеп отырған Күмісай жеңгей туралы қалай айтпай кетерсің.
«Өмірде мамандық таңдау мен жар таңдауда жаңылыспаған адам мұратына жетеді» деген де аталы сөз бар Тіпті, Жаңабектің талғамы тамаша болды ма, әлде жалғыз баласына құтты келін әкелуін тілеген қарт әке-шешенің арманы болды ма, әйтеуір Күмісаймен бірге отбасына береке келгендей. Сұлтанбек ата мен Айнакүл апаның үйі бұрыннан да төрінен кісі үзілмеген, белдеуінен ат кетпеген құтхана еді, Күмісай келгеннен кейін де сол қалпынан айныған жоқ.
Құдай тілеуін берген жан ғой, өзі перзентті кештеу көріп, бетінен қақпай өсірген еркесі әбден сүрленіп барып үйленгеніне қарамастан Сұлтанбек қария алдыңғы екі немере Әбіл мен Әзімді көріп, маңдайларынан сүйіп, көңілі жайланып барып озған дүниеден. Одан кейін дүниеге келген немересінің аты – Орынбасар.
Ал, Айнакүл апа шалынан көп кейін Орынбасардан кейінгі Құрманбек пен Әділді көріп, «арпа ішінде бір бидай» Толқыны бірінші сыныпта оқып жүргенде Алланың аманатын тапсырып, бақилыққа аттанған.
Күмісай жеңгеміз – ата-ененің батасын алған келін. Басына түскендер біледі, шал-кемпір баққан оңай емес. Күмісай сол оңай емес шаруаның да оңтайын келтірген келін. Бүгінде өзі де әже болып немере-шөберелер сүйіп отыр. «батаменен ер көгерер» деген рас екен, ата-енесінің батасын көп алған еді.
Бүгінде Жақаң қолында Құраны, аузында Алласы, имандылық жолында. Бес уақыт намазын үзбейді. Мұсылмандықтың басқа парыздарын да ыждаһаттылықпен, уақтылы орындап жүр.
Имандылық дегеннен шығады, кәсіпкер Жаңабек Сұлтанбеков 2007 жылы әулетімен қосылып мешіт салып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берген. 400 адамға арналған «Құлбай баба» мешітінің намазхандары екі залда, ерлер және әйелдер болып бөлініп, Аллаға мінәжат етуде. Тұрақты намазхандары – 40-шақты кісі. Айт және жұма намаздарында Құдайға құлшылық етушілер симай кетеді.
Мешіт іші қысы-жазы жылы. Едені жылытылған. Дәрет алатын орында да жылы су бар. Құмандар тізіліп тұр. Жақаңның өзі де осы мешіттің тұрақты намазханы.
Жаңабек Сұлтанбеков – қоғам белсендісі, қамқор қария. Ол – өзі тұратын аймақта аула комитетінің төрағасы.
– Біздің аумаққа Сүлейменов (Жамбыл даңғылына дейін), Сабалақов және Аппасова көшелері (барлық бұрылыстарымен) жатады. Осы көшелердегі ауызсу, жарық, жол мәселелеріне жауаптымын. Сонымен қатар, бұрынғы саяжай болған аймақ та бізге қарайды. Саяжай аумағындағы төрт көше электр қуатын «Қазфосфат»  ЖШС – нан алатын. Оларда тариф қымбат. Соны қалалық әкімшілікке барып жүріп, Тараз қалалық электр желілері мекемесіне ауыстыруға қол жеткіздім. Тұрғындар тұтынған электр қуаты үшін арзандау төлейді енді, – дейді қоғам белсендісі. Ол кісі, сондай-ақ, Тараз қалалық билер кеңесінің мүшесі. Көршілер арасындағы дау-дамайды алысқа ұзатпай баяғы ата-баба салтымен шешуге дағдыланған. Болмаса, мешітте қариялардың талқысына салады. Әйтеуір, мәселе шешілмей қалған кезі жоқ.
Ардагер кәсіпкер Жаңабек Сұлтанбеков туралы талай әңгіменің басын қайыруға болады. Өзі айтқандай әлі де аттан түспеген азамат нарықтық экономикаға бейімделіп, жастарға үлгі көрсетіп жүр. Біз ондай белсенді ардагерлердің тірліктеріне ризашылық білдіріп, әрқашан амандық-саулық тілейміз! Ісіңіз ілгері баса берсін, Жақа!

Болат ЖАППАРҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Обсудить

Похожие материалы:

Добавить комментарий
Комментарии (0)
Прокомментировать
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сотрудники
Партнеры